Қордай ауданындағы полицейге шабуыл жасағаны үшін 3 ағайынды тұтқындалды
2020 ж. 19 ақпан
1768
0
Үш күдікті өз кінәләрін мойындаған. Олар сот шешімі бойынша қамауға алынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстанның Бас прокуратурасы Қордай ауданында полиция қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық қолданылған жағдайға байланысты тергеудің аяқталғанын хабарлады.
"2020 жылғы 7 ақпанда, Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Сортөбе ауылында патрульдеу кезінде жол полициясының қызметкерлері Honda Odyssey маркалы көлігінің иесі Воингуй Л-ді тоқтатқан",- деп қадағалаушы мекеменің хабарламасында жазылған.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі түсіндіріп өткендей, Воингуй Л. автокөлікке арналған құжаттарының болмауына байланысты полиция бөлімшесіне баруды ұсынған.
"Алайда, ол қызметкерлердің талаптарын орындамай, үйіне бет алып, ағалары, Воингуй А. мен Воингуй М. бірге полиция қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылық жасаған", - деп хабарлады Бас прокуратура.
Аталған факті бойынша қадағалау органының арнайы прокуроры Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 380-бабының бірінші бөлігі бойынша (билік өкіліне зорлық-зомбылық қолдану) сотқа дейінгі тергеу жүргізді. Үш күдікті өз кінәсін толық мойындады. Жамбыл облысының тергеу соты айыпталушыларға қатысты бұлтартпау шарасын - қамауда ұстауды таңдады.
"14 ақпанда айыптау қорытындысымен қылмыстық іс Қордай аудандық сотына жолданды", - деді бас прокурор өз хабарламасында.
Полиция тәртіпсіздіктер, кісі өлтіру, бұзақылық, үкімет шенеуніктеріне қатысты зорлық-зомбылық, мүлікті жою және қаруды заңсыз өндіру туралы 25 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.