Мемлекет басшысы: Әбіш Кекілбай – қазақ халқының ұлы перзенті
2019 ж. 11 қазан
2524
0
Мемлекет басшысы Ақтау қаласына жұмыс сапармен барып, жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбайдың 80 жылдық мерейтойы аясында орнатылған ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев қаламгердің мүсінін салтанатты түрде ашып берді, - деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.
Тау тұлғалы талант, ғұлама ойшыл Әбіш Кекілбайұлының ерен еңбегі қандай құрметке де лайық екенін айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев, заңғар жазушы, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің рухына тағзым ету тек Маңғыстау өңірінің ғана емес, бүкіл еліміз үшін маңызды оқиға деп бағалады.
– Біз бүгін рухын ұлықтап отырған Әбіш Кекілбай – адамзаттық болмыстың жоғары деңгейіне көтерілген біртуар тұлға, қазақ халқының ұлы перзенті. Халқымыздың мақтанышына айналған азаматтардың есімін жадымыздан шығармау – баршамыздың парызымыз. Елбасының «Шіркін-ай, осындай қазақтар көбірек болса екен» деп Әбіш ағаға ризашылық білдіруі тегін емес. Зиялы қауым оған айрықша құрмет көрсетіп, «Қазақтың таңдайы» деп атады,– деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған тұңғыш қаламгердің әдебиет әлеміне келгеннен бастап ұлттық сананы сақтау үшін мол үлес қосқанына, ана тілімізді, салт-дәстүрімізді және төл мәдениетімізді дәріптеп, халқына адал қызмет еткеніне тоқталды. Ұлттық болмыс пен ұлттық рух Ә.Кекілбай шығармашылығының діңгегіне айналғанын айтты.
– «Аңыздың ақыры», «Елең-алаң», «Үркер», «Шыңырау» – қайталанбас туындылар. Классик қаламгердің бұл еңбектері әлем әдебиетінің алтын қорына тиесілі. Жазушы қара сөздің құдіреті арқылы елдің намысын оятып, рухын көтерді,– деп баға берді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мемлекетіміздің жетістіктері қаламгердің ұлт тағдыры туралы мақалаларында толық көрініс тауып, қоғамның шынайы сипатын танытқан Әбіш Кекілбайұлының көсемсөзі халықтың рухани азығына айналғанын, заңғар жазушының туындыларына тарих пен тәуелсіздіктің арқау болғанын тілге тиек етті.
– Оның білімі, көзқарасы, шын мәнінде, шексіз, бірегей және әмбебап. Әбіш Кекілбай – қазақтың болмыс-бітіміне әлемдік кеңістіктен көз салған кемел ойдың иесі. Ұлы Абай «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» дейді. Әбіш Кекілбайдың шығармалары ғасырдан ғасырға ұласатын рухани құндылық болып қалатыны сөзсіз,– деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Әбіш Кекілбайұлының ғұлама жазушы ғана емес, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері екенін, Елбасының сенімді серігі ретінде Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалауға қосқан үлесі орасан зор деп атап өтті.
Мемлекет басшысы жазушының еліміздегі жоғары лауазымдарда қызмет істеп, халықтың ықыласына бөленгенін, Жоғарғы Кеңес төрағасы, Мемлекеттік хатшы, Сенатор қызметтерін абыроймен атқарғанын айтты.
– Әбіш Кекілбай Тәуелсіздігімізді қорғауға және нығайтуға атсалысқан аса көрнекті қоғам қайраткері болғанына ешқандай күмән жоқ. Өйткені ол қазақтың ой-санасын жаңғыртқан ұлы өзгерістердің басы-қасында жүрді. Көрнекті қайраткер егемен еліміздің тарихи шежіресінде өз қолтаңбасын қалдырды. Оның «Тәуелсіздік – тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауапкершілік» деген тұжырымы баршаға ой салады,– деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Әбіш Кекілбайұлы ел мүддесін бәрінен де биік қойған нағыз патриот, саналы ғұмырын еліне қалтқысыз қызмет етуге арнаған ардақты азамат, барша жұртқа ұлтжандылықтың озық үлгісін көрсеткен тұлға екенін айта келе, қазіргі қазақстандық патриотизм үш тұғырға негізделуі керек деп санайтынын мәлім етті.
– Бірінші, патриотизм төл тарихымыз бен шыққан тегімізді терең ұғынудан басталады. Халқымыздың басынан өткен қилы заманды және ел еңсесін көтерген жетістіктерді жас ұрпақтың білгені өте маңызды. Түп-тамырымыз мыңжылдықтарға ұласады. Мұны мақтаныш сезіммен айту – парыз,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ ол тарихымызға қатысты көптеген деректерді жарыққа шығару қажеттігіне, азаттық үшін күрескен арыстарымыздың есімін ұлықтау арқылы азаматтарымыздың, әсіресе, жастардың бойына отаншылдықты дарыта алатынымызға мән берді.
– Екінші, патриотизм мемлекетімізді және мемлекеттік институттарды құрметтеуден басталады. Мемлекетіміздің қазіргі құндылықтарын бағалау – баршамызға ортақ міндет. Береке мен бірлік, тұрақтылық пен тыныштық, татулық пен келісім – біздің басты байлығымыз. Көпшілік, әсіресе, жастар мемлекет болмаса, ұлт болмайтынын ұғынғаны жөн. Бүгінгі буын түрлі қауесеттің жетегіне ермей, ел іргесінің бүтіндігін сақтауға атсалысуы керек,– деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы «Қазақстан патриотизмі» ұғымы бәріміз үшін ұлттық құндылық болуы қажет екеніне, бүкіл идеология Отанды шексіз сүюге бағытталу керектігіне тоқталып, еліміздегі жастар ұйымдарын осы игі бастамаға жұмылуға шақырды.
– Үшінші, біздің мақсатымыз – ең дамыған мемлекеттердің қатарына қосылып, әлемдегі лайықты орнымызды алу. Отансүйгіштік – жай ғана ұран тастау емес. Қазіргі таңда бұл білім алу, ғылымға ұмтылу, инновация мен технологияны игеру арқылы жүзеге асады. Бүгінгі заман – білектінің емес, білімдінің, яғни, ақыл-ой бәсекесінің заманы,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жастарымыз Қазақ елін бүкіл дүниежүзіне танытатын жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруға талпынуы керек деді. Сонда ғана отаншыл, ұлтжанды ұрпақты жаңа геосаясат, геоэкономика жағдайына бейімдей алатынымызды айтты. Қазақстан патриотизмі осындай үш тұғырға негізделсе, тәуелсіздігіміздің нығайып, еліміздің жарқын болашағына жол ашатынына тоқталды.
Мемлекет басшысы қазақ зиялыларының салмақты сөзі – тәрбиенің тиімді құралы деп ерекше екпін берді.
– Бүгінгі күні зиялы қауымның маңызды міндеті өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу деп санаймын,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті сөз соңында Әбіш Кекілбайұлының «Ұрпағына ие бола алмаған жұрт ұлттықтан айырылады» деген сөзі әрдайым есімізде тұратынын айтып, жазушының мол мұрасы, өнегелі тағылымы осы мақсатқа қызмет ете беретініне сенім білдірді.