Қазыбек Иса. Жырларым Науайының тілінде сөйлейтін болды
2019 ж. 29 мамыр
5427
1
Қасиетті Рамазан айындағы Ташкент сапары сәтті болды
Еліміздегі Президент сайлауы барысымен Оңтүстікке – Шымкент-Түркістан өлкесіне барып қалғасын, көптен ойымда жүрген, өлеңдерімді өзбек тіліне аудару мәселесімен Шымкенттен 100 шақырымдай жердегі Ташкентке тартып кеттім. Сайлаудың әр күні қарбалас болып жатқандықтан уақыт табу да оңай емес... Президенттікке үміткер Дания Еспаеваны Оңтүстікке бастап келген «Ақ жол» партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев менің 50 жасқа толған мерейтойымда айтқан: «Саясат - уақытша, Поэзия –мәңгілік» деген сөзіне беріктігін танытып, «Өлеңдерініз өзбек тіліне аударылатын болса, Ташкентке барып келіңіз» деп, Ақ жол тілеп шығарып салды. Енді ес жиып жатқан өзбек жазушыларына салмағымды салмай-ақ қояйын деп, бұрын Өзбекстанда вице-премьер дәрежесіне дейін көтерілген «Ақ Орда» компаниясы президенті, кәсіпкер Ибадулла Қалыбековке хабарластым. «Ертең бара жатсаңыз, сәл ертерек айтпаған екенсіз де. Мейлі, түнімен жігіттерді іздеп шығайын. Өздері хабарласады» деді. Айтулы азамат айтқан сөзінде тұрып, «Жібек жолы» кеден бекетінен өте салысымен, қазақтың бір сары жігіті «Қазыбек Исасыз ба, маған Ибадулда жездем тапсырып еді, атым Қадырәлі» деп қарсы алды. Кеденнен өту ешқандай кедергісіз, бұрынғыдай қым-қуыт кезек те көп емес. Өзбекстанның тізгінін Шафқат Мирзияев алғалы туысқан екі елдің арасындағы байланыс күрт жақсарғанын осыдан-ақ білуге болады. Теңгеміз өзбек сумына шаққанда 22 есе құнды болып тұр. Қазақстан жағында қаптаған қазақтың қыз-келіншектері, Өзбекстан жағында өңкей өзбек жігіттері тарпа бас салып, ауыстырып береді. Қайда барсаң да жеткізетін таксилер де дайын екі жақта да...
Бірден Ташкентке тарттық. Өзбекстан астанасы біздің Сарыағаш ауданынан 10 шақырымдай жерде ғана тұр... Бұрын Өзбекстанды талай жыл басқарған Шараф Рашидовтың резиденциясы болған «Residence Park» қонақүйіне жайғастым. Кешке «Sharshara» (Сарқырама) мейрамханасынан ауыз аштық. Сарқырама десе, дегендей-ақ екен, ақ көбігін аспанға атқан өзен жоғарыдан құлай ағып жатыр. Жағасында тамақтанып отыру тамаша әсер етеді. Махатма Ганди (жергілікті ел «Телман паркі» дейді), Ашхабад саябақтары елдің көп баратын әдемі орындары екен... Біз студент кезімізде, 80-ші жылдары Өзбекстан қалаларын туристік сапармен аралағанда көрген қайнап жатқан Алай базары жаңарып кетіпті. Бірақ бағасы өте қымбат екен. Көкөніс пен жемістің бағасы солтүстіктегі Астанамыздан асып түспесе, кем емес екені түсініксіз көрінеді.... Сондықтан адам аз. Көбісі біз секілді шетелдіктер, айтқан бағасына ала беретін... Ал Шарсу базары одан екі есе арзан екен, сондықтан адам өте көп, сауда қайнап жатыр. Бұл мәліметтің бәрін мені қаланы аралатып жүрген жолбасшым Қадырәлі баяндап берді. Айтпақшы, Ташкентте такси өте арзан екен. Орта Азиядағы ең үлкен қаланың басы мен аяғын шарласаң да, біздің мың теңгедей ғана болатын шығар... Өзбекстанда бәрі тек өздерінде құрастырылып шыққан Шевролет мәшинелерін ғана мінеді екен. Отандық өндірісшілерді қорғаудың жарқын үлгісі! Біздегідей бағасынан бас айналатын шетелдік қымбат көліктер көзіңе түспейді. Ташкент сапарында Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет