Қанат Жүнісов: Архив деректерінің бәріне сене беруге болмайды
2018 ж. 26 қазан
6368
5
Сәкеннің басы тағы саудада! Бұл жолы ҚР Президенті архивінің қызметкері, тарих ғылымының кандидаты Жұмажан Сүлейменнің «Сәкеннің Сталинге хаты» атты мақаласы «Ақиқат», «Жас Алаш» беттерінде, ғаламторда «салтанат» құрып тұр. Автор «Ерте ме, кеш пе жарияланбай қалмайтын бұл хат төл тарихымыздың бір қызық дерегі. Төменде алғаш рет баспа бетін көргелі отырған Сәкен Сейфуллиннің Сталинге жазған бізге белгілі жалғыз хаты» деп бастайды. Неге алғаш рет? Бұл хат 2007 жылы «Алаш қозғалысы» деген кітапқа орыс тілінде шыққан. Неше мәрте талданған. Ғалымдар құрастырған кітапты, ғалым оқымаған ба? Жақсы, оның сырын «тұңғыш қаһарман» өзі білер. Аталмыш баяндау хаттың бірнеше күмәнді тұстары бар. Архивтен шыққан құжаттардың бәріне бірдей сене беруге болмайды. Мысалы, Сәкен атылған уақыт бір құжатта 1938 жылы 25 ақпан десе, екіншісінде 1939 жылы (күні есіме түспей отыр, мұражайында бар) деп берілген. Екеуі де архивтен алынған құжаттар. Ал қайсысына сенуіміз керек? Сол сияқты Сәкеннің айыпталуында да сәйкес келмейтін екі түрлі құжат бар. Бұлар да архивтен алынған. Кезінде Қаратаев көрсетті деген адамдардың үстінен жазылған арыздардың көбінде ол кісінің емес белгісіз біреулердің почеркі тұрғаны айтылады. Ал түсініп көріңіз? Ол кезде НКВД не жасамады? Жазушы-ғалым Т.Жұртбай ағамыз айтып жүрген де осы хат болса керек. Бірақ ол кісі осы хат арқылы «Сәкен Совнарком төрағасы қызметіне алынды» депті. Хат 1925 жылы 22 мамырда жазылған дейді мыс. Ал Сәкен 1922 жылдың соңына қарай сол қызметке келіп, 1924 жылы күзде, одан сегіз ай бұрын орнынан түсіп қалған. Қисынға келмейді. Төмендегі деректерді ескере отырып, баяндау хаттың күмәнді тұсарына назар аударайық. «...Сәкен Сейфуллин 1925 жылдың 25 мамырында Сталиннің қабылдауында болған. Тіркеу тізіміне «быв.пред. Совнаркома Киргизии» деп қағазға түскен. Екеуара қандай мәселе қозғалғанын дөп басып айту қиын. Сәуегейлік жасау абырой әпере қоймас.» («Сталиннің қабылдауында болған». Зарқын Тайшыбай, профессоры. 13.04.2016ж. Егемен Қазақстан). Хатқа келейік. Бірінші, аталмыш хат 22 мамырда жазылған екен. Ал 25 мамырда Сталиннің қабылдауында болған адам 22 мамыр күні Қазақстанда отырып баяндағандай осынша ұзақ хат жаза ма? Екінші «Хаттың біздің архивтегі нұсқасында Сталиннің оны оқыған оқымағандығы жөнінде белгісі жоқ. Әдетте қойылатын кеңселік тіркеу белгілері қойылмаған.» (Ж.С). Мұны қалай түсінуге болады? Тіркелмеген құжат айғақ па? Үшінші, автор бұл хат 60-жылдардың бас кезінде Сәбит Мұқановқа белгілі болған, Мәскеуде марксизм-ленинизм институтынан көріпті дейді. Олай болса бұл Мәскеудің архивінде жатса керек еді, біздің мұрағатқа қашан, қалай келген? Төртінші, баяндау хатта тек «киргизия» деген сөз қолданылады. Бізде 1925 жылы 15-19 сәуір аралығында Ақмешітте өткен Қазақ Советтерінің V съезінде Қырғыз АССР –ін Қазақ АССР деп өзгертуге шешім қабылданбап па еді? Қырғыз деген атауға қатты қарсы болып «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік!» деп «Еңбекші қазаққа» тоғыз мәрте мақала жазған, ҚАЗАҚ деген тарихи атауымызды өзі қайтарған С.Сейфуллин, ҚАЗАҚ атымыз қайтарылған тұста неге бастан-аяқ «киргизия» деп көсілген? Бесінші, бұл хатың ескі машинкаға орыс тілінде басылған бір нұсқасы Астанадағы С.