Әлихан Бөкейхан ізімен
2016 ж. 29 желтоқсан
5124
0
Биыл Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтуде. Соған орайбіз халықаралық «Дарабоз» әдеби байқауының лауреаты, жас әдебиеттанушы Елдос Тоқтарбайдан «Қазақ географиялық қоғамы» демеушілігімен ұйымдастырылған «Әлихан Бөкейхан ізімен» халықаралық ғылыми-танымдық экспедициясының тұлға тойына тартулары туралы әңгімелеп беруін сұраған едік.
Талдыбейіт тағылымы
– Құрамында профессор, ғалым Айгүл Ісімақова,Қошке Кемеңгердің тікелей ұрпағы, алаштанушы Қайырбек Кемеңгер, филолог, публицист Серік Үркімбаев, блогер Айжан Хамит, География қоғамынан Қайсар Тұрсынқожаев және өзіммен қосқанда алты адам бар экспедициялық топ шіліңгір шілдеде Алматыдан Ақтоғайға жол тарттық, – дейді Е.Тоқтарбай. – Өйткені, Ақтоғай Әлиханның кіндік қаны тамған жер, осындағы Желтаудың баурайында, Тоқырауын өзені бойында Әлихан дүниеге келген. Тоқырауынның бер жағындағыАлаш қайраткерінің ата-тегі, бабалары дамыл тапқанТалдыбейіттің тарихы өз алдына бір дастан.Талдыбейітке әкесі жерленгендеоның:«Енді бұл біздің бабаларымыздың бейіті болады», – деп түйіндеуінің мәнісі содан... 2010 жылы Айгүл Ісімақова Ватиканға барғанда Марко Полоның тарихи картасына куә болады. Сондағы әлем картасы бойынша «Жібек жолы»дегеніңіз Балқаш пен Тоқырауынды басып өткен екен. Бізде Қарағанды арқылы жүретін жол бар да, ал мынадай байтақ жолды осыған дейін ешкім білмеген. Сөйтсек, Ақтоғайда Тұңғышбай Мұхан есімді өлкетанушы, еңбек ардагері Желтау баурайын аралатқанда қызық дәлелді алдымызға көлденең тартты. Кеңес өкіметі елді 70 жыл билегенде, азаматтарымызды тек түрмеге тоғытумен тоқтап қалған жоқ,түп-тамырына балта шапты, деді. Бейіт – қазақтың рухын көтеретін жер, мұсылманның баласы ата-бабасыныңбейітініңжанынан бетін сипап, зиярат етпей өтпейді. Ал,мұныңыз кеңеске қарсы идеология. Сондықтан бұл жолды жаптырып, Тоқырауын арнасын қиғаш бұрғызады. Сөйтіп, жолдың өзін саясат үшін пайдаланған. Оның көлемі 150 шақырым жерді алып жатыр. Кәдімгі түп-түзу ағып жатқан екі өзенді арнасынан бұрып не күн туды десеңші. Әлиханның туған жерінің көзін жою үшін қолдан осылай қуаңшылық жасаған. Бұл – бір, ал енді екіншіден, Әлиханның өзі не деген осыған орай?! «Қазақтың әрбір даласындағы тасы өзінің кеудесіне түйме болып қадалып, ал әрбір қойының жүні киімі болып тоқылуы керек» деген. Бұл қазіргі нарықтық экономиканың талабымен үндеседі. Әлиханкезінде інілеріне тапсырмамен май шығаратын зауыт, киім тігетін фабрикалар аштыртқан.Солардың орны, іргетастары күні бүгінге дейін сақталған. Желтаудың баурайында үлкен қара тас бар екен. Өте биік. Бұл сыртынан қарағанда, патша отыратын тақтың орны секілді. Бала күнде Әлихан осыған шығып, жолды барлап қарап тұрады екен. Оған өзіміз де шықтық, сөйтсек, күн ашық кезде Желтаудан Қарқаралытөбесі анық көзге шалынады екен. Ақтоғай мен Қарқаралы арасы әжептәуір алшақ, соған қарамастан тау алақандағыдай ап-айқын. Жан-жағындағы үлкен алаңқай тарихтан бұрынғы Кенесарының әскери тактикалық тәсілдерді жүзеге асырған жері болуымен құнды. Сол тарихи тасқаКенесары шығып отырған деген дерек бар. Ал, Әлкей Марғұлан Беғазы-Дәндібай мәдениетін зерттеген, Қызыларайды да, Әлиханның туған жері Тоқырауын менЖелтаудың баурайындағы балбал тастардың барлығын өзі қолымен ұстап көрген, білген. Бірақ көп деректі айта алмай, лажсыз тұншыққан. Әлихан үлкен тайқазанға қазақ тарихына қатысты мұраларды салдырып, бетін жаптырып, таудың, тастың астына көмдірген деген дәйек алдымыздан шықты».
