Қазақтың қайраткер қызы
2016 ж. 23 қараша
6942
2
(Н.Құлжанованың өмір жолы мен шығармашылығы хақында)
Алаштың ақиық ақыны Сұлтанмахмұт Торайғырдың «Таныстыру» атты поэмасы бар. Бұл поэма – ХХ ғасыр басындағы ренессанстық құбылыс тудырған тұтас қазақ элитасының портреті іспетті. Егер, бұл поэма болмаса қазақтың тасын өрге сүйреген атпал азаматтарын біле алмас па едік?! Себебі, жетпіс жыл бойы қазақты түп тамырынан айырған Кеңес үкіметі асылдарымызды тануға, білуге мүмкіндік берді ме? Алаш зиялыларының еңбектері мен ерліктерін күллі халыққа жария, өнеге еткен бұл поэмасында ақын: Ардақты бар Нәзипа деген ханым, Газет, журнал жүзінде жұртқа мәлім. Оқыса сондай әйел шығар ед деп, Оқығандар бағалар сөздің дәмін. Неше күн қыдырсаң да таба алмассың, Семейдің одан өтер адал жанын. Ақ көңіл, мінезі оңды, жүзі жарқын, Ынтасы жеткізбекке әйел халқын, – деп Нәзипа есімді қазақ қызының есімін атайды. Енді бір жерінде: Бірге айтайын Нұрғали Құлжанұлын, Жаңылмасақ бұлайша мұның сынын. Қайратты, кең ойлайтын сабырлы адам, Жасымайтын, бермейтін жанға сырын. Турашыл жан бетіне қарамайтын, Онан кейін зиянды санамайтын. Қазақтың ескі, жуан тұқымынан Жөпшендіні еске алып баламайтын. Бір айтса, сол сөзінде тұрды деп біл, Болмайды қате екен деп қайта қайтым. Бір ұстаған жерінде қалар қатып, Кім болса да сөйлейді сөзін батып. Өз көңілінде түзу деп ұққан ойын, Істейді жіберсең де қазір атып, – деп Нұрғали Құлжанұлының болмысын сипаттайды. Міне, Сұлтанмахмұт ақынның бұл поэмасы – қазақтың оқығандарын қазаққа таныстырған құнды еңбек. Енді осы өлең жолдарындағы Нұрғали Құлжанұлы мен Нәзипа кім? Керуен дүниенің көшінен Нұрғали, Нәзипа есімді ерлі-зайыпты Құлжановтар өткен екен. Екеуі де «Жазған сөзім жаным ашып Алашыма» (А.Байтұрсынұлы) дегеннің нақ өзі болған. Нұрғали Құлжанұлы – 1869 жылы (кейбір деректе – 1870 жылы) Торғай өңірінде дүниеге келген. Орынбордағы оқытушылар мектебін тәмамдаған. 1905 жылдан бастап Семей қаласындағы мұғалімдер семинариясында ұстаздық қызмет еткен. 1906 жылдың бірінші қаңтарында ІІІ дәрежелі Әулие Станислав орденімен марапатталған. 1908 жылы Батыс Сібір Географиялық қоғамы Семей бөлімшесінің мүшелігіне қабылданған. Бөлімшенің мүшелігіне қабылданғаннан кейін өлке тарихына қатысты фольклорлық-этнографиялық мұраларды жинастырып, қазақтың музыкалық өнерінің сақталуына, жинақталуына үлкен үлес қосқан. Оның мақалалары мен ойлары, лебіздері «Қазақ», «Үш жүз», «Бірлік туы» газеттерінде жарияланған. Нұрғалидың ел есінен мәңгілікке орын алған ісі – 1914 жылы ұлы Абай ақынның қайтыс болғанына он жыл толуына орай жұбайы Нәзипамен бірге ұйымдастырған кеші. Алаш қозғалысына ниеттесіп, «Алаш» идеясын қолдаған мәдениеттанушы, педагог Нұрғали 1919 жылы Семей қаласында Колчак жендеттерінің қолынан қаза тапқан болатын. Алаштың аймаңдай перзенті Сұлтанмахмұт Нұрғали дүниеден өткенде қайғырып, «қазақ үшін жүрек майын шам қылған» ер азаматын жоқтаған екен. Ақынның «Нұрекеңе» деген өлеңі бар-ды. Бұл – азалы жыр. Ұштың ба нақақ оққа есіл ерім! Ел үшін еңбек қылған кемеңгерім! Алаштың Алаш аты жойылмаса, Бір кетпес жау мойнында қаның тегін... Құдайым сені-дағы көп көрді ме? Бейшара бұл қазақтың баласына? Жақын үшін жан құрбан қылатұғын, Сендей ұл туа бермес Алашыңа, – деп орны толмас қазаны күңіреніп, қайғырып жырға қосқан. Нұрғали мен Нәзипаның қоғамдық-саяси, ағартушылық қызметтері С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында, С.