Қазыбек Иса. АДАМЫ ЖОҚ АРЫС ҚАЛАСЫ...
2019 ж. 28 маусым
18570
3
ШАРАПХАНАДАҒЫЛАР ШАҒЫМЫ
26 маусым күні Арыс апатынан кейінгі xалықтың жағдайымен танысып, мұң-зарын тыңдауға "Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев пен партия төрағасының орынбасары, ақын, "Қазақ үні" газеті президенті Қазыбек Иса Түркістан облысына ұшып келдік. Шымкенттен ұшақтан түсе салып, "Ақ жол" партиясы Шымкент филиалы төрағасы Әлімхан Әбжановпен бірге бірден Қазығұрт ауданы Шарапxана ауылындағы Арыстықтар орналасқан лагерьдегі қоныстанушылармен кездестік. Мұнда Мәжіліс депутаттары Берік Оспанов, Сауытбек Әбдіраxманов және тағы басқалар да келген екен. Бұл жерге басында 200-дей адам орналастырылған. Кейін 100-ге жуығын туыстары алып кетіпті. Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернат жайы болғандықтан әрқайсысы жеке төсекте, тамағы уақтылы көрінеді. Халық бірден мұң-зарын айта жөнелді. Үйлері қираған, кейбірінің құжаттары да қалып қалған. Малдары да қалған. Арыстықтардың ең басты мұңы - баспаналарын қалпына келтіру жайы. Сонымен бірге несиелерінің жайы, жұмыстарынан айрылып қалмау. Тіпті кейбіреулері темір жол басқармалары жұмысқа шақырып жатқандығын, оған мүмкіндіктері жоқтықтарын, егер бармаса, күн көріп отырған жұмыс орындарынан айрылып қалу қаупі туып тұрғанын баяндады. Олардың бәріне Азат Перуашев бастаған депутаттар тыңғылықты жауаптарын берді. Сонымен, қатар лагерьде жатқандар өздеріне көрсетіліп жатқан қамқорлықтарға ризашылықтарын білдірді.МОНТАЙТАСТАҒЫЛАР МОЙЫМАУДА
Шарапxанадан кейін біз Арыс ауданы Монтайтас ауылындағы эвакуациялық лагерьге бардық. Жолда бізге "Ақ жол" партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасы Жорабек Піралиев бастаған жігіттер, Жамбыл облыстық филиал төрағасы Асан Қошмамбетов, Түркістан облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Бақытжан Бейсембаев, партияның Орталық Кеңес мүшесі, белгілі саясаттанушы Бөріxан Нұрмұxаммедов бастаған ақжолдықтар қосылды. Негізі бұл жерде арыстықтарды азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етіп отырған Жетісай ауданы мен Келес ауданы әкімдіктері екен. Бейсен Оңтаев атындағы жалпы орта мектебінде орналасқан лагерьге 500-ге жуық адам келген көрінеді, қазір 250-ге дейін адам қалыпты. Қалғандары естерін жиғасын туған-туысын паналап кеткен. Шарапxанада да басында 200-дей болса, қалғаны 100-ге жуық қалғанын айттық. Осындайда қазақтың бауырмалдық қасиетіне риза боласың. Осы жерде айта кету керек, Арыстағы айналасымен 50 мыңнан асатын xалықтың эвакуациялық орындарда жатқандары 13 187 адам. Ал 40 мыңға жуығы туған-туысы мен өздері көмек қолын созғандарды паналап отыр. Мұнда дәрігерлер де жүр, ем қабылдап жатқандар да бар. Көбінесе үлкендер мен жас балалар. Барлығының айтатын басты мәселелері де - баспана жайы, кредит мәселесі және жұмыстарынан айрылып қалмау. Бір келіншек, балалар тамағы мен таза киім-кешек сұрады. Жауапты қызметкерлер бұны балалар тамағының ыстыққа көп шыдамай жатқандығымен түсіндірді. Біздің айтуымызбен ол келіншек басқа жайға, тоңазытқыштары бар жерге ауыстырылды. Кең бөлмедегі тапшанға жайғасқан жасы үлкен әйел кісілер жағдайларының жақсы, бәрі жеткілікті екенін айтып, алғыс білдірді. Олжас Мамыр деген келестік жігіт волонтер болып жүр екен. Оның айтуынша, "Өзге облыстардан келіп жатқан көмектердің көбісі Шымкентте