Жас маманның мәлімдеуінше, Қарқаралыдағы Әлихан оқыған екіжылдық мектеп туралыАлаш ардақтысының жазбаларында біраз мағлұмат бар.Оны сипаттағанда, қыста суық болады, екінші қабаты ағаштан, бірінші қабаты кірпіштен делінген. Сол екінші қабаты өртеніп кетіпті. Бүгінде сол ғимараттың бірінші қабаты тұр. Ғалымды тарихи орындарға деген құрмет сезімініңазайып бара жатқаны алаңдатады. Есесіне Ресейдегі сапар мол тағылым түйгізген.Санкт-Петербургте, Мәскеуде, Самарада Әлиханға қатысты ғимараттар, ол білім алған оқу орындары мұрты бұзылмаған әдемі қалпында. Ресеймәдениеті бұл жағынан тым қарыштап дамып кеткенін мойындау керек. Өйткені олар тарихи құндылықтарды құрметтей біледі, ал мұнда мектеп болған қасиетті орын бүгінде біреудің жекеменшік дүкені болып тұр, дейді. Аудан әкімдігінеӘлиханның оқыған мектебі деп сыртына жаздыртып, бояп, не кітапханаға, не болмаса мәдениет ошақтарының біріне айналдырсаңыздар, деген ұсыныс жасалды.
Құнанбай, Абай түскен, Әлиханның өзі тұрған көпес Халиолла Бекметовтің үйі дейтін туризм үшін таптырмас тарихи ғимаратқа бүгінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі орналасыпты. Осында 1905 жылғы Қарқаралы құзырхаты дайындалғаны тілге тиек етілді.Сол құжат қабылданған үй қазір де тұр. Ондай тарихи орындардың барлығының сыртына алдағы уақытта ескерткіш тақта ілінуі тиіс. Және де бұлармен келешектеҚарқаралынағыз туризм орталығынаайналуға лайық, деп есептейді Е.Тоқтарбай.
Алаш аты ардақталуда
«Экспедиция мүшелерінің Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданына бас сұғу себебі, мұндағы Ақтерек ауылында 1894-1907 жылға дейін Ахмет Байтұрсынұлы сабақ берген үй тұр. Бұл мектепте бүгінде аудандық кітапхананың бөлігі орналасқан.Қарқаралы аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Раушан Жылтыбаева:«Қазір кітапхана үйі орналасқан мына ғимаратта кезінде Ахмет атамыз балаларға сабақ берген. Енді келешекте мұны мұражайғаайналдырса нұр үстіне нұр болмақ» деген ұсыныс айтқан болатын.«Ахметтің екі-ақ жерде мұражайы бар, бірі – Алматыда, ал екіншісі – Торғайда. Егер Ақтеректегі өзі қызмет еткен мектепті мұражайға айналдырсақ, Алаш ардақтысының аруағы разы болмай ма?!», –деді экспедиция мүшесі.