Бегалиннің «Замана белестері» романында жан-жақты сөз болған. Нұрғалидың жары Нәзипа Сегізбайқызы 1887 жылдың жиырма жетінші шілдесінде Торғай қаласында дүниеге келген. Нәзипа – ХХ ғасыр басындағы оқыған санаулы ғана қазақ қыздарының бірі. Ағартушы, этнограф, аудармашы, журналист, жазушы Нәзипа Сегізбайқызының артында қалған мұралары ұшан-теңіз. Бірақ, сол мұраларын жұрт біле ме екен?! Сол жағы қиындау болып тұр... Табиғатынан зерек, алғыр болып өскен Нәзипа 1902 жылы Қостанайдағы орыс-қазақ гимназиясын бітірген. 1903–1904 жылдары Торғайдағы қыздар училищесінде, 1905–1920 жылдары Семей қаласындағы оқытушылар гимназиясында ұстаздық қызмет атқарған. 1913 жылы География қоғамы Семей бөлімшесінің мүшелігіне қабылданған. Қазақ мәдениетін қолдаған «Азамат серіктестігі» ұйымының белсенді мүшесі болған. 1914 жылдың 26 қаңтарында Абайдың қайтыс болғанына он жыл толуына орай әдеби кеш ұйымдастырған. 1915 жылдың 13 ақпанында Петроградтағы мұсылман ауруханасы мен мұқтаж қазақ шәкірттеріне көмек көрсету мақсатында әдеби кеш ұйымдастырғаны және бар. Нәзипа – қайраткер. Ол – Алаш қайраткері. Алаш қозғалысының белді мүшесі болған, болашақ үшін қыруар жұмыс атқарған қазақтың ақылды да оқыған қызы. 1917 жылғы Семейде өткен қазақ сиезіне қатысып, төралқа құрамына енген. 1920 жылы Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариатының қазақ тіліндегі оқулықтар, кітаптар шығару ісі жөніндегі комиссияның мүшесі болған. А.Байтұрсынұлы жасаған жаңа қазақ әліпбиін енгізу жөніндегі комиссияның мүшесі болып та қызмет атқарған. Ер азамат иығымен көтеретін істің басы-қасында Нәзипа Сегізбайқызының жүруінің өзі ерлік емес пе?! Қазақ ақыны С.Сейфуллин үкімет бастығы болып тұрғанда Н.Құлжанованың азаматтық, қайраткерлік ісіне сүйсініп, өлең арнаған екен. Ол өлеңнің аты – «Самұрық». Өлеңнің бас жағына «Қазақстан әуе кемесіне жәрдем жинаушы бірінші қазақ әйелдері комитетінің бастығы Нәзипаға тартамын» – деп жазыпты. Нәзипа – журналист. Қазақ журналистикасының іргетасын қалаған тұңғыштардың бірі. 1922 жылы «Еңбекші қазақ» (бүгінгі «Егемен Қазақстан») газетінде тілші, 1923–1925 жылдары «Қызыл Қазақстан» (бүгінгі «Ақиқат» журналы), 1925–1929 жылдары «Әйел теңдігі» (бүгінгі «Қазақстан әйелдері») журналында жауапты хатшы қызметтерін атқарған. Бірақ, 1929 жылы ауыр сырқатқа шалдығып, қоғамдық қызметтен қол үзеді. 