«Қазақ хандығы» «Көшпенділерден» көш ілгері ме, әлде...
2017 ж. 31 наурыз
6984
0
Көктемнің шуақты шағы – Наурыз мерекесі күндері көпшілік «Қазақ хандығы» көпсериялы тарихи фильмін «31-арнадан» тамашалады. Телехикая басталысымен-ақ жұрт әлеуметтік желіде әр алуан пікір жазды. Бірте-бірте сын көбейді. Біреу біліп айтты, біреу білмей айтты. Енді біреу жұртқа қосылып әу деді. Әйтеуір, Қазақ хандығы туралы телехикаяны сөз қылмаған адам қалмады. Демек, жұрт асыға күткен тарихи фильмді көріп қана қоймай, әркім өзінше ой түйді деген сөз. Бұл тарихи фильмнің басты жетістігі болса керек.
БІР АУЫЗ СӨЗ ЖӘНЕ БҮКІЛ ТАРИХ
Ресей президенті Владимир Путин 2014 жылы «Селигер» жастар форумында сөйлеген сөзінде: «Қазақтарда мемлекеттілік болмаған. Ол (Н.Назарбаев) оны құрды», – деп Қазақстан билігінің өз бидайын өздеріне қуырып берді. «Айтылған сөз – атылған оқ». Әмбесі, ол оқ сөз биліктің ең осал жеріне барып қадалды. Осал жері сол – «Қазақстанның мемлекеттік тарихы 1991 жылдан басталады, бұрын-соңды мұндай мемлекет болмаған» деген мазмұндағы сөзді билік өзі шығарып, айналымға енгізіп жіберді. Мемлекет құрушы ұлттың ұлы тарихына балта ала жүгірген осынау сөзден биліктің тым-тым өзімшілдігі, астамшылдығы анық көрініп, жұрт тіксініп еді. Алайда сырт елдің басшысы «қазақтарда мемлекеттілік болмаған» дегенді айтады-ау деп ешкім күтпеген. Күтпеген сөз биліктің тарихқа қатысты ұстанымын қайта қарауға мәжбүрледі. Біріншіден, Путин ол сөзді бекер айтпағаны мәлім еді. Назарбаевтың тарихи тұлғасын соншалықты көкке көтере айтқандай көрінгенімен, шын мағынасында бүтін мемлекетті жоққа санаған сөз еді. Ал бұл дегеніңіз – құбылмалы, айнымалы, түлкібұлаң саясат ұстанатын Кремль үшін түптің түбінде сылтауға сынық болар дүние екені анық еді. Ақорда да мұны жан-тәнімен сезді. Егер Тәуелсіз Қазақстан мемлекеттік тарихтың тамырынан қан алып жатпаса, бүгінгі биліктің де күні тез бататыны айтпаса да түсінікті. Оның үстіне Путиннің сөзі қоғамда қызу талқыға түсіп, жауапсыз сұрақтар, талаптар күшейді. Ұлт намысы қайраққа түсті. Ал ол намыстың тым өткір болуы билікке қауіпті.
ТАРИХ БИЛІКТІ ҚАЛАЙ ҚҰТҚАРДЫ?
2014 жылдың тамызындағы Путиннің сөзінен кейін қоғамның қысымында қалған билікке тарихтың өзі көмекке келді. 2015 жылы Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толып тұр еді. Міне, осы тарихи дата орайға келе кетті. 550 жылдықты жалпыұлттық деңгейде тойлауға шешім қабылданып, бағдарлама қабылданды. Қоғамдық пікір бірден жуасып сала берді. Бұл тарихты ресми мойындау болатын. Осы қадам биліктің «Қазақстанның мемлекеттік тарихы 1991 жылдан басталады» деген өз сөзін жоққа шығарды. Ал біз сөз етпек болып отырған «Қазақ хандығы» тарихи телехикаясы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ең ірі жоба болды. Тарихи жобаның авторы – президент Н.Назарбаев деп көрсетілген. Режиссері – Рүстем Әбдіраш. Сценарий авторлары: Смағұл Елубай, Тимур Жақсылықов және Рүстем Әбдіраш. Тарихи кинокартина жазушы Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романының желісі бойынша түсірілген. Былтыр «Алмас қылыш» деп аталатын фильмнің нұсқасы жарыққа шыққан еді. Жұрт жылы қабылдаған. Сыни пікір де аз болмады. Енді, міне, телехикаяның толық нұсқасын да жұрт көрді.
