КЕНЕСАРЫ ХАННЫҢ ДАҢҚЫ АЙДАЙ ӘЛЕМГЕ ӘЙГІЛІ
2019 ж. 15 ақпан
12719
1
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» деп аталатын мақаласында: «Біз атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек. Екіншіден, мақсатты мемлекеттік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақын-дар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет» дегені мәлім. Президент, тіпті, аталған мақалада сайын сахара дүниеге әкелген әл-Фараби мен Яссауи, Күлтегін мен Бейбарыс, әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын атап көрсетті.
Біз де бірталайдан бері қазақ халқының ең соңғы ханы, қаһарман қолбасшы Кенесары сұлтанның қайшылықты тағдыры туралы дүркін-дүркін қалам тербеп келеміз.
Биыл хан Кененің жарық дүниеден озғанына жүз жетпіс екі жыл толады екен. Сол бiр азалы тарихи сәттердiң өкiнiш уытын тарқатып, саябыр тапқызатындай-ақ уақыт сияқты. Бiрақ халқы айға атылған арыстандай, азаттық жолындағы қан майданда азулы жауларының жағасын жыртып барып көз жұмған жаужүрек ұлын елегiзiп әлi күтедi. Ел намысын өз абырой-ұжданындай көретiн тарихшыларымыз бен археологтер... жазушысы мен журналисi бар... ұлтжанды ғазиз ағайындарымыздың жан сыздатып, атақты аталарына қатысты ақиқат пен оның сүйегiн сабыла iздемегенi кемде-кем. Бұған дейiн де аталған бағытта бiз бiлетiн... Бiлмейтiнiмiз қаншама... Небiр жорықтар жасалғаны анық. Бiрақ дәл өз басым күндердiң күнiнде мен де осынау даңқты бабамызға қатысты тақырыпқа оқтын-оқтын араласармын-ау деп ойламаппын...
Сонда өзi, расында да, Хан Кене сонау Сарыарқа төсiнен осынау ит арқасы қияндағы қырғыз елiне қалайша тап болған? Егер қысқаша қайырсақ, екi жылға созылған соңғы арпалыс оқиғалары төмендегiше сабақтасар едi.
Патшалық Ресей өкiметi 1845 жылы өзiне қарсы Кенесары қозғалысының iрге жайып кету қаупiн ескерiп және оны бiртiндеп Кiшi жүз бен Орта жүз iшiнен ығыстырып шығару мақсатымен тез аралықта Ырғыз және Торғай қамалдарын салады.
Осы тұста Кене хан Орынбор генерал-губернаторы Перовскийге: «Ұлы патшамыздың әкесi Ақ патша марқұм (Павел Бiрiншiнi айтады) атамыз Абылай ханға зор кеңшiлiк көрсетiп, әркiм өз жерiне ие, орыс пен қазақ арасында сауда ашылып, керуен жүрсiн, әркiм өз кәсiбiмен шұғылдансын деп уәде берген едi, сөйтiп патша ағзамның қанатының астында бiраз жыл тыныш тұрған едiк... – қазiргi патша ағзамның тұсында атамыз Абылайдан бiзге мирас болып қалған Есiл, Нұра, Ұлытау, Қарқаралы, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Оқият, Тоғызақ төңiрегiнен түу сонау Жайыққа дейiнгi жерлердiң бәрi бiзден тартылып алынып, оларға бекiнiстер салынды. Бұрынғы патшалардың бiздiң жерiмiздi алайын десе, өлшеуге арқаны, бекiнiс салайын десе ағашы, зорлық қылайын десе күшi жетпедi дейсiз бе? Күшi де, мүмкiншiлiгi де бар едi, бiрақ олар әдiлеттi болды!.. Ендi бiздiң жерiмiздi күн құрғатпай басып алып, бекiнiстер орнатып жатыр, сөйтiп халықты ашындырып барады. Бұл бiздiң болашағымызға ғана емес, тiптi, қазiргi өмiрiмiзге де зор қауiп төндiрiп отыр!» деген мазмұнда бiрнеше мәрте хат жазған.
Бiрақ орыс отаршылары қазақ сұлтанымен санасу былай тұрсын, күн сайын тiзе батыра түседi.