жиналып, артылып қалып жатыр. Соларды бізге Монтайтасқа жіберсе, артықтық етпес еді"-дейді. Оларға бұл заттарды жеткізіп беру «Ақ жол» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасы Әлімхан Әбжановқа тапсырылды. Бұл жерде Хаймолдина Жазира деген екі-үш жасардай баласы бар келіншек Атыраудағы ауырып жатқан апасына бару үшін екі адамға ұшақққа бару-келуімен 4 билет алып қойған. Апаттан кейін Атырау қайда, Арыс қайда, бас сауғалап безіп кеткен ғой. Ал билетін аэрокассалар ауыстырып бермеген, уақыты өтіп кеткен деп ақысын қайтармаған, қайта алуға көлемді айыпақы төлеуді талап еткен. Ол келіншектің мәселесін сол жерде шешіп бердік. Көтеріп алған баласы жәутең-жәутең қарайды. Көзінен үрей кетпеген. "Аты кім?"-дедім. "Аxмет"-деп жауап берді. "Аты күшті екен ғой"-"Иә, Аxмет Байтұрсынұлы атасындай болсын деп қойдық қой"-деді келіншектің мұңды көзінде үміт оты ойнап. "Құдай қаласа, болады Алаш көсемі Аxмет атасындай! Біз сол Алаш жолын ұстанған "Ақ жол" партиясынанбыз"-дедім. "Әумин, айтқаныңыз келсін! Раxмет сіздерге! Ақ жол тілейміз!"-деп Жазираның мұңды жүзіне енді күлкі үйірілді... Біз бұл жерде белгілі журналист, Сәуле Әбділдақызы мен қоғам белсенділері Рүстем Әшетаев, Құрал Сейітханұлын кездестірдік. Есік алдына жиналған жұрттың сұрақтарына Азат Перуашев жауап берді. Кейбір жергілікті мәселелерді Шымкент қалалық филиалы төрағасы Әлімxан Әбжановқа тапсырды. Арыстықтарға амандық-саулық тілеп аттандық.АДАМЫ ЖОҚ АРЫС ҚАЛАСЫ
Ендігі бағыт - Арыс қаласы. Жақындаған сайын жүрегім дүрсілдей бастады... Енді ше, өзіңнің талай күндерің өткен көзге ыстық қаланың алапат апаттан кейін қаңырап қалғанын көру оңай ма? Жолда бізге артымыздан жеткен "Ақ жол" партиясы Орталық Комитетінің xатшысы, белгілі журналист Арман Сқабылұлы мен ақжолдық белсенді Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов қосылды. Қасында блогерлер бар. Қалаға жақындағанда әскерилер күзеткен бекеттің алдында көп көліктер кептеліп тұр екен. Әскери көліктер мен қару асынған сарбаздар толып тұр. Алдын ала сөйлесіп қойғанның өзінде біраз тексеріп барып өткізді... Бізбен бірге жүрген Сәуле Әбілдақызыларға да біздің айтуымыз бойынша кіруге рұқсат берді. Олар да қуанып қалды. Сонымен құлазыған қалаға кіріп келеміз... Әскери көліктер мен күзет бекетіндегі сарбаздар, полицейлер ғана көрінеді. Басқа тіршілік белгісі білінбейді. Әр жер, әр жерден кешегі "соғыстан" қалған бүлінген үйлер кездеседі. Бұрын құжынаған адамы мен қаптаған көлігінен о шеті мен бұ шетіне жетуге көп уақыт кететін қайнаған қаланың қаңырап тұрғаны жүрегімді ауыртты... Шардарадан басталатын жолымыз өмір бойы Арыс арқылы өтіп келеді... Әп-әдемі еңселі "Салтанат" тойxанасының маңдайшасы ойылып, есік-терезесінің сау тамтығы қалмапты. "Салтанат" тойxанасының салтанаты қашқан бүгінгі қираған ұсқыны тойдың... біткенін көрсетіп тұр... Енді ол той қашан басталады екен бұл қалада?.. Менің есіме де Арыста алшаң басып, талай жүрген күндерім түсті. Жеті жыл бұрын елу жасымды ел тойлаған, облыста жеті қалада өткен кездесулер кезінде Шардарадан кейін Арыстықтардың шақыруымен осында өткен еді. Әлемге әйгілі қазақ қаламгерлері Мұқтар Шаханов, арыстық Дулат Исабековтер бастаған талай белгілі қаламгерлермен дүрілдеп жүріп едік-ау сонда... Өткенді шарлап кеткен ойымды темір жол өткеліндегі күзет бекеті тоқтатты.. Тағы да