Олжас Әбіл: Қазақтың көптеген рулары - Алтайдан келген Телелердің ұрпақтары
2018 ж. 28 тамыз
6497
0
Тарихтан мол хабары бар інім екеуміздің сібір - алтай халықтарының тарихына, дәстүрлеріне, мекендеріне үңілгенімізге біраз уақыт болды, бірақ оған деректер шикілеу болғандықтан баспай жүрген едік, осы жақында Серік Дәулетов есімді азамат, Алшын шежіресін жазып онда осы біздікіне ұқсас деректерді жазған екен.
Меніңше бұл деректерге тек қана Алшын шежіресі аздық етеді, бұл одан да үлкен ауқымды дүние, тек осыны дұрыс сөйлете білу керек сияқты.
Суретте Тыва республикасындағы Алтай тауының етегінде орналасқан Алаш өзені. Бұл өзен сол маңдағы " Ақ топырақ" елді мекеніне жақын ағады екен. Тыва тілінде Алаш атауы КӨК деген сөзді білдіреді. Біздің Алаш деген ұранымыз осы Көктүріктермен бірге Алтайдан еріп келген сөз ба екен... ал мына өзен бір кезде көктүріктер үшін бір маңызы бар өзен болды ма... тек қана жорамал. Тыва республикасында тағы Тұран өзені бар екен. Тываның шығысында Қарға өзені орналасыпты. "Қарға тамырлы қазақ" деген сөздің бұл өзенге қатысы бар ма оны да кім білген. Жалпы, Қарға деген елдің атауы екенін білген жөн, Абакан хакастарында Су қарға, Тау Қарға жәй Қарға деген рулар бар. Ары кеттік, Тыва елінде Мұқыр, Нарын, Ойық, Түрген, Шу атты өзендер бар, бұл елден сіздер тағы Шақпақ атаулы тау мен Баян көлін табасыз. Бұндай атаулар бізде де бар, құдды ана жақтан алып келгендейміз. Тарбаған атты тау бар Тывада, бізде ол Тарбағатай. Одан, Тывадан батысқа қарай жүрсеңіз, Алтай республикасындағы Төлес көлін көресіз, бұл көлдің атауы Көктүріктердің мұрагері Теле - Төлестердің атымен тікелей байланысты. Алтай республикасында тағы Шу және Арғыт деген үлкен өзен бар, Алтайдың солтүстігіндегі хакастарда бұрын Кіші Арғын, Үлкен Арғын деген рулар бопты. Енді жоғары қарай Хакасияның оң жағына Кемеров облысына шықсаңыз, Алатау тауын көресіз, жергілікті орыс оны "Кузнец Алатауы" дейді (суретте). Алатаудың солтүстік жағынан Беріш өзені мен Беріш көлін көресіз, тағы осы Алатау тауының бір массиві Шергеш деп аталатыны да қызық. Осы Кемеров облысынан сіз Шөміш, Таз өзендерін табасыз, бір кезде бұл өңірде біздің шөмішті табын мен таз елі тұрды ма, оны кім білген. Ал батысқа, ішкі Ресейге қарай жер - су аттары орыстана берген, мен атап отырған атаулар сақталып қалған және бір қарағанда көзге ұрып тұрған түркі атаулары, ал көзге жасырын қуыстағы шағын түркілік жер су атаулары бұдан да көп екені белгілі. Енді, 1720 жылдары осы өңірге келіп орыс өкіметінің атынан тұңғыш Сібір картасын жасаған Страленберг есімді швед офицерінің жазбасын қарайық. Ол Хакасияның солтүстігіндегі Шұлым - Ұжыр болысындағы ру - тайпалардың тізімін хатқа түсіреді. Осы, сол жылдары жазылған тізімнен сіз 70 тен аса ру - тайпалардың арасынан Ысық, Шу, Теле, Бұғы, Ұлы Әжік, Кіші Әжік, Адай, Көк Адай, Ақ Адай, Керей, Жағалбайлы, Сары, Арғын, Ұлы Арғын, Алаш, Торы, Алтай, Айғыр, Ергін, Алтын, Табын, Саяқ, Қозған, Қият, Таз, Нөкіс, Кете, Маңғыт, Мажар, Найман, Дулат, Үйсін, Төлеңгіт деген руларды көресіз. Бұл рулар ол кезде "Ақ өз", "Қара өз" атаулы Хакасияның солтүстігінде орналасқан өзендердің маңын мекендеген екен. Бұл бергі 18 ғасырдың бас кезі. Жалпы, біздің Кіші Жүздің Беріш, Шөмекей, Кете, Таз, Төлеу сынды және басқа да көптеген руларын тағы да біраз Орта жүз руларын осы Алтайдан келген Көктүрік - Телелердің ұрпағы деп жорамалдауға болады, бұл рулардың атаулары көне түрік балбал тастарында да кездеседі, ал мына атаулар олардың бір кезде салған тарихи іздері.
Олжас Әбіл, Қазақ үні