Сөйтiп амалы құрыған Кенесарының 1846 жылы Ұлы жүз мекенiне қарай жылжуына тура келедi. Мұны аңдаған орыс отаршылары бұл өңiрге де iрi патша артиллериясын жөнелтедi. Осындай орасан күштiң қысымына төтеп бере алмай өз әскерiнiң тең жартысын Сарыарқа даласында қалдырған Хан Кене Iленiң оң жағасына өтедi де, қырғыз аумағына бет түзейдi.
Ондағы ойы – қырғыз манаптарын Қоқанға бiрлесе қарсы тұрып, Ресей экспансиясына тiзе қоса тосқауыл қоюға шақыру едi. Қырғыз хандарына жазған хатында ол: «Солтүстiктен орыстар қысып барады. Егер оған жерiң мен мал-мүлкiңдi таратып, балаларыңды соның әскерiне берсең тату-тәттi тұра бересiң. Шығыстан шүршiт (Қытай) бүре түстi. Олар ешкiмдi аямайды. Оңтүстiктен тиген Қоқан бала-шағаңа күн көрсетпек емес. Қарсылық көрсетсең өзiңдi дарға асады» деп жазады. (Е.Бекмаханов, «Казахстан в 20-40-е годы ХIХ века; А, 1992).
Хан тағы бiр хатында былай дейдi: «Менiң мұнда келу мақсатым – жауласып, қан төгу емес, қазақтар мен қырғыздардың күшiн бiрiктiру. Сөйтiп, оларды қоқандықтардың қысымынан құтқару». (Е.Смирнов, «Султаны Кенисара и Садык», Изд. Сыр-Дар. Облстаткомитета; Ташкент, 1889).
Алайда, Ресей үкiметiмен тығыз байланыста отырған қырғыз манаптары бұл хаттарға мән бермейді. Олардың Кенесарыдан безе қашатындай себептерi де жоқ емес едi. Ол кезде «бүлiкшiл ханнан» қырғыздар ғана емес, империялық Ресейдiң қаһарынан қорыққан кейбiр қазақ билеушiлерi де қашқалақтайтын-ды. Бұған қоса Кенесары сарбаздары мен қырғыз әскерiнiң арасында бiрнеше мәрте түрлi қақтығыстар туындай бередi де, ақыр аяғы орны толмас опынысты қанды қырғынға ұласады.
Осылайша қазақтың соңғы ханының соңғы ұрысы Кекiлiк Сеңгiр тауының бөктерiндегi Майтөбе iргесiнде болды. Қазақ сарбаздарын қалың қоқан мен қырғыз әскерi тұтқиылдан қоршап алады. Қарауында бес жүздей ғана жауынгерi бар Кенесары күшi әлденеше есе басым жаумен беттеседi. Ұрыс алдында хан жанашырлары бас қолбасшыларына шағын топпен сытылып шығып кетуге ақыл қосады. Бiрақ ол: «Сын сағатта әскердi тастап қашып кетсем, халыққа хан болып жарытқаным кәне» деп бұл ұсынысқа үзiлдi-кесiлдi қарсы болады.
Майтөбе майданы суреттерi ХIХ ғасырда ғұмыр кешкен қырғыздың көрнектi тарихшысы Белек Солтоноевтың очерктерiнде үзiп-жұлып болсын бiршама шынайы көрiнiс берiп отырады. Мәселен, тарихшы жазбалары мынандай сарында сабақтасар едi: «...Кулағын шыпырта чаптырып, ар кайсы айылдан кутулуп чыккан кишилер менен ара талаада айылды жылаанга байкоосуздан бастырып койдук деп, сакал-мурутун жулуп, өкүрүп жүргөн Калпак баштык канча азаматты кырганын укканда жана Түлөгабылды көргөн сөз солто, сарбагыштын кантып барган азаматтары чыдап карап туралбастан, Калпактын айылындагы тигилген тууну бет ала ат коюшкан. Казактар туусун жыйып, ал айылдан чыга кыргыз менен беттешкен. Аралашып кетип, найза калып, кылыч, ай балта, чоюнбаш менен согушкан. Согуш чагында Норузбай найза менен Төрөгелдини качырып калган. Төрөгелди дагы найза менен жибере бергенде, Норузбай бура тартып казактын ичине кирип кеткен. Казак, кыргыз Карасууну арыктай аттатып жүрүп согушкан. Жөө туман каптап чыгып келгенде казактар жапырт качкан. Туман басып калгандыктан кыргыздар кубалаган эмес. Бул согушта казактан кыргыз көбүрөөк болуп, 3 миңчелик эр-азамат согушка катышып, көпчүлүгү солто болгон». (Солтоноев Б. Кене хандын чабуулу. 2 том., Мамлекеттик «Учкун» концерни, 206-б. Бiшкек – 1995).
