ТАРИХ ТЕРЕҢІНЕ БОЙЛАҒАН ТҰЛҒАЛЫ ТУЫНДЫ
2017 ж. 07 тамыз
3999
5
Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді.
Леонардо да Винчи
Әрі терең ойлы текті жазушы, әрі тегеурінді ғұлама ғалым Тұрсын Жұртбаевтың отыз жыл бойы шаң басқан архивтерді ақтарып, отыз жыл бойы саусағы қажалғанша, көз майын тауыса жасаған аса табанды, асқан талантты, көлемімен ғана емес, мазмұнымен де, су төгілмес жорғадай керемет көркем тілімен де баурап алатын салмақты да салиқалы еңбегі – «Ұраным – Алаш» атты үлкен де ұлағатты еңбегін оқығанда менің ойыма Леонардо да Винчи сөзімен жарыса өзіміздің Мұзағаң - тоқсанның төріндегі, өмірдің өріндегі Мұзаффар Әлімбаевтың:
Мен білемін не табуды, нені іздеп,
Еңбек қана елдің ұлы дегізбек, -
деген жыр жолдары оралды. Бұл тегін емес. Қос ақылман, қос тарланың қапталдас қатар қалам ұшына оралуының бір сыры – Тұрсын Жұртбаевтың көп жылдық асқан ауқымды, аса талантты аталмыш кітабының бақытқа да, ел ұлы деуге де әбден лайықты екендігінде. Тұрсын бауырымның қалыңдығы кере қарыс, көлемі жүз жиырма баспа табақ кітабын оқып отырғанымда көпті көрген данышпан ағаларымның бірі: «Мына кітапты жазбақ түгіл оқыған адамға қандай құрмет көрсетсе де жарасада, бұл неткен жанкешті еңбек» деп таңқалып еді.
Енді осы сөздердің құр мадақ, құрғақ сүйсіне емес, үлкен еңбекке берілген әділ баға екендігін «Ұраным – Алаш» кітабынан шамамыз келгенше дерек, дәлел келтірмек. Жалпы, сөздің, соның ішінде шығарманың мазмұны – оның уақытпен үндесуімен бағаланады. Қаншама мағынасы терең, асыл ұғымды білдірсе де, егер сол заманның рухымен үндесіп жатпаса, ондай пікірдің көңілде көмескі тартары анық. Өйткені, пікір де алдаспан сияқты, уақытымен жанылып отырмаса, тот басады. Біз қазір үлкен түлеуді, кемелденуге бет алған тәуелсіздіктің рухани жаңғыру кезеңін басымыздан кешіріп отырмыз. Елбасының халық арасында үлкен қозғалыс тудырған соңғы мақаласында баянды азаттық, бақуатты халық, тұрақты тіршілік, кемел келешек, рух-сана бостандығы сияқты киелі ұғымдар (ұлттық код) парастпен пайымдалған және әр азаматтың ар-ожданымен астасып жатқан емеуірін бар.
Сондықтан да, дәл қазір сондай аңсарлы рухты оятатын, оның астарын түсіндіріп, себептерін саралайтын тарихи туындылар мен зерттеу еңбектері аса қажет. Ондай еңбектер жансарайымыздың жаңғыруына жаңа екпін береді. Мұндай туындылардың, мейлі, көркем шығарма, тарихи зерттеу, саяси пайымдау болсын, бәрібір, дәл осындай шағымды кезеңде ерекше назар аударылып, олардың маңызы жаңаша мағына алып, қадірі артатынына өз басым толық сенемін. Әрине, ұлтымыздың рухан тарихында мұндай ұлағатты үлгілер көп-ақ. «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» деп ұлы Абай айтқандай, Абайдың өзінен
бастап рух бостандығы туралы тәлімді сөздерді санамызда жаңғыртып, бүгінгі күннің өзекті ойымен ұштастыра білу – әр зиялылының парызы.
Бұл орайдан алғанда, қоғамдық ғылым саласынан Әл Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, қазақ қауымы арасында кеңінен талқыланып жатқан жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш!..» атты үш кітаптан тұратын тарихи деректі монографиясы алдымен ойға оралады. Тұрсынның бұл еңбегі қазақ оқырмандарына кеңінен таныс. Өйткені, ол: алаш қозғалысы – тарихи пайымдау тұрғысынан жазылған, біртұтас алаш идеясы тұжырымдалған, алаш қайраткерлерінің тағдыр талайы құжаттар арқылы тиянақталған, мол мағлұматтарға толы зерттеу әрі терең ойға құрылған көркем талдау.
Тәуелсіздіктің тұғыры – ұлттық идея екені анық. Сол ұлттық идеяның мемлекеттік идеология ретінде тұжырымдалуы алаш қозғалысымен тікелей байланысты. Алаш идеясы – бүгінгі мәңгілік ел идеясының тамыры. Онда қазақ халқының кешегі, бүгінгі, ертеңгі даму бағдары қамтылған. Өйткені, алаш қайраткерлері қазақ ұлтының тартқан тауқыметін өздері басынан кеше отырып, азабы мен қинауына төзе отырып, қилы-қилы рухани, саяси-экономикалық, территориялық қысымдар мен жазалаудың тұсында елін аман сақтап қалудың амалы ретінде екшей таңдаған ұстаным болатын.
