Азат Перуашев: Өтпелі кезеңде өзгерістер керек
2019 ж. 15 тамыз
4878
2
Алдағы саяси маусым кетіп бара жатқан жаздың аптабындай ыстық болатыры сөзсіз. Президенттің жолдауынан бастау алатын жаңа парламенттік сессияға екі аптадай уақыт қалды. Сол уақытта билік пен қоғамның қарым-қатынасының дамуын жетілдіре түсетін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі де жұмысын бастайды. Бұл мәселенің келешегі қандай болатынын «Ақ жол» партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі Азат Перуашев айтып берді.
- Азат Тұрлыбекұлы, президент сайлауынан соң әлеуметтік желілер билікті сынап, саяси бағытты өзгерту және т.б. талаптарды жиі қоя бастады. Сіздің ойыңызша, ол талаптар орынды ма?
- Шынымен де, билік қарапайым кейіпке еніп, жұртқа жақындауға тырысуда. Қоғам белсенділері мен әлеуметтік желі қолданушыларымен санасуға міндеттіміз, олардың құқықтарына құрметпен қарап, ақылға сыйымды ой-пікірлерін кәдеге жаратуымыз керек. Дегенмен ұлттың бақуатты өмірі жөніндегі жауапкершілік кез келген жағдайда мемлекеттің мойнына жүктелетінін де ұмытпау керек. Одан бөлек, мемлекет мүддесі талап етіп тұрса, билік кей кезде жалпыға бірдей ұнамауы мүмкін шешімдер қабылдауға да мәжбүр болады.
Қоғамның өзгеріп жатқаны жасырын емес. Мәселе осы жүйені, жаңадан пайда болған тіршілік ахуалына – оның ішінде, әлеуметтік желіге бейімдеу. Тек сонда ғана бұл жүйе бір жағынан кері байланыстың сенімді арнасына және биліктің халық алдында есеп беру құралына айналып, екінші жағынан мемлекеттің халықты оңтайлы басқарып, өзекті мәселелерді жылдам шешуіне мүмкіндік береді. Өзгерістер қажет, онсыз болмайтын да сияқты. Бірақ оларды бірнеше қадамға болжап, жоспарлап қою керек.
- Адамдардың ұсынған талаптары да осы емес пе: сайлау тәртібін өзгерту, тәуелсіз депутаттарға жол ашу, партия құруды жеңілдету және т.с.с...
- Мұндай идеялар талқылануы тиіс. Кез келген саяси жүйе уақыт талабына сай өзгеріп дамып отыруы шарт. Бірақ мен өзгерісті басқадан бастар едім. Жақсы депутат пен дұрыс партияны таңдау жеткіліксіз. Мұндайда мемлекет саясатын анықтайтын мүмкіндіктердің болуы маңыздырақ. Бұл не деген сөз? Ең алдымен, бұл – қаржы жағы, себебі онсыз бірдеңені бастау мүмкін емес.
Атқарушы органдардың қарсылығына қарамастан, сайлаушылардың мұқтаждарына сәйкес мәслихат пен парламентке бюджет қаражатын қайта бөлу құқығын беру керек. Бүгінде заң бойынша депутаттың бірде-бір бюджеттік ұсынысы үкімет рұқсатынсыз қарастырылмайды. Ал, сайлаушылардың сенімін арқалаған, олардың алдында есеп беретін министрлер емес, депутаттар ғой.
Әрине, депутаттардың тікелей бюджеттендіру құқығын белгілі бір үлес мөлшерімен (бюджет шығынының бір-екі процентімен) шектеген абзал, бірақ оның қандай да болса, болғаны абзал. Егер депутаттар сайлаушылардың талап-тілегі бойынша тікелей қаржыландыру өкілеттігіне ие болғанда, бүгінгі күні көпбалалылар мәселесі өткір қойылып, тұрғын үй тапшылығы орын алмайтын, ал Арыстағы қару-жарақ қоймалары бұдан 10 жыл бұрын шығарылатын еді.
Мемлекеттің мүмкіндіктері шексіз емес және ол нақты бюджетпен белгіленеді. Бірақ болса да елдегі мемлекет қаражатының қомақты бөлігі бюджеттен тыс бөлінуде. Сол себепті келесі маңызды қадамдардың бірі – барлық мемлекеттік қаражатты қоғамның бақылауына алу.