Қазақстан аумағындағы экспедициялық сапарға екі автокөлік бөлініп, олар Қарқаралыдан Қарағандыға ат басын тірегендемұндағы Е.Букетов атындағы университеттің профессорлары қатысуымен іс-шара өткізілді. 1997 жылдан бері Ахмет, Әлихан, Әлімхандай асыл ұлдарына көше аттарын беру мәселесі көтеріліп келе жатқаны айтылды.Қарағандыда әлі күнге дейін Ленин, Октябрь есімдері кездесіп қалатыны сынға алынды. Оның орнына Әлиханның есімі неге берілмейді деген ұсыныс жасалды. Жақында сол мақсат орындалды. Бұл күллі қазақтың кеудесін қуаныш гүліне толтырды.
Түрмеде туған сөздік
Қарқаралы өңірінен кейін экспедиция Семейге бет алды.Онда Шәкірім атындағы Семей мемлекеттік университетінде «Алаштың Әлиханы» ғылыми конференциясы өткізілген болатын. Шараға белгілі тарихшы, мамандар қатысқан,Алаш ардақтылары туралы ШҚО архивінен табылған аса құнды құжаттар көрсетіліп, бір ғана Семейдің архивіқыруар құжатты алға тосқан.«Бұдан біз Алаш тарихын толықтай танып болдықдей алмайтынымызды білдік.Ғалымдар Әлиханға қатысты тың деректер тауып отыр. Әсіресе, Алашорда мемлекетіне қатысты көп дерек сақталған... Мұнда Ахмет отырған түрменің суығын сезініп, түршіктік. Түрменің сыртқы сұлбасы «Е» әрпіне ұқсайды. «Е» дейтін себебі, Екатерина патшайымның құрметіне орай осылайтұрғызылған.Мұнда ең соңғы рет құпия жағдайда Қайрат Рысқұлбеков қаза тапты.Ал, бүгінде ол түрме емес.Бұл жерде Алаш арыстары мұражайының ерекшелігіне соқпай кету мүмкін емес. Абайдың шәкіртіӘнияр Молдабаев есімді қазақта меценат өткенін бірен-саран адам ғана біледі. Әниярға Абай осы үйді алып берген. Ақынның өзі де келіп түскен бұл үй ескі болғанына қарамастан әлі күнге дейін сақталған.Оның Алаш мұражайына айналғаны көңілді сергітті. ҚазақстандағыАлашқа арналған жалғыз мұражай тек осы Семейде. Мұның бір ерекшелігі, екінші қабатында Әнияр тұрса, бірінші қабатында Ахмет тұрған, Ахметтің әйелі Бәдриса апамыз осы үйде дүниеден өткен. Бұл туралы Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнәр апайдың естеліктерінде анық жазылған» дейді алаштанушы.
Экспедиция мүшелері Семейдегі Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейін аралап тамашалады. Мұнда татар суретшісі Бақи Орманшыныңсалған «Абай» портреті тұр. «Кеңес үкіметінің тұсында қуғын-сүргінге ұшыраған қылқалам шеберіБеломорканалда Міржақып Дулатовпен жазасын бірге өтеген. Тар қапасқа қарамастан Міржақып түркі тілдес халықтардың ұқсас сөздерін біріктіріп, орысша-түрікше сөздік құрастырған. Үш дәптерден тұратын бұл еңбек темекінің қағазына, жыртылған қағаздарға жазылған.Кейін осының барлығын Міржақып өзінің түрмеден аман шықпасын сезіп, «Ертең мен олай-бұлай болып кетсем, сен мұны менің еліме жеткіз» деп , Б.Орманшыға аманаттап тапсырған. Халық суретшісі атағын иеленген Бақи осы өсиет бойыншаМіржақыптың қызына дәптерді аман-есен жеткізеді. Бұл дәптер қазір де бар.Кейін сөздік ретінде жарық көрді. Ішінде көптеген түбі түркіге ортақ сөздер бар. Мұны қазақ терминология бастауындағы үлкен бір олжалы ғылым деп айтуға болады.
