Шетелдік инвесторлар неге ешкімнен именбейді?
2019 ж. 06 шілде
4878
12
Атырау облысындағы «Теңіз» кен орнындағы шетелдік және жергілікті жұмысшылар арасындағы қақтығыс ондағы басшылардың ойына келгенін істегендіктен орын алған оқиға екенін анық көрсетіп отыр. Шектен шыққан шетелдік компания басшылары Қазақстанның еңбек туралы заңына пысқырып та қарамай, жұмыс уақыты мен жалақыны өз қалауларынша белгілеп келген. Ал бұған қарсы келгендерді жұмыстан қудалауды әдетке айналдырып алған. Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев «Теңіз» вахталық қалашығына барып, ТШО басшылығымен жиналыс өткізді. Сонымен қатар, «Consolidated Contracting Engineering & Procurement S.A.L. Offshore (CСЕР)» компаниясының жұмысшыларымен кездесіп барлық жағдайды өз көзімен көріп қайтты.
Бұл мәселе Атырау облысы билігі мен шетелдік компаниялар өкілдерінің кездесуінде өткір көтерілді деуге болады, ал оның алдағы уақытта қандай нәтиже берері белгісіз. Тараптар кездесуінде белгілі болғандай, «Теңіз» кен орнындағы отандық жұмысшылар мереке, демалыс күндері жұмысқа шыққанмен, үстеме ақы кешіктірілген немесе мүлдем берілмеген. Ал, ондағы күзет фирмасының қызметкерлері тікелей өз міндеттерін атқарудың орнына, өз құқықтарын қорғап, басшылыққа қарсы шығып түрлі талап қойған жұмысшыларды қорқытып-үркітумен, түрлі қитұрқы айла-шарғы көрсетумен айналысқаны айтылды.
– «Теңіз» жобасында мердігер мекемелердің бірінің басшысы күн сайынғы жұмыс күнін өз бетімен 4 сағатқа көбейткен, ұжымның наразылығы мен еңбек инспекциясына шағымдануынан кейін жағдай қалыпқа келді. Жұмыс беруші қандай да бір себеп тауып, жұмыстан шығарып жіберетінін айтып қорқытады. Шағым айтқан жұмысшыдан құтылудың түрлі құйтырқы әрекеттерін жасаған деректер де бар. Бұл әрине, адамды ашындыратын, тіпті дау-жанжалға әкелетін жағдай. Сіздердің міндеттеріңіз – осындай жағдайлардың алдын алу. Яғни, «Теңізшевройл» мен оған қарасты жүздеген мердігер мекемелер әбден қалыптасып қалған осындай жайттарды жойып, жағдайды түбегейлі өзгертуге күш салуы қажет» – деді орын алған қақтығысқа байланысты аймақтағы барлық шетелдік компания басшыларын жинаған отырыста облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. Әйтпесе, әңгіме басқаша болмақ дейді аймақ басшысы. «Мен сіздердің алдарыңызға Еңбек кодексінің, еліміздегі барлық заңдардың, соның ішінде көші-қон заңнамасының бұзылуына жол бермеу міндетін қоямын. Адал, қолайлы жағдай ешкімді алаламай, барлық жұмысшыларға бірдей жасалуы керек. Біз өз тарапымыздан сіздердің бастамаларыңызды күтіп отырмаймыз. Егер жағдайды өз еріктеріңізбен өзгерткілеріңіз келмесе, заңға сәйкес әрекет етуге күшіміз жетеді», – деп қатал талап қойды.
«Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Имер Боннер өз кезегінде компания жағдайды реттеуге және болашақта осындай тұрмыстық кикілжіңдердің алдын алуға бар күшін салатынына сендірді. «Біз жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарына жағдайды тез реттеуге көмектескендері үшін разымыз. ССЕР компаниясына, басқа да мердігер мекемелермен осы жағдайларға байланысты жұмыстарды жедел түрде жүргіземіз», – деді Имер Боннер.
Орын алған оқиғаны қатардағы жай ғана тұрмыстық негіздегі қақтығыс деп қарауға болмайды. Осыны түсінген облыс әкімі қолда бар құқығын кеңінен пайдаланып, іске асыруды көздеген сыңайлы. «Біз ведомствоаралық комиссия құрдық, оған облыс әкімінің бірінші орынбасары жетекшілік етеді. Комиссия бірдей еңбек жағдайын қамтамасыз ету мәселесімен айналысады. Сіздер комиссия құрамына өз өкілдеріңізді қоса аласыздар, әріптестерім телефон нөмірлерін қалдырады, жағдайды жақсарту бойынша ұсыныстарыңызды беріңіздер. Сіздердің жұмыс кестелеріңізде ешқандай өзгеріс болмайды, жұмыс қалыпты режимде жалғасады», – деді Нұрлан Ноғаев.
