Тоқаев: Азиядағы қақтығыстар таза ауыз су көздерін бақылауға қарай ойысуы мүмкін
2019 ж. 04 қазан
2716
5
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыртуымен жыл сайын өтетін «Валдай» халықаралық пікірталас клубының XVI пленарлық сессиясына қатысты. Әлемнің ондаған елінен келген беделді саясаткерлер мен белгілі сарапшылардың, қоғам қайраткерлерінің басын қосқан биылғы форум ғаламдық геосаясаттағы Шығыстың рөлі тақырыбына арналды.
Мемлекет басшысы шараға қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан тарихи және географиялық орналасу жағынан Шығыспен де, Батыспен де байланыс орнатқанын атап өтті.
– Біз исламдық, конфуциандық және шығысхристиандық өркениеттердің тоғысында орналасқанбыз. Ұлы Жібек жолы, Алтын Орда, еуразиялық өмір салты қазақтардың мәдени кодының негізгі бөлшегін құрайды,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, «Азия ғасыры» дегеніміз, бұл – халықтың өсу қарқыны, жалпы ішкі өнім, сауда, өнеркәсіп және жоғары технологиялық өндіріс.
– 2018 жылы әлемнің ең табысты 500 ірі компаниясының 210-ы азиялық болған. Азия компаниялары цифрлық технологиялар саласында әлемдегі көшбасшылардың бірі саналады. Бұл құрлықтағы елдер ғаламдық жалпы ішкі өнімнің 50 пайызын қамтамасыз етіп, халықаралық сауда мен инвестицияларды ынталандыруда,– деді Мемлекет басшысы.
Баяндама барысында ғаламдық және аймақтық дамудың оң тенденцияларымен қатар, сын-қатерлері де айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Корей түбегі, Оңтүстік Қытай теңізі, Кашмир, Ауғанстан, Йемен, Сирия, Палестина-Израиль қақтығыс аймағы, Иран мәселесі секілді көптеген аймақтағы қақтығыс ошақтары геосаясаттағы «баяу жарылатын минаға» айналғанын айтты.
Қазақстан Президенті аймақтағы негізгі елдердің арасындағы бір-біріне деген сенім тапшылығы, «қырғи-қабақ соғыс» элементтерінің қайта бас көтеруі, қақтығыстар, санкциялар мен сенімсіздіктерге жетелейтінін атады.
– Азиядағы қауіпсіздікті бөлшектеуге қатысты тиімді формулалар іздеу қажет. Бүгінде әртүрлі екіжақты альянстар, аймақтық және субаймақтық институттар «саясат көрпесін» өздеріне тартуда. Қытай халқы айтпақшы, Азияда «бір көрпенің астында жатып, әртүрлі түс көреді»,– деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан 2020-2022 жылдары Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңеске төрағалық ету барысында өзге де көпжақты институттармен байланысты күшейтуді жоспарлап отырғанын мәлім етті.
Қазақстан басшысының айтуынша, климаттың өзгеруі де күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып қала бермек.
– Ғаламдық жылыну мұздақтардың еруін, шөлейттер мен топырақтың құнарсыздануын жылдамдатып жібереді. Осыған байланысты Азиядағы қақтығыстар таза ауыз су көздерін бақылауға қарай ойысуы мүмкін. Ал бұл – Орталық Азия аймағындағы тұрақсыздық тудыруы ықтимал мәселенің бірі екені белгілі,– деп мәлімдеді Президент.
Мемлекет басшысы қақтығыстардың алдын алу мақсатында өзге мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен жүйелі және бірлескен жұмыс жүргізуді дұрыс деп санайтынын айтты.
Сонымен қатар, Қазақстан ЕАЭО аясында конструктивті жұмысты жалғастыра бермек.
– Конъюнктураның нашарлауына байланысты туындаған қиындықтарға қарамастан, біздің ұжымдық бірлестігіміз беделді экономикалық ұйымға айналып келеді. Бұған ұйымның сауда әріптестік желісінің Сингапурдан Сербияға дейінгі кеңістікті қамтуы айқын дәлел,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еліміздің бітімгершілік мәселесіндегі ұстанымын айта келе, Президент Қазақстанның аймақтық қақтығыстарды реттеуде әділ арағайындықты жақтайтынын айтты. Мемлекет басшысы Таяу Шығыс үшін, оның ішінде, Сирия бойынша Астана процесінде өміршең шешімдер іздестіруге дайын әрі қолдауға әзір екенін мәлімдеді. Қазақстан соңғы айларда шиеленісіп кеткен Ауғанстандағы жағдайды бақылауда ұстайды және көмектесуді жалғастыра береді.
Мемлекет басшысы Қазақстанның әрқашан қарусыздану мен сындарлы дипломатияны жақтайтынын атап өтті.
– Қауіпсіздік проблемаларын шешуде ұжымдық көзқарастарды сарапқа салатын алаң екенін дәлелдеген Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес зор рөл атқаруы мүмкін. Осы форумды толыққанды ұйымға айналдыру мәселесін талқылайтын уақыт келді,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Баяндамада Қазақстан қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп беру қызметін жалғастыра беретіні айтылды.
– Қауіпсіздіктің сан қырлы қатерлерін кешенді түрде шешпей, Азияның экономикалық ғажайыбын жүзеге асыру мүмкін емес. Ұжымдасып әрекет етпесек «Азияның даму ғасырының» орнына бүкіл ғаламға кесірі тиетін көмескіленген «Азияның күңгірт күндеріне» тап болуымыз мүмкін,– деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Батыстың өзара іс-қимылынсыз Шығыста тиімді қауіпсіздік архитектурасын қалыптастыру мүмкін емес деп санайды. Осы орайда, ол Қазақстанның АӨСШК мен ЕҚЫҰ ұйымдарының мүмкіндіктерін біріктіру туралы ұсынысын еске салды.
– Біздің аймақтағы ортақ жұмысымыздың негізгі бағыты терроризм және экстремизммен, ұйымдасқан қылмыспен, заңсыз миграциямен, есірткі тасымалымен күрес болуы ықтимал. Ал адами капиталды дамыту, мемлекеттік басқарудың үздік үлгілерін енгізу, инновациялық мүмкіндіктерді жетілдіру, су ресурстарын тиімді әрі теңдей пайдалану – біздің жасампаздық жолындағы дамуымыздың басты бағдары болуы тиіс,– деді Мемлекет басшысы.
Пленарлық сессия барысында Ресей Президенті Владимир Путин, Иордания Королі ІІ Абдалла, Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев, Филиппин Президенті Родриго Дутерте сөз сөйледі.