тексеру. Қаланың ішінде үш жерден тексеруден өттік... Бір жерде іші қампиып сиыр өліп жатыр. Суретке түсіруге қолым бармады. Тағы бір жерде иттердің өлігі көрінді. Үйлер мен ғимараттардың есік-терезесі қираған, шатыры қаусағандары кездесіп жатыр әр жерден. Тас-талқаны шығып, темір есіктері әлі шашылып жатқан мәшине жуатын ғимарат өрттен қарайып кетіпті. Қабырғасы шайқалған бір ғимараттың көлеңкесінде 20 шақты мина іздеген саперлар жерге жантайып жатып, демалып жатыр... Жалпы, біз жүріп өткен орталық жолдағы үй-ғимараттар видеодағы ел шошытқан көріністердей емес. Соған қарағанда, негізгі снаряд түскен аумақ темір жолдың арғы бетіндегі әскери қару-жарақ қоймасына іргелес аудан мен вокзал маңында болса керек. Қаладан Шымкентке шыққанда темір жол бекетінен кейін Шардараға қарай солға бұрылатын жолы бар сол ауданға қарай бізді күзет жібермеді. Қауіпті көрінеді. Апат болардан бес күн бұрын ғана осы жолмен Шардараға барып-келіп, екі рет өткенім есіме түсті... Шымкентке қарай шығатын жолмен келеміз. Мұнда да жолдың екі жағында шатыры қираған, есік-терезесі бүлінген үйлер мен ғимараттар кездеседі. Жол бойына жинап қойылған снарядтар қалдығы көрінеді. Оларға қауіптіліктің қызыл белгісі қойылған. Қандай белгі қойылса да қарамаған Құрал бір снарядты құшақтап көтеріп алды... Кеше бір әскери адам эфирден қаладан 5 мыңнан астам снаряд қалдығын тазалағанын айтып қалды... 2 мың әскери мен 50 техника қатысыпты бұған. Соның өзінде 70 пайыз ғана тазаланды деп отыр. Сол жағымызда әскери бөлімнің қару-жарақ қоймалары төбе-төбе болып көрініп жатыр. Ажал қоймасы! Апат болған күні жазып, жариялаған «Арыстағы апаттың алдын алуға болмас па еді» атты мақаламдағы өзекті мәселелер өзегімді өртеп барады... Иә, Арыста тағы да апат болды! Бұл төртінші апат! Бұрын алғашқысы 2009 жылы болып еді. Бұл жолғы апаттың беті алапат! Арыс – мина қоймасының үстіне орналасқан қала болып шықты… Снарядтар жауып жатыр… Лезде тарап кеткен видеода тоқтаусыз жарылып жатқан снарядтар! Босып жүрген жұрт. Шулаған ел… Отбасын тастап, босып кетудің қиындығын Босния мен Сириядан көретін едік… Көңілге медеу болатын жәйт – облыс тұрғындарының бәрі бір кісідей жұмылып, Арыс пен қала маңындағы тұрғындарды қабылдап алған. Азық-түлігін жіберіп жатқандар тек облыс емес, бүкіл елімізді қамтуда. «Біз Арыспен біргеміз» акциясы жалпыхалықтық қозғалысқа ұласты. Бірінші елдің есіне келетін ең үлкен өкініш – Бізде өткеннен сабақ алуға болады ма? Бір рет емес бұған дейін үш рет апат болды ғой!.. Айдың -күннің аманында – бейбіт өмір заманында?!. Жоқ, осылай бүкіл бір қаланы көшіруді күтіп жүрдік пе? Арыс қаласында 45 мыңдай тұрғын бар. Айналасымен қосқанда 60 мыңдай тұрғынды көшірудің қасында Кеңес империясының қирайтын кезіндегі қара дақ болған Чернобыль оқиғасы да далада қалмай ма?.. Ал біз керегесінің кетеуі кеткен Кеңес империясы емес, 50 елдің қатарына кірген, елеулі ел, асты толған қазына мемлекет емеспіз бе? Тізгін өзгелердің қолында болған Кеңес империясы кезінде қару-жарақ қоймасы қалың қазағы бар қала іргесіне орналасқан екен. Одан бері Тәуелсіздігіміздің 28 жылында Арыста бұған дейін 3 рет жарылыс болғанын айттық – 2009 жылы, 2014 жылы және 2015 жылы болды. Содан бері бұл қауіпті қойманы өзге қауіпсіз жерге көшіруге жағдайымыз жетпеді ме, жоқ ел алдындағы жауапкершілігіміз жетпеді ме?Алғашқы апат...