ағамыз біраз жазушылардың телефонын берген болатын. Сол бойынша алдымен Өзбекстан Жазушылар одағына xабарласып едім, хатшы қыздан білгенім, төраға Сиражеддин Сайид Сұрxандария облысында іссапарда жүр екен. Мен телефонына түсе алмаған Қазақ әдебиетімен байланыс секциясы басшысы, жазушы Меxманқұл Исламқұловтың өзі де Қазақстанға сапарлап кетіпті... Белгілі жазушы Сәбит Досановтың айтуы бойынша, екеуі де Қостанай облыстық мәслихат хатшысы Сайлаубек Есжанов бауырларының мерейтойында жүрген көрінеді. Өзбекстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары, дарынды ақын Надиржан Жанұзақпен Астанада былтыр өткен Жазушылардың Еуразия форумында танысқан едік. Оның жыр жампоздары жиналған поэзия секциясында Түркі халықтары әдебиетінің қазіргі басты мәселелелері туралы сөйлеген сөзі ұнаған. Мен де сонда сөйлеген сөзімде Түркі xалықтары әдебиетінің байланысы тығыз болуы керектігі туралы, Түрксойдан бөлек өз алдына әдебиетшілердің ұйымын құру керек деген бастама көтерген едім. Жарты әлемнің жазушылары жиналған дүбірлі әдеби форумдағы негізгі мәселелердің бірі -аударма мәселесі болатын. Соның сәті енді түсті деуге болады. Аумағы ат шаптырымдай жерді алып жатқан «Әдебиетшілер бағында» орналасқан Өзбекстан Жазушылар Одағының ғимараты да керемет екен. Өзбекстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Надиржан Жанұзақ қуана қарсы алды. Талай елдің жазушыларымен таныстырып, байланыс орнатқан Астанада өткен Еуразиялық әдеби форумды сөз еттік. Бұл кездесуімізді де сол форумның нәтижесі деп санадық. Надиржан Өзбекстан жазушыларына мынадай абат бақ пен айшықты алып ғимаратты Өзбекстаннның қазіргі Президенті Шафқат Мирзияев тарту еткенін мақтанышпен жеткізді. Өзбек жазушыларына арналып Жызақ облысындағы саялы тау баурайында шығармашылық шипажай тұрғызылыпты. Ең соңғы сәулет-құрылыс жетістіктерімен, бесжұлдызды статуспен салынған керемет жай екен. Одан өзге Тұрпанда да шығармашылық үй бар көрінеді. Күндік құны жазушыларға өте арзан, біздің теңгеге шаққанда мың теңгенің айналасы екен. Надиржан бауырымның маған шығыстық қонақжайлықпен: "Қиналып қалған жоқсыз ба? Қайда жайғастыңыз? Бізден не жәрдем керек?"-деп, қайта-қайта ілтипат көрсеткеніне ішпей-жемей риза болып қалдым. Ішпей-жемей дегендей, дәмге шақырған Надиржан менің ораза ұстап жүргенімді білген соң, "Жолға шыққан жолаушы мүсәпірлікпен аузын ашуға бола береді" деп күлді. Менің "Енді төрт-бес сағат қалды ғой ауыз ашуға, шыдайын"-деп, райымнан қайта қоймағанымды білген соң, уатсапта қазақ тілінде тарап кеткен "Ауыз ашарға 5 минут қалды!"-деп қуанып, шапқылап жүрген пингвиннің ролигін көрсетіп, қалжыңдап, екеуміз де раxаттанып күліп алдық. Надиржан "Ешлик" (Жастық") журналының Бас редакторы, талантты ақын, жақсы аудармашы Фаxриддин Хайипты шақырып алды. Мені жақсылап таныстырып, "Қазыбек Иса - қазақтың мықты шайыры. Өлеңдерін өзіңнен бастап, жас ақындарға бөліп беріп аударыңдар. Алдағы уақытта кітап шығаруды да жоспарлаңдар"-деп, тапсырма берді. Сонымен қатар маған өзбек тілінде шыққан Абайдың бір томдығын және өзбек-қазақ әдеби тұлғаларының шығармашылық байланысы туралы кітапты сыйлады. Көлігін босатып беріп, Фаxриддинге: "Әдебиетшілер бағы мен Абай көшесін аралатып, ақынның ескерткішіне алып бар"-деді.
