Алаш тағылымы – Тәуелсіздік негізі
2009 ж. 05 тамыз
8751
1
Әлбетте, Тәуелсіздік көптеген халықтарға қақтығыс, қантөгіс арқылы келген. Небір мемлекеттер өз Тәуелсіздігін алу үшін, тер тамшылатып қан төкті. Тіпті, халқының тең жартысын құрбандыққа беріп, Тәуелсіздікке қол жеткізген елдерде аз емес. Ал, біз өмір сүріп отырған Тәуелсіздік ненің нәтижесі, қандай харекеттен пайда болып отыр? Осындай сан алуан сұрақтар ұрпақ санасына біз ресми Тәуелсіздік алған күннен бастап, сіңісті болуы қажет еді. Біз болсақ, қаз басқан қазақ баласына жан алып, жан беріскен арғы тарихты айтпағанның өзінде, күні кешегідей көрінетін Алаш тарихын ұрпағымызға әлі ұғындыра алмай келеміз. Бәлкім, өткен жылы Алаш қозғалысына 90 жыл толу тарихын межелемесек, қазіргі таңда жан ұшыра айғайлап жүрген аз ғана топтың үні де шықпай қалуы ғажап емес. Алаш тарихы, оның тәлімді тағылымы Тәуелсіздік алған күннен бастап, халық санасында салтанат құруы қажет еді. Әттең не керек, біз бұл ой-тұжырымдамамызды тоқсан жылдықтың төңірегінде ғана тоқайластырып отырмыз. Әйтпесе, Алаш арыстарының қай-қайсысы да бір-бір институттың, тіпті үлкен университеттің, қайсы бірі - тұтас бір Академияның жүгін арқалайтын күрделі зерттеуді қажет ететін ұлы тұлғалар. Мен бұл арада, тарихтан түбегейлі орнын алған Алаш қозғалысының, Алашорда партиясының құрылуы мен қалыптасу кезеңдерін тәптештеп айтуды мақсат тұтып тұрғаным жоқ. Бұл әңгімелер Тәуелсіздік алғаннан бері там-тұмдап болса да, оның мәні мен мағынасы біршама түсіндіріліп келеді. Менің айтпағым, кешегі құбыжықтай көрінген Алаш атауын бүгінгі ұрпақ санасына алтыннан да ардақты, қасиетті ұғым ретінде сіңіру рәсімінің әлі де болса, өз дәрежесінде емес екендігі. Ұлттық ұғымның ұлы қасиетіне лайық Алаш атауына әлі де болса жат пиғылда қарайтын қандастарымыздың бар екені жасырын емес. Тәуелсіздік алғанда туған бала, бұл күнде жігіт болып 17 жасқа келді. Ал, осы 17 жастағы жігіттер мен қыздардан Алаш тарихын сұрасаң көбісінің кібіртіктеп қалуы кәдік. Тәуелсіздігіміздің қазығы, асыл мұраты Алаш тарихын жете түсінбеу өз тарихын түгендей алмайтын, жетесіз ұрпақтың өсіп келе жатқандығын хабардар етеді. Енді осыны, 90 жылдықтың төңірегінде түптеп айтпасақ, Алаштың алдағы он жылдықта келетін ғасыр тойына қандай дайындықпен барарымызды болжай алмаған болар едік. Мен осы әңгіме арқауында - ел білетін алпыстан астам Алаш ардагерлерінің ең болмағанда алтауын ғана іріктеп алып, солар туралы сөз сабақтағанды жөн көрдім. Бұл арада, мен олардың қашан туып, қай кезде дүниеден өтті, өмір тарихының өткелек кезеңдерін жіпке тізгендей тәптештеп айтуым шарт емес. Мен қолдан келгенше, осынау аяулы Алаш арыстарының тарихи кезеңдердегі мақсат-мүдде бірлігіндегі қарым-қатынастары хақында ой түзгенді жөн көрдім. Ой түзе отырып, күні бүгінге дейін қағаз бетінде қатталып, сан рет айтылып, санада сартап болған санаулы