2009 жылы 18 наурызда Арыстағы әскери қару-жарақ қоймасында үлкен жарылыс болды. Төрт адам қаза тауып, жиырма шақты адам жарақат алған. Үйлердің терезелері қирап, біраз шығындар болды. Сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ислам Әбішев Арыста күндіз-түні кірпік қақпай жүріп, бәрін орын-орнына қойып беріп еді... Қаншама қиын болса да, ел ішінде үрей тууына жол бермеді. Халық алдында рупормен сөз сөйлеп, ащы шындықты айтып, жарылыс себептерін, қандай кемшіліктер кеткенін түсіндіріп, келешекте бұл жағдайдың қайталанбас жолдарын да көрсеткен еді. Әскери қойма алынбаса, бұдан да зор апат болады деп, ажал қоймасынан құтылуды сол кезде талап еткен еді. Оның сөзіне әскерилер де тоқтады. Халық талабы үшін тайсалмай айтысқан Исекеңе тек өз мүдделерін ойлайтын жоғары лауазымды генерал: «Сен не білесің? Әскери қойма мәселесінің жағдайын әскерилер, біз шешеміз!»-деп сұс көрсетеді. Сонда апат көзін жою кезінде Исекеңнің қасында жүріп, іскерлігі мен ақылдылығына, батылдығына таң қалған әскери бөлімдегі жауапты бір орыс майорының : Жолдас генерал! Кешіріңіз, біз бұл кісіге дауыс көтерудің орнына жарылыстың толқуын да, көшеге шыққан халықтың толқуын да тез тоқтата білгені үшін басымызды иуіміз керек! Мен өзім басымды иемін!» деп бас киімін алып, иілгенде әлгі әскери басшы тоқтап қалғанын сол оқиғаға куә болғандар жыр ғып айтып жүретін. Исекеңе ел сонда толығымен сенді, себебі ол халық сеніміне ие болатын. Бірақ, ол кісіні сол кезде Өскемен қаласына ауыстырып жіберді. Одан кейін де бірнеше рет жарылыс болды, бірақ ешқандай шара қолданылмады. Кеше жарылыстың кезінен бері елдің Исекеңнің осы ерлікке лайық ісін еске алып жатқаны да бекер емес-ау. Ал Су ресурстары комитетін басқарғанда триллион үнемдеген Ислам Әбішев түрмеде жазықсыз жатыр... Оны босатуды сұрап, «Қазақ үні» сайтындағы Ұлт зиялыларының Ашық хатына қол қойғандардың саны 20 мыңға жуықтады.!!! Біздің ел тарихында бұлай ел ешкімді қолдап қол қоймаған... Тіпті 100 есе аз 200-ден асқан қолдау бар ма екен?.. Кеше Шымкенттегі Ақмешіттегі толқу жасаған арыстықтардың «Әскери қойманы жабу керек» деген талабын көріп отырып, оларға басу айтқан әкімдер мен министрлердің халықты тоқтата алмағанына қарап, тастүрмеде жатқан Ислам Әбішев еске түсіп кетті-ау.. Сонымен қатар, сол жылы осы Арыстағы апат туралы парламентте Мәжіліс депутаты, генерал Ержан Исақұлов та депутаттық сауал жасап, "Бұл әскери қойманы көшірмесек, ендігі жарылыс өте жойқын және зардабы зор болады" -деп ескерткен болатын... Иә, Арыста болған төртінші апаттан бұл 3 адам қаза тауып, 70-тен астам адам жаралы жатыр. Ал Арыс қаласы қаңырап, адамсыз қалды! Адамдары айдың-күннің аманында жауып тұрған снарядтың астында жалаңаяқ, жалаңбас басы ауған жаққа безіп кетті... Қасіретте де қайрат көрсеткен қайран ерлердің арқасында естерін жиып, пана тапты...Өртте қалған балалардың шырылы-
Бұл бір Сұмдық сынақ болды баршаға!
Етігімен су кешкендер түгілі,
Жалаңаяқ от кешкендер қаншама!
Үш апаттан бізге қандай күй қалған,
Төртінші апат!-
Есіңді енді жи бүгін!
