БҚО-да Сырым батырдың 275 жылдығы тойланды
2017 ж. 26 қыркүйек
3579
1
Сырым ауданында қазақ тарихындағы жарқын тұлғалардың бірі - Сырым Датұлының туғанына 275 жыл толуына орай мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Шараға облыс əкімі А.Көлгінов, Сырым батыр мен оның ерлігі туралы жазылған "Тар кезең" тарихи романының авторы, жазушы Қажығали Мұхамбетқалиев, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Əнес Сарай жəне бір топ ғалымдар мен қонақтар қатысты.
Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.Алдымен қонақтар "Сырым шыққан төбе" ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ жуырда ғана "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында жөндеуден өтіп, құнды жəдігерлермен толыққан Алаш музейін, жаңадан ашылған Сырым музейін, Алаш саябағын аралады. Кейін бағдарлама ашық аспан астында ұйымдастырылған мерекелік шаралармен жалғасты.
- Елбасы Н.Назарбаев "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласында ұлттық сананы серпілту жайын ерекше атап өтті. Тарихты танып, зерделеу арқылы ғана келешегімізді бағдарлауға болатындығын айтты. Сондықтан ел үшін, жер үшін тер төккен тарихи тұлғаларымыздың ерлігін дәріптеу - бəріміздің ұлт алдындағы борышымыз. Ал атқарылып жатқан іс ең алдымен тəуелсіздігіміздің арқасы, - деді жұртшылықты мерейлі тоймен құттықтаған облыс əкімі Алтай Көлгінов: .
Сондай-ақ кешелі бері Сырым батырдың 275 жылдық мерейтойына орай өтіп жатқан шаралардың барлығы "Рухани жаңғыру" бағдарламасымен үндесіп жатқанын айтты. Сырым ауданындағы айтулы шара облыстың өнер ұжымдарының театрландырылған қойылымдары мен концерттік бағдарламаға ұласты. Сондай-ақ ат бəйгесі ұйымдастырылып, қазақ күресінен жеңімпаздар анықталды.
Айта кету керек, бұл тойға облысымыздың 12 ауданының барлығы атсалысып, ақшаңқай киіз үйлер тігілген. Олардың əрқайсысында аудан музейіндегі құнды жəдігерлер көпшілік назарына ұсынылды.