Константинопольді кім алды?
2018 ж. 17 қаңтар
16303
12
Мұхаммед (с.ғ.с)пайғамбарымыздың сахабаларына қарата айтқан: «Менен кейін Мысыр алынады. Мысыр халқымен жақсы қарым-қатынас жасап, оларға жұмсақ қараңдар.Өйткені араларыңда туысқандық бар, сендер оларға жауаптысыңдар» деген хадисі бар.
Ол кезде (395-645 жылдары) Мысыр Византияның бір уәләяты болатын. Ұзамай Хазіреті Омардың кезінде Мысыр Араб халифатының құрамына қарады.
Пайғамбарымыз дүние салғаннан кейін, яғни, 639 жылы араб қолбасшысы Амр ибн әл-Ас үш жарым мың қолымен Құдысты алып, Мысырға жақындады. Осы жылдың жазында Құдыстан оба шықты. Сондықтан Омар Амрге әскерін бұруға бұйрық берді. Алайда Амр Мысырға жорығын аяқсыз қалдырмады. 641 жылы ақыры Александрияны алды. Сөйтіп, Мысырды 868 – 905 жылдары тулунидтер, 972 – 1171 жылдары фатимидтер биледі. 1171 жылдан бастап билік атақты Саладин ұрпақтары – аюбидтердің қолына өтті. 1250 жылы аюбидтерді мәмлүктер ығыстырды. 1517 жылы Осман түріктерінің билеушісі Явуз Сұлтан Селім мәмлүктердің соңғы сұлтаны Тұманбайды өлтірді. Осылайша, 1517 жылдан бастап Мысыр Осман патшалығының құрамына қарады. Пайғамбар өсиеті бойынша Мысыр түбегейлі мұсылмандардың еліне айналды.
Пайғамбарымыздың осы секілді көптеген сүйінші хадистері көп. Соның бірі – мұсылмандардың Константинопольді алатындығы жайлы сүйінші хабар. Пайғамбарымыз мұсылман әскерлерінің Еуропаға дейін жететінін болжап: «Константинополь міндетті түрде алынады. Оны алған қолбасшы қандай мықты қолбасшы, ал әскері қандай мықты әскер!» деп мадақтаған болатын. Содан кейін де, осы хадиске амал етпек болған көптеген мұсылман қолбасшылары Константинопольді бағындыруға барын салды. Мұсылмандар жеті ғасыр бойы атақты шаһарға шабуылдады, ешқайсысы бата алмады. Талайының тауы шағылды, біразы бақилық болды. Араб мұсылмандарының Константинопольге жасаған бірінші шабуылы 674-678 жылдары басталды. Алайда бұл кезде Византияның мұздай қарулары мұсылмандардың қаланы басып алуына мүмкіндік бермеді. Осы шайқасқа атақты сахаба Әбу Айюб әл-Ансари де қатысқан болатын. Айюб сұлтан осы шайқаста ауыр жарақат алып, дүние салды. Өлер алдында Константинопольдің түбінде мұсылмандардың қаласы болатынын айтып,өзін осы қаланың маңына жерлеуді өсиет етті. Бүгінде саңлақ сахабаның зираты сол кездегі Константинополь – бүгінгі Ыстамбұл қаласының бауырында қалды. 717-718 жылдары арабтар Константинопольге екінші рет шабуылға көшті. Халифа Сүлеймен араб әскерлері ІІІ Лев Исавр билейтін қаланы қоршады. Империя астанасына бір жыл бойы түрлі тәсілдермен шабуылдады. Арабтарға көмекке қосымша флот келіп қосылды. Бәрібір қаланы алуға күштері жетпеді. Осы кезде византиялықтарға Тервел хан бастаған болгарлардың қолы жәрдем берді. Арабтар екі майданға бөлініп, жартысы византиялықтармен, жартысы болгарлармен шайқасты. Алайда Константинополь алынбады. Амалы құрыған арабтар аттың басын кері бұрды. Стратегиялық жағынан тиімді қалаға тек мұсылмандар ғана емес, басқалар сұқтанған болатын. 