тақырыптарды емес, осынау Алаш арыстарының арасындағы адами қарым-қатынастардың қыр-сырын ашуға ниет еттім. Олардың ұлт мүддесі жолындағы көрегендігі мен көсемдігінің кейбір көріністеріне көңіл аудардым. Өзім естіп, біліп жадымда сақтаған жағдаяттарға көбірек үңілгенді жөн көрдім. Сөйтіп, алты Алаштың алты Арысы - Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұстафа, Мағжан, Жүсіпбек жайында ой түйе отырып, олардың өзара, басқа да ұлт зиялыларымен қарым-қатынасына баға беруді басты нысана еттім. Бұл арыстардың күрделі өмір жолын, кемел қасиетін сөз еткенде, оларды Абай, Шәкәрім, Мұхтар мұраларынан бөліп қарау мүмкін емес. Тіпті, Елдес Омаров, Қошке Кеменгерұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, батыстан шыққан қос қайраткер Жанша, Халел Досмұхамедовтар туралы да толымды әңгіме айтуға қай уақытта да әзірміз. Кеңес үкіметіне қызмет ете жүріп, ұлты үшін құрбан болған Сейфуллин, Меңдешев, Рысқұловтардың қажымас, қайсар қайраткерлігіне ой жүгіртіп, қалам тербемеу, әрине, әбестік болар еді. Осылардың бәрі - ұлт үшін, қазақ үшін, қалды Алаш деген қастерлі ұғым үшін терін төгіп, жанын пида еткен тұғырлы тұлғалар. Бұл арада ұлтымыздың ардақты ұлдарымен бірге, Алаш жолында күрескерлік танытқан қазақтың аяулы ару қыздарын айтпай кетуге болмайды. Олар Нәзипа Құлжанова, Шолпан Иманбаева, Алма Оразбаева, Нағима Арынова, Аққағаз Досжанова, Сара Есова сынды ұлт үшін күрескен аяулы арулар еді. Бұлар - бағзыдағы Томирис - Тұмар сынды тұғырлы тұлғалардың заңды жалғасына айналған, кешегі жаугершілік заманмен Отан соғысының арасын жалғап тұрған Әлия, Мәншүктердің тұтас тарихын қалыптастырған қазақ қыздарының өшпес шежіресі екендігіне ешкімнің дауы жоқ. Әлбетте, қатал қақтығыстың, қырғи-қабақ соғыстың бізге берер еш пайдасы жоқ. Бұл - сөзден басқа өзге қаруы жоқ қазақ үшін аса тиімді тәсіл еді. Сондықтан, Алаш арыстары қай кезде де қажетсіз қақтығыстарға қарсы болған. Сол үшін ел-жұрттың білімді болуын, көзі ашық көреген болуын қалаған. Ал, құр қақтығыстан Қазыбек би атамыз айтқандай, “мал баққан, жәй жатқан” елдің ұтары жоқ екені өзінен-өзі белгілі. Осыны түсінген Алаш арыстары патшалық Ресей құлап, Кеңес үкіметі белең ала бастаған тұста, қарулы қақтығыстарға жол бермеу үшін жан ұшыра “Қазақ” газеті арқылы үгіт тастағаны баршаға белгілі. Бұл орайда, Торғай жерінде бұрқ ете қалған ұлт-азаттық көтерілісін айтсақ та жеткілікті. Ақ-қызыл болып, ақыр аяғы қан төгіске ұласқан бұл қақтығыстың соңы қазақ халқының Әбдіғаппар, Амангелді, Кейкі сынды ондаған батырларымен, бей-жай жатқан бейбіт халықтың жазықсыз қырылуына себеп болды. Ал, Алаш арыстары мұндай қанды қырғыннан амал-айла жасап сытылып шығып кетудің саналы жоспарын жасап та қойған еді. Алайда, ереуілдеген елді тізгіндеп, тоқтауға олардың күш-харакеті жетпей қалды. Осы тұста Торғай еліндегі ескі бір әңгіме еске түседі. Негізінен арғын-қыпшақ ұлысын құрайтын рулы елдер ақ-қызылға бөлініп, екі ұдай күн кешкенде Мұстафа Шоқайға байланысты бір әңгіме бар. Қыпшақтар әлбетте, батыр халық. Ел басына дүбірлі күн туғанда, өре түрегеліп, жаппай атқа қонды. Көтеріліске бірікті. Арғындар жағы бұған басу айтты. Басы - Ахмет, Міржақып болып, Орынборда жатып, халыққа “Қазақ” газеті арқылы үн қатты.”