ХХ ғасырдағы қазақтардың тағдыры туралы романымды жазу барысында бұған менің көзім анық жетті. Сол идея бүгін де ерекше маңызға ие болып, «рухани жаңғыру» ұранымен үндесіп отыр. Т.Жұртбайдың «Ұраным – Алаш!..» трилогиясындағы Біртұтас алаш идеясын зерттеулер мен талдаулар арқылы тұжырымдап беруі соның бір айғағы.
Жалпы, бұл еңбек туралы оқырмандар тарапынан жүздеген құнды пікірлер білдіріліп, баспасөздер мен ақпарат құралдарында үзбей айтылып келеді. Талқылау барысында да белсенді пікірлер де жарияланып жатыр. Қазақ жазушылары тарапынан да жоғары бағаланды, сөйтіп, бүгінгі зиялы қауымның назарын аударатын басты кітаптың біріне айналды.
Бұл трилогияның табысты орындалуының басты себептерінің бірін, кітаптың жазылуы тарихы мен көтерген мәселесі туралы анықтамаға жүгінсек, оның анық-қанығын білеміз. Сілтеме-түсініктеменің өзінде: жазушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш!..» атты үш томдық еңбегі ғылыми-тарихи және әдеби-шығармашылық зерттеу болып табылатыны көрсетілген. Деректерге дәйектелген бұл зерттеу «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің үстінен 1927-1932 және 1937-1938 жылдары ОГПУ, НКВД, КГБ тарапынан жүргізілген тергеу істерінің негізінде жазылған.
Автор, Қазақстан жазушылар Одағы Құқықтық комиссиясының төрағасы ретінде 1988-1994 жылдары және 1997 жылы М.О. Әуезовтің жүзжылдық мерейтойын өткізу комиссиясының мүшесі ретінде Мемлекеттік қауіпсіздік (қазіргі Ұлттық қауіпсіздік) комитетінің архивіндегі жүзден астам «мемлекеттік аса құпия құжаттармен», тергеудің сұрақ-жауаптарымен, «айыпкерлердің» көрсетінділерімен, айыптау қорытындыларымен танысып шығуға мүмкіндік алған.
Автор соңғы жиырма бес жылдан астам уақыт бойы ғылыми ізденістер жүргізіп, ОГПУ-дің «үштік» сотындағы айыптаулардың жалғандығын әшкерелейтін тың деректерді ғылыми айналымға енгізді. Түрме әфсанасына, сондай-ақ, тұтқынға алынғандарды тінту кезінде тәргіленген хаттар мен құжаттар да пайдаланылған. Осыншама мол мұрахаттарды өзге де сирек деректермен жарыстыра талдап, кеңестік жазалау жүйесінің құпиялары мен қылмысты әрекеттерін ашады. Алаш ардагерлерінің тағдырына қатысты бұрын-соңды белгісіз боп келген, не қате тұжырымдар жасалған тарихи оқиғалар тергеу деректерімен жан-жақты салыстырыла талданып, тың пайымдаулар ұсынады.
Кеңестік тоталитарлық жүйесінің қазақ халқын рухани тәуелділікке жүгіндіру мақсатында жүргізілген идеологиялық қысым саясаты кітапта жүйелі түрде талданған. Тіпті, саяси қысымға басын тіккен алаш қараткерлерінің азап-тозағын былай қойғанда, олардың артында қалған ұрпақтарының қасіретті тағдырының өзі, тіпті, солардың әр қайсысының тағдыры жеке-жеке көркем шығарманың арқауы болуға лайықты қаншама өмір тауқыметі қамтылған.
Тұрсын Жұртбаевтың «Ұраным – Алаш» атты үш томдық кітабын оқып отырғанда осы еңбекке Қазақстанда ғана емес, кешегі кеңестік кеңістіктен де болама таба алмады. Ойға алып Ресейдің әлемдік деңгейдегі айтулы ғалымы Феликс Кузнецовтың М.Шолоховтың «Тынық Доны» жайлы ондаған жыл бойы жазған көлемі 70 баспа табақ айтулы еңбегі оралды. Сол үшін ол шексіз құрметке бөленді. Сол кітаптың өзі де Олжас Сүлейменов сөзімен: «Тауларды аласартпай, даланы асқақтата» айтсақ Тұрсын Жұртбаевтың «Ұраным – Алаш» атты еңбегінен аласа екен.
Қысқа қайырып айтсам: ғалым-жазушының бұл ғылыми туындысы қазақтың жалпыұлттық «Мәңгілік ел» идеясының арнасында еліміздің келелі де қасіретті тарихи кезеңіне арналған іргелі де толымды зерттеу еңбегі болып табылады. Сонымен қатар қазақтың ұлттық Біртұтас Алаш идеясын тарихи тұрғыда тұжырымдай жүйелеп берген «Ұраным – Алаш!..» атты үш кітаптан тұратын бұл іргелі зерттеу – Алаш қозғалысының бар болмысын айқындауға арналған.
Ғалым-жазушының ұзақ жылдар бойы тиянақты зерттеп жазған «Ұраным – Алаш!..» атты трилогиясының Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласы бойынша берілетін мемлекетік сыйлығына ұсынылуын орынды деп санайды Н.Ә.Назарбаевтің «Болашаққа бағдарында» атап көрсетілген рухани жаңғыру мен ұлттық кодты терең түсінуге негіз қалайтын Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш!..» атты үш кітаптан тұратын тарихи деректі монографиясы жоғары дәрежелі Мемлекеттің сыйлыққа толық лайық шығарма – деп есептеймін.
Сәбит Досанов,
жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, М.Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері
Қазақ үні