«Ақ жол» партиясы Ұлттық банктің лауазымды тұлғаларын жауапқа тартуды талап етті
2020 ж. 15 қаңтар
4112
1
«Ақ жол» партиясы Ұлттық банктің лауазымды тұлғаларын депутаттық сауалға жауап беру мерзімдерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартуды талап етеді. Бұл туралы бүгін «Ақ жол» парламенттік партиясының депутаты Ерлан Барлыбаев Мәжілістің жалпы отырысында айтты.
Текст мәтіні төменде келтірілді
Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің төрағасы
Е.А.Досаевқа
2019 жылғы 13 қарашада «Ақ жол» фракциясы сізге экономикалық дағдарыс жылдарында мемлекет бөлген қаражаттан екінші деңгейлі банктерге нақты бизнесті несиелеу мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдаған болатын. Сұрауда біз:
1) 2008 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін банк секторын қолдауға түрлі көздерден, оның ішінде Ұлттық қордан және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қанша қаражат бөлінді?
2) Заңды тұлғаларға, сондай-ақ шағын және орта бизнеске сол кезеңге олар бойынша есептелген сыйақыларды, өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептемегенде екінші деңгейдегі банктердің несиелерінің таза мөлшері қанша?
3) Сол жылдары екінші деңгейлі банктер Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ноталарын қандай мөлшерде сатып алды?
4) Мемлекеттік қолдау банктердің бизнесті несиелеу және Ұлттық Банктің ноталарын сатып алудағы үлесі қанша?
5) Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің жыл сайынғы өсуіне екінші деңгейдегі банктерге мемлекеттік көмектің әсері қалай бағаланады және банк секторының бюджеттің кірісіне қосатын үлесі қандай? деген сауалдарды көтердік.
Біз бұл сұрақтарды банк жүйесінің мемлекеттен алған үлкен қаражатына қарамастан, банктердің экономиканы несиелеу шарттары мен көңіл толмайтын жағдайларға байланысты көтерген едік. «Ақ жол» фракциясы Ұлттық қордан және бюджеттен миллиардтаған соманы жіберудің мақсаты банктердің өздерін байыту емес, қаржы секторын жақсарту және қаражатты экономикаға бағыттау болуы керек деп санайды.
Президент Қ.Тоқаев өзінің Жолдауында «екінші деңгейлі банктерге қолайлы шарттармен және ұзақ мерзімге несие беру» міндетін қойғаны кездейсоқ емес.
Сонымен бірге, кейбір мәліметтерге сәйкес, банктердің мемлекеттік қорлардан пайда табуы, оларды Ұлттық Банк атынан мемлекетке қолайлы мөлшерлемелермен қамтамасыз етуі және бизнестің қол жетімді ұзақ
мерзімді несиелерге деген шұғыл қажеттілігін ескермеуі сынды жағдайлар орын алған.
Бұл жағдайды нақтылау үшін біз Ұлттық банктің мәліметтерін сұрадық. Алайда, сұрау жіберілген күннен бастап екі ай өтсе де, жауап келген жоқ.
Еске сала кетейік, «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабының 4-тармағына сәйкес, депутаттың өтінішіне жауап бір айдан кешіктірілмей беріледі.
Осыған байланысты «Ақ жол» парламенттік фракциясы:
1. біз қойған сұрақтарға нақты жауап беруді тағы да талап етеді;
2. Ұлттық Банктің лауазымды тұлғаларын депутаттық сауалға жауап беру мерзімдерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту туралы мәселе көтереді.