СЫНҒА ЖАУАП
Бірер ауыз кіріспе сөзде айтқанымыздай, бұл жолы тарихи сериалды сынаушылар қарасы мол болды. «Біткен іске сыншы көп» десек те, әр сыни пікір жауапсыз қалмауы тиіс дейтін қағида тағы бар. Әрине, пікір алуандығы болғаны жақсы-ақ. Фильмнің қызу талқыға түскені де оның талдауға, талқылауға тұратын дүниесі бар екенінің айғағы. Десе де, қалың бұқара көкейінде қалған сауалына я болмаса желіде жазған сынына бір жауап естігісі келетіні белгілі. Фильм төңірегіндегі ел ішіндегі әңгіменің толастамай тұрғанын ескеріп, біз телехикая туралы өз ойымызды жазудан тартынып, мамандарға сөз бергенді жөн көрдік.
Ә дегенде «Қазақ хандығы» тарихи телехикаясы сценарий авторларының бірі, жазушы Смағұл Елубайға хабарластық. Смағұл Абатұлы кинотуынды жайлы сыни пікірлердің көп айтылып жатқанынан хабардар екен. Өзі де сол ой-пікірлерге жауап беруге бейілді екенін айтты.
Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы, «Қазақ хандығы» тарихи телехикаясы сценарий авторларының бірі:
– «Қазақ хандығы» сериалы «31 арнадан» көрсетіліп жатыр. Осыған байланысты БАҚ-та әртүрлі пікірлер айтылды. Мақтау да бар, даттау да бар. Осы орайда айтылған сыни пікірлерге мен жауап бергім келеді.
«Алмас қылыш» фильмінің нұсқасы көрсетілгенде «Қазақтар өзбектен қашып, ұйғырдың қолтығына тығылған ба?» деген пікір айтылған. Бұл артық айтылған сөз. Біз оған жауап бергенбіз. Тағы да жауап береміз. Моғолстанның негізгі халқы қазіргі Жетісуды мекендеп отырған қазақ рулары болды. Жалпы, Моғолстанның аумағы кеңдеу болатын. Оның шығыс жағында тараншылардың тұрғаны фильмде айтылады. Сондықтан жоғарыдағы сын – жаңсақ сын.
Фильм оқиғасы өзбек-қазақ болып бөлінбей тұрғанда кезде Сығанақта өтеді. Ал фильмнің костюм жөніндегі суретшілері Әбілқайыр – Шайбан шахтан бастап, шахтың төңірегіндегілердің киімін өзбекке ұқсатып жіберген. Осы тұрғыда айтылған сынның негізі бар деп білем. Шындығында, Әбілқайыр көшпелі өзбектің отырықшылыққа өткен ханы болды.
