АЛАШТЫҢ «АҚ ЖОЛЫ»
2017 ж. 25 қараша
9450
2
Бүгінгі күні қандай қуатты немесе даму жолын енді бастаған мемлекетті алсақ та, оны саяси партияларсыз көз алдымызға елестету мүмкін емес. Қай елде де саяси партиялар мен түрлі қоғамдық ұйымдар жетерлік. Республикашыл және демократиялық жетекші екі партиясы ғана бар деп саналатын бір ғана Американың өзінде қырықтан аса саяси ұйымдар бар екен. Қоғамның қозғаушы күшіне айналған бұл партиялардың белсенділігі сол елдің болашағын айқындары да анық. Қазіргі заман талабы бойынша көппартиялық жүйеге басымдық беріледі. Әрбір партияның өзінің ұстанған бағыты мен белгілі бір қауымдастықтың мүддесін қорғайтын бағдарламалары бар. Демократиялық қоғам негіздері болып табылатын бұл қағида біздің елімізде де орын алған.
Қазақстанда ресми тіркелген алты саяси партия бар. Олар – «Нұр Отан», «Бірлік», «Ақ жол», «Ауыл», коммунистік және жалпыхалықтық социал-демократиялық партиялары. Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде ашылған «Қазақстан патриоттар партиясы», «Руханият», «Асар», «Әділет» сияқты 11 партия қайта жабылғанына да куә болдық.
Партия ашып, билікке ұмтылу «сәнге» айналғанмен, өзіне жүктелген міндеттерді атқару оңай емес. Ұйым болған соң оның көтерер жүгі ауыр, халықтың сенімін ақтап, біліктілікпен белсенді жұмыс жүргізе білу аса қажет. Сондықтан да бізде 11 партия басында қадамдарын сәтті бастағанмен, ұзақ жолды еңсере алмады. Әрине бұл жерде олардың ешқайсысына кінә артып, ешкім айып таға алмайды. Белгілі бір қауымның, топтың мүддесін қорғауға, елімізді дамытсақ деген ізгі ниетпен ашылған ұйымдардың іс-әрекетіне түсіністікпен қараған ләзім. Ал, жалпы партия немесе түрлі қоғамдық ұйымдардың жұмысына қолдау көрсету әрбір азаматтың парызы. Өйткені олар көпшіліктің қамын қарастырып, елімізді еңселі етуге бағытталған. Сондай партиялардың бірі «Ақ жол» демократиялық партиясы. «Ақ жол» демократиялық партиясы – кәсіпкерлер мен бизнес өкілдерінің және зиялы қауымның ең көп топтасқан ұйымы. Партия ХХ ғасырдың басындағы «Алаш» қозғалысының ізбасарымыз деген ұстанымын ашық айтып, оны іс жүзінде дәлелдеп те келеді.
ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҚОҒАМ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖОЛЫНДА
Қазір халық арасында беделі жоғары «Ақ жолдың» да жүріп өткен жолы тегіс тақтайдай болды деп айта алмаймыз. «Ақ жол» демократиялық партиясы әділет органдарында 2002 жылы 3 сәуірде тіркелген. «Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігінің тең төрағалары болып Болат Әбілов, Әлихан Бәйменов, Ораз Жандосов сайланды. 2003 жылдың 9-қарашасында «Ақ жол» ҚДП III съезінде «Ақ жол» партиясының тең төрағалары саны 5 адамға дейін жеткізілді. «Ақ жолдың» тең төрағалары болып қосымша Людмила Жуланова мен Алтынбек Сәрсенбайұлы сайланды. 2005 жылдың 13-наурызында «Ақ жол» ҚДП Y съезінде «Ақ жолдың» тең төрағалар институтын жою туралы қаулы қабылданып, партияның бірыңғай төрағасы болып Әлихан Бәйменов сайланды. Партия 2004 жылғы Мәжіліске сайлауда ресми деректер бойынша 12,04% дауыс жинап, бір ғана депутаттық мандат алды. 2011 жылы 2-маусымда партияның Астанада өткен съезінде «Ақ жол» ҚДП төрағасы болып «Атамекен» Ұлттық экономикалық палатасының басшысы Перуашев Азат Тұрлыбекұлы бірауыздан сайланды. Перуашевтың келуімен партия өз қызметінің ұйымдастырушылық, кадрлық, идеологиялық, зияткерлік негізіне түбегейлі өзгерістер енгізіп іске асырды және өзінің дамуының сапалы жаңа деңгейіне шықты. «Ақ жол» партиясына бизнес өкілдері мен отандық өнім өндіруші кәсіпкерлер белсенді кіре бастады. Сөйтіп 2012 жылдың сайлау қорытындысы бойынша партия еліміздегі жалпы сайлаушылардың 7,47% дауысын жинады және 8 депутаттық мандатқа ие болды. 