813 жылы болгардың Крум ханы да қалаға қарай қол бастап келді. Орыстар да қалаға екі рет шабуылдады. 860 жылы бір, 941 жылы екінші рет қалаға лап қойды. Бәрі де нәтижесіз болды. 1054 жылы Рим папасы мен Константинополь патриархының дауының нәтижесінде христиан діні екіге бөлінді. Сөйтіп, Константинополь православияның орталығына айналды. Бұдан кейін шаһарға кресшілер көз алартты. 1097 жылғы Бірінші кресшілер жорығы кезінде Византия берілмеді. 1204 жылғы Төртінші кресшілер жорығы кезінде қала кресші-рыцарлардың табанында тапталды. Ал 1261 жылы Византия императоры VIII Михаил Палеолог қаланы кресшілерден қайта тартып алды. Палеолог билікке келгеннен кейін, көршілес елдермен бейбіт келісім құрды. 1260 жылы ирандық елхан Құлағудың Кетбұға бастаған әскері мәмлүктермен шайқаста ойсырай жеңілді. Сөйтіп, Мәмлүк сұлтаны Бейбарысқа тісін қайрап қалды. Сұлтан соны сезіп Құлағудың қандасы – Алтын Орданың ханы Беркемен одақтаспақ болды. Сөйтіп, 1261 жылы Бейбарыс сұлтан Берке ханға өз елшілерін жіберді. Беркемен 1263 жылы Палеолог та бейбіт келісімге келді. Арада екі жыл өткенде Палеолог Құлағудың ұлы Абақаға өзінің қызы Марияны беріп, елханмен құда болды. Екеуі бір атадан тараған Берке мен Құлағу діні бөлек болғандықтан, бір-біріне ата жаудай еді. Сондықтан Берке хан Палеологтың Құлағумен одақтасуынан қауіптенді. 1264 жылы Бейбарыс сұлтан Берке ханға кезекті елшілігін жіберді. Мысыр елшісі Фарисаддин әл-Масуди Босфор бұғазы арқылы Алтын Ордаға аттанды. Алайда Византия жеріне табан тіреген елшіні Палеолог тұтқындады. Императордың мұндай бассыздыққа баратын жөні жоқ еді. Бейбарыс сұлтанмен бейбіт келісімі бар тұғын. Алайда сол келісімді бұзды. Өйткені мұндай қадамға баруына императордың елханмен арадағы одақтастығы тікелей әсер етті. Шындығында, император екі оттың ортасында қалды. Алайда өз елін сақтау мақсатында, ол мұсылмандарға қарсы соғысқан Құлағуды жақтады. Бейбарыс Палеологқа елшісін босатуды талап етті. Ал Берке ханның ашуға берілгені сондай, Ноғай бастаған әскерін Византияға аттандырды.
Ноғайдың Константинопольді бағындыруы туралы Мұхан Исахан "Берке хан Константинопольді неге қоршауға алған?" мақаласында жан-жақты талдап жазды. "Жошы ұлысы Берке ханның тұсында жаһандағы теңдессіз мемлекет еді. Төңірегіндегі елдердің көбін вассал етіп мойындатып, өзіне алым-салық төлеуге мәжбүр етті. Төрткүл дүниеге ықпалын жүргізген Алтын Орда империясы сол кезде Византияны өзімен соғысуға лайық деп таппады. Михаил Палеолог өз айыбын алым-салық төлеу шартымен жуып-шайған соң, Ноғай қолбасы Византияны да өзіне бағынышты ел деп санады. Яғни, Алтын Орданың құзырына бас игендіктен Константинополь шапқыншылыққа ұшыраудан аман қалды" деп жазды М.Исахан.