Босқа дүрлікпеңдер, шығынға ұшырайсыңдар орыстың зеңбірегіне қарсы келіп төтеп берер қауһарың жоқ, көтерілісті тоқтатыңдар” - деп ұран салды. Бұл ұрпаққа қаратып айтқан ұранды сөздің басында, болашақ Алаш қозғалысының басшысы Әлихан Бөкейханов тұрғаны белгілі. Осы тұста Торғай қыпшақтары Сыр бойынан көмек күтіп, Мұстафа Шоқайға жүгінеді. Арғын-қыпшақ екіге бөлініп, ел тағдыры тәлкекке түскелі тұрған тұста, ру емес, тұтас ұлттың, дін мұсылман баласының қамын ойлайтын Мұстафа Шоқай: - «Мен арғын-қыпшақ түгілі, бүтін Түрік баласының басын қалай қосам деп, әуреге түсіп жүрсем, бұларың не?! Босқа арандамаңдар! Мен, Ахмет пен Міржақып қайда болса, солармен біргемін!”, - деген уәж айтқан. Міне, осының өзі ұлт бостандығын ойлаған ұлы тұлғалардың әуел бастан-ақ, ой-пікір, арман-мақсаттарының бірегей екендігін білдіреді. Алайда, қызылдың қамын күйттеген Әліби Жангелдин көтеріліске дем беріп, оның аяғы қантөгіспен тәмәм болғаны баршаға белгілі. Міне, осы оқиғадан кейін, дәлірек айтқанда, уақытша үкімет тұсында Әлихан Бөкейхановтың Торғай өлкесіне төтенше дала Комиссары болып келуінің өзінде бір сыр жатқан сияқты. Бұл - Мұстафа Шоқайдың ұлы төңкеріс тұсында, әлі Алаштың қалыптаспаған кезеңіндегі пікірі деп тұспаласақ, кейін 1925 жылы, Парижде жүрген Мұстафа, сол жылы Кеңес үкіметі оқу министрі Луначарскийдің телеграммасымен қазақ әншісі Әміре Қашаубаев Парижде бүкіл дүние жүзілік этнографиялық концертке қатынасады. Парижде Мұстафа қазақ әншісі Әмірені іздеп тауып үйіне шақырып қонақ қылады, қазақ әндерін тыңдайды. Сағынышпен көз жасына ерік береді. Бұл тарихи деректерде бар әңгіме, Мұстафа естеліктерінде, оны көрген-білген кісілердің әңгімелерінде аз кездеспейді. Мұның сыртында ақын қайреткер Қайнекей Жармағанбетов “Әнші Әміре” повесінде бұл оқиғаны толық баяндайды. Кетерінде, Мұстафа “елге не айтасыз” деген Әміреге: - Ахмет пен Міржақыпқа сәлем айт! - деген екен. Осы жалғыз ауыз сөз кейін елге келген Әміреге жала болып жабысты. Әміре, кейін, “КГБ-нің” торына ілігіп, ақыры белгісіз себептермен көз жұмды. Кейін “КГБ” архивтерінен айғақ болғандай, “Үш әріптің” адамдары Әміреге қайта-қайта сұрау салып, әртүрлі амалдармен Мұстафа Шоқай туралы Кеңес үкіметіне жат деректерді еріксіз айтқызып, естен тандырғаны хақында құжаттар табылып отыр. Осы үрдіс отызыншы жылдардың ойранына айналып, соңы 50-ші жылдардың ең ортасына дейін ұласты. Отызыншы жылдары Торғай даласы алапат аштыққа ұрынды. Алаш арыстарының қарым-қатынасына қатысты осы орайда тағы бір