Біз білмейтін Выборг
Семейден кейін 10-11 шілдеде Омбыға поезбен сапар шеккен ғалымдарды Қазақстан елшілігінің Омбыдағы Дияр Қонаев жетекшілік ететін консулдығы қарсы алды. Ондағы бауырлар қазақы дастарқан жайып, атажұрттан барған отандастарына қошемет көрсетті.Бұл консулдық Арбаттағы Шоқан Уәлихан көшесінде орналасқан. Өзі ескі ғимарат болғанмен, кезінде Шоқанның келіп-кетіп тұрған үйі ретінде ыстық. Экспедициялық топ Әлихан оқыған училищені іздеп барады.Өкінішке қарай ол үй бұзылып, орнына шіркеу салынған екен. Бірақ орны көзге оттай ыстық басылады.
...Омбыдан кейін олар 11-13 шілдеде Санкт-Петербургке ат басын тірейді.Мұнда Әлихан Бөкейхан білім алған Орман шаруашылығы институтының ғимараты жақсы сақталған. Сонымен бірге оның жастармен кездесу өткізген университеті тұр.Е. Тоқтарбай Ленинград университетінде қазақтың көптеген зиялылары оқығанын, олардың ішінде атап айтсақ, Бақыткерей Құлманов, Барлыбек Сырттанұлы, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан сынды тұлғалар білім алғанын айтты.Бұл жерде Мұстафа Шоқай оқығаны, «Жерлестер» қазақ ұйымы құрылғаны, 1-ші, 2-ші Мемлекеттік Дума өткені тарихтан мәлім.Экспедициялық топ барған 1-ші Думаның ғимараты бүгінде Таврия сарайы деп аталады...Мұнан кейін қазақстандық ғалымдар Выборг үндеуі жарияланған қалаға тоқтайды. «Біз Выборг қаласын Финляндияның құрамындағы қала деп санайтынбыз. Содан такси жүргізушісінен: «Выборг қаласы бұл жерге жақын ба?» деп сұрадық. «120 шақырым», – деді ол. Былай қарасаң, тиіп тұр. Петербургке барып тұрып,ал енді оған соқпай кету мүмкін бе? Выборгкесол үшін қиналмай бардық. Сөйтсек, олбүгінде Ленинград облысына қарасты қала болып шықты. Қызығы, Выборгкебүгінге дейін Қазақстаннан бірде-бір ғалым ат ізін салмаған.Өйткені ғалымдардың өзі оны Финляндияның қаласы деген түсінікте жүрген.Сондықтан мұнда ашылмаған сырлар өте көп. Мысалы, Выборг үндеуі Териоки қаласында қабылданған. Териоки – қазіргі Зеленогорск қаласы. Ғалым-мамандардың түсінбестігінен көп уақытты бекер өткізіп алыппыз» дейді Е.Тоқтарбай Алаш қайраткеріне қатысты тағы бір тың бұлақтың көзі ашылғалы тұрғанын баяндап. Мұнда Әлихан Бөкейханның Сұлтан Жантөрин екеуі бірге болғанын,«Бельведер» қонақүйіне тоқтағанын, бүгінде сол қонақүйдің сақталып тұрғанын айтты. «Бельведердің» сыртында «Ленин 1905 жылдың 9 шілдесі күні келіп, тоқтады» деген ескерткіш тақта ілулі тұр. Бұл Выборг үндеуі болғанын дәлелдейтін үлкен факт болып саналады. Екіншіден, Выборг үндеуі қол қоюшыларының тарихи суреттері – бір топ депутаттың Выборг вокзалында тұрғаны бейнеленген, жазғы алаңқайда заңды талқылау үстіндегі суреттер және де қонақүйдің тура алдындағы ағаштар, демалыс орны тарихи-мәдени орын ретінде тамаша сақталған, біз мұны алғаш рет көрдік, деді.
