Тоқаев Ермекбаевқа қатаң сөгіс жариялады

Үкіметтің кеңейтілген отырысында баяндама жасаған қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қазіргі уақытта өзі басқарып отырған ведомствоның және Арыс қаласындағы әскери жарылыстан кейінгі атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады, - деп хабарлайды baq.kz.

Оның баяндамасынан кейін ҚР президенті ведомствоның жұмысына қанағаттанбайтынын айтып, министрге қатаң сөгіс жариялады.

«Жұмыс жүріп жатқанын көріп тұрмын. Бірақ біз қазір әскери ведомство тарапынан жүйелі жеткіліксіздік пен бақылаудың әлсіреуі салдарымен күресіп жатырмыз. Сіз Қорғаныс министрлігі жүйесінде жаңа «адамсыз», бірақ іске келгенде толық жауапкершілік сізде. Мен Жоғары қолбасшы ретінде Қорғаныс министрлігі жұмысына қанағаттанбайтынымды білдіремін. Сондықтан сізге қатаң сөгіс жариялаймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетейік, 3 шілдеде Нұрлан Ермекбаев үш адам қаза тауып, мыңнан астам нысанның бүлінуіне себеп болған Арыстағы жарылысты «табиғи құбылыс» деп атап, халықтан «кешірім сұраудың ретін көріп тұрған жоқпын» деп мәлімдеген еді. Министрдің мәлімдемесінен кейін әлеуметтік желі қолданушылары оның пікірін сынаған. Министрдің мәлімдемесін сынға алған белгілі ақын Қазыбек Исаның «ХАЛЫҚТАН… ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ!?.» атты мақаласы да «Қазақ үні» ақпарат агенттігінде жарияланып, оқырманның қолдауына ие болған.