Байтұрсынұлы мемориалдық үйі Қазақстанның киелі жерлері картасына енді
2017 ж. 26 қараша
4049
0
Алматы қаласы Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы айтылған міндеттерді орындаудың практикалық кезеңіне көшті.
Биыл Алматы қаласынан Қазақстанның Киелі жерлерінің картасына 5 нысан іріктеліп алынды. Бұл нысандардың барлығы жергілікті тарихи маңызы бар ескерткіштер санатына кіреді.
1000 жылдық тарихы бар Алматы қаласында Қазақстаның киелі жерлері картасына енетін нысандары көп болуы заңды. Себебі, Алматы тарихта ел астанасы ретінде шешуші рөл ойнаған орталық қала болған.
Сондай нысандардың бірі, Алаш көсемі, қазақ тілі мен әдебиетінің реформаторы, мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ санасының шамшырағы, ақын, аудармашы, түркітанушы, лингвист, саяси-қуғын сүргін құрбаны Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үй бүгінде алматылықтардың жиі бас сұғатын тарихи орны.
Аталған нысан Алматы қалалық Мәдениет басқармасының қолдауымен Қазақстанның киелі жерлері картасына енді.
Бұл үйде 1870-1937 жылдары белгілі қоғам қайраткері, Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы отбасымен тұрған.
Үй мұражай ретінде 1998 жылы Ахмет Байтұрсынұлының 125 жылдық мерейтойы қарсаңында ресми түрде ашылды.
Жалпы музей қорында ғалым өмірі мен шығармашылық мұрасына қатысты 550-ге жуық ресми құжат сақталған. Оның 300-і мемлекеттік мұрағаттан алынған ресми құжат. Сонымен қатар, жекелеген және ұжымдық фотосуреттері, майлы бояудағы бірнеше портреттері бар.
Музей ауласында А. Байтұрсынұлының ескерткіш-бюсті орнатылған. Музей 2010 жылы 10 қарашада Алматы қаласы әкімдігінің жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін бекіту туралы 4/840 қаулысы бойынша ескерткіштер тізіміне енгізілген.
Музей экспозициялары, қүнды жәдігерлер бүкіл елден мысқалдап жиналған. Себебі, музей директоры Райхан Имахамбет, қуғын- сүргінге толы Ахмет Байтұрсынұлының артында тарихи жәдігерлердің сақталуы өте қиын болған дейді.
Алашорда көсемдерінің бірі, қазақтың тіл білімінің негізін қалаушы, алғашқы «Қазақ» газетінің редакторы үнемі көшіп-қонып жүрген.
1992 жылы 18 қыркүйекте А.Байтұрсынұлының есімі ақталғаннан кейін ҚР «Тарихи мұраны қорғау және пайдалану туралы» Заңына сәйкес жергілікті маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне алынды.
Алайда, қазақ ұлттық ғылымының басында тұрған Ахметтей тұлғаның артында қалған мұраны сақтап насихаттау мәселесінде де шешілмеген түйткілді мәселелер жоқ емес.
Соңғы 20-25 жылда Алаш мұрасын зерттеумен, насихаттаумен, оның ішінде ахметтану мәселесімен тыңғылықты айналысып келе жатқан, өмірінің 25 жылын Ахмет мұрасына арнаған тұлғатанушы Имаханбет Райхан Сахыбекқызы мемориалдық үйді мемлекет өз қарамағына алса деген ойын білдірді.
Қазір музей Ахмет Байтұрсынұлының ұрпақтары ашқан қордың меншігінде. Нысанның коммуналдық шығындарының өзі музей басшылығы үшін ауыр тиіп отыр.
«Ахмет Байтұрсынұлы кім десеңіз, мына қазіргі қабылданып жатқан әліпбидің басында Ахмет бабамыз тұр. 1912 жылы түзетуді қажет етпейтін әліппені жазған. Ғылымға ешкім үлкен жаңалық әкелген жоқ. Қазақ елінің өзге елдерден озып кетуіне мұрындық болған тұлғаның бірі әрі бірегейі Ахмет Байтұрсынұлы. Оның артында қалған бай мұрасын көзіміздің қарашығындай сақтау - біздің перзенттік парызымыз, мемлекеттің борышы деп түсінеміз. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов музейлері қаланың балансында тұр. Ахмет Байтұрсынұлының мемориалдық үйі де қаланың немесе мемлекеттің балансына алынуы тиіс. Себебі, 1994 жылы құрылған қоғамдық қор өз деңгейінде музей жұмысын жүргізе алмай отыр. Қоғамдық қорда мен ғана жұмыс жасаймын. Оның өзі тегін, ешбір ақысыз. Шын қызығып жүргізіп отырған басшы жоқ. Қоғамдық қор жетекшісі Байтұрсынов Серік Самұратұлы жарғыда жазылған Ахмет Байтұрсынұлы шығармашылығын насихаттау, бір реттік шәкіртақы тағайындау, жаңа экспонаттармен толықтыру пункттерін орындамай отыр. Мен міндет қылмаймын. Бұл менің перзенттік парызым», - деді Райхан Сақыбекқызы.