Фаxриддин Хайиптың кабинетінде оның шақыруымен Өзбекстанның көрнекті ақыны, аудармашы, қоғам қайраткері Әзім Сүйінмен кездестік. Ол кісі мені бұрыннан күтіп жүрген бауырындай құшағына тартып қарсы алды. Аузын ашса, ақ көңілі көрінетін ашық-жарқын жан екен. Өзбек-қазақ жазушыларының байланысы көп жыл үзіліп қалғанына қынжылып, бұрынғыдан тартып, біраз әңгіме қозғады. Өзі талай жыл Өзбекстанның ресми бас газеті "Советтік Өзбекстан" газетін басқарыпты. Жоғары Кеңестің депутаты болған. "Өзбекстанның қай жеріненсіз?"-деп едім, "Нұр атаданмын" деді. "Ой, біздің жерден екенсіз ғой! Әйтеке биіміз сонда жатыр ғой" деп қалғаным... Әзім әкамыз да бөгелмеді: "Иә, солай. Мен тек тау жағындамын" деп, бір күліп алды. Қазақ ақыны Есенғали Раушановты сұрады. Өлеңдерін аударып жатыр екен. "Ол біздің Өзбекстаннан, Жызақ облысындағы бір ауданда істеген" -деп, қалды ол кісі де... Иә, Иіржардан, кейін Гагарин аталған жерде істеген» дедім. Мен де өзімнің Мырзашөлде, қазіргі Жетісай ауданында туғанымды, Шардараның Қызылқұмында өскенімді қосып қойдым. Әзім ағамыз: "Иә, бәрі негізі бір жер, бір топырақ қой. Түбі бір түркі ағайындармыз ғой, кейін шекара шығып, бөлініп кеткенбіз" деп, құлашын кеңге сілтеді. Өзбек жазушылары Надиржан мен Әзім аға Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет ағамыз туралы біраз әңгіме шертіп, дұғай сәлем айтты. Әзім Сүйін Ұлағаңмен шетел сапарларында көп болғанын тілге тиек етті. Фаxритдин Қазақстанда ақын Мұратxан Шоқанның жетекшілігімен шыққан өзбек ақындарының "Жүз өлең" кітабын көрсетті. Өздері де қазақтың 20 жас ақынының жүз өлеңін кітап етіп шығарып жатыр екен. «Ешлик» журналы латын әліпбиінде басылады екен. Өзбек жазушыларының ешқайсысы өз жерінде Ресей тілінде сөйлемейді. Өткенде Өзбекстанға келіп кеткен Дулат Исабектің айтқанындай, Тәуелсіздік заманындағы өзбек жастары мүлде орыс тілін білмейді. Қандай керемет көрсеткіш! Тәуелсіздік алған Мемлекет пен Ұлттың Намысының көрсеткіші! Ал біздің Тәуелсіз Қазақ елінде өскендердің де... Қазақша білмейтіні көп әлі... Өзбекстандықтар ағылшын тіліне бас бұрған екен. Өзбекше нан сұрап жей алатынымыз бар, сонда да кейбір сөздерді түсінбей қалып, орысша сұрасаң, аттап баспайтынына риза боласың, сұраған сөзіңді мәңгі түсінбей кетсең де... Сыртқа шығып, бақ ішіндегі өзбек қаламгерлерінің ескерткіштерін тамашаладық. Бәрі тұла бойымен тұтас қойылған еңселі ескерткіштер, өте тамаша жасалған. Ал өзбектің бас шайыры, ұлы ақын Науайының ескерткіші аспанмен таласып асқақтап тұр. Тұтас бір келісті кешен. Өзбектің атақты қаламгерлері Айбек, Ғафур Ғұлам, Зұлфия, Хамит Әлімжан, Еркін Вахидов, Абдулла Арипов, Мухаммад Юсуф тағы басқалардың ескерткіштері бар екен. Тағы да бір топ қаламгерлердің ескерткіштерін тұрғызу жоспарланып жатқан көрінеді.
Фахриддин Ғафур Ғұламды маған таныстырғанда «Қазақтың әйгілі жазушысы Сәбит Мұқановпен жақсы дос болған» -деді. «Иә, жақсы білемін. Мен өзбектің классик жазушысы Ғафур Ғұламның сөздерін мақалаларымда көп пайдаланғанмын» деп едім, ол «Қалайша?»-деп, қызығушылық білдіре кетті. Айтып беруге тура келді...