Оқиға былай болған, Византия императоры мысырлық елшілерді тұтқындағанын естігеннен кейін, Ноғай 1265 жылы Болгар королі Константин Тихпен одақтасып, әскерінің басын Византияға қарай бұрды. Император қорыққанынан қаланы тастай қашты. Жаны мұрнының ұшына келгені сондай, қамауда жатқан Мысыр елшісі әл-Масудиді дереу босатты. Сөйтіп, елшіні Ноғаймен бітімге келуге жұмсады. Әл-Масуди Ноғайға императордың аузына шайнап салып бергені бойынша сөйлеп, өзінің Византияда жеке қалауы бойынша аялдағанын, императордың тұтқындамағанын айтты. Бұған сенбеген Ноғай әл-Масудиге айтқандарын жазбаша түрде беруді бұйырды. Елші қолхатын бергеннен кейін ғана Ноғай Константинопольді қоршаудан босатты. Ал Византия императоры Алтын Ордаға жыл сайын алым-салық төлейтін болып құтылды. Одан бөлек, Византияда тұтқында жатқан селжұқ сұлтаны Иззаддин Кейқауысты босатып алды. Бостандық алған Кейқауыс Беркенің сарайына келіп, ханның қызына үйленіп, Орданың бір қаласын биледі. Беркенің Кейқауысқа мұндай құрмет көрсетудегі мақсаты Батудың заманындағыдай Селжұқ сұлтандығымен байланысын дамыту болатын. Алайда Берке дүниеден өткеннен кейін ол жоспары жүзеге аспай қалды.
Қайтадан Ноғайға келсек. Ноғайдың айбатынан сескенген Византия императоры батырға өзінің қызы Ефросинияны берді. Сөйтіп, Алтын Орда қолбасшысының қайынатасы болып шыға келді. Ноғай елге келгеннен кейін әл-Масудидің өзіне өтірік мәлімдеме бергенін білді. Бірақ сазайын беруді Бейбарыс сұлтанның еншісіне қалдырды. Елші Мысырға оралғанда Бейбарыс оның дипломатиялық міндетін дұрыс орындамағаны және Византия императорынан пара алғаны үшін аяусыз жазалады. Ноғай өзіне алым-салық төлеп тұрған Византияны Алтын Орданың иелігі деп санады. Демек, Византияны алғашқы болып бағындырған мұсылман Ноғай болып шықпай ма? Рас, Константинопольге Фатих сұлтан Мехмед бастаған Осман түріктері 1452 жылы шабуыл жасады. Соңыра 1453 жылдың көктемінде христиандардың атақты қаласын мұсылмандар біржола өздеріне қаратты. Түрік тарихшылары жоғарыда келтірген хадиске амал келтірген осы Мехмет сұлтан дейді. Сұлтанның қаланы бағындырғаны рас. Алайда Константинопольдің тағдыры одан бұрын да Ноғай бастаған мұсылмандардың қолында тұрды емес пе? Ноғай Бейбарысқа жазған хатында өз қалауымен ислам дінін қабылдағанын айтқан еді. Олай болса, жоғарыдағы пайғамбар (с.ғ.с) хадисіне алғашқы болып амал еткен Алтын Орданың батыры Ноғай болып шықпай ма? Византияны Ноғайдың шапқаны жайлы дерек көп. Араб және түрік деректері Ноғай туралы жақ ашпағанымен, еуропалық және орыс деректерінде Ноғайдың ерлігі туралы көбірек жазылған. А.Н.Насоновтың 1940 жылы Ленинградтан шыққан «Монголы и Русь» кітабында даудың басы Византия императорының Бейбарыстың Беркеге жіберген елшілерін тұтқындаудан басталғаны айтылған. Соңында Ноғайдың қалың қолынан қорыққан император қызын Ноғайға беріп құтылған. Бұл жайлы А.Н.Насонов византиялық тарихшы Георгий Похимердің жазбасына сілтеме көрсете отырып: «Желая предотвратить возможность подобных же нападении в дальнейшем, Михаил Палеолог, учитывая, очевидно возраставшие влияние военачальника Ногая в делах Золотой Орды, выдал за него свою незаконнорожденную дочь Ефросинию (1273 г) и, таким образом, приобрел его лице союзника» деп көрсетті. Бір қызығы Похимер өз жазбасында, Ноғайдың болгарлармен бірлесіп Византияға қарсы шабуылға шыққанын, Беркенің бұйрығымен емес, өзінің жеке қалауымен болды деп жазған. С.