Ал, шетелдіктер мұндай сәтте қалай қимылдау керектігін бірден байқатты. Жергілікті жұмысшылардан таяқ жеген азаматтарының хал-жағдайын білу үшін Атырауға үш елдің бірдей елшісі лезде-ақ жетіп келді. Палестина Мемлекеті мен Иордания Корольдігінің және Ливан Республикасының Қазақстандағы елшілері болған жайттың достық қарым-қатынасқа сызат түсірмейтіндігін жергілікті басшыларға сыпайылап жеткізгенмен, өз азаматтарының құқығын қалай да қорғайтындықтарын анық көрсетті. Осындайда, өз азаматтарының сойылын соғып шыға келетін оларға қарап еріксіз қызығасыз. Біздің елшілер неге осылай қимылдамайды? Шетелде таяқ жеген, түрлі қысымға түскен азаматтарымызды неге осылай қолдамайды? Ата-аналары, туыстары Сыртқы істер министрлігіне қайта-қайта арызданғанда ғана орнынан әзер қозғалатын біздің шетелдегі елшілеріміз сонда ол жақта немен айналысып жүр? Жоғары айлық алып, шетелде демалып жатсын деп жібердік пе оларды?
Айта кетейік, Теңіз кен орнындағы шетелдік және қазақстандық жұмысшылардың қақтығысы кезінде жарақат алған 45 адамның 20-дан астамы дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Олардың төртеуі қазақстандық.
Қақтығысқа ливандық Эли Даудтың әлеуметтік желіге жүктеген суреті себеп болғандығын білесіздер. Бұл сыныққа айтар сылтау ғана екені онсыз да белгілі. Оны Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың шетелдік компания басшыларымен өткізген жиынында айтылған сөзінен-ақ анық аңғаруға болады. Негізгі басты себеп – өндірістегі әділетсіздік, жұмысшылардың еңбегін қанау, тұрмыстық нашар жағдай екені бұрыннан белгілі болып келген-ді. Көптеген келеңсіздіктер дер кезінде түзетілмеген соң жағдай ушығып, ақыры осы жанжалға алып келді.
Бұл оқиғаға байланысты қандай нақты шаралар қолданылды? Атырау облысындағы «Теңіз» кен орнында болған отандық және шетелдік жұмысшылардың арасындағы қақтығысқа қатысқандардың алды ұстала бастады. Әсіресе, басты күдікті қазір біздің тегеуірінді тергеушілерге жауап беріп жатқан көрінеді. Өзгеге шамасы келмесе де, өзімізге келгенде біздің құқық қорғау орындары қаһарына мініп алатынын көріп жүрміз. «Өзіңдікі өзекке тепкілесең де өлмейдінің» кері ғой баяғы. «Қазақстан азаматтары бар. Тергеу жүріп жатыр. Қанша адам қазір жауапқа тартылады, оны дәп қазір ашық айта алмаймын», – деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев журналистерге берген сұқбатында. Министрдің айтуынша, қылмыстық іс дене жарақатын салу және бұзақылық бабы бойынша қозғалған. Әрбір қылмыс құрамы бойынша, қатысушылар әлі де анықталуда, сондықтан да олардың саны көбеюі мүмкін. Сондай-ақ, министр Тұрғымбаев айыпталушылардың қылмысқа қаншалықты қатысы барына байланысты істің әртүрлі дәрежеге бөлінетінін де айтты. Ал, толқудан соң елдеріне кеткен иорданиялықтарды Амман қаласындағы Әлия Патшайым атындағы Халықаралық әуежайдан елдің лауазымды тұлғалары мен туған-туыстары күтіп алыпты. Осы елдің сыртқы істер министрі Айман Сафадидің айтуынша, елге оралған 107 Иордания азаматының 41-і жұмыстан шығарылмаған. «Теңіздегі» жергілікті жұмысшылардан зардап шектік деген олардың кейбірі, Қазақстанға енді мүлде аяқ баспайтынын айтыпты. Қақтығысқа ливандық Эли Даудтың әлеуметтік желіге жүктеген суреті себеп болғандығын олар да толығымен растап отыр.
«Бұл проблема еңбек жағдайларының әр түрлі болуынан туындап отыр, «ТШО» мен мердігер мекемелердің басшылықтары мәселені жүйелі түрде шешулері керек. Біз өз тарапымыздан барлық қолдауды көрсетеміз. Инвесторлар түсінулері тиіс – біздің еліміздің аумағында жұмыс істей отырып, заңнаманы және ешкімнің ар-намысына тимейтін, моральдық-этикалық нормаларды сақтаулары қажет. Жақын арада жобаның барлық қатысушыларымен тағы да кездесу өткіземіз, барлық компаниялардың бірінші басшылары шақырылады, осы мәселені шешеміз. Бастысы, еңбек жағдайлары бәріне бірдей болуы керек» – деген әкім сөзіне риза боласыз.
