АҒА БАСЫЛЫМНЫҢ ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ АСУЫ
2019 ж. 12 қараша
2212
0
Қазақстан тарихындағы байырғы басылымдардың бірі «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдық мерейтойына орай Алматы қаласында кезінде редакция орналасқан еңселі ғимаратқа мемориалдық тақта орнатылды. Салтанатты шараға ақын-жазушылар, ардагер журналистер, елорда мен өзге де аймақтардан арнайы келген қонақтар, қала тұрғындары мен «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі бастаған редакция ұжымы қатысты.
Мемориалдық тақта ашылу салтанатынан соң басылым тарихын қалауға атсалысқан, бақилық болған ардақты азаматтарға арнап ас беріліп құран бағышталды. Соңы Ұлттық кітапханада осы айтулы мерекеге арналған үлкен конференцияға ұласты.
Ғасырлық ғұмырын өз оқырмандарымен бірге өткізіп келе жатқан, халқының жүз жылдық жылнамасын жасаған «Егемен Қазақстан» газетінің тарихы сонау аумалы-төкпелі капиталистік қоғамнан социалистік жүйеге ауысқан тұстағы 1919 жылы 17 желтоқсанда сол кезде еліміздің астанасы болған Орынбор қаласында алғашқы саны жарық көрген "Ұшқын" газетінен басталады. Одан кейін әр кездегі заман ауанына қарай газеттің аты бес рет өзгерді. Басылым 1920 жылы "Еңбек туы", 1921 жылы "Еңбекші қазақ", келесі жылы "Еңбекшіл қазақ", 1932 жылы "Социалды Қазақстан" деген атпен шықты. Ал 1937 жылы "Социалистік Қазақстан" болып өзгерілді де, осы атпен ол 54 жыл бойы жарық көріп тұрды. Алғашқы жылдары бұл басылымды Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов сынды Алаш арыстары басқарды. Өкініштісі, газетке басшылық еткен 18 азаматтың 15-сі кеңестік қызыл саясаттың қудалауына түсіп, репрессия жылдары атылып кетті. 1991 жылдың маусымында республика тәуелсіздік алуға санаулы айлар қалғанда басылымның аты "Егеменді Қазақстан" болып өзгертілді. Осы бір аса жауапты кезеңде белгілі жазушы, публицист Шерхан Мұртаза басшылық етті. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылында "Егеменді" атауы жаңа дәуірмен бірге қолданысқа енді ғана ене бастаған сөз болатын. 1993 жылдың 1 қаңтарынан лингвистердің пікірлерінен туған талқылаудан кейін газеттің бас редакторы Әбіш Кекілбаевтың ұсынысымен басылым атауындағы "-ді" жұрнағы алынып, "Егемен Қазақстан" болып өзгерді. Осы атпен газет 26 жылдан бері тұрақты шығып келеді.
Алғаш жарыққа шыққан кезден бастап Қазақстанның астаналары ауысуымен бірге басылымның редакциясы да бірнеше рет қоныс аударып, әр кезеңде Қызылордада, Алматыда орналасты. 1999 жылы редакция Қазақстанның жаңа елордасы Астанаға қоныс аударды. Ол үшін бүгінгі заман талаптарына сай арнайы ғимарат салынды. Газеттің бас ғимараты Астана қаласындағы, «Егемен Қазақстан» газеті көшесі, 5/13-үйге орналасқан. 2016 жылдың қыркүйегінен басылым жаңа дизаин, жаңа форматта және барлық беттері түрлі-түсті болып шыға бастады. Сонымен бірге оның ұстанған бағыты бекіп, мазмұны да толыға түсті. Алғашқы тарихынан бастап басылымда Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов сияқты қазақ ұлтының ірі мемлекет қайраткерлері мен көрнекті қаламгерлері қызмет етсе, жаңа дәуірде "Егемен Қазақстанды" Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Сауытбек Әбдірахманов сияқты қаламгерлер басқарды. Бүгінгі ұжым да алдыңғы буын ағалар салып кеткен сара жолын лайықты жаслғастыруда.
Салтанатты рәсімге қатысушылар аға басылымның алған асуларына тоқтала келе өз ой-пікірлерін білдіріп, редакция ұжымын, бүкіл қазақстандықтарды осы айтулы мерекемен құттықтады. Белгілі қаламгерелер, ардагер журналистер Аян Нысанәлі: «Ғасыр жасағанда оның аты бірнеше рет өзгерсе де заты өзгерген жоқ. Өйткені халықтың өмірінің эпопеясын іздесек осы газеттен таба аламыз» десе, Мамадияр Жақып: «Журналистердің үлкен қауымы осы жерден тәрбиеленіп өсіп, еліміздің басқа басылымдарына басшылық етті. Сондықтан «Егеменіміздің» тарихын бүкіл Қазақстан баспасөзінің тарихы десек артық емес» деген баға берді. Ардагер журналистер артық кеткен жоқ, халқының мұңын, қиын-қыстау кезеңдері мен табысты жылдарын тарих бетіне өшпестей жазып келе жатқан «Егемен Қазақстан» газетінің алар орны ерекше. Жүз жылдық белесті бағындырған басылымның алар асулары биіктей берсін демекпіз.
«Қазақ үні» газеті