ИСЛАМ ӘБІШЕВТІҢ СӨЗІ ҮШ АЙ ТЫҢДАЛҒАНДА БІР ІЛІК ТАБЫЛМАДЫ...
2019 ж. 05 желтоқсан
6435
25
Ислам Әбіш пен Серік Төкеевтің соты бүгін тағы да Ұлтттық бюроның тергеушілері жүргізген жасырын тыңдауларды сараптауға арналды. Бір анығы, тергеушілердің тері арамтер болып, жасырын тыңдауда Ислам Әбішевтің бір сөзі де жоқ күмән тудыратын. Сексот (секретный сотрудник) Азамат Шаймерденов ауадан жасап алған жоқ "параны" (іс бойынша пара берген де, алған да ешкім жоқ екені анықталды) ұсынбақшы болып, қанша жанталасса да, қармағына түсіре алмай, арандатуының ауа қармап қалғаны көрініп тұр... Қайта Шаймерденов (атын жазуға ол атқа лайық болмағандықтан айтпай отырмын) қайта-қайта "пара" ұсыну ұшығын шығара бастағанда Ислам Әбішевтің: "Маған ондай ақшаның қажеті жоқ!"-деп айттым ғой сендерге!"-деп тыйып тастағаны анық естіліп тұр... Бүгінде Ислам Әбішев пен Серік Түкеевке арналған 30 том түгел сарапталып бітті. Онда да ешбір дәлел жоқ! Қолдан құрастырып, жамап-жасқаған іс екені әр томның әр бетінен айқайлап тұр... Ал сұралған 20 шақты куәгердің бәрі, жала жабушы сексот Шаймерденовтен басқалары түгел Ислам Әбішевтің пайдасына жауап берді. Ал тергеушілер Ислам Әбішевке қарсы салуға пайдаланбақ болып сеніп әкелген марқұм Жампозовтың ұлы тергеушілердің өзін қорқытып, қолдан жасаған, өздері жазып берген жауаптарын ашық айтып, Ұлттық бюро қызметкерлерінің арандатушы қылмыстарын әшкерелеп берді. Сөйтіп прокуратура мен Ұлттық бюро тергеушілері масқара болып жатқан жайы бар...
БЕС АДВОКАТЫ БАР СӘУЛЕ СОТТЫҢ ӘДЕМІ СУРЕТІН ІЗДЕП КЕТТІ...
Бүгін түске дейін өткен сотта судья Қажымұқан Мекемтас Ислам Әбішев ісіне тұрақты қатысып, жүйелі түрде жазып келе жатқан белгілі журналист, қазақ телеарнасының Ақжүнісі атанған Сәуле Әбілдаханқызына ескерту жасады.
"Сіздер өтіп жатқан процесті толық және анық жазыңыздар. Содан соң менің әдемі суретімді салыңыздар! Мен осыны ескертемін сіздерге"-деді. Алдында қазақ тілін жетік білмегеніне байланысты Ислам Әбіштің адвокаттары мен қорғаушылары үш рет сенімсіздік білдіріп, елордада одан артық қазақ тілін білетін сот болмағандықтан үш рет қайтвп келген, өткен отырыстардың бірінде Сәулеге залдан шығып кетуді талап еткенде бүкіл сотқа қатысушылар соттың орынсыз талабына қарсылық ретінде бәрі бірге шығып кеткен оқиғадан кейін бүгінгі сот өтінішіне не дерін білмей тежеліп қалған журналист: -Сіздің әдемі суреттеріңіз де бар, салып жүрміз ғой"-деді. Елдің бәрі ду күлді. Бұл сот Мекемтас пен журналист Сәуле арасындағы тұңғыш бейбіт келісім диалогы еді.
Түскі үзілісте кафеде шәй ішіп отырғанда таныстардың бірі Сәулені іздеп, менен сұрады. -Сәуле соттың әдемі суретін іздеп кетті...-деп едім, отырғандар ду күлді...
Ал түстен кейін Абзал Құспан мен Сәуле Әбілдаханқызының үстінен Арман Шораевтың сотқа арыз жазуына байланысты желтоқсанның 10-ына Алматыға сотқа баруы керектігін естіген Ислам Әбішев барлық бес адвокатын да осы сотқа жіберуге шешім қабылдады. Ары қарай Сәуленің өзі айтсын:
" 10 желтоқсан күні Арман Шораевтың арызы бойынша Абзал Құспан екеуміздің сотымыз болатынын Ислам аға Әбішев естіпті. (Абзал өзіміздің сотымыз болатынын айтып, сұранса керек... ол жағын білмедім.) Абзалға "сен өз-өзіңе адвокат бола аласың, маған кім адвокат болады?.. Алматыдан таныс, адал адвокат тауып берсей.. " деп күліп жүргем. Содан, не керек, бүгін қызық болды ғой... Ислам аға бүгін адвокаттарының бәріне былай деді: - Жігіттер, 9-10 желтоқсан процесті тоқтата тұрып үзіліс алыңдар да, бәрің Абзал мен Сәуленің сотына барып, осы екеуін қорғаңдар!.. Жол шығындарыңды мен көтеремін! Бұл екеуін кім көрінгенге талатпаңдар, бізді талап жатқандары да жетер!...- деді. Күтпеген жерден, ойламаған жерден менің енді бақандай 5 адвокатым бар!!!
Өзі 9 айдан бері тар қапаста күн санап, сағат санап, тезірек бітсе екен деп отырған адамның бұл сөзіне қалай жүрегің езілмейді? Аға қамқорлығын, Әке мейірімін сезгендей, көзіме жас кеп, тамағыма өксік тірелді... Азамат, Тұлға деген осындай болады екен-ау!!!...
* Біз үшін Әбішев ағамыз бен Түкиев ағамыздың соты екі жарым күнге тоқтайтын болды. Алдағы апта сот отырысы 11 желтоқсан күні түстен кейін 15.00-де жалғасатын етіп судья Қ.Мекемтас графикті бекітті..."- деп жазды ол Фейсбук парақшасына.
Сонымен, Сәуле Әбілдаханқызының жұмылғанда жойқын жұдырық болатын бес саусақтай белгілі бес адвокаты бар. Олар: атақты Абзал Құспан бастаған Мәкіш Есқараев, Ерлан Макенов, Алмас Абдрахманов және Саян Жүнісбаев.
Мұны естіген мен ер жігітке бергісіз батыл Сәуле қарындасыма: -Ақыр Исекеңнің бес адвокатын алған екенсің, соттарға қазақ тілі мен қалай іс жүргізуді үйретіп отыратын қорғаушысы Ералхан Әбішевті де сұрап алмадың ба?"-деп әзілдеп қойдым...
Иә, Қазақтың ұлы жазушысы Бейімбет Майлиннің: "- Қайдан келесің? -Соттан келемін. Соттан емес-ау оттан келемін"- дегенінің нағыз өзі болып жатыр...
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні