Қабдеш Жұмаділ: Солақай саясат Шыңғысханды түрік емес, моңғол етіп көрсетуге тырысты

Жарты әлемді жаулаған ұлы Қаған – Шыңғыстың дүниеден өткеніне сегіз ғасыр өтсе де, ол туралы айтылатын әңгімеге нүкте қойылған жоқ. Айтылып жатыр, жазылып жатыр. Ұлы қағанның ұлылығы, даналығы, немесе қанішерлігі жөнінде.

Өйткені мың жылда бір келер ұлы тұлғанның ұлылығы сол – іздеусіз, елеусіз қалмауында.

Үнемі аты жаңғырып тұруында. Өзге жұртты былай қойып, өз

қазағымыз Шыңғысхан қазақ деп айтуға көше бастадық.

Бұл қаншалықты қисынды? Білмедік. Тіпті жазушы Бексұлтан Нұржекеев «Шыңғысхан Жалайыр. Ол Жетісудің түлегі. Іле өзенінің жағасында, Түргеннің маңайында туған» деп, өз қолымен тудырып алғандай айтады.

Ұлытауда жерленген. Алашханның моласы сол Шыңғыс қағандікі деп өз қолымен жерлегендей батыл болжамдар жасап, мақалада жазды.

Қайдам?

Бір жазушы солай жазды екен деп өзге әлем Ұлы қағанды қазақ екен деп мойындай қоюы екіталай.

Сондықтан өзге халыққа Шыңғысты қазақ деп айтқаннан гөрі, қағанды «иісі түркі жұртының біртуар ұлы тұлғасы» деп мойындата алсақ та жарады.

Қазақтың өткен тарихындағы ұлы тұлғалары жөнінде бірнеше кітап жазған атақты жазушы Қабдеш Жұмаділ де осындай пікірде. Ол былай дейді:

– Құдайға шүкір, қазір кезінде айтылмаған шындық айтылып жатыр. Тасқа басылып, қатталып жазылып жатыр. Елдің көзі ашылды. Бұрыс пен дұрысты таразылады. Тәубә! Қазір біз жоңғар заманынан өтіп, Шыңғысхан дәуірін зерттеуге көштік. Ұлы қаған ешқандай моңғол емес, таза түркі екенін дәлелдеуге тырысып жатырмыз. «Моңғолдың құпия тарихы», сол секілді Рашид ад-Диннің «Жылнамалар тарихы» секілді дүниелер кезінде дұрыс аударылмаған. Меніңше, әдейі аудармаған секілді. Осыдан келіп қателіктерге ұрындық. Шыңғысхан түрік. Ал осы «түрік» деген сөзді әдейі қоспаған. Сол тарихи дүниелерді қазір қытай тіліне жетік білетіндер қайтадан аударып жатыр. Шындық әлі айтылады. Оның бүкіл нояндары түркі тайпаларынан шыққандар, қайын жұрты, нағашы жұрты қоңырат. Тарихты жетік білетін Мұхтар Мағауин «Шыңғысхан және оның заманы» дейтін төрт томдық кітап жазды. Бар ащы шындық сонда көрсетілген. Өзге де зертеушілер Шыңғысханның түрік екеніне көз жеткізді. Солай деп көрсетуде.

Кейбір империялар тарапынан жүргізілген кезіндегі солақай саясат Шыңғысханды түрік емес, моңғол етіп көрсетуге тырысты. Өйткені ұлы Қағанның түрік екенін мойындау, Шыңғысханды түрік деп тану – сан-салалы түрік жұртын қайта көтеру, рухын оятып жіберу деп ұғып, одан қорықты.

Енді қазір біз ұлы Қағанды қалай да әлемге түрік екенін мойындатуға күш салуымыз керек.

Мәселе,

оны қазақ деп, мына тұрған Түргенде, Жаркентте туған, сол жерде өсіп-өнген деген өтірікті айтпауымыз керек.

Бұрхан-Халдун қайда, Жаркент қайда? Өтіріктің құйрығы бірақ тұтам деген.

Мәселе, Шыңғысханның қазақ болуында емес, мәселе оның «арғы атам ер түрік» деп кешегі алаш зиялылары жырлағанындай, түркі азаматы болуында. Біз осы жағынан келуіміз керек».

Сіз не дейсіз?

Ақшарқат Ахметбек,

Дереккөз: kaz.365info.kz