Алаш қозғалысына қатысты үш томдық құжаттар жинағы жарық көрді (ФОТО)

Бүгін Астанада Алашорда үкіметі мен Алаш автономиясының 100 жылдығына орай жазушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың «Алаш қозғалысы» атты 3 томдық құжаттар жинағы мен белгілі журналист Болат Мүрсәлімнің «Алашорда» фотоальбомының таныстырылымы өтті.

Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.

Аталмыш шараға қос жобаға қаржылық қолдау көрсеткен «Самұрық-Қазына Траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының ресми өкілі Лима Диас, тарих ғылымдарының докторы, Түркияның Ыстамбұлдағы Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қара, «Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, саяясаттану ғылымдарының докторы Берік Әбдіғали, Гүлнар Қара, Сағымбай Жұмағұлов және «Ел-Шежіре», «Дегдар» қоғамдық келісімді қолдау» қоғамдық қорларының қызметкерлері мен отандық және шетелдік ғалымдар, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.

Алаш қозғалысы – Ресей империясының отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс екені белгілі.

Алаш қайраткерлерінің басты мақсаты – қазақ елінің өзін-өзі басқаруы, дербес мемлекеттік жүйе құру, шаруашылық пен өнеркәсіпті өркендету, демократиялық қағидаларды ұстану, білім мен мәдениетті дамыту болатын. «Алаш» қозғалысының мақсат-мүдделері бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның саяси-әлеуметтік және рухани-мәдени даму бағдарларына толық сәйкес келеді.

- Бұл кітаптағы құжаттар жиынтығы – негізінен ҚР ҰҚК-де сақталған құжаттар негізінде жинақталған. Алаш қайраткерлері туралы бүгінде ел арасында, тарихшылар мен өзге де зиялы қауым арасында әртүрлі пікрілер бар. Әсіресе, ұлты үшін жанын қиған ардагерлеріміздің өмірі, қоғамдық қызметтегі орны жайлы айтылатын әр түрлі кереғар пікірге жүгінетіндер үшін бұл кітаптардың берері мол, - деді шара барысында алаштанушы Тұрсын Жұртбай.

 

Болат Мүрсәлімнің «Алашорда» фотоальбомында Алаш арыстарының өмірі мен қызметі фотодеректер арқылы көрсетіліп, мұрағаттарда сақталған 390 қоғамға тансық түрлі суреттер берілген. Тұрсын Жұртбайдың «Алаш қозғалысы» атты 3 томдық жинағы архивтегі құпия құжаттар мен сот материалдары негізінде құрастырылған.

qazaquni.kz