Онда былай деп жазыппын: «Айтпақшы, президентке астананың атын беру туралы бұл ұсынысқа тек «жақсы» жағынан қарау қалай болар екен? Өйткені бізде тірі адамның аты еш нәрсеге берілмейтіні заңмен бекітілгенін жоғарыда айттық. Ал, президент – Конституция кепілі. Сонда президент өзі қол қойған заңға өзі қарсы шығуы керек пе, әлде… Айтқан жерден аулақ… Осындайда еске түседі. Белгілі бір жазушымыздың естелігін оқып едім. Өзбекстанның ең қадірлі қаламгері, біздің Сәбит Мұқановтың жан досы Ғафур Ғұлам қартайып, төрінен көрі жақын болып отырған кезде Ташкент қаласының басшылары қаумаласып, жиі келіп, халын сұрап тұрады екен. Ғафур Ғұлам тұратын көшенің аты қазақшаға аударғанда «Ақ бидай» деген ұғымды білдіретін көрінеді. «Бар көшені ауыстырғанда, бұны неге ауыстырмайсыңдар?»,- деген Ғафекеңе қала басшылары күмілжіп, тура жауап бермейді екен. Сонда көреген, сұңғыла суреткер: «Бұлардың ойы жаман. Бұлар менің ана дүниеге аттануымды күтіп, бұл көшені маған сақтап жүр»,-дейді екен… Өзбектің әйгілі қаламгері әзіл-шынын араластырып айтқанмен, кейін көп ұзамай тура солай болып шықты…»-деген екенмін...
Фахриддин екі елдегі екі оқиғаны салыстырып жазғаныма қатты риза болып, бір күліп алды. Ғафур Ғұламның балалық шағы туралы өзбектің «Сұм бала» деген киносын көріп өскенімізді айтып едім, Фахриддиннің: «Ескерткішіне қараңызшы, өзі де сұм балаға ұқсайды» деп, тауып айтқан сөзіне мен де риза болып қалдым.
Ташкент қаласында қазақтың ұлы ақыны Абайдың атына әдемі көше берілген. Бойында еңселі ғимараттар, жоғары оқу орындары, түрлі мекемелер бар. Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі де осы көшеде орналасыпты. Елшілік ерекше әдемі сәулетті, үлкен ғимарат екен. Қарсы алдынан ұлы Абайымыздың асқақ тұлғасы қарсы алады. Суретке түстік. Фахриддин мен Надиржанның жүргізушісі мені жатқан қонақ үйіме жеткізіп салды. Қазақстанда телефон жоғалтқаным аздай-ақ, Американың Нью-Йорк қаласында да телефон жоғалтқанымдай, мұнда да телефоным жеткізіп салған көлікте қалып қойыпты. Фахриддин шәй қайнатым уақыттан кейін қайта оралып, әкеп берді. Біз болсақ, жарты жолдан қайта оралғанымызға «Адам деген телефонына ие болмай ма екен?!.» деп, әжептәуір шекеміз тырысып кетуші еді, Фахриддин бауырым болса: «Көрдіңіз бе, Алла бізді тағы да ұшырастырды» деп мәз-мәйрам... Сөйтіп, Өзбекстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Надиржан Жанұзақтың арқасында жырларымыз ұлы Науайының тілінде сөйлейтін болып жатыр, Алла қаласа. Мен мұндай сәтті сапарды қасиетті Рамазан айының шарапаты деп қабылдадым. Жалпы, Ташкенттегі өзбек жазушыларымен кездесуіміз табысты болды деуге болады. Қазыбек ИСА, «Қазақ үні» Нұр-Сұлтан – Шымкент – Түркістан – Ташкент - Нұр-Сұлтан
- Ғафур Ғұлам
- "Ешлик" (Жастық") журналының Бас редакторы
- Qazybek ISA
- Фаxриддин Хайип
- Надиржан Жанұзақ
- Айбек
- Зұлфия
- Хамит Әлімжан
- Ибадулла Қалыбеков
- Еркін Вахидов
- Шараф Рашидов
- Ұлықбек Есдәулет
- Абдулла Арипов
- Сиражеддин Сайид
- Мухаммад Юсуф
- Өзбекстан Жазушылар одағы
- Өзбекстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары
- Шафқат Мирзияев