Мұқтар ШАХАНОВ: «ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚАРСЫ ШЫҚҚАН ҚОСАНОВТЫ ҚАЛАЙША ҚОЛДАЙМЫН?!.»

Әміржан Қосанов штабының жетекшілері  Мұқтар Шахановтың атын сыртынан пайдаланған   бассыздықты тыймаса,  сот алдында жауап береді

  Күнделікті  қат-қабат жұмыстармен жүргенде, бүгін Алматыдан  Мұқтар Шаханов ағамыз телефон соқты: «Айналайын, рахмет, кеше  әлеуметтік желідегі жала жабушылардан ағаңды қорғап жазған екенсің! Енді мына масқараны көрдің бе, менің атымнан  «Әміржан Қосановты қолдаймын, соған дауыс беріңдер» деп суретімді шығарып қойыпты...-деді бірден. -Жоқ, аға, оны көрмедім... -Масқара, бір қорқынышты суретке менің басымды қиып апарып жапсырып қойған. Бұл деген адамды қорлау ғой! Мұндай менің атымды сыртымнан пайдаланған алаяқтығы үшін олар жауап береді. Өзің жақсы білесің,  кезінде өзіміз бірге көтерген Қазақ тілін дамыту үшін Конституциядан орыс тілі туралы бап тармағын алып тастауды талап еткен әйгілі 138-дің хатына қол қоймаған ғой Қосанов. «Осы Мұқтар Шаханов-ақ қазақ тілі, қазақ тілі деуін қоймай қойды ғой» деп, Қазақ тіліне қарсы болған Қосановты мен қалайша қолдаймын?!. Өзің ойлашы, бұл не деген бассыздық?!. Егер, Қосановтың штабы бұл масқара туралы кешірім сұрап, алдырып тастамаса, мен  заң  орындарына шағымданамын. Әшейінде арыны қатты Мұқаңның бұл жолы ашуы тым қатты екен, біраз жерге барып тоқтады. Мұқтар Шахановтың көмекшісі  жіберген сілтемені аша қалсақ, шынында да Сандугаш Шынболатовна деген Фейсбук қоданушысы  сайқымазақ  коллаж  жариялап, онда: «Сен болашағыңды ойласаң, дауысыңды Әміржан Қосанға бер» деп айқайлатып жазып қойыпты... Коллаж «Ты записался добровольцем?» деген әйгілі 1920 жылы салынған большевиктік  плакаттағы бейнені пайдаланып, қызыл әскердің басының орнына қазақтың ардақты  ақынының басын қиып әкеп жапсырып қойыпты!..  Фейк па деп, тексерсек, жоқ, 4997 досы бар, Қызылордадағы Қорқыт Ата университетін бітірген, туған жылы, айы, күні белгілі  қыз көрінеді... Жастардың санасын улаған қызыл коммунистік-комсомолдық  насихаттың  бұл әйгілі плакаты  бір ғасыр өткенде де өлмеген екен-ау!  Қызыл империялық сенімнен шықпағандарға әлі қызмет етіп келеді  екен...  Талай сорақылықты көріп едік, мұндай бүкіл халықтың сана-сезімін сайқымазақ етіп, азаматтық  таңдауын аяққа таптап ойнаған  алаяқтыққа да куә болдық. Сол арада фейсбук парақшама Мұқтар Шахановтың көмекшісі, жас жазушы Еркінбек Серікбайұлының  осы оқиғаға қарсы қатаң ескертуі келді: «Осындай ролик әлеуметтік желі бетінде шарлап жүр. Бұл енді адамды әжуәләудің шектен шыққан көрінісі. Біріншіден, Мұxаң тап осылай Қосановты жарнамалап жатқандығынан мүлде xабарсыз. Екіншіден, мұндай дүмбілез тұрғыда жарнама жасау, адам құқығын былай қойғанда, Мұxтар Шаxановтай ұлы тұлғаны қорлау болып табылады. Мұxаң бейнесін бұлайша қолбалалық деңгейге дейін қорлауға болмайды. Сондықтан Әміржан Қосанов штабының жетекшілері мына бассыздықтың алдын алмаса, М. Шаxанов