ОСЫ ЖҰРТ ЖҰМЫР-ҚЫЛЫШТЫ БІЛЕ МЕ ЕКЕН?
2017 ж. 15 қараша
4778
1
ҚР Президенті Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген болатын. Тарих адамзаттың әрі асыл, әрі бай қазынасы. Алтыннан да қымбат сол бір телегей-теңіз тарихты сақтап келе жатқан халықтың санасы, ақыл-ойы керемет. Біз халқымыздың, аса бай тарихын, сол тарихымызда өшпес із қалдырған батыр бабаларымыздың өмір жолдарын оқып білуге әрі борыштымыз, әрі міндеттіміз. Жасұрпақтың шынайы патриоттық сезімін арттыру, өлкеміздің тарихын келешек ұрпаққа жеткізу мақсатымен құт қонған қасиетті Қаратөбе өңірінде өмір сүрген Жұмыр-Қылыш батыр туралы сөз етпекпін. Еліміздегі "Ұлытау" тобы дауылпаз ақын, күйші, батыр Махамбеттің "Жұмыр-Қылыш" күйін әлемдік сахнада ұлттық нақышқа келтіре орындап, дүниежүзіне танымал болды. Осы күйдің кейіпкерлері Жұмыр мен Қылыш кім екені және олардың шығу тегі туралы жұрттың көбі біле бермейді. Ойымша, "Ұлытау" тобының мүшелері де толық білмейтін секілді. Олай дейтінім, күй туралы бейнетүсірілімде Жұмыр мен Қылыштың туған жерлері т.т. ешқандай айтылмайды және ақпарат құралдарында аталмыш күйдің шығу тарихы жөнінде мәлімет бергенін естімедік. Соңғы кезде белгілі өлкетанушылар мен танымал тарихшылар (аты-жөндерін жазбауды жөн санадым) Жұмыр мен Қылыштың шыққан жерлері мен тектері туралы еш шындыққа жанаспайтын, тарихи деректерге сәйкес келмейтін қисынсыз мақалалар жазып, дәйексіз ойларын айтып жүр. Атыраулық өлкетанушы Жұмыр мен Қылыш батыр Атырау өңірінде өмір сүрген, оның руы - Адай деп жазса, енді біреуі руы - Алаша деп келтіреді. "Алтын Орда" газетіне шыққан "Жұмыр, Қылыш деген кім?" атты мақаласында автор аңшылық кәсіппен айналысқан жездесінің сөзіне ғана сүйене Жұмыр батыр туралы былай жазады: "... Түлкіні атып жаралап, енді жаяу қуалай бергенде, ол жақын жердегі молаға қарай қашады. Молаға жақындаған түлкіні тағы бір рет атады. Түлкі ақсаңдап барып бейіттің бас жағына құлайды. Батып бара жатқан күн сәулесіне екі көзі шағылысып от болып жанып тұрады. Қолындағы мылтығы жерге түсіп кетеді. Сол жерде жездем бұл Жұмыр атаның моласы екенін біледі..." Қайдан, қалайша білгені, қандай тарихи деректемеге сүйенгені туралы еш мәлімет келтірілмейді. Бұл айтып отырғаны Атырау аумағы. Қазақ шежірелерін ақтара отырып, Адай және Алаша руы ішінен Жұмыр атауын іздеп таба алмадым. Ал, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты "Батырлардың әскери айласы" мақаласында: "Жұмыр батыр жауға шапқанда қылышты сілтеуі басқалардан мүлде өзгеше болған және мойынан қылыш түспеген, тіпті төсекке жатқанда да қылышын асынып жатады екен. Осындай қасиеттері үшін Жұмырдың атына қылыш атауы тіркелген" деп өз болжамын жазған. Ғылыми негіздерге, мұрағат құжаттарына, тарихи деректерге еш сүйенбестен, аңдар барып тығылған молаларды, "ана батырдікі, мына хандікі",- деп жаза берсек және шежіреге сүйенбей белгілі адамдарды өз руына қарай бұрып, тегін өзгерте салсақ, онда тарихты пен шежірені бұрмалап, оқырманды алдап және болашақ ұрпақты қатты адастырамыз, ата-баба аруақтарын қорлаймыз. Саяси сауатты, тарихи дәлелді мәлімет беру - жасұрпақтың саяси санасын дұрыс қалыптастырады, еліне сүйіспеншілігін және қазақ тарихына деген қызығушылығын арттырады.
