Нарқызыл атты Күзен батыр
2017 ж. 05 қазан
4399
1
Маған ақын Нəмет Сүлейменов айтқан нұсқа бойынша "Мұсабек батыр - елдің намысын жыртқан, қасына қырық батыр топтаған қолбасшы-батыр. Оның жігіттері ішінде үш жүздің батырлары, қожа, төре, төлеңгіттен де сарбаздар сап түзеген. Олардың арасында Тоқболаттан шыққан Күзен батыр болған" дейтін еді. Кейін Күзен батыр туралы ел ішінде "Күзен - өте ұзын бойлы, алып денелі, бөрене-мойынды, аяғын үзеңгіге салғанда екі бүктелген қос тізесі қандай үлкен айғырдың болсын құлағын қағатын..." деген сынды көптеген əңгімегелерге қанықтым.
Ордабасындағы атақты “Мырзаби оқиғасы” Күзен батыр ауылында (Тоқболат ауылы) - "Қотырбұлақтың" тура үстінде өткен.
Өз заманының қанды дүрбелеңі атанған бұл оқиғадан ел тыныштығы бұзылған. Тоқболат ауылының үрiккен жұртының бiр бөлiгi “Байырқұм” өңiрiне - Сырдың құбыла жағына өтiп кетедi. Аяқ астынан шапқыншылыққа ұшырап қаламыз ба деп елерген жұрт ауыл сыртына күзет қойып, шолғыншы шығарады. Сондай шолғыншылардың басшысы болған Тойты Күзен батыр намаздыгер шамасында ауылға келiп, бел шешiп ендi жайғасқанда сырттан асығыс кiрген бiр бозбала:
- Қырда ауылды шолып екi атты тұр! - деп хабарлайды.
- Олар жаудың хабаршы-жансыздары! - Күзен батыр отырған үйден көйлекшең атып шығады да, белдеуде қаңтарулы тұрған Нарқызыл атына қарғып мiнiп, - Құдияр ханның негiзгi қолы “Жаутыққанда”, соған жеткермей көзiн жою керек, - деп, шаба жөнеледi.
Батып бара жатқан күнмен бiрге сорайып өте ұзын болып көрiнген жаудың екi жансызы да ауылдағы әбiгер қимылды байқап, ат басын ары бұрып қаша жөнеледi...
Күзен батырға iлесе шапқан ауыл жiгiттерi Нарқызылға жете алмай кейiндеп қалады.
“Жаутыққан” - айналасы тегiс құмды шағыл дала болып келетiн, қазаншұңқыр сайдан қазылған құдық атауы. Суы мол құдыққа құлаған мың қаралы жылқы алыстан қарағанда жым-жылас жоғалады. Мiне, осы қазаншұңқыр ернеуiне шауып келген екi-үш жiгiт сонау төменде, құдық басындағы төрт-бес жүз жау әскерiнiң ортасында соғыс салып жүрген Күзен батырды көредi. Асылы, жау атының басын ұстамақ болған тәрiздi, жүген-ноқтасын қылышпен қиып, аттың құлағын қағатын тiзесiмен нарқызылды қақпалап соғысқан батыр үстiндегi көйлегiн қылыштан жарылған iшiне тығып жiберiптi. Күшi басым жауға килiккен жiгiттер не Күзен батырға жәрдемге ұмтыларын бiлмей, не ауылға қайыра қашарын бiлмей, ат басын тартып iркiлiп қалады. Осы сәтте қоршап алған жаудың жаңбырдай жауған қылышына тосқауыл қоя алмай қалған батыр ат жалын құша бүк түседi. Иесiнен әл кеткенiн сезген естi жануар Нарқызыл жолын кесе берген жау атын кеудесiмен соғып құлатып, “Жаутыққанның” сайынан құйындай ұйтқып шығып, “Байырқұмның” даласына қарай жұлдыздай аға жөнеледi.
Осы күнi Жаутыққаннан “Байырқұмға” қарай тартылатын түзу сызық бойына топ-топ ақ шеңгел өскен. Ел мұны “Күзен батырдың қаны тамған топырақтан өнген едi” деп түсiндiредi.
“Жаутыққаннан” екi шақырымдай жердегi үй орнындай ақ шеңгелдi “Күзен батырдың Нарқызылдан тақымы ажырап құлаған жерi” деп көрсетедi. Осы жерде елдi шошыту үшiн Күзен батырдың бөрене мойынды басы кесiлiп, найзаға шаншылады. Қайырылып келiп иесiнiң өлi денесiн айналып, иiскелеп тұрған Нарқызылды ұстайды. Бiрақ ғажайып үлкен аттың басына жүген, ноқта симайды. Күзен өлiп жүректi күйдiредi, Түскен қайғы белiмдi идiредi. Жүген-ноқта симастан Нарқызылға, Ата жауым жаңасын түйдiредi! Тоқболатты тағдырдың сынағаны-ай, Есіл ердің атынан құлағаны-ай! Сорлы əкенің сорғалап көзден жасы, Қатын-бала шуылдап жылағаны-ай! - деген жоқтау ел есiнде сақталған екен.
Хамза Көктәнді, Қазақ үні