Біріншіден, бұл – ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындардың бюджеттері. Бұл сектор мемлекеттің қаржылық мүмкіндіктерін азайтып, байлар мен кедейлер арасындағы әлеуметтік алшақтығына негіз болып отыр. Осы арада сыбайлас жемқорлық жайындағы дау-дамайлар, жымқыру жағдайлары ұдайы орын алуы; сыртқы қарыздың қомақты үлесін квазимемлекеттік мекемелердің құрауы; орасан зор шығындарға қарамастан, менеджерлер өздеріне миллиондаған сомадағы сыйақы жаздыруы және т.с.с. Сондықтан министрлік пен әкімдіктердің қарамағындағы «РГП» мен «ТОО»-лар, Ұлттық компаниялар мен олардың еншілестерінің бюджеті толық ашық болып, республикалық пен аймақтық бюджетке кіріп, басшылары құзырлы органдарға нәтижелері туралы есеп беруге тиіс.
Екіншіден – атаулары түрлі болғанымен (жинақтау, сақтандыру және т.б.), мәнісі бір – қосымша салық есебіндегі барлық міндетті төлемдер. Егер медициналық және әлеуметтік сақтандыру қаражатының иесіз пайдаланылуын, Бірыңғай жинақтау зейнетақы қорының шашылуына байланысты айғай-шуларды ескерсек, бұл қорлардың бюджеттік процедуралар арқылы басқарылуы керектігін байқаймыз.
Үшіншіден, мемлекеттік бюджет - ұсақ-түйекке кірпияз болуға арланбайтын сала екендігіне сенімдімін. Кейбір дамыған елдердің тәжірибесі бойынша, парламенттегі бюджет комитетін парламенттік азшылық өкілдері басқаруы тиіс. Логикасы мынада: билік партиясы бюджетті пайдалануды қолға алғанымен, оның бәсекелестері жұмсалған шығындардың дұрыстығын бақылап отырады. Бұл тәжірибе бізге де артық болмас еді.
- Үкімет саясаты тек бюджетпен шектеліп қала ма екен? Және парламент сол үкіметті өзі бекітеді емес пе?
- Иә, премьер-министрді тағайындамас бұрын президент фракция жетекшілерімен кеңессе, министр лауазымына үміткерлер Мәжілістің салалық комитеттерінің талқылауынан өтеді. Бірақ, қалған жағдайларда, үкіметтің өзі парламенттік сайлау нәтижелеріне қарамай-ақ жасақталады және оның ешбір сайлауалды уәделеріне қатысы болмайды. Сонда оның қызметі үшін сайлаушылар алдында кім жауап береді? Нұрсұлтан Назарбаевтың кезінде бұл сияқты сауалдар бірінші президенттің беделінің арқасында онша маңызды болмаған. Егер де біз либералды жолға түсетін болсақ, алдымызда басқа да нұсқалар пайда болады: президент үкіметтің жұмысы үшін жауапты болса, онда ол АҚШ-тағы секілді, премьер-министрдің орнына үкіметті өзі басқарғаны жөн.
Егер президент әрі қарай да, қазіргі Конституцияға сәйкес, биліктің барлық тармағының өзара ықпалдастығының кепілі болып қала беретін болса – онда ол үкіметтен де, парламенттен де тепе-тең алшақтықта болып, жауапкершілікті парламенттік көпшілікке жүктеуі тиіс. Бұл үшін үкіметті жеңіске жеткен партия құруы қажет. Сонда ол президентке үкімет құрамын бекітуді ұсынып, оның қызметінің – жетістіктер мен кемшіліктерін қосқандағы – нәтижелері үшін барлық жауапкершілікті мойнына алар еді.
Ал парламенттің өзіне келсек, олардың қызметі министрлікке үміткерлерге ақыл-кеңес берумен шектелмей, жеңіске жеткен партияның сайлауалды бағдарламасына негізделген Үкімет бағдарламасына сенім білдіруінен (немесе сенім білдірмеуінен) де көрінуі тиіс. Бұрын, Конституцияның 67-бабы бойынша, премьер-министр өзі тағайындалған соң парламенттің мақұлдауына үкіметтің бағдарламасын ұсынуға міндетті болатын. 2007 жылы бұл норма алынып тасталды да, бүгінгі күні парламент үкімет жұмысын тек бюджет жобасы арқылы бағалап отыр. Шынтуайтында, бюджет – қаржылық құжат, ал үкіметтің саясатын түсіну үшін кешенді мағлұмат керек; бұл тұрғыдан үкіметтің бағдарламасы – нақ соның өзі. Сонда үкімет жұмысын бюджет қаржысының жай игерілуімен емес, бағдарламада жария етілген мақсаттардың нақтылы түрде орындалуына байланысты бағалауға болар еді. Парламенттің Үкімет бағдарламасын бекітуі тәжірибесін қайта қалпына келтіру қажет деп есептеймін.
