Тоқаев Елбасы қызметінен босатқан Мұхтаровқа жаңа қызмет ұсынды
2020 ж. 17 қаңтар
6922
0
Талғат Мұхтаров Қауіпсіздік кеңесінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының шешімімен Талғат Сәбитұлы Мұхтаров басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылды", - деп хабарлады Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter-парақшасында.
Ол бұл қызметке 2019 жылдың сәуірінде келген болатын.
Кейін Талғат Мұхтаровтың қандай жұмысқа ауысқаны белгілі болды. Ол президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Қазақстан Республикасы мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары болып тағайындалды. Ал бұған дейін күзет қызметінің бастығы болып бұрынғы ішкі істер министрі, президенттің көмекшісі - қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Қалмұханбет Қасымов келгені хабарланған еді.
Талғат Мұхтаров 1966 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Әр жылдары Бас прокуратура, Мемлекеттік тергеу комитеті және Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет етті. Қорғаныс министрінің орынбасары болған. Үйленген, жеті баласы бар.