"СОРЛЫ АҒАЛАРЫМЫЗДЫҢ" СОРЛЫ ҚЫЛЫҒЫ СОЗЫЛА БЕРЕ МЕ?!.

Ислам Әбішев 1 трлн. 300 млрд. теңгені үнемдеп, бөліске жібермей қалғаны үшін текке күйіп кетіп барады - жүгірмейсіздер ме?

«Мұнан менің қай жерім аяулы деп, Бірге тұрып қалады кім майданда?» Абай «...Таяқ жегеніме, қорлық көргеніме күйгенім жоқ. Күйгенім – біздің «сорлы ағаларымыздың» сорлы қылығы. Мұны айту керек. Кейінгілер сорлы бола бермеуі үшін» депті ақын Мейірхан Ақдәулет «Желтоқсан» оқиғасына арналған мақаласында. Мен де күйіп отырмын. Күйдіретін – тағы да сол «алдымыздағы арбалар». Ешкімнің атын атап, түсін түстегім жоқ. Тіпті, М.Ақдәулетше тырнақшаның ішіне алып та сипаттама бере алмаймын, өйткені, олардың «желтоқсан» тәріздес сын сағатындағы іс-әрекетіне куә болған жоқпын. Әйтсе де, бейбіт заманда «емтихан тапсыра» алмай қалған адамның қиын кезеңде жарқ етіп көзге түсуі екіталай екені белгілі. Екіншіден, ең бастысы да осы, тілге тиек етілер мәселе бір өлкеге ғана емес, жалпақ қазаққа тән кемшілік – Америкада көп жыл жұмыс істеп келген биолог ғалымның сөзімен айтсақ, «біздің трагедиямыз – көп сөйлейтініміз, аз істейтініміз». Адамдық сапамызға сойқан соққы болып тиген, салдары жетпіс жылғы кеңестік кезеңнен әлдеқайда ауыр соңғы отыз жылда бұл кеселдің қоғамымызды түгел жайлап алғаны сондай, біз кәзір ашық әділетсіздікті көріп тұрсақ та, араша болуға асықпаймыз. Себебі, бұрын «у ішсең – руыңмен» дейтін, «торқалы тойда басыңа, отау құратын да – ағайын, топырақты қазада, таяқ ұстап қасыңда тұратын да - ағайын, жала жабылса жаныңнан, табылатын да – ағайын, құтқаруға бауыр деп, шабылатын да – ағайын!» дейтін. Аштықты да, тоқтықты да бірге көретін, бұра тартуға, әділетсіздікке жол бермейтін, тигізер зияны жоқ рушылдықты «бұл бір ерекше жаман нәрсе екен» деп, жаңылысып, жақсы жағын лақтырып, жаман жағын қалдырудамыз. Жаман емей немене, елімізде бір рудың 26 бірдей өкілі бүгінгі таңда министр немесе одан жоғары биліктің тұтқасын ұстап тұр екен... Өте көне халықтар қатарына жататын қазақтың әрбір ірі тайпасы бұрын жеке хандық құрғанын, сондықтан бүгінге дейін руын білгісі келген кісіге «елің не?» деп сұрайтын, мемлекетшілдік қасиет қанында бар халық екенімізді дұрыс түсінбей, жақсы жағын бәсекелестікке қабылетті болуда, жаһандануға қарсы күресте тиімді пайдаланудың орнына «рушылдық» деп шыға келеміз. Рушылдықтың көкесі әрбір ірі компаниясы бір рудың рөлін атқаратын, бүкіл әлем жабылып, қуып жете алмай келе жатқан жапондықтарда! Кез келген статистикалық орташа жапоннан орташа қазақ көп жағынан бір саты («бір бас» емес!..) жоғары немесе оқ бойы озық тұр. Ал, он жапон мен он қазаққа, немесе «жүздікке», «мыңдыққа», «түменге» келгенде бәрі керісінше! Неге? Жапондар өз еркімен өздерінің сол ортасынан бір серкені таңдап алады да, соның айналасына сүттей ұйып, асқан ынтымақ-бірлікпен жұмыс істейді, «жұмысымнан кемшілік, ақау табылса бәрінің атына кір келтірем, одан-дағы өлгенім артық» деп біледі. Америкалықтардың «бұлар ел ме өзі, жоқ корпорация ма?!.» деп, түсіне алмай дал болатыны содан. Біз рушылдықтан құйрық үзісіп кетпедік, заңның үстемдігіне толық жетпедік, екі ортада шөре-шөре деп, дүбәра күйде өмір сүріп жатқан жайымыз бар.. Рушылдықтың