мысал келтірейін. Бұл, енді Жүсіпбек Аймауытовқа байланысты. Торғай даласында алапат аштық жүріп жатқан тұста Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытов тыныш қарап жата алмаған. Ол: - Ей, ағайындар, тұтас Торғай даласы - Ахмет пен Міржақыптың елін қырғын аштық жайлап жатқанда, қол қусырып қарап отыруымыз жарамас, бір қарекет қылайық! - деп, ел-жұртты ұйымдастырып, Семей елінен мал жинап, оны өзі бас болып Торғайға жеткізіп, аштан қырылып жатқандардың от басына бөліп беруге көмектескен. Кейін, Аймауытовтың осы ісі, халыққа емес, халық жауларының еліне көмектескен қаралы іс болып, ақыры басына бәле болып жабысты. Осыдан бастап “КГБ”-нің құрығына іліккен Аймауытов ақыры жазықсыз атылып кетті. Аймауытовтың тіпті сонау 1918 жылдары Мұхтар екеуі “Абай” журналын шығарып, бірегей еңбек еткені, алғаш рет драмалық шығармаларға бәйге жарияланғанда өзінің алып тұрған бас бәйге-қаражатын студент Мұхтарға сыйға тартуы - болашақ дарын иесіне жасаған даналық ісі емес пе? Кейін мен бұл оқиғаны Жүсіпбек туралы өз өлеңімде: Керілген қас, Кере қарыс маңдайы, Кеудесінде Кемел елдің мән-жайы. Оқушының жазған сөзін оқыған, Қайта-қайта қағылыпты таңдайы. Қалың елі ұрынғанда аштыққа. Шыр қағыпты басы тимей жастыққа, Жан адамға жазығы жоқ қазақты Қандай адам қиған екен қастыққа!
Мейлі біреу тарлан десін, тай десін Бір өзіне қандай адам сай келсін! “Мұхтар мұқап қалмасын!” - деп беріпті, Өзі жеңіп алып тұрған бәйгесін. Кім қашады табиғаттың заңынан, Өнер артық жеке бастың қамынан. О бастан-ақ, туа біткен таланттар, Бірін-бір салған жерден таныған. Қайран Жүке! Қара сөздің жорғасы. Қаламынан құйылғандай қорғасын. Толмай қойды-ау, сендей жанды алса да, Ажал деген қайыршының дорбасы!… Енді Алаш арыстарының арасындағы адами қарым-қатынастарынан гөрі, ұлттық сананы ояту жолындағы мемлекеттік мүддені нысана еткен іс-қимылдарына назар аудара кеткен жөн болар. Міне, осы арада елім деп еңіреген қайраткерлерінің қай дәрежеде, дәлірек айтқанда, қандай харекетімен көрінгеніне куә болар едік. Қай уақытта да ең басты мәселе - Жер болған. Қазір де бұл мәселе өзінің құндылығымен күн тәртібінен түскен емес. Ендеше, өткен ғасырда біздің аталарымыз, атап айтқанда, Алаш арыстары Жер үшін қандай күй кешті. Сөзіміз дәлелді болу үшін ұлттық тарихымыздың өткен ғасырдағы паспорты іспеттес “Қазақ” газетіне үңіліп көрейік! ХХ ғасырдың басында ішкі Ресейден қазақ жеріне ағылған “қара шекпендердің” ісі сол кездегі министрлер Советі бекіткен Ақмола, Семей, Торғай және Орал облыстарының жер қорын анықтау және Түркістан республикасын басқару туралы ереженің 270-статьясы қазақтар үшін төбеден жай түскенмен тең болды. Мұнда келімсектермен қоса, жергілікті қазақтарға да 15 десятинадан жер үлесін кесіп беру процесі өктемдікпен жүзеге аса бастады. Сол кездегі халықтың көзін ашып, санасын оята бастаған - “Айқап” және “Қазақ” басылымдарында екі ұдай пікір қалыптасты. Б. Қаратаев, М. Сералин, Ж. Сейдалиндер бұл үрдіс қазақ халқын отырықшылдыққа айналдыру үшін дұрыс жүйе болмақ деп түсіндірсе, ал, Бөкейханов, Байтұрсынов бастаған топ бұл мәселеге кереғар, түбегейлі қарсы шықты. Осы тұста “Қазақ” газетінде “Қыр баласы” деген псевданим - жасырын атпен Бөкейханов мақалалары жиі шыға бастады. Онда Бөкейханов, ...