2016 жылдың сайлау қорытындысы бойынша партия 7 мандат алды. «Ақ жол» ҚДП-ның облыс орталықтарында және Астана, Алматы қалаларында 16 филиалы жұмыс істейді, Жезқазған, Семей, Түркістан қалаларында 3 өкілдіктері бар. [caption id="attachment_77864" align="aligncenter" width="600"] SONY DSC[/caption] Өзінің қалыптасу кезеңінде түрлі кедергілер мен қиындықтан өтіп, шыңдала түскен 260 мыңға жуық мүшесі бар «Ақ жол» партиясының негізгі мақсаты – әрбір азаматтың еркін дамуына, оның құқықтары және бостандықтарының сақталуына, барлық қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі мен сапасының ұдайы көтерілуіне, сондай-ақ Қазақстан қоғамы мен мемлекетінің экономикалық, әлеуметтік және саяси өрлеуіне жету үшін қажетті жағдайлар жасау болып табылады. «Ақ жол» партиясы Қазақстанда бәсекелестікке қабілетті және нарықтық экономика құрудың, жеке, ең әуелі шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдаудың табанды жақтаушысы ретінде танылды. Әлі де сол бағытын берік ұстанып келеді.ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ
Партия ұлттық мемлекеттілікті қалыптастырудың іргелі негіздерін қалаған, ұлттық мүдделерімізді әлемдік өркениеттің үздік жетістіктерімен ұштастыру негізінде, қазақ қоғамын еуропалық жолмен жаңғыртуды өзінің мақсаты еткен «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының ізбасары деп жариялап, арнайы бағдарлама қабылдап, Алаш мұрасын, идеяларын көпке тарату бағытында жүйелі іс-шаралар атқаруда. «Ақ жол» партиясының әлеуметтік тірегі – қалыптасқан және дербес орта тап, оның ұйытқысы отандық зиялы қауым және кәсіпкерлер. «Ақ жол» демократиялық партиясы қоғам және экономиканы алға бастырудың ең өзекті міндеттерін қойып және сол міндеттердің тиімді шешімдерін табуға қабілетті жекеменшік иелерінің, басқарушылар мен интеллектуалдар тобы ретінде ұлттық бизнестің, техникалық және шығармашылық зиялы қауымның қалыптасуына және дамуына жәрдемдесуді алдына мақсат етіп қойған. Алдымен айтайық, жекелеген зиялы қауым өкілдерін есепке алмасақ, біздің еліміздегі саяси партиялар арасында «Ақ жол» партиясы ұлттық мүдделеріміз бен ана тілімізді қорғау мәселесін ең жоғарғы деңгейде көтеретін ұжым екенін жақсы білеміз. Оған біз Алаш арыстарының жүріп өткен жолы мен тарихын зерттеу және оны жарыққа шығару, жер мәселесі мен тілімізге қатысты айтыс-тартыс кезінде көз жеткіздік. Партия жетекшісі Азат Перуашевтың өзі бастаған партия өкілдерінің белсенді жұмысы көпшіліктің қошаметіне ие. Ана тіліміздің аянышты жағдайын айтып баспасөз бен әлеуметтік желіде тіл мәселесін жиі көтеріп жүрген партия төрағасының орынбасары, белгілі ақын Қазыбек Исаның сыни материалдарына ерекше баға беруге болады. Оны қолдаған қалың оқырмандардың ой-пікірлері «Қазақ үні» газеті редакциясы мен осы аттас ұлттық порталға толассыз түсіп жатады. Партияның қоғамдағы қозғаушы күш екенін «Ақ жол» партиясының Мәжілістегі депутаттық фракциясы жұмысынан-ақ көруге болады. Бір ғана ұлттық құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, оны дамытуға бағытталған көптеген сауалдар Үкіметке жолданып, өз кезінде шешімін тапты. Солардың қатарында Алаш үкіметінің 100 жылдығы мен оның көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын еліміз бойынша кеңінен атап өту туралы, Мағжан оқуларын жыл сайын өткізу, Қазақстан азаматтығын алу үшін Конституция мен қазақ тілінен емтихан алу, батырға деген құрмет ертеңгі ұрпақ үшін өнеге болуы тиіс сияқты көптеген сауалдарды атауға болады. Сол сияқты қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Ақ жол» партиясының ұйымдастыруымен «Ел