Жұмыр және Қылыш батырдың шыққан тектері
Махамбеттанушы - жазушылар Б.Аманшиннің, И.Кенжалиевтің, Н.Әбуталиевтің, Ә.Әлімжанов пен Ә.Сарайдың "Махамбет батыр" туралы туралы еңбектері мен зерттеулерін және "КСРО оқу - ағарту ісінің үздігі" белгісін таққан тарих пәнінің озат ұстазы Тұрсынғали Қатауовтың жазып қалдырған жазбасын, сондай-ақ, ескі құлпытастардағы жазуларды тұжырымдап, Жұмыр (шын аты- Садыр) және Қылыш батырдың шыққан тегіне тоқталып өтпекпін. Шежіреші - өлкетанушы әкем, Жұмыр мен Қылыш батырдың шежіресін Байторы руының сол кездегі көнекөз ақсақалы, Жұмыр батырдың шөбересі Қайдар қариядан (1911 жылы дүниеге келіп - 1982 ж. қайтыс болған) көзі тірісі кезінде жазып алған. Кіші жүздің он екі ата Байұлының Байбақты руынан тараған Шолан батырдан: Түкіш, Дат, Байторы және Есенбай тарайды. Бұл жерде Дат - би, шешен, атақты батыр Сырымның (шын аты - Сырлыбай) әкесі. Шоланның төрт баласының нағашылары Алаша руынан екен. Ақын нағашысы жиендеріне арнап: «Жайқалған қызғалдақтай Түкіш пен Дат. Байторы болған екен мінезі жат. Дүниеде еш нәрсенің парқын түсінбес, Апарып Есенбайды базарға сат», - деп әзіл өлеңін шығарыпты. Патша заманында сұлтандар мен старшындардың әділетсіздіктерін, халыққа жасап отырған озбырлықтарын тура айтып, тік мінезімен жақпаған Байторыдан: Көшербай, Жайлау, Жазық, Саттық, Қонысбай және Жаңабайбақты өрбиді. Жұмыр батыр Байторы атаның Жайлау бөлімінен тараған. Қазіргі уақытта ұрпақтары Қайдаров Мақсот пен Қайдаров Хасан Қаратөбе ауданында тұрады. Олардың жеті атасы былай тарайды. Әкелері Қайдар, аталары - Ерлепес - Шырман - Жұмыр - Жайлау - Байторы. Ал Қылыш батыр Байбақты руының Қынық бөлімінен. Жұмыр мен Қылыш батырдың мазарлары
Қазақстан Энциклопедиясында: «Жұмыр (19 ғасыр) – Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан батыр. Кіші жүз құрамындағы Байұлы тайпасының Байбақты руынан шыққан. Махамбет Өтемісұлының үзеңгілес серігі болған. Махамбет Жұмыр батырға арнап “Жұмыр – Қылыш” күйін шығарған. Зираты қазіргі Батыс Қазақстан облысындағы Қалдығайты ауылының маңында» деп қысқаша түсініктеме берген. Нақтырақ айтсақ, Жұмыр мен Қылыш батырдың мазарлары Қаратөбе ауданы, Қалдығайты ауылына қарасты Төлен елді мекенінен (Төлен ауылы – Байторы руының байырғы жері) 15 км жерде орналасқан. Белгілі жазушы, махамбеттанушы, "Махамбеттің тағдыры" романының авторы Берқайыр Аманшин (Алаша руының Кенжеғара бөлімі) әкемнің замандасы әрі анасының немере інісі (нағашысы) болып келеді. Кеңес тұсында Б.Аманшин өз туған жеріне келгенде, әкемді осы екі үлкен мазарға ертіп апарып, өзінің ғылыми пайымдауынша бұл бейіттер Махамбет батырдың үзеңгілес адал достары, сенімді серігі, төресін айтар би болған Жұмыр және Қылыш батырдікі екенін және екеуі екі адам екенін айтады. Мұны Қайдар ақсақалда Жұмыр мен Қылыш батырдың зираты екенін айтқан.
