БҰҰ Көкжайлау жобасына тыйым салуға қолдау білдірді
2019 ж. 11 қараша
1992
0
Көкжайлау жобасын жүзеге асыруға тыйым салу жөнінде шешім БҰҰ тарапынан да қолдау тапты. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жақында ғана Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Көкжайлау жобасын жүзеге асыруға тыйым салу жөнінде шешім шығарғаны мәлім. Бүгінде осы маңызды ұйғарым өз елімізбен қатар әлем қауымдастығының айрықша назарын аудартып отыр. Бұл шешім БҰҰ тарапынан да қолдау тапты. Мемлекет басшысының атына БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы Ольга Алгаерованың хаты келіп түсті», - дейді Берік Уәли өзінің парақшасында.
БҰҰ-ның мәртебелі өкілі Көк-Жайлау шатқалындағы тау-шаңғы курортының құрылысына қатысты шығарылған шешімге қолдау білдіретінін жеткізген.
«Сіздің «барлық шешімдерді қабылдау кезінде халықтың ой-пікірін ескеріп, қоғамдық тыңдаулар жүргізу керек және қабылданатын іс-шаралардың мән-маңызын азаматтарға жан-жақты түсіндіру қажет» деген сөзіңіз маған ерекше әсер етті. Бұл тұжырым Қазақстанның ашық және өз азаматтарының белсенді рөліне негізделген шешімдер қабылдау ұстанымын ілгерілетуге бейілділігін көрсетед» - деп жазады Ольга Алгаерова.
Мемлекет басшысының шешімі әлем қауымдастығы тарапынан «қоғамның алаңдаушылығын ескеріп жасалған тиімді ұйғарым» ретінде ғана емес, еліміздің экология саласындағы халықаралық міндеттемелерді, соның ішінде Орхус конвенциясының қағидаттарын берік ұстануы ретінде қабылданғаны өте маңызды. Аталған халықаралық ұйым елдің дамуына қолдау көрсету үшін Қазақстанмен тығыз жұмыс істеуге ниет танытып отыр.
Осы орайда, Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйекте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстан еліміздегі және өңірдегі экология мәселелерін шешу, жасыл экономиканы қалыптастыру, тұрақты дамуды қамтамасыз ету бағытында БҰҰ-мен және оның құрылымдарымен жемісті ынтымақтастықты нығайта беретініне баса мән бергенін атап көрсеткім келеді. Еске салсақ, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Көкжайлау тау-шаңғы курортына қатысты пікір білдірген болатын.