Әрине, бұл жолдар да шайқас сәттерiн бүге-шiгесiне дейiн сонша дәл бейнелеп бере алмауы мүмкiн. Алайда, тарихшы болған жәйттi сол соғысқа қатысқан адамдардың өз аузынан жазып алғандықтан да еңбектiң аса құнды екенi анық.
Екi жылға созылған тартыста қатыгездiктiң екi жақтан да болғанын көремiз. Айталық, Кенесарыны өлтiруге бұйрық берген Жантай хан бiр хатында былай дейдi: «…В прошлом году по приглашению генерала (пограничного начальника) послал я к нему меньшого брата моего Калыгула с которым прислал мне золотую медаль, о драгоценности коей, расспросив подробно, я хорошо понял. В рассуждении Кенесары я много оказал услуг; во время первого пришествия его я истребил у него 7 000 человек, да и с моей стороны много погибло людей; во время же второго его пришествия три дня держал его в осаде, не давая ему ухода ни в какую сторону. После того прибыл к нам Урман батыр, и тогда по обращении Кенесары в бегство, преследуя его, много перебили из его скопища, и в это время трое родственников из подведомственных мне киргиз, захватив Кенесары, представили к нам...» («Уведомительное письмо манапа племени Сарыбагыш Джантая Карабекова генерал-губернатору Западной Сибири П.Д.Горчакову о желании принять покровительство России. 1848.10.09. «Кыргызстан – Россия (ХVIII-ХIХ в.в.)». Сборник документов и материалов. С.130-133. Бишкек, Илим. 1998).
Тағы бiр кезек оқиға мәнiне қаныға түсу үшiн Хан Кене қолының соңғы арпалысы қарсаңындағы кейбiр айшықты көрiнiстерге көз салайық: «...Калпактын жакын туугандарынан Ормонбек согушта жүрүп, бүткүл бою кызыл чанга боeлуп үйүнө келсе, көгөндүн арасында өлүп жаткан агасы Субанбекти көрүп, тамак ичпестен Таштанбектин болотун колуна ала Найзакызылга кайтадан минип, туманда качкан казактын сүрдөнү менен соңуна түшкөн. Ормонбек жолчубай бириндеп бара жаткан көп казактарга бурулбастан өтүп, Ыргайтынын колотунда (Чулунун түн жаккы тоо этеги) Кене ханга жетип, «Кара болсоң жүрө бер, кан болсоң токто!» деп, чакырганда кайрылып көрүп, Кене хан кылычын сууруп ала бурулуп карап турган. Ормонбек кылыч менен шилтеп жибергенде Кене ханга тийбестен, тердигин таарып кеткен. Кене хандын шилтеген кылычы Ормонбектин чекесине тийип, эси ооп бара жатканда аттын жалына сүйөнө, кайта «чу» деп туманда адаштырып кетип, Чүйдүн боюндагы камышта жатканда аттан түшүп кансырап, казактын качкындары Ормонбекти өлтүрүп, Найзакызыл менен Таштанбектин болотун алып кеткен. Ушул тууралу ыр:
Ормонбектин колунда,
Таштанбектин болоту,
Кенесары кезиккен,
Ыргайтынын колоту.
Карасуунун боюнан,
Баатыр Калпак чабылды.
Аламанды көп алып,
Төкөлдөшкө туу жабылды».
(Б.Солтоноев).