«Бірінші Әз Жәнібектің тұсында өмір сүрді делінетін Асан қайғы 15-ғасырда қайдан жүр?» деген сыни сауал да болды. Бұл да жаңсақ айтылған пікір. Тарихшыларымыз әлі күнге дейін Асан қайғыны аңыздан ажырата алмай келеді. Сондықтан оның өз өлеңдеріне сүйеніп, шамалауға болады. Өлеңдерінде «Әз Жәнібек» деп айтылады. Оны біз былай деп ойлаймыз: екі Жәнібек те Әз Жәнібек атануға лайықты тұлғалар болды, қазақ тарихында. Қазақтың ханы Жәнібек те Әз Жәнібек болған болуы керек. Және бұл нұсқаны Есенберлин қолдайтынын да көрсетеді. Шығармада Асан қайғыны Жәнібектің заманында өмір сүрген етіп суреттеген. Содан кейін «Әбілқайырды неге Шайбан шах, Шайбан шах дей бересіңдер?» деген пікір айтылып жатыр. Фильм идеясының авторы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ-өзбек дос халық, бір тамырдан тараған. Ал Әбілқайыр – екі халыққа да ортақ тұлға. Оны қазақ сұлтандарына қарсы шықты деп жамандай берсек, өзбек ағайындардың көңіліне тиюі мүмкін. Сондықтан да сақ болыңдар!» – дегеннен кейін біз оны шартты түрде Шайбан шах деп алуға мәжбүр болдық. Әбілқайырдың өзі және немересі Шах Мұхаммед – Мұхаммед Шайбани өзбектердің мемлекетінің негізін салған ұлы ханы болғаны белгілі. Ұрыстан көз ашпаған ол парсылардың қолынан қаза тауып, опат болғаны тағы да мәлім. Және отыз жыл бойы өзінің туған бөлесі, қазақтың Қасым ханымен соғысқаны да анық. Ақыры жеңіліс тауып, елін ертіп, Сырдарияның арғы бетіне көшуге мәжбүр болғаны да тарихтан мәлім жайт. Міне, сондықтан да ағайынды халықтардың көңіліне тимес үшін қасиетті хандардың есімін сәл өзгертіп пайдалануға тура келді.
Кезекті бір сын Қазтуған туралы. «Қазтуған 17-ғасырда өмір сүрген деуші еді, ол 15-ғасырда тайраңдап қайдан жүр?» дейді. Өзі ақын, өзі батыр Қазтуған да аңызға айналған тұлға. Тарихшылар о бастан Қазтуған 15-ғасырда өмір кешкен деп айтып келді. Өлеңдері де сол заманның мақамдарына келеді. Есенберлиннің романында да Керей мен Жәнібектің замандасы деп айтылады. Сондықтан тарихи тұлғаларды пышақкесті ана ғасырда өмір сүрді, мына ғасырда өмір сүрді деп айтуға болмас. Сын айтқан тарихшылар өзге тарихшылардың пікірлері бар екенін ескеруі керек. Қазақстанда ондаған тарихшы бар, пікірлер әртүрлі. Негізінен, энциклопедияны қарап, соған сүйенеміз, өйткені онда қорытынды пікір беріледі ғой. Энциклопедияда Қазтуған 15- ғасырдың тұлғасы деп айтылады.
Фильмде кейбір детальдар бар. Олар фильмнің концепциясына, тарихи мазмұнына бәлендей зиян келтірмесе де, тыңдаған кезде құлақ кесетін сөздер болады. Мысалы, сериалда сценарий авторы – менің қаламымнан шықпаған сөздер кіріп кеткен. Оның қалай кіріп кеткенін білмеймін. Сценаристің фильм түсіріліміне қатысуы міндетті емес. Басы-қасында режиссер мен редактор жүреді. Фильмдегі «халқыңның қалаулысы, еліңнің елеулісі бол» деген сөзге менің өзім де әттеген-ай дедім.
Қалай болғанда да мұндай үлкен дүниені түртпектеп, тіміскіленіп жазу соны жазып отырған азаматтарға жараспайды деп білемін. Фильмнің концепциясы, актерлердің ойыны, тарихи сорап жақсы берілсе және жас ұрпақтың санасына отаншылдық, тарихқа деген махаббат дәнін ексе, онда фильм діттеген мақсатына жетті деп ойлаймын.
