Тоқаев Финляндия президентін Қазақстанға шақырды
2019 ж. 26 тамыз
2177
0
Қазақстанның елшісі Жанна Сартбаева Финляндия Республикасының президенті Саули Ниинистёге сенім грамоталарын тапсырды. Президент сарайындағы салтанатты рәсімнен кейін қазақстандық дипломатты мемлекет басшысы қабылдады, - деп хабарлайды baq.kz.
ҚР СІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, сұхбат барысында Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Финляндия президентіне жолдаған сәлемі мен жылы ниет лебіздері жеткізіліп, Қазақстанға сапармен келіп-кету туралы шақыруы табыс етілді.
Финляндияның мемлекет басшысын Қазақстанның саяси дамуы, экономикасын әртараптандыру және транзиттік-көліктік әлеуетін дамыту жолындағы қолға алынған шаралар бойынша хабардар етілді.
"Қазақстан-Финляндия қатынасының қазіргі жағдайы мен келешегін талқылау барысында Елші екіжақты ынтымақтастықтың барлық спектрі бойынша, әсіресе цифрлық технологиялар саласындағы өзара әрекеттестікті тереңдетуге ел басшылығының мүдделігін танытты", - делінген хабарламада.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде айқындаған негізгі бағыттар туралы егжей-тегжейлі айтылды. Қазақстанның Тұңғыш президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қауымдастыққа үш диалог негізінде жаңа геосаяси ахуал қалыптастыру туралы ұсынған бастамасы мәлімденді.
Сонымен қатар Тұңғыш президент - Елбасы Н.Назарбаевпен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент Саули Ниинистенің туған күніне орай құттықтаулары табысталды.
Финляндия президенті екі ел арасындағы қатынастардың достық сипатына ерекше көңіл аударып, Қазақстанның халықаралық аренадағы маңыздылығын атап өтті. Ол екіжақты сауданың өсіп келе жатқан беталысына қанағаттанушылық білдірді.
Саули Ниинистё Тұңғыш президент - Елбасы Н.Назарбаевтың қазіргі қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаушы ретіндегі рөлін айрықша айтып, оның жаһандық архитектура мен геосаяси мәселелердің қалыптасу үдерістерін терең түсінетіндігін атап өтті. Фин мемлекетінің басшысы еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүрекжарды лебізін білдірді.
Финляндия президенті Қазақстанға жасаған сапарларын еске алып, қазіргі дамуын жоғары бағалады және елдегі саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларды одан әрі жүзеге асыруда сәттілік тіледі.