Алаш мұралары мәңгілік жасайды
2017 ж. 09 мамыр
5582
0
«Ақ жол» Демократиялық партиясының төрағасы А.Перуашевқа
Тәуелсіздік туын көтеріп, егеменді ел атанысымен мемлекеттігімізді нығайтумен бірге төл тарихымызды түгендеуге де назар аударыла бастады. Ұлы даланың сан ғасырларға кететін терең тарихының бір парағы - Алаш Орда партиясының және қазақ автономиясының құрылуы тарихшылар мен ғалымдардың еңбегінде көлемді орын алып, зерттеліп келеді. Егеменді ел болуды аңсаған Алаш көсемдерімен қатар осы күнге дейін есімдері белгісіз болып, ұмытылған арыстардың да аттары жарық көріп, бүгінгі ұрпаққа ұсынылуда. Алаш тарихын түгендеу шарасын алғашқылардың бірі болып Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы қолға алған болатын. Алаштың ақ жолын жалғастырушы ретінде танылған аталмыш партия бұл бағытқа өздерінің тұғырнамасынан тұрақты орын беріп, көптеген игі істерге ұйытқы болып келеді. Олардың қатарында Алаш арыстарының тарихын зерттеуге арналған «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық Байқауын және жыр мүшәйраларын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырды. Алаш арыстарының есімін ел есінде қалдыру үшін Үкіметке бірқатар сауалдар жолдап, нақты ұсыныстарын білдірді. Бүгін «Ақ жол» партиясының сондай сауал мен ұсыныстарының біріне ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен келген жауапты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Құрметті Азат Тұрлыбекұлы! Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі (бұдан әрі – министрлік) Сіздің Алаш партиясы мен Алаш Орда ұлттық автономиясының 100 жылдығына орай жолдаған ұсыныстарыңызға қатысты келесіні хабарлайды. Қазақ тарихында Алаш Орда партиясының және автономиясының құрылуы ел санасының түлеуіне әсер еткен аса маңызды саяси оқиға. Сондықтан, бүгінгі тәуелсіз еліміздің азаматтары бұл жөнінде терең білуі қажеттігін ескере отырып, Сіздің бастамаңызды орынды деп санаймыз. Осы ретте Министрлік Алаш Орда тарихымен жастарды тереңірек таныстыру үшін бірқатар еңбектерді шығаруды жыл сайын жүзеге асыруда. Мәселен, соңғы жылдарда осы бағытта шығарылған еңбектерге тоқтала кетер болсақ, 2012 жылы Г.Дулатованың «Алаштың сөнбес жұлдыздары», Жаһанша Досмұхамедиұлының 125 жылдығына арналған Ө.Жолдының «Асыл-Тұлға», 2013 жылы «Қазақ әдебиетінің інжу-маржаны» сериясымен Ахмет Байтұрсынов шығармаларының 6 томдығы, Г.Дулатова мен С.Иманбаеваның «Міржақып Дулатов шығармалары», Н.Қуантаеваның «Жүсіпбек Аймауытов шығармалары» (6 том), С.Жұбаниязовтың «Мағжан Жұмабаев шығармалары» (1-2 том), Д.Қамзабекұлының «Смағұл Садуақасұлы шығармалары», «Қошке Кемеңгерұлының шығармалары», Б.Мырзабайдың «Телжан Шонанұлы шығармалары» (1-3 том), Ж.Сұлтан Ханның «Әлихан Бөкейхан шығармалары» (6-9 том) (1-7томдары 2009-2011 жылдары жарық көрген), «Алаш мұрасы» сериясымен Қ.Сақтың «Алаш көсемсөзі», Қ.Бегмановтың «Мұстафа Шоқай жолымен» (кітап-альбом), Д.Аманжоловтың «Алаш: исторический смысл демократического выбора», Н.Дулатбековтің «Алаш ардақтылары: Санкт-Петербург іздері», Д.Қамзабекұлының «Омбының Алаш дәптері», В.