Асанәлі Әшімов, Бақытжан Ертаев, Амалбек Тшанов, Мұхтар Тайжан сынды елге белгілі азаматтар жылы пікір айтып, сүйіншіледі. Бұл – үлкен азаматтық. Әрине, ұсақ-түйек қателіктерді олар да байқады деп ойлаймын. Жақсы пікір айтқан азаматтардың ішінде президенттің өзі де бар. Қазіргі Ресейдегі елші Иманғали Тасмағамбетов те жақсы лепес айтты.
Актерлерге келетін болсақ, Рүстем Әбдіраш өз қалада туып-өскен бала ғой. Сонда да дала өмірінен ауытқымай, киноэпопея түсіріп шықты. Бұл еңбегіне қуаныштымын. Досхан Жолжақсыновтың ойыны керемет болды. Тіпті президенттің өзі оның актерлік шеберлігіне тәнті болыпты деп естідім. Керейдің рөлін ойнаған Қайрат Кемелов те ханның бейнесін, болмысын өте тамаша ашты. Жәнібекті сомдаған Еркебұлан Дайыровтың ішкі энергетикасы, харизмасы күшті екен. Жарқырап көрінді.
Рәбия бегімге қатысты сынға да жауап бере кетейін. Осы тарихи жобадағы ең ғазиз, аяулы бейне Рәбия бегім болды. Ол өмірде де өте сұлу болған. Төртінші әйелі болып шалға тиді. Қарапайым өмірдегі адами қатынас, түсініктерден алып қарағанда фильмде солай алуға мәжбүр болдық. Интрига, қайшылықты, қызғылықты оқиғалар қатар жүрмесе, фильм де тартымсыз болар еді. Шындығына келгенде, қаржы жетпей, фильмнің үш сериясы түсірілмей қалған болатын. Сондықтан да оқиға аяғына жетпей қалған. Сценарийде Рәбиғаны біз әулие әйел деңгейіне жеткіздік.
Қазақ хандығы жобасына қатысты жаңалығымыз да бар. Осы тарихи жобаның жалғасы ретінде президент Н.Назарбаев мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына Қасым хан туралы тарихи фильм түсіруге тапсырма берді. Бізге де тапсырма беріліп, біз, сценаристер, тарихқа қайтадан кірейік деп жатырмыз. Бұл үлкен қуаныш. Қазақ хандарының ішіндегі ең мықты, айтулы хан – Қасым. Қазақтың қазіргі территориясының негізін сол Қасым хан күреспен, шайқаспен жүріп қалыптастырғаны белгілі. Сондықтан бұл жоба қызықты болады деп ойлаймын. Қалың көрерменді осы бір қуанышты хабармен құттықтап қояйын деп едім.
Досымбек ХАТРАН, этнограф:
– Фильмдегі ең басты нәрсе – киім үлгісі. Киім өте сәтті таңдалыпты. Сәнді, әлеуетті көрінеді. Көз тартады. Киімге қыруар қаржы жұмсалып, көп жұмыс істелгені көрініп тұр.
Тырнақ астынан кір іздеу емес, дейтұрғанмен «әттеген-ай» деген тұстар да бар. Керейді хан көтерерде хан ордасы жар басында тұрады. Идеялық жағынан биік жерге тігу дұрыс деп тапқан да шығар. Десе де, тау баурайында фондағы қалың киіз үйлердің ортасында орда болса жарасымды болар еді. Өзге түркітектес халықтар көрсе, «қазақтарға не бо лған, ордаларын жар басына тігіп» дей ме деп қуыстанады екенсің. Бұл, жалпы, біздің дәстүрге келіңкіремейді. Білместіктен шығып жатыр деп айтуға болады. Екінші – көшпенділер ит таластырмайды. Бұл Еуропа халықтарында бар шығар, біздің көшпенділерге жат нәрсе. Үшінші – дәстүрімізде ат байлайтын мама ағаш бар. Ал кинода ковбойлардың ат байлары сықылды аласа ағаш пайдаланған. Мама ағаш үйдің оң жағында, алыстау жерде тұрады. Фильмде әлгі ат байлайтын ағаш есіктің алдында тұр. Сосын зират сайлауыт жерде көрсетілетін тұс бар. Көшпенділерде зират су баспайтын, дөңестеу, биік жерде болады. Мұның бәрі – халықтың тұрмыстық мәдениеті.