қорғаушысының олармен сотта кездесуі мүмкін екендігін ескертеміз!» Иә, шынында да бұл не деген бассыздық. Әй-шәй жоқ, әлемге әйгілі ақиық ақынымыздың ардақты атын сыртынан бұлай өздерінің лас та, алаяқтық істеріне пайдалана беретін болса, қарапайым  адамның күні қалай болады? Кеше ғана  әлеуметтік желіде Мұқтар Шахановтың «Қазақ тілі ең басты тіл болуы керек деп мәлімдеген Қ-Ж. Тоқаевты қолдаймын»-деген видеосын салып,  тас атқылап жатқан Қосановтың қолдаушыларына қарсы «ТІЛ КҮРЕСІНІҢ КӨСЕМІ МҰҚТАР ШАХАНОВ КІМДІ ҚОЛДАУЫ КЕРЕК?!.»-деп жазғанымдай және  бүгін Мұқтар Шахановтың өзі хабарласып, ашулы түрде айтқанындай, шынында да бұлардың  бұндай қорлығы  қайда апарады? "Қосановты қолдаушыларға, олардың өз таңдауларын сыйлай отырып, айтарым, яғни тегін кеңесім: «Сіздер кеше дебатта коммунист кандидаттан өзіне тиер сөз тілеп алып, Қызыл комсомолдың 100 жылдығын тойлағаны туралы оңбай соққы алған Амиржан Косанов сияқты, өздеріңізге және өздеріңіз қолдап отырған Қосановқа тиетін сөзге, ең бастысы елдің жарасын сыздататын қасиетті тақырыптарға жоламауларыңыз керектігіне ақылдарыңыз жетеді ғой деп үміттенемін" деп жазған болатынмын кеше сол мақалада. Бірақ сөз ұғатын түрлері көрінбейді. Ендеше, алты жыл ауылда мектепте мұғалім болғаным есіме түсіп, топтанып алып, тас атқыш тасырларға тағы да қайталаймын: 1.Өмір бойы Қазақ тілі үшін күресіп келе жатқан Мұқтар Шаxанов Президент бола салысымен «Ең басты орында Қазақ тілі болуы керек» деген, Президент болмай тұрып-ақ бір жыл бұрын, Сенат төрағасы кезінде-ақ үштілділікті бастауыш сыныптан оқытуды тоқтатуды талап еткен Тоқаевты қолдауы керек пе, жоқ, әлде 2011 жылы өзі басшылық жасаған, Қазақ тілінің дамуы үшін Конституциядан орыс тілі туралы 7-баптың 2-ші тармағын алып тастауды талап еткен әйгілі 138-дің Ашық xатын қолдамай, қарсы болып, қол қоймаған Амиржан Косановты қолдауы керек пе?!. 2.Өзі Тәуелсіздіктің қарлығашы – Желтоқсан көтерілісінің ақиқатын қылышынан қан тамып тұрған Кремльдің төрінде айдай әлемге әшкерелеп берген Мұқтар Шаxанов 1986 жылы Азаттық аңсап, ақырып теңдік сұрап, алаңға шыққан, бір факультетте оқыған Желтоқсандық бауырларын комсомолдан қуып, оқудан шығарған ҚазМУ-дың журналистика факультетінің комсомол комитетінің xатшысы Амиржан Косановты қолдауы керек пе? Ал бүгінгі мына масқара  өз таңдауын жасаған мұзбалақ ақынымызды мұқату ма, әлде ардақты тұлғаның атын пайдаланып, «Аңқау елге –Арамза молда» болу ма? Шынында да, Ұлтшылдардың сеніміне жалған әрекетпен ие болудың арзан да, арамза көрінісі бұл... Саяси сауаты бар, көкірек көзі ашық халықты  билік сызып қойған айналма сызықтан шықпай шапқылайтын цирктің кейіпкерін  «дүлдүл» көріп жүрген дүмбілез топтармен   шатастырмау керек! Салмақты да, саналы сайлаушыларды  ақымақ санап, «Біз не айтсақ та сене береді» деп ойлау – халықты қорлау болып табылады. Бассыз басыну мен саяси алаяқтыққа  Заң алдында да, Ар алдында да жауап берілуі керек! Қазыбек ИСА «Қазақ үні»