Тап сол сияқты, жергілікті әкімдердің іс-әрекет бағдарламасын мәслихаттың бекіткені абзал. Мегаполистерді қоса алғанда, қалалар мен ауылдық округтердің әкімдерін жергілікті тұрғындардың тікелей сайлауын енгізу – бұл үрдістің дәйекті жалғасына айналуы тиіс.
Бұдан бөлек, парламент пен мәслихаттарға Арыс трагедиясы, сыбайлас жемқорлық фактілері және тағы басқа сол сияқты қоғамдық резонанс туғызған оқиғалар бойынша парламенттік тергеу жүргізу құқығын бере отырып, олардың бақылау функцияларын кеңейте түскен де көкейге қонымды болар еді.
- Яғни, сарапшылар ұсынған мажоритарлық жүйе сіз үшін өзекті емес қой?
- Бұл идея басқа идеялар секілді назар аударарлық дүние, оның да дұрыс жақтары бар, мысалы, ол жүзеге асқан жағдайда, тәуелсіз кандидаттар келуі мүмкін. Бірақ, іс жүзінде бір мандатты округ бойынша сайлау талай жылдар бойына әкімдерге толықтай тізгінге бағынатын мәслихаттар жасақтауға кедергі болған жоқ. Мысалы, алдыңғы мәслихат сайлауында дауыс беруден бір апта бұрын түрлі себептермен «Ақ жол» партиясының жүзге тарта мүшесі (!) алынып тасталды.
Екіншіден, егер тәуелсіз депутаттар өз ұстанымын көрсетуге ғана емес, нәтиже үшін таласқа түссе - оларға бейресми болса да, бірігу керек болады. Себебі нақты шешім қабылдау үшін, қалай болса да, дауыстардың көпшілігін жинау керек. Саясатта тек серкелердің ғана емес, оның соңына еретін ұйымның болуы да маңызды. Грузияда жақында болған (парламент спикерін отставкаға кетуге мәжбүр еткен) жаппай наразылықтың басты талаптарының бірі – нақ сол «идеялық» депутаттарды өткізу үшін сайлауды толықтай партиялық тізім бойынша ұйымдастыруға көшу мәселесі болуы жайдан-жай емес. Және Грузия президенті бұл талаппен келісуге мәжбүр болды.
Сол себепті «қолайсыз» үміткерлерді қорғаудың ең жақсы құралы дауыс беру жүйесі емес, адал әрі ашық сайлау. «Ақ жол» партиясы талай рет соған сәйкес ұсыныстар енгізді, мысалы: дауыс беру мен бюллетеньдерді санау барысында онлайн-трансляция жүргізуді заңдастыру; үміткерлердің жолындағы жасанды кедергілерді алып тастау, интернетпен дауыс беру т.б. Бірақ бұлар қолдау таппады. Пропорционалды болсын, мажоритарлы болсын, бастысы, адал сайлауға қол жеткізу керек.
- Сөзіңіз сылтау сияқты естіледі екен...
- Жоқ, олай емес. Біріншіден, бұл өзгерістерге қоғамның сұранысы пісіп, жетілді. Екіншіден, таңдау мүмкіндігін кеңейту, сайлаушылар мен бақылаушыларды тарту, қоғамдық бақылауды күшейту, яғни сайлау процесіне сенімді арттыру үшін партияны тіркеуді жеңілдету, мәслихат пен парламентке өту талаптарын жұмсарту керек.
Мемлекеттік басқаруды жақсартудан бөлек, көппартиялықтың басқа да функциясы бар – ол билік назарынан тыс қалған мәселелер туралы алдын ала хабар беру. Сондықтан ресми тіркелген партиялар үшін хабарлама тәртібімен, арнайы белгіленген орындарда митинг өткізуге құқық беруді дұрыс деп есептеймін. Рас, бұл қадамдардың популизм мен даурықпа көңіл күйдің өсуі сынды теріс жақтары бар. Бірақ қалай болғанда да партиялар мен мемлекеттік органдардың өзгелерді тыңдауға көндігіп, мемлекеттік ұстанымдардың негізділігін дәлелдеуді және ашық «спекуляцияға» тойтарыс беруді үйренетін уақыты жетті. Сусыз бассейнде жүзіп үйренудің мүмкін еместігі секілді, ашық бәсекесіз саясаткерлер мен саяси мәдениеттің әрі қарай жетілуі де іске аспайды.