Минск тасасындағы тарих
Қазақстан делегациясының шығармашылық сапары13-16 шілде аралығында Белоруссияның Минск қаласында жалғасын тапты.Минск мен Әлиханның арасында қандай байланыс бар? Бұл туралы көп кісі біле бермейді. 1916 жылы Алаш қайраткері: «Өзімді кепілдікке қойып, майданға қазақ жастарымен бірге барамын» деп, арнайы штаб құрып, өзімен бірге 5-6 адамды қосып, Минск қаласына аттанады.Содан«Күнбатыс майданы» деген айдармен ақпарат беріп тұрған. Қазақстандық әрбір адамның киім-кешегіне, жүріс-тұрысы мен тамағына Әлихан Бөкейхан қатты көңіл бөлген. Тіпті керек десеңіз, бұрын сыртқа шығып көрмеген қазақ жастарының Еуропаға баруына орай «Қазақ» газетіне жазған мақаласында ішкенде өз қасықтарыңмен ішіңдер, өз орамалдарыңды қолданыңдар,жеңіл жүріске бармаңдар деп сақтандырған. Соғысқа барған жастардың елге қайту мәселесімен тікелей айналысқан. Ал, штабты Міржақып Дулатұлы, Сейдазым Қадірбаев, Хайролла Болғанбаев, Біләл Сүлейұлы, Әлихан Бөкейхан басқарып отырған. Әлихан мұнда «Льеж» қонақүйіне тоқтаған. Өкінішке қарай, ол жер сақталмапты. Екіншідүниежүзілік соғыстың салдарынан жойылған. 50-ші жылы қонақүйдің орнына жаңа ғимарат бой көтерген. Бүгінде Ұлттық банк орналасқан бұл үйді кезінде тұтқынға түскен неміс солдаттары салған екен.Ғалымдар Белоруссияның мемлекеттік архивіне деректердің тізімінтапсырды.Ондағылар Ә.Бөкейхан туралы құжаттар табылса, береміз деп уәделерінберді, дейді.
Самара сапары
«Минскіден 16 шілде күні Самара қаласына бет алдық, – дейді Е.Тоқтарбай. Мұнда 17-не дейін аялдадық. Өйткені мұнда Әлихан он жыл жұмыс істеген. Тұрған. ІІ Мемлекеттік дума таратылғаннан кейін депутаттарға өкіметке қарсы шықтыңдар деген айып тағылып,Ә. Бөкейхан Семей түрмесіне түскен болатын. Кейін оған «сенің Қазақстан аумағында тұруға хақың жоқ, Ресейдің қаласына қоныс аударуға тиіссің» дегенде, Әлихан осы Самараны қалапты. Ахмет Байтұрсыновтың айдалғанда Орынборды таңдағаны сияқты.Өйткені, Орынбор мен Самараның арасы жақын. Екеуінің бұлай таңдау себебі сондықтан. Бірігіп жұмыс жасаулары үшін. Әлихан Самарадағы бұрынғы Казанский 30-шы үйде тұрған, қазір ол Алексей Толстой көшесі, 30-шы үй екен. Бұл үйде орыстар тұрып жатыр. Әттең, қандастарымыз емес. Сол себепті, біз ондағы қандас бауырларға құлаққағыс жасадық. Сіздер осы үйді сатып алып, мұнда «Қазақ қауымдастығы» орналасса, нұр үстіне нұр болар еді, деген ойды жеткіздік».