Бiр ғажабы, ежелден даладай дархан, мейiрбан жүректi, ер көңiл қазақ пен қырғыздай бауырлас халықтың ұлдары өзара қаншама қырқысып жатқанымен, жеме-жемге келгенде бiр-бiрiн өлiмге қимай, әлденеше мәрте бiтiмге келуге де әрекеттенiп бағыпты. Бiрақ амал не, жабайы дәуiрдiң қателiктi қанмен жуатын қатал заңы көбiне өз үкiмiн жүргiзген.
***
Осы орайда өткен ғасырдың отызыншы жылдары Наркомпрос Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Хан Кене» пьесасын сахнадан алып тастау туралы шешiм қабылдағаны еске түседі. Мұны құзырлы билік: «Пьеса қазақ халқының патшалық Ресеймен күрес тарихын дұрыс көрсете алмаған. Сондықтан оған бiрқатар түзетулер енгiзу керек» деген желеуге негiздеген екен. Спектакльге алғашқы қойылымынан соң-ақ тыйым салынуы бiрқатар қазақ зиялыларын қатты күйiндiредi. 1934 жылы мамырдың жетiсi күнi сол солақайлыққа сәйкес Ғабит Мүсiрепов ВКП (б) Өлкелiк Комитетiне, Левон Мирзоянға хат жолдайды. Сөйтiп: «...это неверное в корне требование. Пьеса построена (и правильно) на других рельсах, именно – она претендует на показ падение ханства и его последние отчаянные попытки восстановить уже развалившиеся к тому времени ханства. Исправление пьес нужно требовать исходя именно из этого положения» – деп, «Хан Кененi» қалайда қорғап қалуға әрекет жасапты. Бiрақ, Ғабеңнiң жандаусына ешкiм құлақ аспаған сияқты.
М.Әуезовтiң алғашқыда алдымен «Абылайға» кiрiссем бе, жоқ, «Абайға» отырсам ба, деп бiрталай толғанғаны белгiлi. Демек, о кiсi Кенесары қозғалысы тарихын жетiк бiлген. Пьеса сонау бастапқыдағы ниеттiң шағын ғана жемiсiндей көрiнедi. Және Мұхаң осы арқылы белгiлi тақырыптың қалай қабылданатынына барлау жасап байқады ма екен деген де ой келедi.
Жалпы, Кене хан күресiне кеңестiк жүйе кезiнде әдiл баға беру мүмкiн болмағаны түсiнiктi. Кеңестiк жүйе деймiз... Патшалық Ресей тұсында бұл бағытта қалам тербеу тiптен қиынға соққандай екен. Айталық, төрткүл дүниеге мәшһүр француз Жюль Верн Кенесары аса айбарлы хан бейнесiнде кескiнделетiн «Патша шабарманы» романының атын кейiнiрек амалсыздан «Михаил Строгов» деп өзгертуге мәжбүр болады. Бұл жөнiнде орыс қаламгерi Дмитрий Тихонов «Неизвестный «русский» роман Жюля Верна «Михаил Строгов», кроме нас, знает весь мир» аталған мақаласында былай дейдi: «...Царский курьер», несмотря на явные нестыковки, неправдоподобия и нелепости, вызвал у Тургенева одобрение. Первая публикация «Царского курьера» намечалась в журнале Этцеля «Учеба и отдых», который в России имел много подписчиков, и Этцель опасался, что журнал с романом может быть запрещен цензурой. Об этом его предупреждал и Тургенев, консультировавшийся у русского посла в Париже Орлова: «Князь Орлов написал мне, что охотно примет вас, – но у него мало надежды ввиду совершенного запрещения публиковать все, что непосредственно или отдаленно, в хорошем или дурном смысле касается императорского дома». Встретившись с Этцелем, князь Орлов предложил изменить название романа. Так, «Царский курьер» стал «Михаилом Строговым» и покорил под этим заглавием почти весь мир. Во Франции роман пользовался огромным успехом и выдержал только в одном 1876 году три (!) издания. А вот в России у романа судьба оказалась сложной: он был опубликован издателем Иваном Сытиным только через четверть века – в 1900 году, да и то в скверном переводе. ...Действие романа, предположительно, можно отнести ко второй половине XIX века. Жюль Верн, чтобы избежать неприятностей в России, не называет имени императора... В 1955 году в Монако выпустили марку с иллюстрацией к роману «Михаил Строгов». Далее этому примеру последовали Никарагуа, Мальдивские острова, Антигуа, Франция и даже маленькое островное государство Невис. Во Франции также было снято два художественных и один телевизионный фильм по мотивам романа. Причем после показа телефильма одна фирма так прониклась страданиями русских героев, что захотела организовать туристический маршрут по строговским «историческим» местам. Так что и во времена Жюля Верна, и сегодня Россия остается для всего мира загадкой. На том стоим»,– деп бiр кетедi.