- Алайда билік тарапынан «Нұр Отанды» басты саяси күш есебінде қайта жандандыру қажеттілігі туралы өтініштер түсуде. Сонда, өзге партиялардың рөлі екінші орынға шыға ма?
- Билік партиясына келсек, оның басшылығы соңғы кездері бірнеше міндеттер қойып отыр – «қайта жүктеу», «шенеуніктенбеу», тіпті «қайта жандану». Бұл қалыптасқан жағдайға дұрыс баға беріліп жатыр деген сөз. Жалпыхалықтық атауға ие болғысы келетін партия тек мемлекет аппаратының корпоративті қоғамдастығы болмау керек. «Нұр Отанның» барлық филиалдарын әкімдердің басқару тәжірибесі, мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары мен мемлекеттік ақпараттық тапсырыс беретін бөлімдердің сол партияның баспасөз қызметі есебінде жұмыс істеуі – қоғамда кері әсер туғызады. Нұрсұлтан Назарбаевты билік партиясын «шенеуніктенбеу» тапсырмасы дәл осындай тенденциялармен байланысты. Менінше, бұл бастама – партияны толықтай «мемлекетсіздендірумен» пара-пар!
Әкімдер, бұқаралық ақпарат құралдары шенеуніктердің бөлек мүддесіне емес, қоғамға қызмет етуі тиіс. Билік көппартиялыққа болмаса да, өз партияластары үшін (мүшелерінің көпшілігі шенеуніктер емес болғандықтан) осындай өзгерістерге баруы қажет. «Қайта жүктеу» туралы мәлімдемелер де бұл мұқтаждықтың жоғарғы деңгейде сезіліп жатқанын көрсетеді. Өз кезегінде шенеуніктердің ықпалын азайту – әкімшілік ресурсты пайдалануды қысқартумен бірдей. Мұның өзі басқа партияларға жол ашар еді.
- Бұл сұрақтарды «жоғарғы деңгейлі» шешімдерді күтпей-ақ, неге өздеріңіз қоя бермейсіздер?
- Біз оларды жиі қойып келеміз. Бірақ біздің бастамаларымыз әдетте мемлекеттік ақпарат тапсырыстарына түспей, көлеңкеде қалып жатады. Парламенттік жүйенің жақтаушысы ретінде өз басым парламенттік функциялардың күшейгенін қалаймын және мен бұл туралы, мысалы, 2012 жылғы 4 маусым күні фракция жетекшілерімен өткен кездесуде Елбасымен пікірлескен болатынмын. Бірақ тарихи себептерге байланысты, іс жүзінде Қазақстанда басқарудың супер-президенттік формасы қалыптасты. Және бұл жүйе тәуелсіздіктің елең-алаңында түбегейлі нарықтық және саяси реформаларды жүргізу, кеңестік стереотиптерді жою, жаңа ұлттық бірегейлікті қалыптастыру жолында өзінің тарихи міндетін өтеп шықты.
Бүгінгі кезең ондай күрт бетбұрыстарды меңземейді, керісінше, Назарбаев ұстанған бағытпен сабақтастық жайында президент Тоқаев әлденеше рет атап айтты. Сондықтан шамадан тыс өкілеттіліктің қажеттігі күн тәртібінен түсіп, шешімдер қабылдауға жұртшылықты кеңінен тарту мүмкіндігі туды. Бұл бағытта мемлекет басшысының ізгі ниетін көріп отырмыз. Алайда мемлекеттік аппараттың президенттік вертикальдан әп-сәтте бас тартатынына үміт арту аңғалдық болар еді. Өкілеттіліктің жаңа ара салмағының қажеттілігіне және өкілетті органдардың ішкі әлеуетін ашу мүмкіндігіне биліктің көзін жеткізу – одан гөрі нақтырақ міндет екенін сұхбаттың басында айтып өттім.
Саяси жүйені либералдандыруға байланысты «Ақ жол» партиясы талай рет ұсыныстарын берген болатын. Алайда, азшылығымызға байланысты олардың көбін жүзеге асыра алмадық. Мысалы, 2013 жылы партиялардың қызметіне бірқатар кепілдік беретін «Парламенттік оппозиция туралы» заң жобасын әзірледік. Бұл жоба ЕҚЫҰ-ның оң бағасына ие болды, бірақ сол уақытта оны әрі қарай жылжыта алмадық. Партияның сайтында аталмыш құжат та, сайлау туралы заңнамаға қатысты ұстаным да, сондай-ақ біз енгізген басқа көптеген бастамалар да бар, келешекте олардын көпшілігін әрі қарай жылжытамыз деп үміттенеміз.