1934 жылы Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанкеліні 47 жасында дүниеден өткен. Алаштың баласына түзу жолды нұсқаған, әйел теңдігін көтерген, ана мен баланың мәселесін шешуге атсалысқан қазақтың қайраткер қызының ғұмыр-жапырағы да құрт ауруынан үзілді. Бірі болса, бірі болмайтын кем дүние-ай... Егер, ол бұл қасіретті сыртқа шалдықпаса, қазақтың жоғын жоқтап, руханиятының пілтесі болып жанатын еді... Нәзипа Сегізбайқызының ғылыми-шығармашылық мұрасы туралы сөз болғанда оның әдеби-публицистикалық еңбектерін айтпай кетуге болмайды. Нәзипаның мұрасы – ХХ ғасырдағы әдебиет тарихын толықтырып тұрған аса құнды жәдігер. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Н.Қ. ханымға» атты өлеңі бар. Бұл «Н.Қ. ханым» кім? «Н.Қ. ханым» ХХ ғасыр басындағы оқыған қазақ қыздарының бірі Нәзипа Құлжанова болатын. Өлең тұтас мазмұнына қарап көрелік: Рақатсыз өтсе де өмір-жасым, Бұл жөнімнен құдайым айырмасын. Ұзақ жолға ниет қып бір шыққан соң, Жарым жолдан қайтпасын, қарындасым! Су да болар ол жолда, тау да болар, Жаудың оғы – жайған тор, ау да болар. Мынау пайда, мынасы зиян демек, Ол ерліктің ісі емес, сауда болар?! Шалдығатын, шаршайтын жерлер де бар, Шалдыққанға мұқалмас ерлер де бар. Қайраттанып қажымай тырмыссаң да, Шыққызбайтын жолыңда өрлер де бар. Шаршайды деп ойлама шалдыққаннан, Ұзақсанып жатпаспын жалыққаннан. Жұрт қолымнан келмесе, өкпелемес, Барым сақтап, мен аяп алып қалман. Ел мұңымды білемін ұқпайтынын, Көтермеге қалғанда шықпайтынын. Шалыс басып аяқты жығылғанда, «Жатқаныңнан тұрма», – деп мықтайтынын. Мен өлсем де – өлемін жөнімменен, Тәннен басқа немді алар өлімменен. Өлген күні апарып тығары – көр, Мен жоқ болман көміліп тәнімменен. Тән көмілер, көмілмес еткен ісім, Ойлайтындар мен емес – бір күнгісін. Жұрт ұқпаса, ұқпасын жабықпаймын, Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін! Бұл – ұлт ұстазының қарындасына берген ілпипат, ақ пейіл батасы, лебізі. Ахаң бұл өлеңін Нәзипаның кітабына алғы сөзін ретінде жазып берген болатын. Бір тарихи деректі айта кетейік, Н.Құлжанова бір жылдары Қазақ АКСР Оқу-ағарту комиссариатының қазақ тілінде шығатын оқулықтар, кітаптар және баспасөз істері жөніндегі арнаулы комиссияның мүшесі болады. Сол оқу комиссариатының арнайы тапсырмасымен Н.Құлжанова «Мектептен бұрынғы тәрбие» атты оқу құралын жазған. Осы аталған кітабына ұлт ұстазы алғы сөз жазған болатын. Сол алғы сөзінің соңын: «Заман амалының жарысынан, заман көшінің қатарынан қалмай өмір сүру үшін бүгінде адамға көп өнер-білім даярлау керек» деп аяқтапты. Міне, сол бабаларымыздың арқасында бүгінгі қазақ ғылымының іргетасы қаланды, іргелі ғылымға айналды. «Қызыл Қазақстан» журналында Н.Құлжанованың «Қазақ әйелдеріне арналған корреспонденциялар туралы» (№13, 1922 жыл, 53-55 б.), «Күн тұтылғанда» (№23-24, 1923 жыл, 111-134 б.), «Жалпы әйелдер мейрамы» (№15, 1923 жыл, 68-70 б.), «Дала соты» (№16, 1923 жыл, 91-103 б.), «В.И.Лениннің туған күні – 1870 жылғы апрель» (№1-2, 1924 жыл, 97-99 б.) мақалалары жарияланған. «Жаңа мектеп» (бүгінгі «Қазақстан мұғалімі») журналына талантты қайраткердің аудармалары жарияланған. Мысалы, М.Горькийдің «1905 жылғы январьдың тоғызы күні» (№14, 1926 жыл 47-53 б./ №1, 1927 жыл, 79-84 б.), А.Куприннің «Лапылдап жанған крейсер» (№2, 1927 жыл, 84-88 б.), Б.Лавреневтің «Қырық бірінші» (№9, 1928 жыл, 107-118 б.) шығармаларын атауға болады. Қайраткер, қаламгер Н.