көшпелі шаруашылыққа көндігіп кеткен қазақ бірден жер үлесін, игере алмайды, оның үстіне қазақтар құнарлы жерінен қуылып, қуаң жерге көшірілген. Бұған қазақ келісім берсе, құнарлы жерлердің көбі келімсектердің қанжығасында кетеді” - деп қынжыла жазды. Бұл мәселе, келе-келе жалпы ұлттық пікірсайысқа ұласты. Тіпті, Бөкейханов пікіріне қатты қарсылық көрсетіп, қатал сөз айтқандар да кезікті. Бұл жөнінде, кейін, Бөкейханов “Қазақ” газетінде былай деп жазды: “Сөз айыр шықты деп, әдепсіздік әдет көрсеткен бауырларым да болды. Талас дүние - ғұмыр сипаты, талас-тартыс жоқ болса, ғұмырдың өзі абақты болар еді! Айыр сөзден айып жоқ, ақылға саңырау - айып!” - деп ашына жазды. Осы тұста қазақ жерінің солтүстік өңірінен жас қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың: Кең жерің күннен-күнге құрып жатыр, Сұр жылан қанын-сөлін сығып жатыр. Әуелде жұрт билеген адамдарды, Тәңірі күннен-күнге ұрып жатыр. Бар жерді күннен-күнге алып жатыр. Біреулер алып қала салып жатыр Қырылысып өзді-өзімен қазақ сорлы Жерінен аузына ашып қалып жатыр. Ойламай біздің қазақ текке жатыр, Бір іске жанаса алмай шетте жатыр Азырақ көз жүгіртіп қарап тұрсаң, Қазекең таңғаларлық кепте жатыр, – деген жас жүректі жарып шыққан өкінішті де өксікті үні естіледі. Жас ақынның осынау жан айқайы, оданда әріректегі ғасырда қапалы үн қатқан батыр аталарымыздың батыл байламымен байланысып жатыр. Онда да: Жайықты келіп алғаны, Жағаға қолды салғаны… Еділді келіп алғаны, Етекке қолды салғаны… Ойылды келіп алғаны, Ойындағысы болғаны! - демеп пе еді?! Міне, сол кездегі “Қазақ” газеті арқылы жан айқайын жеткізген Әлихан үні бабалар сөзінен бастау алып, бүгінгі күнмен ұласып жатыр. Кеңес үкіметі біржола құлап, Тәуелсіздік алған тұста, бір кезде “Алашты” ағаш атқа мінгізіп жүргендер, кері айналып, олардың тілімен айтқанда, “Қызылға қызмет еткендерді” құзғыннан бетер көруге ден қоя бастады. Кешегі кеңестік кезеңде дәріптеген Сейфуллин, Рысқұлов, Нұрмақов, Мендешев, Жангелдин есімдеріне белгілі дәреже кінә артушылар да табылып қалды. Шынтуайтына келгенде, күрмеуі мол, күрделі заманда өмір сүрген осынау тұғырлы тұлғалар тағдырына, осы күндерде байыппен қарайтын сәт туды. Бұрын “Алашқа” қырын қарағандар бұл күнде коммунистік жүйеде жүргендерді күстаналай бастады. Бұл дұрыс ғадет емес. Бүгінгі уақыт коммунистік жүйеде жүріп-ақ ұлтына, халқына қалтқысыз қызмет еткендерді сүзіп алып, іріктеп шығаруға мүмкіндік тудырып отыр. Бұлар туралы түбегейлі зерттеулер керек. Ақ-қарасын анықтап айтар уәж керек. Солардың бірі - Сәкен Сейфуллинге байланысты. Рас, Сәкеннің Коммунистік партияға қызмет еткенін ешкім жоққа шығара алмайды, мәселе, оның қалай қызмет етуінде. “Совнарком” дәрежесіне дейін көтерілген Сейфуллин ұлтына не берді, қандай қызмет көрсетті. Орынбор архивіндегі бұл күнде біздің қолымызға тиген құжаттарға үңіле қарасақ, Сәкеннің қазақ халқына, сол кездегі өзі басқарған мемлекетіне мейлінше ұлт азаматы ретінде ұлы міндеттерді жүзеге асырғанына риясыз сенесің. “Совнарком” төрағасы ретінде, Сейфуллиннің алғашқы бұйрықтарының бірі : “Барлық кеңселердегі іс-қағаздары қазақ тілінде жүргізілсін, қазақ тілін үйренушілерге қосымша көмек қарастырылсын!”– деген тұрғыдағы бұйрықтарды оқи отыра, ұлтын сүйген қайраткердің қастерлі ісіне қайран қалып, разы боласың. Отызыншы жылдардағы Голощекин геноцидіне ұшырап, ашаршылыққа тап келген халықтың хал-күйін “қызыл атқа” теңеп осы аттас поэма жазып, артынан сол үшін жазаға тартылған тумысы бөлек тұлғаға тәнті болмасқа хақымыз жоқ. Ал, Сәкенді күні бүгінге дейін “Алашқа” қарсы қойып, арыстардың арасындағы алауыздықты ашық насихаттағанымыз жасырын емес. Шын мәнісінде солай ма? Кеңесшіл Сәкенмен алашыл Ахметтің қарым-қатынасы тіпті керемет. 1923 жылы Совнарком төрағасы болып тұрған Сейфуллин алашшыл Ахметтің 50 жылдығын атап өтуге жоғары жақтан қарсылық болғанына қарамастан, сол кездегі Орынбордағы ордалы орын Свердлов сарайында - Ахмет Байтұрсыновтың мерейтойын мерекелеп, өзі баяндама жасағаны баршаға мәлім. Сонда Сәкен Ахаң туралы адал сөзін айта отырып, өз трагедиясын да жасырып қалмады. - Бұл біздің Ахаң, - дейді Сәкен, - мына біз сияқты бір халықты бай, кедей деп, екіге жарып, топқа бөлмей, бүкіл қазаққа тұтас қарайды. Ахаңа қазақтың байы да, кедейі де бірдей, бөліп жарып жатпайды. Кешегі патша дәуірінде оқығандар бүгін шекпен киіп кетсе, сол кезде ұлттың сөзін айтып, халықтың мұңын жоқтаған жалғыз адам, осы Ахаң еді! - деп ағынан жарылды. Сөйтіп, Ахаң Алаштың ақ жолында жүріп, халқына қазыналы сөздерін арнап жатса, Сәкен қып-қызыл оттың ішінде жүріп-ақ, Ахаңмен үндес елдіктің сөзін айтты, халық рухын көтеруге ат салысты. Қызылға қол шоқпар болып, халқына жағымсыз іс қылған жоқ. Ол әрдайым ұлт мүддесін бірінші нысанда алып отырды. Ақыры, ел ішінде “Қу жақ” атанған Голощекиннің қолайына жақпай қызметтен шеттелді. Жалғыз қалды. Өзі орнатысып, үлес қосқан үкіметтің өзіне жау болып, трагедияға ұрындырған мұндай қасіретті тұлға тағдыры басқа еш елде бұрын-соңды қайталанған емес. Қай кезде де, батырды да, ақынды да, қайраткерлерді де, не бір ойшыл даналарды өз заманы тудырады. Бағзыдағы жаугершілік заманда өмір сүрген не бір баһадүр батырларымызды әлі күнге дейін әспеттеп, естен шығармай келеміз. Әрісін айтпағанда, Абылай заманында да, Кенесары кезеңінде де қазақ батырларының тұғыры биік болған. Сол батырлардың жанында өмір тірлігінің ақ-қарасын айтып ақындар жүрді. Мәселен, Абылайдың Бұқары болды, ал, хан Кененнің бүкіл болмыс, қасиетін қасында жүрген Нысанбай жырау ғана айғақтап берген еді. Ал, Алаш арыстарының арманды ойы, арналы ісі қазақ ұлттық өркениетінің бастауы, қалыптасуы, қанат қағуы деп бағалауымыз керек. Өйткені, олар өздерінің туған халқын қандай да бір қақтығыспен емес, оқу, білім, өнермен, ұлттық өнегемен өрге сүйреді. Сол үшін тер төкті, қажымас-қайрат көрсетті. Кеңес үкіметі қазақ оқығандарынан қатты қаймықты. Оларды сөз жүзінде сүріндіре алмасын білген соң, “халық жауы” деген өздері үшін ең оңай жексұрын тәсілді ойлап тауып, ақыры қынадай қырды. Әйтсе де, Алаш арыстарының жапырағын жұлып, бұтағын сындырғанмен тұтас түп тамыры аман қалды. Ол, тіпті, қылышынан қан тамған Кеңес империясы кезінде де қылаң беріп, іштей өсіп-өніп, жетіліп келе жатты. Алаш арыстарының арманды мақсатын, азаттық идеясын жан түкпірінде сақтап, бүгінгі күнге сабақтастыра білген тұлғаларды бағалай білуіміз керек. Тарихшы ғалымдарымыз Ермұқан Бекмаханов, Бек Сүлейменовтердің Алаш ақиқаты үшін, алды 25 жыл, соңы 10 жылға абақтыға айдалып, ұлт үшін азап шеккенін біз әсте ұмытпауымыз керек. Ал, арыстар арасынан Алланың әмірімен аман қалған жазушы Мұхтар Әуезовтің, тарихшы Әлкей Марғұланның, ғалым Қаныш Сәтпаевтың өмір бойы алаштың ары мен намысына қызмет етіп, ұлты үшін отқа-суға түссе де, асыл армандарын жүзеге асырып кеткендігін түсінуіміз керек. Тіпті күні кеше, өзіміздің көзіміз көрген ұлт жанашырлары, мәдениет қайраткерлері Ильяс Омаров, Өзбекәлі Жәнібековтердің қазақ тарихына қосқан тағылымды істерін бүгінгі ұрпаққа үлгі ете білуіміз керек. Дәл қазірде, Тәуелсіздік таңының алаң-елеңінде екі ұдай күй кешкен қара халықты ақ жолға бастау үшін баянды еңбек етіп жүрген қасымыздағы қайсар қайраткерлерді де қапысыз тани білуіміз керек. Тіпті оның мысалын алыстан іздемей-ақ, күні бүгін ұлт үшін жарғақ құлақтары жастыққа тимей шырылдап жүрген қазақ қайраткерлерінің қадір-қасиетін жете түсініп жүрміз бе?! Ал, Тәуелсіздік жолында жанын пида еткен қос батыр - Заманбек пен Алтынбектің тағдыр-тарихы алдағы уақытта тың зерттеулерді күтіп тұр. Біздің бәріміз де, Алаш шаңырағының астында, Алаш ауасын жұтып, Алаш рухымен өмір сүріп келе жатқан, халқы үшін, ұлты үшін жанын беріп, шәйіт болған алаш қайраткерлерінің бүгінгі ұрпағымыз. Осы ниеттен шыға білсек, біздің алдымызда асқаралы асулар, міндеттер тұр. Бүгін қабырғасы қатайып, бұғанасы беки бастаған Тәуелсіз мемлекетіміздің өзіміз күнде айтып жүрген “елулік” емес, онның бірі боларлық мүмкіндігі бар, ол үшін басқа жол емес, тек Алаш көсемдерінің көрсетіп берген тәлімді, тағылымды, тұғырлы тұжырымдамасынан ақиқаттың ақ жолына арна тартарымыз хақ. Серік Тұрғынбекұлы, Ақын, Халықаралық “Алаш” сыйлығының лауреаты, Астанадағы “С. Сейфуллин мұражайының” директоры