мен Ер» халықаралық ақындар мүшәйрасы үлкен табыспен өтті. Оған жақын және алыс шетелдердің ақындары қатысып, қазақ елі тарихын жырға қосты. Жеңімпаздарға көлемді ақшалай және бағалы сыйлықтар беріліп, ақындардың өлеңдері жеке кітапқа топтастырылып жарық көрді. Алаш партиясының ізбасары ретінде қайрат танытып келе жатқан «Ақ жол» партиясы биыл да Алаш қозғалысының 100 жылдық мерекесіне арналған «Алаш арманы – Тәуелсіз Қазақ Елі» атты халықаралық мүшәйра жариялады. Жыр жарысына қатысушылардың саны аз емес, оның қорытындысы жақын арада жарияланатын болады. «Ақ жол» демократиялық партиясы жыл сайын «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық Байқауын өткізіп келеді. Байқаудың басты мақсаты – Қазақстан қоғамын жаңғыртуда «Алаш» қозғалысының шығармашылық мұрасын және принциптік көзқарастарын тарату. Биыл да 2017 жылғы жарияланған кезекті байқау Алаш қозғалысының, Алаш ұлттық автономиясының, «Алаш» партиясының және Алашорда үкіметінің 100 жылдығына арналды. Байқаудың қорытындылары атаулы датаның қарсаңында, ағымдағы жылдың 5-13 желтоқсан аралығында шығарылады. Бұл күндері осыдан 100 жыл бұрын Орынбор қаласында Екінші жалпықазақтық тарихи съезі өткені белгілі. Әрбір жарияланған 4 номинация бойынша 1-ші орынды иеленген жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтан басқа Жалпыұлттық «Алаштың Ақ жолы байқауының лауреаты» төсбелгісі табысталады. Бұл айтқандарымыз «Ақ жол» партиясының ұлттық мүддеге қатысты атқарылып жатқан жұмыстарының бір бөлігі ғана. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын таба бермекші.ҮКІМЕТКЕ ҚОЯР САУАЛ КӨП
«Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы» қоғамдық бiрлестiгi Қазақстан Республикасы Конституциясы мен өзге заңдарын мойындайтын және соған байланысты өз Жарғысына сәйкес құрылған қызметiн жүзеге асыратын саяси партия болғандықтан мемлекеттiк билiктiң, жергiлiктi өзiн-өзi басқарудың өкiлеттi және атқарушы органдарына азаматтардың, әр түрлi әлеуметтiк топтардың мүдделерiн ұсыну және оларды қалыптастыруға қатысу мақсатындағы саяси ерiк-жiгерiн бiлдiріп келеді. Қазақстан Республикасы азаматтарының ерiктi бiрлестiгi ретінде өз қызметінде ерiктiлiк, оның мүшелерiнiң тең құқықтылығы, есеп беру, жариялылық пен заңдылық, өзiн-өзi басқару, бiрлiк, қабылданатын шешімдердің алқалылық келісімділігі секілді қағидаларды басшылыққа алады. Партия жарғысы алғаш рет 2002 жылғы 12-қазанда II съезінде бекітілген болатын. Одан кейін 2005 жылғы 13-наурыздағы, 2011 жыллдың 9-қарашадағы, 2016 жылғы 3-ақпанындағы съездерінде толықтырулар мен өзгертулер енгізілді. Соңғы сайлау барысында 7 мандатқа ие болған «Ак жол» ҚДП депутаттық фракциясы ҚР Парламенті Мәжілісінің алтыншы шақырылымында тіркелді. Фракцияға депутаттар Азат Перуашев, Кеңес Әбсәтіров, Ерлан Барлыбаев, Берік Дүйсембинов, Дания Еспаева, Меруерт Қазбекова, Екатерина Никитинская мүше болып сайланды. Фракцияның мақсаты: Қазақстан Республикасының Парламентінде «Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясының мүдделерін білдіру. Парламент палаталарының отырыстарында, комиссияларда, мемлекеттік органдарда, саяси партияларда және қоғамдық бірлестіктерде фракцияның жетекшісі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясының уәкілетті өкілі болып табылады. Біздің заңдарымыз Парламентте қаралып бекітілетіні белгілі. Мәжіліс отырыстарында үнемі белсенділік танытып жүрген ақжолдықтар бірнеше заңға бастамашы болды. «Инвестициялық қызмет және бизнес-иммиграция саласындағы кәсіпкерлік қызметті жеңілдету мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы, «Шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету туралы» Заң жобасы, «Қазақстан Республикасының шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету мәселелері жөніндегі кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы, «Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi кейбiр заң актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасы, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектерді жұмыспен қамту, мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілерді ынталандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы «Ақ жол» партиясының ұсынысымен Үкіметке енгізілді. Елбасының жеке тапсырмасымен құрылған балалар емдеу-сауықтыру орны шенеуніктердің алдында дәрменсіз болып шықты – «Ақ жол» қант диабетімен ауыратын балаларға арналған республикадағы жалғыз Орталықты қорғады. БҰҰ Конвенциясы медициналық мақсатта қолдануға тиым салған «Метадон» есірткісі неге бізде алмастыру терапиясы ретінде ресми түрде пайдаланылады? Бұл туралы сауалды депутаттық фракция Үкіметке жолдаған болатын. «Елімізге бағасы 30 жаңа мектеп немесе ауруханаға тең шаңғы трамплині керек пе?» деген сауалында мемлекеттік қаржының мақсатты жұмсалуына назар аударды. Ақжолдықтар елдің оқу орындарында дене тәрбиесінің оқудан тыс сабақтары мен секцияларын кеңейтуді, сол сияқты Үкіметке шетелдік инвесторлармен жұмыста ұлттық мүдделерді қорғаудың тұжырымдамасын жасауды ұсынды. Депутат Берік Дүйсенбинов қазақ ауылдарындағы бүгінгі күн көрісінің көзі болып отырған дәстүрлі қазақи мал шаруашылығына бөлінетін субсидияның күрт төмендеуіне байланысты мәселе көтерді. Үкіметтің бұл мәселеге қатысты жауабы қанағаттанарлық болмаған соң қайталап сауал жолдауға тура келді. Оған қоса қолданыстағы Аграрлық несиелік корпорациясының несиені өтеу кестесі ауыл тұрғындарының мүдделеріне тікелей нұқсан келтіретіні туралы депутаттық сауал жолдады. Түрлі сала бойынша ұсынылған немесе қолданыста жүрген заңдардың кем-кетігін көрсететін мұндай ұсынысқа толы депутаттық сауалдар «Ақ жол» тарапынан жиі жолданып тұратынын көзіқарақты тұрғындар жақсы біледі. Сондықтан да олар көптеген мәселе бойынша «Ақ жол» партиясының қабылдауына келіп жатады. Соның негізінде партия орын алған кемшіліктер жайында Үкіметке тікелей шығып, аталған мәселенің оң шешімін табу туралы талаптар қояды.КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ
Бұл «Ақ жол» партиясының тұрақты тақырыбы. Елбасының шағын және орта бизнес пен отандық кәсіпкерлікті дамыту тапсырмаларымен сәйкес келетін бұл маңызды іс партияның үнемі назарында. Партия өзінің сайлауалды тұғырнамасында бұл туралы нақты бағдарламасын ұсынған болатын. Соның ішінде ЖЖК-те (жылдық жиынтық кірісте) шағын және орта бизнеске жатқызудың шегін: – шағын бизнес үшін – 35-тен 100 мың АЭК дейін, орта бизнес үшін – 3-тен 6 млн. АЭК дейін арттыру, салық әкімшілігін жүргізу мен есептілікті оңтайландыру, шотқа тыйым салудан бас тарту, жеке кәсіпкерлер үшін салықтық есептілік бойынша, егер аталған есептілік мемлекеттік бюджетке тікелей залал келтірмесе айыппұлды жою, салық есептілігі бойынша талап қою кезеңінің өтіп кету мерзімін және өткен кезең үшін салықтық тексеруді бес жылдан үш жылға дейін қысқарту, кәсіпорын құрылған кезден бастап нақты секторда үш жыл бойы шағын және орта бизнес үшін салықтың барлық түрлері бойынша, ҚҚС қоса алғанда, салықтық демалыс енгізу, лауазымды адамның қызмет бабын пайдаланып заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату, ҚҚС-ның басым салалар үшін 0%-дан (ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу) 6%-ға дейін (жеңіл және тамақ өнеркәсібі, машина жасау) төмендетілген ставкаларын енгізу, квазимемлекеттік сектордың экономикаға