БАҚ: Елімізде балаларға ең жиі қойылатын есім - ӘЛИХАН
2017 ж. 08 ақпан
5216
1
Соңғы екі жылда қазақтар өзгере бастапты: жаңа туған балаларына баяғыдай жаппай Нұрсұлтан емес, Әлихан деген есім беретін болыпты. Бұл туралы 365info.kz порталы жазды.
Иә, ең жиі кездесетін есімдердің арасында Әлихан көш бастап тұр. Есіңізде ме, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында баласына Нұрсұлтан деп ат қоятын ата-аналар көп болатын.
Ал қазір жұрт Нұрсұлтанды қойып, Әлиханға бүйрек бұрады. Себебі неде?
Біз баламызға мағыналы, мәнді ат қойғанды жақсы көреміз. Қазір қазақтар балаларына қандай ат қойып жүр? Елімізде қыздарға ең көп қойылатын есім Айзере (4934), Айару (4873), Раяна (4765) болып отыр. Бұдан кейін Айша, Кәусар, Әмина, Айлин, София және Аружан есімдері ең жиі қойылады. Ал ұлдар арасында Әлихан (3560) есімі көш бастап тұр. Сондай-ақ Нұрислам (2731), Айсұлтан (2730), Рамазан, Санжар, Ерасыл, Мирас, Әмір және Әли деген есімдер ең жиі қойылады.
Әлихан – тұңғыш президент
Иә, Әлихан есімі – ең жиі қойылатын ат болып отыр. Бұл Алашорда мемлекетінің басшысы Әлихан Бөкейханның құрметіне байланысты қойылып отыр ма, жоқ әлде мұның басқа себебі бар ма? Осы сұрақпен белгілі әлихантанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлына бардық. Оның ойынша, бұл Ұлт көсеміне деген халықтың қошемет-құрметі.
– Қазір өзі халық құрмет тұтатын тұлға қалған жоқ. Ал ары мен пейілі таза, әрі тарихи рөлі жоғары тұлға – Әлихан Бөкейхан. Шыны керек, Алаш қайраткерлерінің ішінде қазақ, орыс және ағылшын тілінде Әлекең туралы көп жазылып жатыр. Ол – тұңғыш мемлекет басшысы, әрі қазіргі Тәуелсіз Қазақ елінің іргесін қалаушы тұлға. Зиялы қауым өкілдері мұны жұрт алдында айтпағанымен, өзара әңгімеде «Қазақ елінің тұңғыш президенті Әлихан Бөкейхан» дегенді жиі айтады,
– дейді әлихантанушы.
[caption id="" align="alignleft" width="302"] Әлихантанушы Сұлтанхан Аққұлұлы[/caption]Әлихан – қазақтың жаңа тренді!
Баласына Әлихан деп ат қойған әр қазақ мұны жайдан-жай жасамайды. Халық Әлиханды әлі ұмытпаған.
– Егер ата-аналар Әлихан Бөкейханды білмесе, баласына неге Әлихан деп ат қояды? Әдетте, қазақ өзінің білетін әрі сыйлаған адамның атын баласына қойып жатпайтын ба еді? Мәселен, кез-келген ата-ана жүре бастаған баласының тұсауын ел мойындаған үлкен азаматқа кестіріп жатады. Сол сияқты жаңа туылған періште баласына өзі пір тұтатын тұлғаның есімін береді. Менің ойымша, қазір ең көп қойылып жатқан Әлихан есімі тікелей Әлекеңнің құрметіне орай беріліп жатыр. Себебі Әлекеңнен басқа қазақ тарихында Әлихан деп аталатын тұлға жоқ қой,
– дейді Сұлтан Хан Аққұлұы.
Нұрсұлтандар неге азайды?
Иә, қазіргі қазақ баласына президенттің атын беруді доғара бастаған екен. Мұның себебі неде?
– Расында да, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бүкіл қазақ баласына Нұрсұлтан деп ат қоюға құштар болды. Өйткені қазақ қана емес, бүкіл ТМД Қазақ елі мен оның басшысына қызыға да, қызғана қарайтын. Олар «Қазақ елі өсіп-өркендейтін болды, себебі олардың мықты басшысы бар» деп отыратын. Себебі, 1997 жылға дейін Нұрсұлтан Назарбаевқа деген сенім мен үміт өте зор болатын. Ал енді қазір халықтың көзқарасы түбегейлі өзгерген шығар, басқа не деймін, – дейді әлихантанушы.
Серғали Асланбек