Нұрлан Ноғаевтың сөзінің жаны бар. Негізгі мәселе осында жатыр. Және бұл бір ғана «ТШО» компаниясына қатысты емес. Біздегі шетелдік кәсіпорындар Қазақстанның заңдарын құлағына да қыстырмайтынын бұрыннан білеміз. Шетелдік компаниялардың ішінде өзгелерге қарағанда ашық жұмыс істеп жатқан осы «Теңізшевройл» десек қателеспейміз. Жыл сайын БАҚ өкілдерін жинап алып өндірістік және жұмысшыларының жағдайы туралы есеп беріп отырады. Соның өзінде міне осындай жағдайға тап болып отыр. Ал, өзгелері туралы не айтуға болады? Мысалы, миллиардер үндіс иелігіндегі атышулы «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнын алайықшы. Өндірістегі апаттық жағдайы жағынан бірінші орынды ешкімге бермей келе жатқан бұл кәсіпорындағы шахталарда жүздеген кеншілер қара жерге тірідей көмілді. Өндірістегі құрал-жабдықтарды жаңартудың орнына тек қана пайда табумен ғана айналысқан Миттал міз бақпайды. Мардымсыз жалақының өзін уақытында бермей жұмысшыларын шулатып жүргені жұртшылыққа белгілі. Ауыр тұрмыстық жағдайдан бір жұмысшы кәсіпорынның кеңсесіне кіріп өзін-өзі өртегеніне де куә болдық. Министр, облыс әкімі сияқты лауазымдыларыңды ол адам деп есептемейді. Лондонның төрінде жатып алып қазақ жерінің байлығын сорып жатыр.Тіпті, бір кезде осы кәсіпорынды қолына ұстатқан бұрынғы президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Теміртаулық металлургтердің артында мен тұрмын!» деген ескертуін де елеген емес. «Тұрсаң қайтейін!» – дегендей өз білгенін істеп жатыр. Оған Елбасы да ештеңе дей алмайды. Неге? Әлде миллиардер Миттал президентіміз бен қазақ халқына бірдеңесін өткізіп қойып па еді? Жоқ, керісінше, біздің арқамызда байып жатқан жоқ па? Сонда ол қалайша еркінсіп кеткен?
Тағы бір мысал, Ақтөбе өңіріндегі мұнай компанияларының басым бөлігі қытайлардікі екені жалпыға мәлім. Мұндағы жағдай, өзгелерден асып кетпесе кем түспейді. Бұл жерде де жергілікті жұмысшыларды кемсіту, өздерінің қызметкерлеріне қарағанда, мүлдем мардымсыз жалақы беру Қазақстанға келген бірінші күннен бастап заңдастырылып қойылған. Мәселен, қытай басқаратын бір мұнай кенішіндегі серіктестік директорының айына алатын жалақысы 3 миллон теңгеден жоғары, оның қытайлық орынбасары қолына таза 2 миллон 200 мың теңге алады екен. Ал сол жерде істейтін 15 қазақтың жалақысы жаңағы орынбасардың айлығына жетпейді. Оның үстіне кезкелген қарсы талап қойғандарды оп-оңай жұмыстан қуып жібере салады.
Ақтөбе аймағына басшы болып келген Бердібек Сапарбаев қытайлықтарға кіжініп, үстелді тоқпақтағанмен ештеңе бітіре алмады. Басында қатты кіріскенмен арыны тез басылды. Қытайлықтарды тәртіпке саламын деп өз басына тоқпақ тауып алған секілді. Жоғарыдан сілтенген шоқпардың соққысы оны да есеңгіретіп тастады. Сол тоқпақ кімнің қолында тұр? Неге біздің үкімет өз жерінде отырған өз азаматтарының құқығын қорғамайды? Өз қазағын өзгелерге құл қылып қойғаны оларды ойландырмай ма? Шетелдік инвесторлардың алдында неге құрдай жорғалаймыз? Қайта олар біздің алдымызда иіліп сәлем салып, именіп тұруы керек емес пе? Біз бұл жерде шетелдік инвесторлардың бір-екеуін ғана мысалға келтіріп отырмыз. Өзгелері де жетістіріп жатқан жоқ.
Сонымен басты тақырыптағы сұрағымызға қайта оралайық. Шетелдік инвесторлар неге ешкімнен именбейді? Бұған біздің билік қана жауап бере алады. Бірақ олар халық алдында есеп беріп үйренбеген, нені болса да, құпия ұстағанды жөн көреді, сондықтан, ешқандай жауап болмасы анық. «Шетелдіктерді еркінсітіп жіберген биліктің бір былығы болуы мүмкін. Пара алу немесе осы кәсіпорында өздерінің жеке үлесі бар дегендей...», – дейді қарапайым көпшілік. Әрине, бұл тек қана күдік, оны тексеріп дәлелдеу қажет. Екінші, билік оларды бақылауға қауқарсыз, біліктілігі жетіспейді. Үшінші, өз халқына, өз ұлтына деген жанашырлықтың жоқтығы. Демек өз үйіне өзі ие бола алмай отыр деген сөз. Қазақ мұндайды «Жаман үйдің иесін қонағы билейді» деген екен. Данышпан ата-бабаларымыз қалай ғана дәл тауып айтқан десеңізші...
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz