Тоқаев атаулы әлеуметтік көмекке қатысты маңызды тапсырма берді
2019 ж. 01 қараша
4780
0
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова Қасым-Жомарт Тоқаевқа Президенттік жастар кадрлық резервін жасақтауға байланысты конкурстың өткізілуі жөнінде баяндады, - деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.
Мемлекет басшысы әділ әрі ашық байқау өткізіп, ең үздік кандидаттарды іріктеудің, сондай-ақ, таяу жылдары оларды жұмысқа орналастыру мәселесін шешудің маңыздылығын айтты.
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Қасым-Жомарт Тоқаевқа биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар, әлеуметтік инфрақұрылымның ахуалы, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы нысандардың құрылысы, сондай-ақ, тұрғын үй және автожол салу жұмыстарының барысы туралы мәлімет берді.
Мемлекет басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын, жылу беру маусымының өткізілуін, сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмектің берілуін бақылауда ұстауға байланысты бірқатар тапсырма берді.
Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Қасым-Жомарт Тоқаевқа тұрғындардың әл-ауқатын арттыру және қалаға қосылған аумақтардың инфрақұрылымын дамыту жайында баяндады. Сондай-ақ кездесу барысында Президентке Шымкент қаласын дамытудың үшжылдық жоспары ұсынылды.
Мемлекет басшысы Шымкент қаласының әкіміне қала төңірегін электр қуаты, газ, ауызсу және жол секілді қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету жұмыстарын белсенді жүргізу аса маңызды екенін айтты.