Сирек болса да, кейбіреулері тіпті БАҚ-та резонанс туғызды. Мысалы, 2017 жылы конституциялық реформаны талқылау барысында бір палаталы парламентке көшу жөніндегі ұсынысымыз.
- Сонда әртүрлі партиялардың белсенділігі де билік тиімділігінің мәселесін шешуге қауһарсыз ба? Сонда оның шешімі неде?
- Көппартиялық – шенеуніктердің қоғамға жұмыс істеуінің кепілдігі емес, құралы ғана. Әділ сот пен сөз бостандығынан бөлек, ондай кепілдікті екі фактор бере алады: әділ сайлау және биліктің кезеңді ауысып отыруы. Бұл шарттар орындалған жағдайда, демократияны көппартия емес, мықты атқарушы билікті екіпартиялық жүйе де орната алады, мұны АҚШ-тан да көруге болады. Қоспартиялылықтың тағы бір жақсы қыры – мемлекет басқаруының тұрақтылығы мен ұзақ ішкі саяси дағдарыстардың болмауы. Билік партиясын нығайтудан тыс, екіпартиялық жүйенің өзіне барлық партия жүйесін реттейтін елеулі өзгерістер қажеттігі бөлек әңгіме.
- Бизнес партиясының жетекшісі ретінде қазіргі саяси оқиғалар экономикаға қалай әсер етеді деп айта аласыз?
- «Саясат – экономиканың шоғырланған көрінісі» деген екен классиктер. Егер экономика тиісті қалыбында жұмыс істеп, әлеуметтік мәселелерді уақытылы шешіп отырса, саяси салада қазіргі өткір түйткілдер болмайтын еді.
Мемлекеттің бүгінгі таңда жариялаған шараларының көбі шығынды, ал олардың ұзақ мерзімде қалай қамтамасыз етілетіндігі онша анық емес. Экономикалық әлеуеттің өсуі мен кеңеюі орнына, оның «желіну» қаупі туындайды. Жергілікті жерлерде бірқатар әлеуметтік бастамалар масылдыққа ынталандыру есебінде қабылдануда, оған президент Тоқаевтың назар аударуы бекер емес.
Расында, біз экономикадағы өзгерістер саяси реформаларсыз жүзеге асуы мүмкін емес шекке жақындадық және бұл мәселе ең алдымен екі саланың да монополиялануы мен мемлекеттендірілуіне байланысты туындап отыр. Бірақ экономикалық мәселелерді жандандырмаса, либералды саяси реформалар ұрандардың астында қалып кетуі әбден мүмкін.
Назарбаевтың жетістігі оның өз реформаларын экономикалық шешімдермен, яғни жекешелендірумен, ірі инвестициялар тартумен, өзі құрған Ұлттық қордан қаржы құюмен тиянақтап отыруында еді. Елбасының бастамалары ұлтты жұмылдырумен – елорданы көшірумен, индустрияландырумен және кәсіпкерлікті дамытумен, ұлттық сананы қайта жаңғыртумен, т.б. ұштасып жатты.
Алғашқы айлардың өзі-ақ көрсетіп бергендей, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары да қоғамды серпілтуге және жұмылдыруға қауһарлы. Сол бастамалардың табыстылығы – азаматтарды саяси белсенділікке итермелейтін сол бір мұқтаждықтардың шешім табуына байланысты болады. Азаматтық бостандықтар, әділеттілік пен ар-намыс талаптарымен қоса, олардың қатарына күнделікті тіршілік жағдайлары: ақшалай табыс, тұрғын үй, жұмыс, білім, болашаққа сенім, өмірдің деңгейі мен сапасы жатады. Сондықтан саяси жүйедегі өзгерістерге экономикалық саладағы одан тереңдігі кем емес өзгерістер ілесе жүруі қажет. Бұл – өз алдына бір зор тақырыптың және үлкен әңгіменің өзегі.
Үкімет пен Ұлттық банкке ұдайы тапсырмалар беретініне қарап мемлекет басшысының, саяси мәселелерге шырмалып қалған кейбір сарапшыларға қарағанда, бүкіл реформалар барысын тұтастай назарда ұстап отырғанын көріп отырмыз. Және де, парламенттік партия ретінде, біз бірлесе жұмыс істеуге және президенттің бастамаларына қолдау көрсетуге әзірміз.
«Время» газетінен