Ғалиевтің «Ұлтты оятқан кітап» (Міржақып Дулатов және оның «Оян, қазақ!» кітабының ізімен), Т.Хазретәлінің «Алаш һәм Түркістан» атты кітабы, 2014 жылы Қ.Сақтың «Алаш көсемсөзі: «Жер мәселесі» (1-том), «Тіл мәселесі» (2-том), «Дін мәселесі» (3-том), «Алаш мұрасы» еңбектері, 2016 жылы Т.Жұртбайдың «Біртұтас Алаш идеясы» еңбектері шығарылғандығын атап өткіміз келеді. Сондай-ақ, Сіз алдыңғы хатыңызда (18.01.2017 ж. №10-10-69 хат) басып шығаруға ұсынған кітаптардың тізіміндегі Әлихан Бөкейхан шығармаларын (15 томдық) басып шығару жұмыстары басталып, бүгінгі таңда алғашқы 3 томы шығарылды және алдағы уақытта қалған томдарын шығару жұмыстары өз жалғасын табатын болады. Сіз хатыңызда ұсынған «Алаш» институты ұжымымен әзірленген Алаш Орда қайраткерлерінің еңбектерін шығару мәселесіне тоқталар болсақ, бүгінгі таңда Министрліктің жанында алдын ала басып шығаруға ұсынылатын еңбектерді көркемдік құндылығына, өзектілігі мен тиімділігіне қарай, сұрыптап отыратын «Әдебиет және кітап шығару жөніндегі көркемдік кеңес» (бұдан әрі-Кеңес) жұмыс істейді. Қоғамдық маңызы бар әдебиетті басып шығару қағидаларына сәйкес шығарылатын әдебиеттердің тізімі алдын ала осы Кеңесте іріктеліп, бекітіледі. Осы ретте («Ә.Н.Бөкейхан» тұлғалық энциклопедиясы, («Ә.Н.Бөкейхан туралы алғашқы монография» ағылшын тілінде және т.б.) еңбектерді алдағы жылы шығарылатын әдебиеттердің тізіміне қосу мақсатында Министрліктің жанындағы Кеңестің қарауына енгізуді ұсынамыз (бұл жөнінде «Алаш» ғылыми-зерттеу институтына арнайы хат жолданды). Сонымен қатар Тәуелсіздік алған уақыттан бері Алаш арыстарын ел есінде мәңгі қалдыру мақсатында олардың есімдерін бірқатар нысандарға, әкімшілік аумақтық бірліктер мен олардың құрамдас бөліктеріне беру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, бүгінгі таңда республика бойынша Ә.Бөкейханның есімімен 60 көше, А.Байтұрсыновтың есімімен 149 көше, М.Жұмабаевтың есімімен 108 көше, М.Дулатовтың есімімен 55 көше, М.Шоқайдың есімімен 28 көше аталады және басқа да қайраткерлердің есімдері көшелер мен нысандарға берілген. Десек те, Сіз хатыңызда атап өткендей, (Ленин, Крупская, Дзержинский, Рабочая және т.б.) идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар әлі де жетерлік. Осыған орай Министрлік республика бойынша сондай ескі атауларға талдау жұмыстарын жүргізіп, нәтижесін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігіне енгізген болатын. Осыған орай берілген идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды тарихи жер-су атаулары мен дәстүрлі атауларға өзгерту және кісі есімдеріне уақытша шектеу қою туралы тапсырмаға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілгеннен кейін нысандар мен әкімшілік аумақтық бірліктерге және олардың құрамдас бөліктеріне кісі есімдерін беру жұмыстары жалғасатын болады. Құрметті, Азат Тұрлыбекұлы, Сіздің қазақ тарихындағы Алаш арыстары сынды ұлы тұлғаларды дәріптеп, олардың есімін ұрпақ санасына қалдыру мәселесіне алаңдаушылық білдіріп, көтеріп отырған бастамаларыңызға алғыс білдіреміз және жұмысыңызға табыс тілейміз. С.МҰСАЙБЕКОВ Мәдениет және спорт министрінің міндетін атқарушы qazaquni.kz