Сейфуллин мұражайында 1989 жылдан бері тұр. Мұражайдың ғылыми қызметкері Гүлнәзия Болатқызы «ол құжатта Сәкенің өз қолтаңбасы, тіркелген белгілері жоқ, машинкамен басылған» дейді. Әрі хатта нақтылық пен жинақылық жоқ. Осынша көпірменің бірінші хатшыға түкке керегі жоқ екенін білмейтін біреудің қолтаңбасы секілді. Осы сияқты күмәнді тұстары жетерлік. Дегенмен, мен әзірге бұл хатты растауға да, жоққа шығаруға да қадам жасамаймын. Күмәнді тұстарын бұрыннан айтып жүрмін. Тыңғылықты зерттеуді қажет ететін дүние. Мұны қазақ тіліне аударып басып жүргендердің мақсаты маған белгісіз. Сталинге ешкім қазақ тілінде хат жолдамайды ғой. Қателеспесем, президент мұрағатынан арнайы нұсқау болмаса құжат жариялауға рұқсат жоқ секілді еді. Әйтеуір арыстарды тыныш жатқызбайтын болдық. 1937-38 жж бес ай бойы түрмеде тергеліп, ұрып-соғудан бір көзі шығып, қабырғасы, тістері сынып, тырнақтарының астына ине жүгіртіп, мұртын талдап жұлғанда қыңқ етпей, ешкімді сатпай, тағылған айыптардың ешқайсысын мойындамай қасқайып тұрып атылып кеткен Сәкен, ай-күннің аманында осындай әрекетке бара қояр ма екен. Сонымен бірге «Тар жол тайғақ кешу» романында Сәкен алашордалықтардың тізімін жасап берген деген пікір талайлардың көкейіне берік орнығып қалған. Тарихқа тағы бір үңілейік. Роман алғаш 1927 жылы кітап болып шықты. Сонда 1927 жылға дейін алашордалықтардың тізімі орталыққа құпия болып па? Оны 1918 жылы Ленинге Алаш қайраткерлері өз қолымен тапсырған. Әрі романдағы материалдар әлдеқашан «Қазақ» және «Сарыарқа» газеттеріне шыққан мақалалар. Роман жарыққа шыққанда Алаш азаматтарының ешқайсысы Сәкенге мынауың өтірік деп жазбапты. Тек Н.Төреқұлов «Еңбекші қазақ» газетінің 296 санында романның тарихи емес көркемдік жағын қатты сынаған. Айта кетерлік бір жай түпнұсқада Сәкен қарсы жақтың ұстанымын өткір сынағанымен, қазақтың оқыған ақ жағалылары деп оң шырай таныта отырады. Кейін көп жері бұрмаланып кеткен. Түпнұсқаны оқыңыздар. Сәкеннің ұлы істері жетерлік. Ұлттың ұстазы деп А.Байтұрсыновтың 50 жас мерейтойын өткізді. М.Жұмабаев түрмеден шыққанда көмек берді. Шәкәрім қажының кітабын шығарды. Ал сол Советтік кезеңде, кеше ғана Алаштың көсемі болған Ахаңды, алаш сотының биі болған Шәкәрімді, алашшыл Мағжанды құрметтеу, бағалау нағыз азаматтық, нағыз ерлік еді! 1974 жылы Т.Кәкішевке берген сұхбатында Ғ. Мүсірепов «қазір Сәкен анаған қарсы болыпты, мынаған қарсы болыпты деген секілді әңгіме көбейіп кетті. Оның бәрі бос сөз. Сәкен адам ретінде де, басшы ретінде де біреуге жақсылық жасаудан басқаны ойламаған жан еді» дейді. («Тұғыры биік тұлға», «Үш қиян» баспасы 2002 ж) Сәкеннің ұлының атын Аян деп М.Әуезов қойған. Алаш қайраткері Әлімхан Ермеков «Сәкенді қызылдар жағында, ал біздерді «орда» жағында болды демесеңдер, Сәкен бізге қарағанда әлдеқайда ұлтшыл еді» дейді екен. Солай бола тұра арыстардың арасына «қытай қорғанын» соғып жүрміз. Ақынның қай ісін алсаң да ұлтына деген махаббаты айқын көрініп тұрады. Алашты жеккөрінішті қылу үшін Совет үкіметі Сәкеннің атымен талай нәрсе жасаған. Солардың байыбына бармай жатып байбалам салатындарға түсінбеймін. Сол заманда дәл осылай жел сөзге еріп жүз мыңнан аса зиялыларымызды ұстатып, Сібірге айдатып, отыз мыңдайын атқызып жібергеніміз аз ба? Өсекке де, өлімге де оңай қия саламыз. Орталықтан қанша қысым көрсе де басқа ұлттар бірін-бірі қорғап қалмап па еді. Жаялығы кеппей жүрген жастарды қойшы, ақсақалдық жасқа келген кейбір көрнекті ағалар ұлттың емес рудың сөзін сөйлеп жікшілдік жасап отырады. Сәкеннен басқа коммунист таппай «қиналады». Баспасөз бен желіні ашып қалсаң феодалдық заман секілді. Негізі қазақ зиялыларының қудалануының себебін А.