Топ мүшелері Самара қаласындағы П.В. Алабин атындағы өлкетану мұражайын тамашалап, одан Әлиханның А.Керенскиймен және Ресейдің басқа да саясаткерлерімен түскен суреттерін іздедік.Самарада Ә.Бөкейханов туралы көп білетін Валерий Ерофеев дейтін өлкетанушы тұрады екен. Әлихан туралы ондағы отандас-қандастар көп дерекке қанық.Мәселен, Омбыда Айгүл Бескемпірова есімді өлкетанушы журналист Алаш зиялысы туралы үлкен еңбек жазған. Омбы мен Орынбор қазақтары атажұрттан ажырап қалған, қазаны бөлек демесеңіз, қамы мен қаны ежелден ел деп соққан. Қазақстанда түрлі ұлттық мектептер бар. Ал Самарада, Омбыда, Орынборда қазақ мектептері жоқтың қасы. Егде тартқан кісілер болмаса, жастары көбіне орыстілді, қазақ тілін бірте-бірте ұмыта бастаған. Алдағы уақытта орыс диаспораларымен шаңырақ көтеруі әбден мүмкін, деген түйткілді алға тартты ғалым.«Қазтуған жыраудың «Қайран да, менің Еділім» деп егіле жырлаған Еділге емірендік. Табиғаты сондай көркем тамаша жер екен», – дей келіп, әрі қарайғы әңгімесі ішкі тәртіпке ойысты. – «Самарадағы қонақүйге біз кіре алмай қалдық. Ондағылар:«Сіздерге мұнда кіруге болмайды. Өйткені басқа мемлекеттің адамысыздар», – деді. Біздің «Қазақстан мен Ресей – дос мемлекет» дегенімізге ешкім құлақ асып жатпады.«Жоқ, болмайды» деп тұрып алды. Омбыдан өткенде төлқұжаттарымыз шекарада тексеріліп,мөр басылып, рұқсат етілген еді. Ал, Самарада олай болмады. Сол жерде тұрған бір орыс әйелі: «Мен Қазақстанға қалағанымша кіріп-шыға аламын. Өйткені, онда бірде-бір кедергі жоқ» дейді. Ал, біздің ғылыми-танымдық экспедициямен барып тұрмыз деген уәжіміздіңіске аспай қалғанына қамықтық.Алдағы уақытта бұл мәселе оң шешімін табады деп үміттенеміз».
Орынбор «олжасы»
...Самарадан поезбен баруды жөн көрген экспедицияшылар 17 шілдеден 18-не қараған түні Орынборға табан тірейді. Мұндағы І және ІІ Бүкілқазақ сьезі өткен үйге ат басын бұрады. Ол үй қазір де бар.Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы қарсаңында Қамбар Атабаевтың табуымен оған ескерткіш тақта ілінген болатын. Сол ғимаратты өз көзімен көрген ғалымның айтуынша, мұнда Қазревкомның орны сақталыпты. Сыртында ескерткіш тақтасы орнатулы.
–Орынбордағы өлкетану музейіне кіргенде экскурсия жүргізушісінің бір сөзі бізді кәдімгідей қынжылтты, – дейді ол.– Алматыдағы Тәуелсіздік монументінің ағаштан жасалған көшірмесін таныстырған музей қызметкері: «Мынау қазақтың аңшысы, көне аңыз бойынша салынған» дейді. Сонда біз:«Бұл – Қазақстан тәуелсіздігінің символы», – деп түзетсек, бізге осылай жазып берген дейді.
Бейіттегі белгі
19-шілде күні Орынбордан Мәскеуге ұшқан ғалымдардың әуелі Ваганька зиратына бару себебі, өйткені мұнда бес бірдей қазақ арысы жерленген. Жүсіпбек Аймауытұлы, Елдес Омарұлы, Дінше Әділұлы дамыл тапқан орынға Қазақ елінен барған делегация аруақтарға бағыштап Құран оқыды. Әрі қарай Дон зиратындағы қандастарға зиярат етті. Онда Әлихан Бөкейханның рухына тағзым етілді. ОныменНығмет Нұрмақовтың бейіті қатар жатыр. Әлихан мен Нығметтің аты-жөндері жазылып, ескерткіш белгі орнатылған екен.
«Мұны заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбеков орнатқан деп еститінбіз. Бірақ бір өкініштісі, ескерткіш тақтада Әлиханның өмірбаяны, туған жылы қате жазылып кеткен, екіншіден, сол маңдағы белгілі тұлғаларға орнатылған белгілердің астында бүкіл Ресей халқының атынан деген жазу тұр да, ал біздікі елден ерекше көзге түсіп тұр. Сөйтсек, орнатқан адам астына өзінің аты-жөнін, сонымен қатар лауазымын жазып қойыпты. Ұят-ай! Осыған «бүкіл қазақ халқының атынан» деп жазылғанда, жөн болмас па еді», – деп өз ойын білдірді Е.Тоқтарбай.