Закировтың 1966 жылы Мәскеуден шыққан «Дипломатическое отношения Золотой Орды с Египтом» кітабында да Беркенің мәмлүк елшілерін ұстап отырған Византияға әскер жібергені жазылған. Беркенің әскер жіберуде екі себебі болды. Біріншісі – елшілерді тұтқыннан босату, ал екіншісі Византияда қамауда жатқан селжұқ сұлтаны Иззаддинді абақтыдан шығару еді. Бұл жайында С.Закиров: «Командование этим походом было поручено Ногаю. Осадив и взяв штурмом небольшую крепость во Фракии, куда тем временем перебрался икониский султан под предлогом встречи с императором, золотоордынский военачальник освободиль Иззадина» деп, Византияға қарсы шабуылдаған қолбасшының Ноғай екенін анықтап көрсетеді. Р.Ю.Почекаев та «Цари ордынские. Биографии ханов и правителей Золотой Орды» кітабында осы оқиғаны қайталайды. «В 1265 г. его полководец Ногай в союзе с болгарским царем Константином Тихом вторгся в Византию, разорил ряд селений и едва не захватил в плен самого Михаила VIII. Императора спасло только то, что он сумел вернуться в свою столицу не по суше (где его ждала ордынско-болгарская засада), а по морю. Целью похода Ногая было освобождение из византийского плена бывшего сельджукского султана Изз ад-Дина Кей-Кавуса» деп жазады Р.Ю.Почекаев. Үш деректе де Византия императорының құтын қашырған Ноғай екені айтылады. Ноғай кім еді? Шыңғыс ханның ұрпағы, Жошы ханның немересі.1235(40) – 1300 жылдары ғұмыр кешті. Алтын Орданың беклербегі (қолбасшысы), Орданың шығыс ұлысының билеушісі болды. Өз ордасын Дунайдың бойынан тікті. Дунайдың сол жағалауынан Днестрге дейінгі жерлерге қожалық қылды. 1270 жылдан бастап Сарай хандарына бағынбай, өмірінің соңына дейін өзінше билік құрды. Ноғайдың тікелей ықпал етуімен Болгария мен Сербия Алтын Орданың билігін мойындады. Одан бөлек, бірқатар орыс князьдықтарына әмірін жүргізді. 1262-1263 жылдары Ноғай Құлағуға қарсы қол бастап, Терек өзенінің бойында құлағу әскерлерінің тас-талқанын шығарды. 1270 жылдары Ноғай Қара теңіздің сол жағына, ұзамай Дунайдың төменгі жағына қарай көшін бұрды. Сөйтіп, Византия мен Болгарияға сес көрсетті. Византия императоры қызын беріп құтылса, Болгарияны біржола бағындырды. 1277 жылы Ноғай орыс князьдарымен бірігіп Литваны, 1288 жылы Польшаны қоршады. Орыс князьдары Ноғайдың шарапатын молынан көрді. Батыр орыстарды талай басқыншылықтан аман сақтады. Ноғайдың аты Бату ханының кезінен бастап шықты. Берке ханның кезінде ислам дінін қабылдады. Алтын Орданың бес ханының тұсында әскербасы болды. Мөңке Темір, Төде Мөңке, Төле Бұғаға кәдімгідей ықпал жасады. Ал Тоқты хан Ноғайды өзіне негізгі қарсылас санап, одан құтылуға асықты. 1300 жылы Ноғай әскері Тоқтының қолынан жеңіліс тауып, соңында өзі бақилық болды. Жалпы, Византия тарихында Константинопольге 24 рет шабуыл жасалды. Соның екеуінде ғана қала алынды. 1204 жылы қаланы кресшілер басып алса, 1453 жылы Осман патшасы Мехмед сұлтан иеленді. Ал шындығында, үш рет алынған болатын. 1265 жылы Константинопольді Ноғай бағындырды. Византия императорының қаланы тастап қашып кетуі, артынша мәмлүк елшісіне жалған куәлік бергізуі, кейін Ноғайға қызын беріп, алым-салықтың құнын көтеруі атақты Алтын Орда мемлекетінен сескенгенін, Ноғайдан жеңілгенін білдірмей ме? Олай болса, Алтын Орданың бүгінгі мұрагерлері, біздер, бабалар ерлігімен неге мақтанбаймыз?
Серікбол Хасан, Дереккөз: "Айқын" газеті