Сонда бүкiл әлемге жұмбақ болып тұрған Ресей ме, жоқ, патшалық Ресей сияқты алпауыт мемлекетпен қоса Қоқан, Хиуа хандықтарымен арпалысып өткен қабылан жүректi Хан Кенедей ұлды дүниеге әкелген Қазақ елi ме?! Кейде бiздiң бұл жағынан да әлi күнге дейiн осылайша әдiлетсiздiк көрiп келе жатқанымыз көңiлге кiрбiң ұялатпай қоймайды. Ең жаманы, әлгiндей сыртқы жұрт көп жәйттi бiлместiкпен өзiне телiсе, төл тарихтан хабарсыз
болғандықтан бiздiң өзiмiздiң де шатасып жататын кездерiмiз аз емес. Өйткенi, көбiнесе жоғарыдай «түпнұсқаларды» басшылыққа алып дағдыланғанбыз...
Кейде қиялың шартарапты шарлап, Хан Кене даңқының асуына ең алдымен оның кезiндегi сол қас дұшпандарының өзi себепкер болғаны туралы толғанасың. Кенесарымен шарпысқан орыс генералдары кейiн жоғары әскери оқу орындарында Даланың таңғажайып соғыс тәсiлдерi туралы, Кенесарының қолбасшылық тапқырлығы жайында, осынау «Қара құйынның» бiрде сақ етiп аяқ астынан пайда бола кетiп, одан ес жиғанша жым-жылас қайта жоғалып, тағы бiр мезетте жай отындай жарқ етiп және көрiнiп... бақайшағына дейiн қаруланған тұрақты әскердi ит-әуреге салатыны жөнiнде тамсанып лекция оқыған. Сондай-ақ революцияға дейiнгi орыс тарихшылары да қаншалықты жауыққанымен, Кенесарыдай сұлтанның биiк парасатын, ересен қабылет-қарымын, көзсiз ержүректiгiн ерiксiз мойындайды. Хан Кене туралы ең алғаш жазғандардың бiрi, Орынбор қаласының мэрi Н.Середа: «Кенесары өз сарбаздарының кемеңгер көсемi бола бiлдi. Оның жасақтарының лапылдаған биiк рухына еуропалық қолбасшылардың қай-қайсы да қызғанышпен iштерi күйе қараған болар едi. Осы бiр аса дарынды тұлға өзгеше тәрбие алған жағдайда одан теңдессiз мемлекет қайраткерi шығатыны күмәнсiз едi!» дейдi. Ал орыс армиясының генералы В.Потто оны сайын даланың жеңiлудi бiлмейтiн сайыпқыран қолбасшысы, қырғыздың Шәмiлi, Дала көкжалы деп атаған. «Түркiстан тарихының» авторы Н.Павлов: «Кенесары өзiнiң бiтiм-болмысында қажымайтын-талмайтын Дала батырларының типiне жатады: ол, тегiнде, аса iрi дарынның адамы болса керек. Дала перзенттерiнiң «жыртқыштық» бостандығын сақтап қалу Кенесарының ұраны болды. Кенесары өзiнiң ақтық демi бiткенше Ресейдiң қас жауы болса да, мен оны «Түздiң соңғы батыры» деп атасам, өз Отанымның алдында күнә жасадым дей алмаймын!» деп ағынан ақтарылады.
