«Әкемнің тағдырын айту жүрегіме шаншудай қадалады» деген Саят Ілиясұлы бұған дейін бұрмаланып келген бірқатар деректердің ара-жігін ажыратып, баяндап берді.
«Замандастарының айтуынша, әкем ұсталар алдында Жазушылар одағын басқарған екен. Қыста қалада тұрақтағанымен, жаз жайлауға шығатын дағдысы болған. Демалысында далада жатып, шығарма жазғанды ұнатады екен. Менің естігенім, әкемді жайлаудан тұтқындап, алып кеткен. Алматыдағы үйін тінтіп, шығармаларын, қолжазбаларын ту-талақайын шығарып, көзін жойған. Әкемнің қолжазбаларын арбаға тиеп әкеткенде, іргелес көрші Сапарғали Бегалин көріп қалып, алысып жүріп, әкемнің бір кітабын сақтап қалған дейді. Сол кітап «Құлагер» поэмасы екен. Қуғын-сүргін жылдары артта қалып, әкем ақталғанда Фатима Ғабитоваға аманаттаған.
1938 жылы 26 ақпанда әкемді түнде атқан. Алматының іргесіндегі Жаңалық ауылында құлағалы тұрған үйлердің іргесіне тастай салған. Жендеттер үйдің қабырғасын үстіне құлатып, көмбей жөніне жүре берген. Фатима Ғабитоваға бір айдан соң «Сіздің күйеуіңіз Сібірдегі лагерьлердің бірінде жүрек ауруынан қайтыс болды» деген мазмұндағы хат келген дейді замандастары. Түрмеден келген хаттарда «Алашордалықтар айдауға кеткен, байланысуға болмайды» деп шындықты бізге айтпаған», – дейді Саят Ілиясұлы.