Сайлау Батыршаұлы: Мемлекеттің бір ғана тілі болуы керек
2019 ж. 02 қазан
6919
9
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық Кеңес мемлекет саясатының өзекті мәселелерін жұртшылық, саяси партиялар, азаматтық қоғам өкілдерімен бірге талқылап, ұсыныстар мен ұсынымдарды тұжырымдау бойынша іргелі жұмысын бастап кетті.
Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Кеңестің алғашқы отырысында көптеген өзекті мәселелер көтеріліп, өткір пікірлер айтылды. Әр саланың мамандары жиналған бұл институтқа деген ел сенімі де зор, күдігі де аз емес.
Ұлттық Кеңестің жұмысын саралап, ондағы көтерілген мәселелерді талқылау үшін біз белгілі дипломат, қоғам қайраткері Сайлау Батыршаұлының пікірін білген едік.
Ұлттық Кеңес - халықтың мұң-мұқтажын есту жолы
- Ұлттық Кеңес - халықтың мұң-мұқтажын есту жолы деп білемін. Мұндай ашық пікір алмасу алаңы посткеңестік республикаларда сирек кездеседі. Президент өз сөзінде қоғамның алға жылжуы үшін жылдар бойы жиналған мәселелерді уақытылы шешу керектігін айтты. Ішкі әлеуметтік, экономикалық жағдайды жаңартуға бағытталған іс-шаралар қолға алынды. Үкімет құрамында оңтайлы істер атқарылды. Бұрын Президент елдегі жағдай туралы көмекшілері арқылы естіп-біліп отырса, енді қоғам өміріндегі өзгерістер туралы қайраткерлерден, партиялар өкілдерінен, қарапайым адамдардан өз құлағымен естіп отыруға мүмкіндік жасады. Биліктің халықпен жақындасуы - бұл демократияның негізі, - деді Сайлау Батыршаұлы.
Ол сонымен бірге, Ұлттық Кеңестің алғашқы отырысы барысында көтерілген өзекті мәселелерге қатысты да өз пікірін айтты. Соның ішінде, белгілі ақын Қазыбек Исаның Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау жөніндегі ұсынысы мен Тіл туралы заңға өзгеріс енгізіп, Ата заңдағы 7-баптың 2-тармағын алып тастау туралы мәлімдемесіне қатысты да ойын жеткізді.
Мемлекеттің бір ғана тілі болуы керек
- Мен сегіз жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласындағы «Мемлекеттік тіл қозғалысын» басқарып келемін. Кез-келген мемлекеттің бір ғана мелекеттік тілі болуы керек және мемлекеттік қызметте жүрген әрбір адам сол тілді жетік білуі керек. Біз бұл жағынан басқа республикалардан артта қалып қойдық. Қай ұлт өкілі болса да, ол өз ана тілін білсін, басқа тілді білсін, оған ешкім шектеу қоймайды.
Бірақ, осы мемлекетте жұмыс атқару үшін алдымен осы елдің тілін білуі шарт. Бізде қазір Мемлекеттік тіл - қазақ тілі болғанымен, Конституциядағы 7-баптың 2-тармағы бар. Онда орыс тілі мемлекет, жергілікті басқаруда ресми тіл деп көрсетілген. Яғни, дефакто орыс тілі мемлекеттік тілмен тең деген сөз. Олай болмайды.
Екі қолыңызға да қатар қалам ұстап, бір уақытта екі тілде жазу жаза алмайсыз, екі тілде бірдей сөйлесу мүмкін емес. Мен Франция, Алжир, Конго, Мысырда диломат болып жұмыс істедім, біраз мемлекеттерде болдым. Барлық жерде заңда бекітілген мемлекеттік тілде сөйлейді.
Соңғы елім Израильде жергілікті иврит тілін білмеген адам мемлекеттік қызмет түгілі, кәсіпорындарда, дүкенде күзетші боп та қызмет ете алмайды. Израильге бұрынғы СССР-ден, кейін ТМД республикаларынан барған бір миллион халық 3-4 жылда еврейше сөйлеп кетеді, оның басты себебі - билік олардың иврит тілін үйренуіне жағдай жасайды, тегін оқытады, қажеттілік тудырады, ал қарсылық білдіргендерді мәжбүрлейді.
Ал біз болсақ бес жылдық, екі рет он жылдық тіл дамыту бағдарламасын жариялап, оны орындамаймыз. Отыз жыл бойы басқа ұлт өкілдерін мемлекеттік тілге үйрете алмай жүрміз.
Қазақстанда мемлекеттік тіл - қазақ тілін білмей-ақ шенеунік, әкім, депутат, министр болуға болады.
Сондықтан республикада Мемлекеттік тіл өз мәртебесін толық иемденген жоқ. Өткенде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тілі болатын уақыт келеді" деп айтты. Демек, биліктің өзі осыған бет бұрып отыр, - деп атап өтті қоғам қайраткері.
Шенеуніктер неге орыс газеттерін ғана оқиды?!.
Дипломаттың сөзінше, Мемлекеттік тілдің үстемдік етуі үшін әрбір Қазақстан азаматы үлес қосуы керек. Себебі, біраз шенеуніктер қазақша сөйлемек түгілі, қазақ басылымдарын да оқымайды екен.
- Мен көптеген қызметкерлермен араласпын. Кейбір басшылардың кабинетіне кірсеңіз "Время" газеті, Машкевичтің "Экспресс-К" газеті, Мәскеудің "Известиясы" тұрады. "Неге осыларды оқисың?" деп сұрасаң, "Бізді сынайды, сондықтан оқыймыз" деп жауап береді. Міне, біздің кейбір жоғарыда отырған шенеуніктердің сиқы осы.
Қасым-Жомарт Тоқаев басшылыққа келгелі Президент аппаратында кілең қазақ тілін судай білетін жігіттер қызмет ете бастады. Ал, бұрын ше? Қазақ тілінде бір кітап оқып көрмеген, бір мақала жазбаған Ертісбаевтар қызмет етті.
Өзін сыйлаған халықты басқа елдер де құрметтейді
Жуырда Нью-Йоркте БҰҰ Ассамблея сессиясында Президент Тоқаев қазақ тілінде сөз сөйледі, Пекинде жүргенде Қытай қоғамдық ғылымдар академиясында да қазақша баяндама жасады. Осының артында да үлкен саясат жатыр, өзін сыйлаған халықты басқа елдер де құрметтейді, - деді Сайлау Батыршаұлы өз сөзінде.
Еске сала кетейік, қыркүйектің 6-күні елордада Ұлттық Кеңестің алғашқы отырысы өткен болатын. Кеңес жұмысына зиялы қауым, мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың басшылары, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және бизнес-қоғамдастықтың өкілдері қатысты.
qazaquni.kz