«Сталинді атқаны үшін» сотталған қазақ туралы білесіз бе?
2018 ж. 15 маусым
17374
2
«Оn'tu'stіk Qazaqstan» газеті қазақтың басындағы қасаң жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған Ермекбай Пернебаевтың басынан кешкенін жазыпты. Ермекбай ақсақалдың тауқымет-тағдыры да бір кітапқа арқау боларлықтай екен. Ол 1922 жылы Төле би ауданында туып, Екінші дүниежүзілік соғысқа бөлімше командирі болып қатысқан. Ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, бірқатар медальдармен марапатталған екен. Ауылға келгеннен кейін 10 ұжымшарға қарасты аймақта тәртіп сақшысы, учаскелік инспектор болады. Осы қызметте жүргенде болған сұмдық оқиға құқық қорғау саласында жүрген аяулы азаматтың бұдан былайғы өмірін күрт өзгертіп, сау басын саудаға салып қойған екен. Оқиға 1949 жылы 27 қазанда болған. Қысқаша айтқанда инспектор кеңсе жанында жүрісі күдікті автокөліктің жүргізушісін тексереді. Сүйтіп тұрғанда кеңседен екі орыс азаматы және таң атпай спиртті ішімдік ұрттап алған жергілікті бес тұрғын учаскелік милиционерге жабылып, соққыға жығады. Әлгі орыстың бірі мойнынан қылғындырып жатқанда, Ермекбай Пернебаев табельдік қаруын алып, оны атып өлтіреді, екіншісін жарақаттайды. Сөйтсе қайтыс болған облыстық тұтынушылар одағының экспедиторы, отставкадағы подполковник болып шығады. Бұл іс сотта үш рет қаралады.
«Біріншісінде аудандық сот учаскелік милиционердің әрекетін ақтағанымен, сол кездегі билік басында отырған кейбір шовинистік пиғылдағылар сот ісін Алматыдағы әскери трибуналға алдыртып, Ермекбайға қиянат жасап, жала жабады. «Өлген адамның қалтасында 25 сомдық бір бума ақшадағы Сталиннің шекесіне оқ тиді. Демек, Сталинді атты» деп өлім жазасын сұрайды. Тәртіп сақшысының қызмет бабында өзін-өзі қорғағаны ескерілмейді. Ақыры «кісі өлтіргені үшін 25 жыл», «Сталинді... атқаны үшін» тағы 5 жыл қосылады. Барлығы 30 жылға кесіліп, Ерекеңді Коми АССР-іне айдатып жібереді. Ермекбайдың соңында аяғы ауыр жас жұбайы жылап-сықтап қала береді. Кейін оның рұқсатымен әйелі тұрмыс құрады да, жетім бала өзгелерге көз түрткі болмас үшін нағашыларының тәрбиесінде қала береді».
Е.Пернебаев қатаң режимде 10 жыл жазасын өтеген жырақтағы Ухта қаласының түрмесіне Мәскеуден КСРО-ның кешенді инспекторлық тексеруі келіп, «Бұл іс әділетсіз шешілген» деп бұрынғы тәртіп сақшысын түрмеден босатады. Ермекбай елге қайтуға жүрексініп, сол жақта қалып қояды. Тек 1981 жылы Шымкент қаласына көшіп келіп, 1949 жылы дүниеге келген, нағашыларының тәрбиесінде өскен ұлы Қуанышпен 1988 жылы табысады. 1996 жылы қайтыс болған Ермекбай Пернебаевты тек 2005 жылы Қазақстан өкіметі «Саяси қуғын-сүргін құрбаны» деп таныған екен.