Сегізбайқызының әдеби-публицистикалық мұраларын іздестіріп, ескі газет-журналдарды ақтарып, оқып шықтым. Сонау жылдары Арқалықта оқығанымда пединституттың жатақханасынан өз еркіммен шығып, Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің жатақханасына орналасып едім. Колледж директоры, білікті басшы, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Сабыржан Тасмағамбеттің қолдауымен бір адамдық бөлме алдым. Кең әрі жарық бөлме еді. Бұл ғимарат бұрындары әйгілі «Арқалық» қонақ үйі болған ғимарат екен. Менің бөлмем – №314. Осы бөлмеде отырып көптеген шығармашылық жоспарларымды жүзеге асырдым. Нәзипа Құлжанкеліні туралы сол кезден бері жазғым келіп жүр еді... Нәзипа сауатты, өте зерек, ілімі мен білімі бір кісіге жетіп артылатын адам-ақ екен. Мысалы, «Әйел теңдігі» журналына жарияланған «Ақын Шолпан» (№3, 1927 жыл, 28-31 б.), «Бала емізудің дұрыс тәртібі» (№4, 1927 жыл, 22-29 б.), «Шай дейтініміз не?» (№6, 1927 жыл, 26-29 б.), «Баланың жұқпалы аурулары» (№8-9, 1927 жыл, 37-42 б.), «Қышыма қотыр» (№4,1928 жыл, 44-47 б.), «Малдың сүті» (№10, 1929 жыл, 40-42 б.) мына еңбектерінің мәні мен маңыздылығы әлі күнге дейін өзінің құндылығын жоймаған. Қазақ ғылымының, соның ішінде педагогика, психология саласының бастауындағы ғылыми негіздердің бірі – ағартушы, қайраткер Н.Құлжанованың мұралары. Нәзипа – Ыбырай Алтынсары, Ахмет Байтұрсынұлы үлгісіндегі тәжірибелі педагог, ғалым. Өмірлік тәжірибесі негізінен «Мектептен бұрынғы тәрбие» (1923), «Ана мен бала тәрбиесі» (1927) сияқты іргелі кітаптарды жазды. Қайраткер, ғалым 1927 жылы Қызылорда қаласынан 5000 данамен басылып шыққан «Ана мен бала тәрбиесі» атты кітабының кіріспе сөзінде: «Бала қалай бітеді, қалай туады, әйел босанған кезінде қалай күтінуі керек, жаңа туған баланы қалай тәрбиелеу дұрыс, баланың тамақтандыру тәртібі қандай болуы керек?» деп зор мәселені көтерген екен. Нәзипа – әдебиетші, әдебиет жанашыры. «Әйел теңдігі» журналында әдебиетшінің ақын Шолпан Иманбаева туралы жазған мақаласы бар. Бұл ХХ ғасыр басындағы Шолпан есімді қазақтың таланты ақын қызын халқына таныстыруға арналған тамаша әдеби мақала десек артық айтпаған болармыз. Шындығында, бұл – Сұлтанмахмұт ақынның «Таныстыруы» сияқты мақсатты мұрат еткен мақала. Әдебиетші Н.Сегізбайқызы: «Шолпанды мен ең алғаш көруім Ақмолада, 1921 жылдың күзінде. Соналы, Қорғалжын еліне берген жерінен уезден барған бір инструкторлардың жәрдемімен күйеуінен шығып, Ақмоладан 30 шақырым жердегі апасына келген екен», – деп бастаған екен Шолпан туралы мақаласын. Н.Құлжанова Шолпанның өлеңдерімен газет-журнал арқылы танысқан. «Қызыл Қазақстан» журналында істеп жүргенінде Шолпан Нәзипаны іздеп, Орынборға келеді. Кездесіп, әңгімелеседі. Нәзипа Шолпанға ақыл-кеңес беріп, жол сілтеген. Ал, мына мақаласын әдебиетші 1927 жылы Шолпанның қазасын естігеннен кейін жазған. Оқырманға аз-кем түсінік берейік. Шолпан Иманбаева 1904 жылдың мамыр айында Ақмола облысының Қорғалжын ауданы, Майбалық ауылында дүниеге келген. 