Әлібек Шегебай: Сот көрдім, сот ішінен сұмдық көрдім...
2019 ж. 25 қазан
7826
3
СОТ ЗАЛЫНАН...
Ислам Әбішевке
Сот көрдім,
Сот ішінен сұмдық көрдім,
Қос қолы кісенделген шындық көрдім.
Адамның тағдырымен ойнайтұғын
Айлалы, айнымалы мұңлық көрдім.
Көз көрдім,
Көз ішінен үміт көрдім,
Аққанын самайдан да тұнық тердің.
Қылмыстың ақ, қарасын айыратын
Қазының қабағынан күдік көрдім.
Шен көрдім,
Түрі қазақ, тілі басқа,
Білмейсің өлі бас па, тірі бас па?
Не деген суық еді от, жанары
Әйтеуір салқын қабақ, сыры басқа.
Рух көрдім,
Сынбаған, иілмеген,
Күрсінгені болмаса күйінгеннен.
Ұзақ сонар бітпейтін сұрақ, жауап,
Өне бойы тұратын түйіндерден.
Мінез көрдім,
Қасқайып қаймықпаған,
Қорқыту мен үркіту айнытпаған.
Қартты көрдім қол жайып бата берген,
Ана көрдім уайымнан қайғы ұрттаған.
Мейір көрдім,
Бағымыз жанар деген,
Пейіл көрдім ақталып қалар деген.
Жаратқан жар болғайсың,
Амал қанша?
Осындай болып тұр ғой заман деген!
Әлібек ШЕГЕБАЙ