Көшпенділердің соғыс өнері – ерекше мән беретін дүниесі. Фильм түсірерде соғыс өнері тарихының мамандарынан кеңес алу керек еді. Мәселен, қазақтар бір төбе қалмақтардың қоршауында қалады. Сонда садақты керіп, тартып ұстап тұрады, қорғанып. Ал садақтың серіппесі өте қатты болады. Оны сонша уақыт керіп ұстау тұру мүмкін емес. Қазіргі садақшылар да біледі оны. Сосын жауынгерлік серт деген нәрсе бар. Шайқасып жатқан екі жауынгердің бірін ту сыртынан келіп түйреу – жаман нәрсе. Қай халықтың да соғыс өнерінде шетін іс есептеледі. Міне, осындай кемшіліктер бар. Жалпы, тарихи жүлгесінен, идеясы мен концепциясынан алып қарағанда өскелең ұрпаққа берері бар туынды деуге болады.
Гүлнәр ӘБІКЕЕВА, киносыншы:
– «Қазақ хандығы» тарихи телехикаясы – Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде түсірілген алғашқы тарихи туынды. Өйткені «Көшпенділер» шын мәнінде аңыз. Ойдан шығарылған аңыз деуге келер. «Жаужүрек мың бала» да аңыз. Тарихи кино деуге келмейді. Ал «Қазақ хандығы» – нақты тарихи негізге сүйенген, тарихи тұлғалар көрініс тапқан тұңғыш тарихи кинокартина. Фильмнің ең басты маңыздылығы – мемлекеттік тарих пен жас буынға қажетті дүниелерді көрсете алуы.
Рүстем Әбдіраш «Қаладан келген қыз» фильмінен бастап, «Сталинге сыйлық» фильмін түсірген. Шындығында, «Қазақ хандығы» сынды өте үлкен жобаны игеріп, түсіру екінің бірінің қолынан келмейді. Өйткені қаншама көріністер, тарихи қалалар, сарайлар, көшпенділер өмірі мен салты, соғыстар, шайқастар, орда ішіндегі тартыстар, тағы басқа көптеген дүниелерді бір жүйемен, бір ізбен алып шығу өте зор еңбек. Сондықтан да Рүстемді осынау тарихи туындының жарық көруімен құттықтағым келеді.
Тарихи фильмдер – ұлттық идеологияның бір бөлігі. Кино визуалды өнер болғандықтан, көпшілікке әсер етуі жағынан өте күшті екені мәлім. Сол себептен де тарихи кинокартиналарға қазынадан қаржы бөліп, арнайы түсіріледі. «Көшпенділерден» қалған көңілді «Жаужүрек мың бала» сәл-пәл серпілткендей болып еді. «Қазақ хандығы» болса «Көшпенділерден» көш ілгері, «Жаужүрек мың баладан» әлдеқайда ауқымды болып шықты. Рас, кемшіліктер бар. Бірақ санадағы құлдық қамыттан құтыла алмай отырған қоғам мен отарсыздану саясаты ойына кіріп те шықпаған билік үшін «Қазақ хандығы» ойландыратын туынды. Ендігі кезек – Қасым ханда. Қазақтың қабырғалы мемлекеттілігін қалыптастырған, жері мен елінің тұтастығын мығым ұстаған асыл текті хандардың рухы оянып, ұлтпен қауышқан сайын тордағы торғайдай болған ұлттық сананың рух азаттығына талпынысы күшейе бермек. Күшейе берсе екен...
Өміржан ӘБДІХАЛЫҚ,
Дереккөз: Жас Алаш