Бір қойманы көшіруге қиналған-
Бір қаланы құрбан етті билігім!?.
Тағы да ойға батып кеткен екенмін, көлігіміз қабырғасы қақырап қалған бір ғимаратқа тоқтады.
Журналистігі бізден асып кетпесе, кем емес Азат Перуашев: "Қазеке, сіздің бүгін сайтқа жарияланған "Арыс апаты" атты керемет жырыңызды осы қаланың өзінде оқымайсыз ба? Мен өзім де түсіріп алар едім"-деді. Бұған қасымыздағы серіктер де қосылды. Сөйтіп, сол күні жазылған Арыс апаты туралы жырды Арыстың өзінде, бүлінген ғимарат алдында, бомба түсіп ойылған жолдың жағасында, шашылған снарядтардың қасында оқуға тура келді... Арысқа мақтау жыр арнап жүрген басым, «жоқтау» жыр жазамын деп ойлап па едім... Алла жар болсын, Арыс бар болсын дейік...
Қаладан шығарда тағы да тексерді. Жолда "Ақ жол" ауылына, Арысты қалпына келтірудің республикалық комиссиясы штабына соқтық. Көлікте келе жатқанда бұл ауылдың жазушы-драматург Дулат Исабековтың ауылы екенін, осында былтыр үлкен кітапханасы ашылғанын айттым. Азекеңе: «Дулат Исабеков ауылын «Ақ жол» қойғасын, сіз немереңіздің атын Дулат қойған екенсіз ғой» деп, былтыр немересіне әйгілі жазушының атын қойғанын есіне салып қойдым. Біздің әңгімемізді естіп қойғандай, тура сол кезде Дулат көкеміздің өзі телефон соға қалғаны. «Көкеміз жүз жасайды екен, хабарласып жатыр» деді Азекең де. Дулат Исабековке «Тура ауылыңызға келгенімізді қайдан біліп қойдыңыз, жүз жасайды екенсіз » деп таң қалып жатырмыз. Ол кісі амандық-саулықтан соң, бірден Арыстың жағдайын сұрады. Мазасызданып отырғанын, шығып кетейін десе, сындырып алған аяғының әлі қалпына келе қоймағанын, оның үстіне Арысқа кіргізе ме, қайда барарын білмей, уайымдап жатқанын айтты. Біз көргенімізді баяндап бердік.
«Ақжолдықтар» «Ақ жол» ауылындағы штабқа кіргенімізде күн де ұясына жақындап қалған еді. Жамбыл атындағы жалпы орта мектебіне орналасқан штабта әскерилер, полицейлер, әкімшілік қызметкерлері, журналистер толып жүр. «Хабар-24.кз» сұқбат алып жүр.
Біз кіргенде Денсаулық министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті төрағасы Жандарбек Бекшин телефонмен жоғарыға есеп беріп жатыр екен. Азат Перуашев Арыс қаласының радиациялық жағдайы туралы сұрап еді, журналистер де жинала қалып, бәрімізге ақпарат берді. Әдеттегідей сөзінің біссімілласын қазақша бастады да, қалғанын орыс тілінде баяндап кетті. Бұны көріп бұндағы блогерлер Айгүл Орынбектен бастап, өңдері өзгеріп, диктофондарын түсіре қойды. Қарасам, бір де бір өзге тілді блогер жоқ. Ентігіп келіп тоқтағанда: «Ақпаратыңыз дұрыс екен, Жәке, бірақ мемлекеттік тілде айтсаңызшы, бұл жердегі журналистердің бәрі қазақ тілділер ғой. Кеше Қорғаныс министрі де орысша сөйлеп жатыр. Біз де алыстағы астанамыздан ауылымызға Ресей тілін естиік деп келген жоқпыз ғой,»-деп едім, қысылып қалып: «Кеше қазақша сөйлеп ем, біреулер орысша сөйлеңіз деді»-деп, ақталып алып, ақпаратын түгел қазақша баяндап берді.
Осында штаб мүшелері, Түркістан облысы ішкі саясат басқармасы басшысы Бейсен Тәжібаев пен Ордабасы ауданы әкімі Қайрат Жолдыбай жүр екен, олар да істеліп жатқан жұмыстар жөнінде сөз етті.
Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің "Арыстықтар маусымның 28-іне үйлеріне қайтады. Қала қауіпсіздік үшін толық тазарып, дайын болуда" дегенін де, осында естіп, қуанып қалдық.