Өзге емес, өз өлкеміздің тарихын өзіміз зерттеп білейік
Жұмыр мен Қылыш батыр туралы мағлұматты жасұрпаққа кеңірек жеткізе отырып, олардың өз өлкесіне сүйіспеншілігін арттыру мақсатында және мазар қашан салынғанын, қандай материалдан тұрғызылғанын зерттетуді қолға алу үшін Орал қаласынан 270 км қашықтықта орналасқан қос батырдың мазары басына барып, суретке түсірдім. Әлі күнге дейін жартылай болса да тұрған екі мазардан Жұмыр мен Қылыш батырдың екі адам екеніне көз жеткіземіз. 2 ғасырға жуықтаған, айдалада орналасқан мазарға малдар сүйенгесін және табиғаттың түрлі құбылысы (жауын-шашын, жел т.т.) салдарынан жартысы құлап қалған. Қоршаулары болмағасын, екі батырдың бейіті далада жайылған малдардың ықтыны болып, әбден тапалып қалған. Айналасында ешқандай құлпытастар немесе өзге де белгілерді таба алмадым. Алайда, осы мазарға жақын жердегі ескі қауымдарда, ескіше арабшамен жазылған 3 метрлік үлкен құлпытастарды кездестірдім. Ондағы жазуларды суретке түсіріп, Орал қаласына келіп Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының БҚО бойынша өкілі, дінтанушы Руслан қажы Сұлтанов пен Зеленов ауданы, Асан ауылдық мешітінің бас имамы Мұратбек Қажы Жахатовқа әкеліп көрсеттім. Олар араб графикасына негізделген құлпытастағы жазуларды: «Байбақты руы, Шолан тайпасы, Байторы бөлімі, Жайлау аймағы Жұмыр батыр немересі Кенжебек қажы Құматұлы 58 жасында опат болды", - деп еш қиналмастан оқып берді. Ескі тарихи құлпытастағы жазылған жазулар Б.Аманшин мен әкемнің айтып кеткен сөздерін толықтыра түседі. Құлпытастағы арабша жазуларды оқып беріп, Жұмыр батыр туралы әр қилы етіп жазып жүрген даулы жағдайға нүктесін қоюға себепші болған имам - қажылар Р.Сұлтанов пен М.Жахатовқа алғысымыз шексіз.
Түйін: Тарих - жеке дара ғылым саласы. Оның да өзіндік ұстанымдары, талаптары мен зерттеу әдістері мен теориялары бар. Кім де кім тарихи мәселені жазғысы келсе тарих ғылымының талаптарын орындаулары парыз. Автор өзі зерттеп қозғаған мәселені бұрмаламай, адал жазуы (добросовестность автора) еңбектің "ғылыми аппараты" болуы, яғни әр мәлімет кімнен, қайдан алынғанын көрсете жазуы тиіс. Жоғарыда айтқанымдай Жұмыр-Қылыш батыр туралы мақалаларын ешбір деректемеге сілтеме жасамай, сылдыр сөзбен жаза салған. Ата-бабамыз "өлі риза болмай, тірі байымайды" деп тегін айтпаса керек. Ендеше, Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ерліктері мен есімдері аңызға айналған, ұлт-азаттық көтерілістің көсемі, дауылпаз ақын Махамбетке пана болған Жұмыр мен Қылыш батырдың аруақтары разы болсын деген ниетпен Қаратөбе ауданына қарасты Төлен ауылынан 15 км жердегі құлауға жақын қалған мазарларын жергілікті басшылар және тиісті мекемелер қамқорлыққа алады деп үміттенеміз.
Талғат Қатауов, өлкетанушы
Қазақ үні