Осылайша қаһарман атамыздың атағы Еуропаға, негiзiнен, орыс журналдары арқылы жайылады. Бiздiңше, Кенесарыдай таптырмас «романтикалық» кейiпкер iздеген Жюль Верн сол басылымдарда жарияланған очерктер бойынша оның қимыл-әрекетiн ыждаһаттана зерттеген секiлдi. Сол себептен де шығарма «қиял-ғажайып» емес, оқиға желiсi мен жер жайы, ұлт атауларының шындыққа мейлiнше орайласатынын аңдаймыз. Айталық, Кенесары әскерінің құрамында қазақтармен қатар патшалық Ресей отаршылдығына қарсы шыққан поляктар мен орыстардың, татарлар мен башқұрттардың, тіпті, бұдан да басқа ұлт өкілдерінің болғанын атақты француз жазушысы жақсы білсе керек.
Бiрақ «Шамның жарығы түбiне түспейдi» дегендей, бүкiл әлемдi тамсантып, Хан Кене қимылына негiзделiп жазылған әлгiндей тартымды шығармалардың өзiмiзге жете бермегенi өкiнiштi. Әйткенмен, Кенесары ерлiгiне байланысты халық iшiнде тараған аңыз-әңгiмелер жетерлiктей. Әлихан Бөкейханұлының «Бұл жағынан оның даңқы, тiптi, айбынды атасы Абылай хан даңқынан да асып түстi» деуi бекер емес. Қарап отырсақ, заңғар Мұхаңнан кейiн де қазақтың жауынгерлiк рухын iздеп, елдiң жоғын жоқтаған ұлтжанды ақын-жазушылардың бұл тақырыпқа қалам тартқандары едәуiр екен. Олардың арасынан, әрине, Мағжан Жұмабаев пен Iлияс Есенберлиннiң келбеттерi асқақ көрiнедi! Ал тарихшы ғалымдардың көш басындағы Ермұқан Бекмахановтың тұлғасын ешкiммен шатастыру мүмкiн емес. Егер жалпы, Хан Кене қозғалысына қатысты қалам тербеген ағаларымызды санамалай бастасақ, сала құлаш тiзiм пайда болатын сияқты.
* * *
Қарап отырсақ, атақты Ермұқан Бекмахановтың өзiнiң Кенесары бастаған азаттық қозғалысы туралы тарихи монографиясында сонау Белек Солтоноевтың дүниелерiне бiрталай сүйенгенi аңдалады. Айталық, Наурызбай сұлтан туралы қырғыз тарихшысы жазбасындағы: «Норузбай 23-25 жашынан озбогон, узун бойлуу, ак куба, бети жука, жаагы узун, көзү чекир сымал, шоошактары ичке, узун көкүл чачына маржан таккан, токтоосуз ойноктоп турган, сакал-муруту жок болгон. Минген аты ак-кызыл болуп, согушта оң жеңин кемерге кыстарып коломочтонуп жүргөн. Ал келип кыргыз менен эки жылы согушканда анын найзаны эки колдоп сайганын эч бир кыргыз көрбөгөн. Дайым найзаны бир кол менен сайган. Кызыл манат тыштаган кундуз тумагы болгон. Ичтен кара башайы күрмө, тыштан көк ноот тыштап, кундуз кармаган ичиги болгон. Качырып келе жатканда алдынан жаадырып мылтык атса да жалтанбастан, көзүн жумбастан келип, найза сайган...» дегендей суреттi Е.Бекмаханов еңбегiнен де көремiз. Тек о кiсi мұндай кескiндеменi ел аузындағы, халық шығармашылығындағы әңгiмелердi ұтқыр пайдалана отырып, тереңдете, дамыта түседi. Сондай-ақ ғалым әлгі әйгілі зерттеуінде арагідік көрнекті қырғыз тарихшысы еңбегіне тікелей жүгініп отырған. Мәселен, «Кенесарының сыртқы түрiнiң толық суреттемесiн Б.Салтабаев (Баспагерлердiң қатесi болуы мүмкiн, дұрысы – Б.Солтоноев. – Қ.М.) өз очеркiнде былай дейдi» – деп жазады ол, – «Кене хан ашаң, орта бойлы, жуан мойынды едi. Оның жүзi қараторы, тартымды, көздерi жалтылдаған бүркiттiкiндей қызыл және делдиiңкiреген едi. Кiшiрек мұрты және қалың, сына тәрiздес сары қоңыр сақалы бар. Ол аз сөйлейтiн және өзiн қаталдау, еркiн үлкен бiр бекзаттықпен ұстайды. Ол басына құндыз терiсiмен көмкерiлген кiшiгiрiм терi тымақ киедi. Киiмдерiнiң үстiнен түйе жүннен тоқылған
сұр шекпен жамылып, оның iшiнен кәмшат терiсiнен тiгiлген тон киедi. Жейдесi мен шалбары ақ матадан қолдан тоқылған».
