Ұлытауда Жошы хан ескерткіші тұрғызылса, ұлт рухы дүр сілкінеді – Қазыбек Иса
2019 ж. 06 қыркүйек
5478
9
Ұлытауда Жошы хан ескерткішін Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғызса, ұлт рухы дүр сілкінер дүние болар еді. Бұл туралы бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында кеңес мүшесі Қазыбек Иса айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ендігі мәселеміз ұлттық рухты көтеру ең басты міндетіміз. Ұлттық мүддені қорғау ұлттық рухты оятудан басталады. Таяуда ұлт тарихындағы Ұлытауға Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті ретінде тұңғыш сапар жасап, зиярат етіп қайтты. Босқа барған жоқ. Күллі түркі әлеміне үлгі болатын ордалы ой айтты. Еуразия кеңістігінде ерекше зор алып империя Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу туралы бастама көтерген Мемлекет басшысы: »Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде елімізде және шетелдегі жұртшылықтың көпшілігі біле бермейді. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру өте маңызды міндет« деп атап өтті. Мемлекет басшысының Ұлытау сапары мен ұлағатты сөздері рухымызды көтеріп, еңсемізді биіктетті. Иә, Алтын орданың атасы Жошы ханның тұлғасын сақтау түгел түркі жұртына ортақ іс»,- деді ол.
Ұлттық кеңес мүшесі алып империяның алғашқы астанасы Сарайшықта Алтын орданың тізгінін баласы Бату ханға тапсырып кеткен әкесі, ұлы ханымыз Жошы да қазақ жерінде жатқанын айтты.
«Жошы Шыңғыс ханның бірінші әйелі, қазақ қызы Бөртеден туған тұңғыш ұлы. Біріншіден, Жошы ханның Ұлытауда таққа отырғанына 2023 жылы 800 жыл толады. Қазақ мемлекеті тарихындағы елдік маңызы ерекше зор бұл мерейтой мемлекеттік деңгейде тойлануы тиіс. Міне, Қазақстан Президенті айтқандай, Жошы ханға әлем назарын аударар нағыз кезең басталды деуге болады. Осындай әлем тарихында салмағы орасан саңлақ тұлғалар мен маңызды зор қалалар өзге бір елдің еншісінде болса не болар еді? Әріге бармай-ақ Мемлекет басшысы айтқан кішкентай Моңғолияның өзі Жошы ханның әкесі әлемді билеген Шыңғыс хан арқылы дүниежүзіне дүбірін танытып жатыр. Мүмкін біз де Шыңғыс ханның алып ескерткішіндей Жошы ханға одан да кем емес ескерткіш кешен тұрғызармыз. Ол кешенде Жошының анасы Бөрте де, баласы Бату хан да, әкесі Шыңғыс ханның да ескерткіші тұрса тіпті керемет болар еді. Ал Ұлытауда мазары жатқан Жошы ханның ескерткішін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғызып жатса, ұлт рухы дүр сілкінер дүние болар еді», - деді Қазыбек Иса.