«Алаш» медальдары тапсырылды
2018 ж. 02 ақпан
10310
0
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде «Ақ жол» партиясы және Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының біріккен жобасы бойынша «Алаш» ұлттық автономиясының 100 жылдығының құрметіне» арналған естелік медалімен марапаттау рәсімі өтті.
Осы аталған медальді ел мүддесі жолында еңбек етіп келе жатқан өңірімізге танымал бір топ зиялы қауымға Семей аймақтық «Ақ жол» партиясының төрағасы Рахат Алтай арнайы табыстады. Алашорда үкіметінің негізін қалаған арыстарымыздың Тәуелсіздік жолында жанкешті еңбектерін жан-жақты насихаттап келе жатқан жерлестеріміз де аз емес. Естелік медальмен Б.Жүнісбеков, А.Омаров, Т.Шаңбай, Е.Жетібаев, А.Мұхамедчинов, С.Сыпатай сынды азаматтар марапатталды.
Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысы «Ақ жол» партиясы филиалы төрағасының орынбасары Бүркітбай Сұлтанов Алаш қозғалысының 100 жылдығын атап өту шарасына ұйымдастыру жұмыстарына белсене атсалысқандарға ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы мен «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының төрағасы А.Перуашевтың алғыс хаттарын қаламызға белгілі алаштанушы ғалымдар мен БАҚ өкілдеріне және Алаш қозғалысының 100 жылдығы қарсаңында қолдау көрсеткен тұлғаларға табыстады.
Шара барысында М.Төлебаев атындағы музыкалық коледжінің ұстазы, әнші-сазгер Самат Сыпатай пен Серік Құсанбаевтың сөзіне жазылған «Арыстар қайда?» әнін орындап, көпшілікті ерекше әсерге бөледі. Сондай-ақ, Абай шаңырағының ақындары Қ.Сабырбай, Б.Ахмер Тәуелсіздікке арналған жалынды өлеңдерін оқыды.
Марапаттау рәсімінен бөлек, шараға қатысушы қонақтар «М.Әуезов – Алаш арыстары» музейінің экспозициясын және Абай музейінде орналасқан Ш.Құдайбердіұлының 160 жылдығына арналған «Әрқашан ұмытылмасқа...» көрмесін тамашалады.
Шара соңында жиылған қауым Алаш көсемі Ә.Бөкейханұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, баба рухына тағзым жасады.
«Ақ жол» партиясының баспасөз қызметі