жақсы жағына бір емес, екі мысал келтіруге болады. Алғашқысы – өткен шақтан. Түркістан облысында, Шардара ауданының жерінде, Мұрын-Қарақ тауы деп аталатын биік төбенің басында қазақтың әйгілі батыры, есімі Қоңырат тайпасының жауға шапқанда шақыратын ұранына айналған Алатау батырдың сүйегі жатыр. Сол жерде Жанысбек ныспылы тағы бір елге сыйлы, белгілі молда, тәуіп болған адамның басына ұрпақтары кесене тұрғызып, оның ішіне 1932-33 жылдың аштығы жайлы «Алдымда – Ташкен шаһары, Артымда – аштық қаһары» деп басталатын дастан қалдырған атақты Ергөбек ақынның өз аталарының ақтық сапарына арнаған мынадай екі шумақ өлеңін жаздырып қойыпты: Алысқа кетті атағың, Кеудеңді жапты сақалың. Күңірентіп құран оқыған, Құлақтан кетпес мақамың. Жалаулының түбінде, Жалғыз қалды Жанысбек. Көтеріп тауға жерледім, «Құлшығашқа намыс»! деп. Екінші мысал. Мен өткен жазда, Арыстағы құрылыс барысын әріптестерім Нұргелді Әбдіғанимен, Сәуле Әбединовамен бірге аралап, көріп болған соң, 8 тамыз күні кешке арыстық бір ақсақалдың үйіне бардым, онда тағы бір кісі болды, аты есімде жоқ. «Тоқболат (Қоңыраттың бір руы) депутаттар кезінде жаламен сотталған темір жол ауруханасының бас дәрігерін жабылып жүріп босатып, тіпті ақтатып алыпты ғой, мен соны тура бүгін есітіп, олардың ағайыншылдығына тәнті, рушылдығына риза болып отырмын. Тоқболаттың қасында Байлар-Жандар деген ел, Майлықожа айтқандай, асқар бел ғой, депутаттарды іске жегіп, қимылдамайсыздар ма? Ислам Әбішев, 1 трлн. 300 млрд. теңгені үнемдеп, бюджет қаржысын бөліске («распилге») жібермей аман алып қалған бауырларыңыз сол үшін текке күйіп кетіп барады ғой, жүгірмейсіздер ме?» дегенімде, екі ақсақал «бұл жерде бізден жүгіруге ешкім шықпайды, өзің болмасаң...» деді. Исламға сыйластықтан басқа ешқандай жақындығым болмаса да, жүгірдім, одан еш жерім кеміп қалған жоқ. Түркістан облысындағы қаншама ауданның депутаттары, суармалы жердің басым бөлігі орналасқан күнгейдегі бір емес үш облыстық мәслихаттың 53 депутаты, Парламенттің 10 депутаты қол қойған, Қ-Ж.Тоқаевтың атына жазылған Ашық хат Президент әкімшілігіне тапсырылды. «Ісі оңына бассын, Исекеңнің!» деп талай азамат шын жанашырлық танытты, аталарына рахмет! Одан Ф.Копполаның «Крестный отец» деген кинофильмі еске оралды. Мафиози Корлеоне кімге көмек көрсетсе де, жұрттың еңбегі үшін берген сыйлығынан бас тартып, «керек емес, күндердің күнінде жәрдем сұрай қалсам, сонда қол ұшын берсеңіздер болды» демейтін бе еді? «Ислам Әбішев мафиози емес қой, ол өз еркімен неше жыл бойы жазда үш топ етіп демалдырып келген, өнер мен әдебиеттің, ғылымның игі жақсыларына айтыңыздаршы, келіп сотқа төбелерін ең болмаса бір көрсетіп кетсін, ол сотталса да, сотталмаса да, ертең бет көрісетін күн келеді ғой...» дедім бірі ақын, бірі ғалым екі ағама. Нәтиже болмады... Тағы да классика еске оралады. «Абай жолындағы» генерал-губернатор киіз үйде бір өзі Абайды жеке тергеп жатқанда, Базаралы екеуінің үстіне рұқсатсыз кіріп келіп: «Господин жандарал! Степ слепой. У него один глаз ест – это Абай. Степ глухой, у него один ухо ест, это – Абай. Нельзя лишать степ его глаз и его ухо» деп араша түсіп сөйлейтіні, оның жандаралға қатты әсер ететіні бар