Арыстанбек Мұхамедиұлы Сарайшық қаласының консервацияланатынын мәлімдеді
2017 ж. 03 сәуір
2921
3
Бүгін Астанадағы Ұлттық мұражайда «Сарайшық: ұлы қала тарихы» тақырыбында Халықаралық ғылыми конференция өтті. Ғылыми мәжіліске ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен Зейнолла Самашев, Карл Байпақов бастаған 40-тан астам отандық және шетел ғалымдары қатысты.
Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталының тілшісі хабарлайды.
Шараға жиналған ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері ортағасырлық Сарайшық қалашығын сақтап қалу, қалашықты қалпына келтіру мен бұзылуына жол бермеу мәселелеріне жоғары білікті шетелдік және отандық ғалымдардың назарын аудару бойынша келелі кеңес өткізді. Себебі, бүгінгі таңда табиғи-климаттық және антропогендік факторлардың әсерінен Сарайшық қалашығының жағдайы министрліктің, әкімдіктің, қоғам мен ғалымдардың алаңдаушылығын туғызуда.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы жоғарыда аталған барлық түйткілді мәселелердің өзекті екенін айта отырып, көне қалашықты консервациялау керектігін алға тартты.
«Бұл проблемаларға біз білікті шетелдік және отандық ғалымдардың назарын аудартуымыз керек. Сөйтіп, ұтымды бірлескен шешімдер қабылдағанымыз жөн. Жалпы алғанда, қаланы сақтауға жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар, ғалымдар мен өзге де мүдделі тараптар қалашыққа қатысты күрделі мәселелерді бірлесіп шешуге атсалысуы қажет. Мәселен, Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарын аяқтау, археологиялық қазба жұмыстарын жалғастыру, осыдан кейін қалашықта консервациялау жұмыстарына барлық ресурстарды жұмылдыруымыз керек», - деді Мұxамедиұлы Астанадағы xалықаралық конференцияның ашылу салтанатында.
Айта кетейік, Сарайшық қалашығы 100 га көлемі бар, XIII-XVI ғғ. жатады. Жайық өзенінің оң жақ жағалауында, Атырау қаласынан 55 шақырым жерде орналасқан. Археологиялық зерттеулер нәтижесінде Сарайшықтан Шығыс пен Батыстың ортағасырлық өркениетті орталықтармен сауда-экономикалық және мәдени байланысы туралы ақпарат беретін және Алтын Орда дәуірінің қалалық мәдениетінің бай материалдары табылды. «Хан» қоғамдық құрылысының архитектуралық орналасуының кезеңдеріне зерттеу жүргізілді. Зерттеу барысында «ханның» салу ерекшеліктері анықталды. Сонымен бірге, өткен маусымда бес құрылыс кезеңін анықтауға мүмкіндік алынды. Археологиялық зерттеу барысында қалашықта нумизматикалық материалдардан басқа қалалықтардың көптеген күнделікті қолданыс заттары табылды: қыштан жасалған заттар (құман, құмшы, шығыр, құмыралар, көзелер, шырақтар, түбектер, кесе, пияла) өсімдіктер мен зооморфты өрнектер және түрлі араб шрифтімен, сонымен бірге, трапезундық және қырым амфораларыныњ бөлшектері, қытай фарфорынан жасалған табақтың бөліктерімен безендірілген. Қазбалар барысында көптеген сүйектен, темір мен қоладан жасалған бұйымдар кездеседі. Одан басқа, ортағасырлық моншаның қалдығы табылып, зерттелді. Сарайшықта салтанатты сәулетті сарайлар, керуен-сарайлар, моншалар, мешіт-медреселер және басқа да ғаламат ғимараттар салынған. Оларды атақты сәулет өнері мектептерінен өткен дарынды шеберлер тұрғызған қаланың өте тамаша жобаланып салынған түзу де кең көшелері мен алаңдары болған. Қаланың келбетінен шығыстың әсері айрықша байқалды.