Иә, қайталап айтайық, әйтеуір, қырғыз елiндегi Кенесары – Наурызбай оқиғасын сол шайқасқа тiкелей қатысқан жерлестерiнiң аузынан жазып алған көнекөз тарихшы Белек Солтоноев деректерi өте бағалы зерттеу екенi анық. (Қазақ пен қырғыз елдерi тарихына қатысты аса құнды еңбек қалдырған осынау көрнектi тарихшының өз тағдыры да күрделi. Ол да бiздiң көптеген арыстарымыз секiлдi 1938 жылы халық жауы ретiнде атылып кетедi).
Ретi келгенде, жоғарыдағы Б.Солтоноев жазбасына бiз де бiр-екi ауыз сөз қоса кетейiк. Кенесары атамыздың көк желкесiнен құйымшаққа дейiн созылған құлындiкiндей әжептәуiр қалың жалы болыпты. Сол сияқты ханның бiр көзi қызыл да, екiншi көзi жасыл екен...
***
«Ежелден еркiндiк аңсаған» дегендей, қазақтай азаттық сүйгiш елдiң айбынды ханының кескiн-келбетi 2002 жылы қыркүйектiң 21-iнде Көкше жерiнде Кенесары Қасымұлының 200 жылдығына арналған дүбiрлi шарада алғаш рет айшықталғандай едi. Мұндай айбатты серкесi бар арманы асқақ халықтың рухын өшiруге де ешбiр дүлей күштiң құдiретi жетпейтiндей екен. Осыны сол тойда жақсы айтқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елдi бiр серпiлткенi еске түседi. Президент сонда: «Мемлекеттiгiмiздi қалпына келтiрiп, отандастарын азаттық жолына бастап, тәуелсiз ел мұратын көздеген өз дәуiрiнiң сұңғыла саясаткерi, көрнектi қайраткер және мәмлегер, дарынды әскербасы Кенесары бiр жағынан Ресейдiң отаршылдығы, екiншi жағынан Қоқан мен Бұхар хандықтарының қолында быт-шыт болып кеткен қазақтың басын бiрiктiруге ұмтылған. Әттең, қазақтың басы бiрiкпедi!.. Сол сияқты тоталитарлық жүйедегi сыңаржақ идеология да еркiн ой айтуға бейiмдiк бiлдiрген жандардың бәрiн жазалап келгенi де ақиқат. Мәселен, Сәбит Мұқановтың «Балуан шолақ» хикаясының қырқылғанын және Кенесарының iс-қимылын Ұлт-азаттық қозғалыс ретiнде бағалаған белгiлi ғалым Ермұқан Бекмахановтың тарихты бүкпесiз көрсетуге тырысқаны үшiн жала жабылып, жиырма бес жылға бас бостандығынан айрылғанын бiлемiз. Бiрақ шындықты құртуға ешкiмнiң құдiретi де, құрығы да жетпеген. Бұл сөздiң ақиқаттығына бiз бүгiн тағы да көз жеткiзiп отырмыз», – деген едi.
Ал Елбасы осынау «Ұлы Даланың жеті қыры» аталатын мақаласында: «Еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет. Бұл бағытта қазақстандық ғалымдармен қатар шетелдік мамандар да тартылатын халықаралық көпбейінді ұжым құруға болады. Нәтижесінде, біздің қаһармандарымыздың өмірі мен қызметі жөнінде тек еліміздегілер ғана емес, сондай-ақ, шет елдегілер де білетін болады» деп қадап айтты.
Құлтөлеу МҰҚАШ,
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері
Қазақ үні