емес пе еді? Бұндай жерде орысша айтқанда дәл сондай "отчаянный шаг, неординарный поступок" керек. Сол себеппен өткен желтоқсанның 18-күні депутаттардың қолын жинаған кезде өте көп көмек берген бір аға-досқа телефон соқтым. «Ел ағалары, әсіресе, өзіңіз секілді зейнетке шыққандары, Исламның ағайындарын қоспай, бес-алтауыңыз болса да, орден-медальдарыңызды омырауға тағып, Нұрекеңнің Көк Ордасының, ия болмаса Қасекеңнің Ақ Ордасының алдына барып, «осындай бір ғана мәселемен келдік – Ислам Әбішевтей елге еңбегі өте көп сіңген азамат жазықсыз күйіп бара жатыр, жазықсыз екеніне сотына қатысып, көзіміз жеткен соң келіп отырмыз, Сізге айтар бір ғана өтінішіміз бар – И.Әбішевтің адвокаттары Жоғарғы Сот төрағасы Ж.Асановтан сұранғанындай (бірақ, оларды қабылдайтын тірі жан табылмай қалған сол күні) - судьяны ауыстыруды, істі әділ қарау үшін қайта тергеуге жіберуді сұраймыз. Болды! Басқа өтінішіміз жоқ!» деп, қабылдауын өтініп барыңыздар» дедім. Ертең ең болмаса «бардық, кіре алмадық, қабылдамады, қайтеміз, қолымызан келгені осы белді» дей аласыздар...». «Ойланатын нәрсе екен, ақылдасайын» деді. Сол сөзді ертесіне шымкенттік бір ағайға айттым. «Осылай да осылай, сіз ағайындарыңызды ұйымдастырып көріңіз». «Ойбай, кім барады, ешкім бармайды!» «Айтып көрсеңізші, ертең үкім шығып кеткен соң, жұмыс жүз есе қиындап кетеді, енді күтетін уақыт қалған жоқ» дедім. Жұма, 20.12.19. күні кешке, соттан шыққан соң, Исламның бауырына айттым. «Алматыдағы баяғы Алтай мен Бурабайға, Меркі мен Сарыағашқа барып демалғанды жақсы көретіндерге айт, Тоқаевқа, дәл осы бір ауыз сөзді айтуға, кіреміз десін» дедім. Нәтиже не болды? Шымкенттік ақсақал: «Үлкендеріміз «кейін, үкім шыққаннан кейін қимылдау керек, әзір тыныш отырыңдар» деп, біздің бетімізді қайтарды» деді. Аға-дос қоңырау шалды: «Өмеке, сенің ол ойыңды бұл жақта дұрыс түсініп жатқан адам жоқ, біз екеуміз ағайынның арасына жік салған болып шығайын деп жатырмыз, кесірлерін тигізбей тыныш жүрсін» депті үлкендер, мен де үндемейін, сен де үндеме,» деді. Жарайды, үндемесек үндемейік... Әйтпесе, біреу Исламға «неге делегация келеді елден, сол үшін сені түрмеден шығармай қоямыз» дер ме еді? Ағалардың бар айтатын уәждері «ойбай, ешқашан бұндай нәрсені ешкім істемеген!» болыпты. Дұрыс! Болмаса бірінші рет болар еді, басшылар соны көрер еді, «е, бұлардың артында қалың ел тұр екен ғой» деп ойланар еді, ойланған соң басқа шешім қабылдар еді. Қисынды талабымызды айтпасақ, дұрыс екенін дәлелдеуге тырыспасақ, билік біздің ішімізде не барын қайдан біледі?.. Жақсылық, игілік өзінен өзі келмейді, оны істейтін адам уақытын, ақшасын, денсаулығын, абыройын, әйтеуір бір нәрсесін құрбан етуі тиіс. Қырғызстанның Ақсақалдар кеңесінің (біздегі Ардагерлері кеңесінің аналогы) төрағасы Шаныбеков Дәулет деген азамат бар. Шымкентке бірнеше рет келді, Бішкекке автобусқа отырып, қайтып жүрді. Қырғызстанның Ел Батыры! (Біздің Халық Қаһарманымыз секілді). Сол кісі 2010 жылы «Бакиевке қарсы көтерілгенде бронежилетімізді шешіп, жастарға бердік, өлсек біз өлейік, сендер аман қалыңдар» дедік» дейді. Міне, ел болатын елдің ағалары! Ал біздің ағаларымыз Астанаға келуге жоқ... Өмірзақ Ақжігіт, Qazaquni.kz