Қазақтың хас батырының айбалтасы мұражайға тапсырылды (ФОТО)
2017 ж. 28 сәуір
3277
6
Бүгін Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының Орталық кеңсесінде Тәуелсіз Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылдығына орай қазақтың хас батыры Қанжығалы Бөгенбайдың ұрпақтары тарихи тұлғаның айбалтасы мен кісе белбеуін ҚР Әскери - тарихи музейінің көрмесіне табыс ету рәсімі болып өтті.
Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.
«Алатаудай Ақшадан, асып туған Бөгенбай» батырға тиесілі құнды жәдігерді батырдың ұрпақтары ғасырдан ғасырға аман-есен жеткізіп, сақтап келген. Бұл айбалта – Бөгенбайдай батырдың қалмаққа қарсы көтерген бес қаруының бірі еді. Бұл айбалта – киіз туырлықты қазақтың жауына дес бермеген елдік рухы, ұлттық намыс еді! Міне, батырлық пен ұлтжандылыққа толы бұл тарихи жәдігерді енді музей көрмесінен көріп, әсерленуге зор мүмкіндік туып тұр!
ҚР Қорғаныс министрілігі басшылығы «Ақ жол» партиясының төрағасы А.Перуашевқа арнайы ел арасынан тарихи тұлғалардың жауынгерлік қаруларын жинастырып жүргені жайында өтініш хат жазып, қолдау сұрапты. Партия төрағасы министрліктің өтінішін ескеріп, қолдаған. Бүгін, міне, тарихи жәдігерді таныстыру арқылы музей қорына салтанатты түрде өткізу рәсімі өтті. Рәсімге музей басшылығы және партия ұжымы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, БАҚ өкілдері қатысты. Салтанатты шара барысында «Ақ жол» жетекшісі А.Перуашев Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласындағы ұлтжандылық қағидасының негізгі мәні – елдің тарихын білуден басталатын түсіндіре отырып, бұл жәдігердің бүгінгі қоғамнан алар тарихи құндылығы мен өзектілігін, баға жетпес, ұлттық асыл мұра екенін айтып өтті.
Ал, партияның ОК хатшысы, белгілі журналист А.Сқабылұлы: «Бұл жәдігер арқылы жастар мен жасөспірімдер қилы заманда өмір сүрген батырдың қандай адам болғанын біліп, оның ерлігі миф пен фольклор емес екенін анық сезініп, көзбе-көз байқап, көрме экспонатынан айбарланып, қуатты әсер алып, айбаттанып, рухтанып шығады»,- деді. Музей басшысы Перизат Өтепова батырдың бұл жәдігерінің музей көрмесінде тұруы үлкен бедел екендігін түсіндіріп, ұрпақтарына алғысы мен ризалығын білдірді.