араласуын азайту, экономиканың бәсекелестік секторларында мемлекет қатысатын кәсіпорындарды жекешелендіру, мемлекеттік сатып алу жүйесін, тиісті рәсімдердің барынша ашықтығын қамтамасыз етуді және мемлекеттік органдардың назарын делдалдарға емес, белгілі бір тауарлар мен қызметтерді тікелей өндірушілерге аударуды қоса алғанда, жетілдіру, республиканың ішкі нарығында, мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор нарығын қоса алғанда отандық өндірушілердің басымдығын қамтамасыз ету және шетелдік компаниялар тарапынан жосықсыз бәсекелестікке жол бермеу сияқты бірқатар құнды ұсыныстар қарастырылған. «Ақ жол» партиясы сонымен бірге нарықтық реформалар мен өнімді экономика құру, білім мен денсаулық саласын дамыту, жұмыспен қамту жүйесін жақсарту, тұрғын үй құрылысы мен агроөнеркәсіптік кешенге нақты қолдау көрсету мәселелерін де жиі көтереді. Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімсіздігі, сот және құқық қорғау органдарына сенімсіздік қоғамды толғандыратын және билікке реніш туғызатын негізгі проблемалардың бірі болып отыр. Бұл проблеманы шешу үшін «Ақ жол» партиясы азаматтардың барлық даулары мен келіспеушіліктерін билік органдары өкілдерінің әділ, жария және ашық қарауын қамтамасыз ету, қоғамда сыбайлас жемқорлық көріністерін қабылдамау және оған төзімсіздік ахуалын қалыптастыру, декларациялаудың ашықтығы мен бюрократтық емес сипатын қамтамасыз ете отырып, азаматтардың кірістерін де, шығыстарын да жалпыға бірдей декларациялауды енгізу, барлық ашық сот отырыстарының Интернет бойынша on-line режимінде тұрақты трансляциясын орнату сияқты бірнеше ұсыныстар бар.ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫС
«Ақ жол» партиясы өз жұмысында шетелдік әріптестерімен байланысып, өзара тәжірибе алмасып тұрады. Парламенттік фракциясының Латвияның басқарушы «Виенотиба» партиясымен партияаралық байланыстары қалыптасқан. Фракция делегациясы «Виенотибаның» шақыруымен Рига қаласына барып, онда Латвияның Премьер-министрі Валдис Домбровскиспен, Латвия Парламентінің Спикері Солвита Аболтинямен және «Виенотиба» партиясының көшбасшысы Дзинтарс Закиспен кездесті. Фракция делегациясы «ГЕРБ» партиясының шақыруымен Болгарияға барып қайтты. «Ақ жол» партиясының делегациясы Болгария Республикасының Парламентінде Болгарияның басқарушы «ГЕРБ» партиясының Парламенттік фракциясының бюросының отырысына қатысып, фракцияның және партияның өңірлік бөлімшелерінің жұмыстарымен танысты. Сонымен бірге фракция депутаттары Польшаның Парламентіндегі «Гражданская платформа» басқарушы фракциясы жетекшісінің орынбасары Томаш Лэнзбен кездесті. Фракция құрамына екі палатадан 270 депутат кіреді, 25-і – Еуропарламенттің мүшесі. Кездесуде парламентаризм және демократияны эволюциялық дамыту саласында парламенттік фракциялардың өзара ынтымақтастығы туралы мәселелер талқыланды. Халықаралық деңгейдегі мұндай кездесулердің берері көп. Парламентализм жүйесі дамыған елдерден сабақ алып, өз тәжірибемізге енгізуге мүмкіндіктер пайда болады. Бәлкім олардың да «Ақ жолдан» алар сабағы аз емес шығар. Демократиялық қоғам құру сияқты ұзақ жолға енді ғана түскен біздің еліміздің алдында әлі де талай жұмыстар атқару міндеті тұр. Мақтаулы Батыс елдері мен атақты Американың өзі «Біз шынайы демократиялық қоғам құрып алдық!» деп мақтана алмайды. Сондықтан еліміздегі түрлі партияларға халықтың әлеуметтік-тұрмысын жақсартып, ел экономикасын көтеріп, ұлттық мүддемізді қорғай отырып Қазақ елінің даңқын жоғары деңгейге шығару жолында аянбай еңбек ету қажет. Бұл бағытта «Ақ жол» демократиялық партиясы өзінің үлкен үлес қосатынына сеніміміз мол. Бек Мырзаұлы qazaquni.kz