Аграрлық салада жас ғалымдардың пулын жасақтау қажет - Тоқаев
2019 ж. 18 қыркүйек
1917
0

Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін дамыту ісіндегі нақты мәселелердің бар екеніне назар аударып, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың алдына бірқатар міндет қойды, - деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.
Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде тұрақты әрі жоғары сұранысқа ие тиімділігі жоғары дақылдарды (жасымық, зығыр, соя) өсіруге көшу есебінен еңбек өнімділігін арттыру қажеттігін айтты. Оның айтуынша, органикалық ауыл шаруашылығы өндірісін дамытып, заманауи агротехнология мен инновацияны енгізу керек.
– Үкімет агрохимия қызметін күшейту, гербицидтердің, минералды тыңайтқыштардың және элиталық тұқымдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету жөнінде түбегейлі шаралар қабылдауы қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Үкіметке өндірістің ел аумағында орналасу әлеуетін зерттеу арқылы ауыл шаруашылығы техникалары паркінің тозуына қатысты мәселені шешуді тапсырды.
Әлемдік тәжірибені ескере отырып минералдау негізінде топырақтың құнарлылығын жақсарту – маңызды міндет. Мемлекет басшысы бұл мәселені шешу үшін шетелдік инвесторларды тарта отырып, ел аумағында тыңайтқыштар мен пестицидтер шығаратын дайын лицензиясы бар зауыттар салуды тапсырды.
Президент барлық ауыл шаруашылығы жерлерінің есебін алу ісін аяқтаудың, жер кадастрын цифрландырудың және жерлердің пайдаланылуын ғарыштық мониторинг жасау арқылы анықтауға көшудің маңыздылығына арнайы тоқталды.
– Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, әсіресе ірілері шетте қалмауы тиіс. Аграрилер мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі қағидатына сәйкес ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға қатысты әлеуметтік жауапкершілікті бөлісуі қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Республикалық кеңес барысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, «Зенченко и К» коммандиттік серіктестігінің директоры Геннадий Зенченко, «Агрофирма «Родина» ЖШС-нің бас директоры Иван Сауэр, «ҚазЭкспортАстық» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Руслан Молдабеков, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев және «Bioperations» ЖШС құрылтайшысы Әлихан Талғатбек баяндама жасады.