Смағұл Елубай: Президент Мемлекеттік тіл мәртебесі өз деңгейінде емес деген пікірді қолдады
2019 ж. 14 тамыз
5666
5
Жазушы Смағұл Елубай ҚазАқпарат тілшісіне ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен не туралы сөйлескенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жазушы мен Президент арасындағы әңгіме ашаршылық, тіл тағдыры, әдебиет ахуалы, елдің көңіл-күйі тақырыптарының айналасында өрбіпті.
«Президентке ең бірінші ашаршылық туралы айттым. 2021 жылы 1921 жылғы ашаршылыққа 100 жыл, 1930 жылдардағы ашаршылыққа 90 жыл толады. Қасіретті датаға 1,5 жыл ғана уақыт қалды. Сол зұлматта құрбан болған 4 млн аруақты ұлықтау шаралары жөнінде ұсыныстар айттым.
«Ескерткіштер қойылды ғой. Дегенмен, миллиондаған құрбанға үлкен мемориал қойсақ лайықты. Ұлы трагедияға лайықты көркем фильм түсірсе, ғажап болар еді. Ашаршылық туралы өзіміз жазған «Ақ боз үй» романының соңғы тарауы бойынша сценарий дайындаған болатынмын. Сол мәселені сізге құлаққағыс қылып отырмын», - дедім. Ол кісі құптайтынын айтты.
«Сценариді маған жіберіңіз» деген соң, бүгін жібердім. Сөйтіп, Құдай қаласа, аталмыш датаға орай «Ақ боз үй» деген сценарий бойынша фильм түсіру жұмысына кірісуіміз мүмкін. Мен осыған қуандым. Айтайын деген негізгі шаруамның бірі осы болатын», - дейді қаламгер.
Смағұл Елубай қазақ тілінің тағдыры да әңгімеге арқау болғанын айтады.
«Содан кейін тіл жөнінде айттық. Тіл заңының қабылданғанына 30 жыл толады. Осы жөнінде де шұғыл іс-әрекет керектігін, жұрт күтіп отырғанын жеткіздім. Мемлекеттік тілдің мәртебесі әлі де өз деңгейіне келген жоқ деген пікір айттық. Президент оны да қолдайтынын білдірді», - дейді ол.
Әңгіме барысында Президент «Қазақфильм» киностудиясын дамытуға күш салынатынын айтқан көрінеді. Сондай-ақ кинодраматург «Қазақфильм» киностудиясын елордаға көшіруге қарсы екенін де айтқан екен. «Ол кісі: «Бұған нүкте қойылды. Енді тек «Қазақфильмді» дамытамыз», - деді. Бұл да мен үшін жақсы жаңалық болды», - деді киногер.
«Ол кісі Абай хакімнің 175 жылдығына өз үлесіңізді қосатын шығарсыз дегенді айтты», - дейді Смағұл Елубай.
Жазушының ойынша, Абай туралы талай фильм түсірілгенімен, соның ешқайсысы Абайға лайық деңгейде шықпаған.
«Абайдың атын пайдаланып, бір жылдың ішінде лайықты көркем фильм түсіру өте ауыр нәрсе. Мен оны киногер ретінде айтып отырмын. Ол мүмкін емес дүние . Сондықтан асықпау керек дегенді айттық. Ол кісі бәрін жазып алып отырды. Осындай-осындай әңгімелер айтылды. Ол кісі елдегі поэзия мен прозаның дамуы қалай деген сұрақ қойды.
«Поэзияның деңгейі өте жоғары деңгейде. Проза жайлы олай айту қиын. Өйткені, қазір жұрт көлемді дүниені оқымайтын болды. Біздің прозамызға қайта құру, үлкен өзгерістер керек сияқты. Бұл жалғыз қазақ прозасының басына түскен нәубет емес, жалпы әлемдік прозаның проблемасына айналып отыр», - деген пікір айттым. Президент әдебиет, мәдениет, кино саласына өте қамқор азамат екенін көрсетті», - деген қаламы қарымды жазушы кездесуден көтеріңкі рухпен шыққанын айтады.
«Президентке көңілімізге әртүрлі ойлар келіп барған едік. Шыққанда көңіліміз толып, оптимистік рухта қайттық. Яғни, Елбасы айтпақшы, Президентімізді бәріміз түгел қолдауымыз керек екен. Сонда ғана біздің көк туымыз тұғырлы болмақ деген ой түйдік. Бүкіл ел, ағайын көк тудың маңайына шоғырлану қажет қазіргі таңда. Қасым-Жомарт Тоқаев соған лайықты тұлға деп айтар едім», - деп түйді жазушы.
Айта кетейік, кеше Қасым-Жомарт Тоқаев жазушы және кинодраматург Смағұл Елубайды қабылдаған болатын.