Экспедиция құрамындағы алты адам сол жерде Әлихан мен Нығметке жеке-жеке белгі орнатуға тапсырыс беріпті. Тағы бір айта кететін жайт, Әлиханның бейітіне бұрын-соңды туған жерінен, бабалары жатқанТалдыбейіттен топырақ апарып, қойылған емес.Соған орай Ақтоғайдан туыстары, атап айтқанда, Әлиханның туған інісі Смағұл төренің қызы, 93-тегі апамыз Әйеш келіпті. 24 қыркүйек күні Ақтоғай ауданында Әлиханның 150 жылдық тойы тойланды. Сол кезде бабалар қорымына Мәскеудегі Дон зиратынан арнайы алынған бір уыс топырақ себілді.
Мәскеуде Құран оқылды
«Алматыдағы ұрпақтарынан топырақ алуға рұқсат сұрадық. Олар рұқсатын берді. Мәскеуге барғанда зияраттық шараға қатысуға Әлиханның ұрпақтарын шақырдық. Қазақтарды шақырдық.. Әлиханның өз ұлы Сергейден Петр дейтін немересі, одан Евгений есімді асылдың тұяқтары қалған екен. Бірақ екеуі де денсаулығына байланысты ауырып келе алмады. Бірақ Әлиханның інісі Әзімханнан Райымжан, одан Нұрым туған. Жасы 76-дағы Нұрым ағамыз химия ғылымдарының докторы, профессор, сол жердегі университетте сабақ береді екен. Ол кісі 33 жылға жуық «Балдырған» балалар журналының суретшісі болған, өзі сондай талантты адам. Жалпы, Әлиханның ұрпағының бәрі ғылым докторы, құрығанда кандидат. Нұрымның бір ұл, бір қызы бар екен. Олар ғылым кандидаттары. Қазақстаннан апарылған топырақты Нұрым аға өз қолымен салып, ырымын жасады, Құран оқылды.Осы күндерде Әлихан тұрған үйге бардық. Сол үйді қырғыздар сатып алыпты.Әттең, «Қазақ қоғамы» неге сатып алмаған дестік» дейді алаштанушы.Оның айтуынша, Мәскеудегі «Әлихан Бөкейхан ізімен» ғылыми конференциясына т.ғ.д., профессор Дина Аманжолова, профессор Жібек Сыздықова, ф.ғ.д. профессор Ирина Қараболатова, шығыстанушы ғалымдар, ақын-жазушылар келген. Экспедицияның жүріп өткен бағыт-бағдары бойынша фото, бейне таспалар арқылы есеп берілген. МәскеудегіӘ. Бөкейхан тұрған үйге ескерткіш тақта орнату, Петербургтегі Таврия сарайына Ә.Бөкейханның, сондай-ақ Мемлекеттік думаға сайланған басқа да қазақ зиялыларының есімдері жазылған ескерткіш тақта орнату жөнінде Мәскеудегі елші М.Тәжиннің атына ұсыныстар тасталған. Елшілік жанындағы қазақ жастарына Алаш ардақтылары туралы мәдени танымдық дәрістер жүргізілсе, Әлиханның бейітін тауып бару үшін арнайы белгілер қойылса, Жүсіпбек Аймауытұлы, Елдес Омарұлы жатқан бейітке ескерткіш-тақта орнатылса,Әлихан жұмыс істеген «Күншығыс» баспасына тақта қойылып,сабақ берген, жұмыс істеген институт қабырғасына белгілерілінсе, деген тілектер айтылды. Әлихан оқыған білім ғимаратының 250 жылдық тарихы бар екен, бірақ музей ретінде сақтаулы. Соның арқасында мұны көруге сандаған турист ат басын бұратын көрінеді...Ұлт мүддесі үшін құрбан болған боздақтардың ізеті мен ізі бізде де солай сайрап жатса дейсің.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ
qazaquni.kz