Богачев, Н.Мартыненко, С.Брайнин, Ш.Шапиро сынды сол кездегі жазушылардың еңбектерінен, орталықтың құпия жоспарынан іздеген жөн болар. Сәкен оқтаулы мылтықтың алдында тұрып ұлты үшін қаншама ұлы істер атқарды. Елім деп қаншама рет басын бәйгеге тікті. 1932 жылғы ашаршылық кезеңінде «Қызыл ат» поэмасын, «Біздің тұрмыс» драмасын жазып баспасөз беттерінде Голощекинге ашық қарсы шықты. Мемлекет болып қалыптасуымызда алғашқы қазақ үкімет басшысы Сәкеннің шапағаты тимеген сала жоқ. Әдебиет пен мәдениетке Сейфуллиндей үлес қосқан жандар санаулы. Солардың бірін де ескермей, әлі толық зерттелмеген күмәнді хатты ұрандатып, аруаққа үкім шығарып отырғандар көп. Ақ пен қызылдың айқасқан заманында, идеялық тартыстар кезеңінде ешкімге оңай тимеген. Академик М.Қозыбаевтің мына бір пікірі соған айқын дәлел. «Алаш» жетекшілерінің 1916 жылғы көтеріліс кезіндегі позициясын Тұрар, Сәкен т.б түсінбеді деп кінәлау қиын. Тұрар, Сәкен, Бейімбет дүркірей көтерілген қалың халықпен болды, оның трагедиясын көзімен көрді. Олар отаршылыққа қарсы шыққан қалың елмен болды. Ол большевиктік үгіттің нәтижесі емес еді. Ол атадан балаға мұра болған жол еді. Ал Қазан төңкерісінен кейін Ресей қоғамы екіге бөлініп, екі ұдай атысып, шабысып жатқан уақытта әділдік тек ақтар жағында болды деп айту қиын. Егер Анненков келіп, орыс-қазағын қырып, әйелін қорлап, қызын зорлап, малын тартып қанжығалап жатса, ал «Алаш» осы Каледин мен Колчакпен бірлесіп жатса, Колчактың ажал вагонында отырған Сәкен қалай оларды аялауы керек? Ендеше біз өткенді саралағанда диалектикалық өлшеммен қарағанымыз абзал. Сөз жоқ Алаш ұстанған реформалық бағыт стратегиялық жағынан дұрыс. Оны тарих көрсетті. Бірақ сол дәуір оны дәлелдей алмады...» («Ғасыр қасіретін арқалаған арыстар». М.Қозыбаев, академик. «Егемен Қазақстан», №125 12.08.1994 ж). Әлекеңдер Алаш идеясымен, Сәкендер Советтік идеямен халықты бақытқа жеткіземіз деп ойлады. 1917 жылғы 2 қарашада большевиктер партиясының шығыстың барлық мұсылман халықтарына үндеу жасап, езілген ұлттарға өзін-өзі билеу құқұғын береміз дегеніне тек Сәкен емес миллиондаған адам сенді. Анненковтың лаңын көрген ақын жарылқаймыз деп ұрандатқандарға ерді. Қалайық, қаламайық ол сондай аласапыран заман. Хат тұрмақ (хат егер рас жазылса), өте қатыгез қадамдарға барған, талай қандастарының қанын жүктеген ірі қайраткерлер де болды. Бірақ солардың бәрінің аттарын атап, айғайлап айту жалпы халыққа түкке де қажеті жоқ. Ол тарих, уақыт солай шешкен. Қазақ зиялылары әртүрлі жолды таңдағанымен бәрінің мақсаты елді бақытқа жеткізу еді. Әрқайсысы бір бір шың! Аласартуға асықпайық. Бізде онсыз да төбешіктер көп. Ғылымның мақсаты ақиқатқа жету десек те, ұлттық тұтастық үшін «ақырын жүріп, анық басқан» жөн-ау.
Аталмыш хаттың жүз пайыз анық-қанығына жету үшін тек Қазақстанның емес, кемінде Мәскеудің, Орынбордың мұрағаттарын ақтару керек. Алла қаласа нақты жауап беретін күн келер. Уақыт керек. Пікір айтқан дұрыс шығар, бірақ бас-көзге қарамай төпелей жөнелетін біржақтылықты қойғанымыз абзал. Ал айтпасам шыдай алмаймын дейтін шын мықтылар болса, бүгінгі күннің ащы шындықтарын айта тұрсын.
Қанат Жүнісов,
Қазақ үні