ЕЛІМ ДЕП ӨТКЕН ЕР ЖАЛАУ
2018 ж. 22 қаңтар
3588
1
"Мен үшін ең ұлы қорғаныс ұясы, ең ұлы көмек көзі - ұлтымның кеудесі. Сондықтан да мен ұлтымның кеудесін ешкімге бастырмау үшін барымды саламын". Бұл қазіргі Түркия республикасының негізін салушы Мұстафа Ататүріктің жүрекжарды, қанатты сөзі. Құлқынның құлы емес, ұлтының ұлы болу мінезге тəн жоғары қасиет. Бізге дейінгі арыстардың тілге тиек қылып, көксеп өткені де сол еді.
Қазақтың қай жері болмасын, топырағы тұнған қасиет пен қасіреттің, табиғат пен тарихтың тамырлас болған мекені деп айтар ек. Оған дəлел жоқ емес!
Жұртының жағасын жыртпай, жоғын жоқтап, барын түгендегенді халқымыз арыс дейді. Сондай арыстардың бірі - Жалау Мыңбайұлы.
Жеті жұрт жай тапқан Маңғыстаудың үнімен үндесіп, тарихымен тілдескен, рухы биік Жалау Мыңбайұлы хақында қалың жұртшылық соңғы жылдары ғана таныс бола бастады.
Ол - уақыттың иініндегі кесек тұлға болатын.
1892 жылы қазіргі Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданында туған Жалау Мыңбайұлының өмірі өте күрделі. Ең алдымен 1905 жылы сол кездегі Форт-Александровск қаласындағың орыс-қазақ училищесіне оқуға түседі. Есейе келе Қатықбұлақ тұз кәсіпшілігінде арбакеш болып қаражұмыс жасап, көп ұзамай Тұзшылар кəсіподағының төрағасы болған еді. Саяси көзқарасы да сол кезеңдерде қалыптаса бастады.
Өз уақытында "Бірлік" жастар ұйымына басшылық жасады, Адай ревкомының жəне де Бөкей Губерниялық атқару комиттетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Ел үшін туған ерен тұлғаның мақсаты мығым болды. Сталинмен жақын байланыста болып, қолынан келгенін жасап бақты. 1925 жылы Қазақстан Орталық атқару комитетінің төрағалығына сайланды. Патша үкіметі кезінде тиым салынған Наурыз мерекесін тойлатып, "Қазақ" деген атымызды жоғалтқан тұста Киргиз атауымызды ресм түрде "Қазақ" қылып өзгерткен есіл ерді насихаттау ортақ іс. Бұл тұрғыда Алашшыл, елтұтқа жастар кенде қалып жатқан жоқ.
2018 жылдың 15 қаңтар күні Қазақстанның "Ақ жол" Демократиялық партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы "Ақ жол - жастар" жастар қанатының əуесқой əртістері Астана қаласы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының төрінде Жалау Мыңбайұлы хақындағы "Елім деп өткен ер Жалау" атты тарихи қойылымын сахналады.
Тарихи қойылым авторы - жазушы, ұстаз, драматург Өтен Ахмет, режиссері - "Ақ жол - жастар" жастар қанатының жетекшісі Алия Исаева. "Ез мұраты - көрешек, Ер мұраты - келешек" - дейді. Келешегін ойлаған ұлт қайраткерлері Сұлтанбек Қожанов, Мұстафа Шоқай ақын Иса Байзақовтар көрініс тапқан қойылымның қазіргі жастар үшін маңызы жоғары екені даусыз. Себебі, алай-дүлей, аласапыран уақытта ұлт ісін көтеру жүзі өткір ұстарының үстімен жүрумен бірдей еді. Қойылымдағы Жалау Мыңбайұлының шыбын жанын бəйгеге тігіп, Мұстафа Шоқайды теңіз арқылы шет елге шығарып салу сəті көптің көңілін босатты. Ыстық құшағын айқара ашып, заманның зауалына налымай, болашақтың бағыта ұмтылу керектігін олар ерте түсінді. Сұлтанбек Қожанов пен Жалау атамыздың екеу ара диалогымен, сайтанның сыңары Голощекиннің мысқылы, ұлтынан безген сатқынның жағымпаздығы көрерменге əсер сыйлады. Оның ішінде есте
қалар тұсы Голощекин мен Жалаудың текересі болды. Сөзінің қисығы көп, қисыны жоқ Голощкин елден алым-салық жинауды тапсырып, төзімін сынаған тұста "Пір Бекет ата" - деп, жұдырын түйген Жалау Мыңбайұлының сайтанның сыңарын ұрып құалатқаны тым ерекше болды. Көрерменнің айызы қанған болар. Патша əулетін тұяқ қалдырмай қыру арқылы Сталинге жаға білген Голощекиннің бейнесін жұрт қабылдай білді. Өмір болған соң трагедия қатар жүреді. Жалғыз ұлы Ескендірдің өлімі жанына батып, түңілгені, жары Күмістің адалдығы, қан құсып, қапа болып өзінің өмірден өтуі толық қамтылған қойылым соңында көрермен қарасының көзіне жас алып, көңілдерінің босағандығы анық байқалды. Қойылымнан соң, сахна төрінде ҚР Ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбаев Жалау Мыңбайұлы туралы айтып өтіп, ризашылығын білдірді. Одан əрі Еуразия университеті жанындағы Алаш институтының жетекшісі, ғалым Сұлтан-Хан Аққұлұлы өз əсерімен бөлісіп, қойылым авторы, жазушы, драматург Өтен Ахмет насихаттау тұлғаларды насихаттау еректігін тілге тиек етті. Марапат мерейді өсіреді.
Сонымен бірге, Қазақстанның "Ақ жол" Демократиялық партиясы Орталық кеңесінің хатшысы Сəбит Байдалы Алашқа елеулі үлесін қосқан азаматтар ды Алаштың 100 жылдығы төс белгісін табыстап, белсенді жастарды алғыс хаттармен марапаттады.
""Ұлтына, жұртына қызмет қылу - білімнен емес, мінезден. Əлихан Бөкейханның осы сөзін ұғына білу арқылы шынайы кемелдікке жетеміз. Жастардың бойындағы патриотизм ұлтын, ұлы тұлғаларын сүю арқылы қалыптасады". Осылай деп сөз алған Қазақстанның "Ақ жол" Демократиялық партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Матанв Жаңбырбай Жəнібекұлы əуесқой əртістердің еңбектерін атап өтіп, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Койчукулов Жанұзақ,
Қазақ үні