1923 жылы Ақмола қаласындағы сауат ашу курсында оқыған. Оны бітірген соң, қаладағы балалар коммунасында тәрбиеші болып қызмет істеген. Осы кезден бастап шығармашылыққа ден қойып, өлкелік әйелдер курсында өз өлең-жырларын жиі оқып жүреді. «Жолаушы мен жұмыскер» деген алғашқы өлеңі 1923 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне жарияланған. Кейін «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі» журналдары мен «Жас қайрат» газетінде саяси-әлеуметтік тақырыптағы өлеңдері жарық көрген. Иманбаева өз тұсындағы қазақ әйелдерінің мұң-мұқтажын, арман-тілегін жырлаған ақын. Мысалы, «Қоңыр қаз», «Қазақ әйеліне», «Жолдасыма», «Апайға». Ақынның өлеңдері мазмұнының өткірлігімен, тілінің көркемдігімен ерекшеленеді. 1926 жылдың он сегізінші қыркүйегінде Ақмола қаласында дүниеден өткен. Шолпан Орынбордағы қыздарға арналған мұғалімдер курсында оқып жүргенінде жоқшылық салдарынан ауруға шалдығады. Оқуын аяқтай алмай, еліне қайтады. Еліне барған соң, ауруы асқынып, ақын қыз дүниеден өтеді. Талантты ақынның қазасын естіп, қаймығып, қайғырып, оның есімін халық жадынан шығармау үшін арнайы осы мақаласын жазған. Мақаланың атауы – «Шолпан ақын». Қандай әдемі! Шолпан Иманбаеваны біліп, танымайтын оқырман елең етіп, оның кім екенін білгісі келіп-ақ тұрады. Иә, ХХ ғасыр басында қазақтың Шолпан есімді ақын қызы болған. Н.Құлжанова: «Шолпан ақын еді. Көбіне әйел мұңын жырлады. Ойына алған сөзді еркін жазатын түрі бар еді. Тәлім-тәжірибесі аздығы өрісін кеңейттірмей келді. Ол кездері қазақ кітабы тіпті аз. Орыс жазушыларына тілі жетпей, Шолпанның ақындығы арманда кетті» – деп күңіренеді. Егер, Шолпан дертке шалдықпай, оқуын аман-есен бітірсе, орыс тілін де меңгеріп, талантын шыңдар еді. Нәзипа апасы сықылды қазақтың қажетіне жарар қайраткер тұлға болатын еді. Тегінде, осы Нәзипа Сегізбайқызы – шолпантанушы. Иә-иә, шолпантанушының нақ өзі. ХХ ғасыр басындағы қазақтың тағдырлы ғұмырлы ақын қызының шығармаларын жинастырып, ақын мұрасына қамқор болған. 1927 жылы Қызылорда қаласынан Шолпанның таңдамалы шығармалары енген шағын жинағын шығарады. Міне, бұл – Нәзипаның азаматтық істеген үлкен сауапты ісі. Біз, бүгінгі жер басып жүрген әдебиет зерттеушілері ақын Шолпанның мұрасын жинастырып, жеке кітап қылып бастыртқаны үшін Нәзипа Сегізбайқызы рухының алдында мәңгілікке қарыздармыз! Осы жылы, яғни, 2016 жылы ақын Шолпан Иманбаеваның дүниеден өткеніне 90 жыл екен. Дүниенің қызығын көре алмай, ішқұса болып өткен тағдырлы ақынның топырағы торқа болғай! «Айқап» газетінің 1915 жылғы №5 санында: «Біздің қазақта ұлтқа қызмет еткен әйелдің алды Нәзипа ханым болып шежіреде жазыларға тиіс» – деген сөз кездеседі. Иә, Нәзипа – «ұлтым» деп еңбек еткен қазақ қызы. Ол – қазақ тарихындағы №1 әйел-педагог болып саналады. Біз, ықылым заманнан өткенге құрметпен қарап, салауат айтатын, келешекке үмітпен қарайтын ел емес пе едік?! Әрқашан «тарихтың осы бір шағындағы Алаш қайраткерлерінің тағылымды істерін бүгінгі егемен дәуірде ұрпақ жадына сіңіру – ұлттық абыройымызды ұлықтар, елдік қасиетімізді асқақтатар аса маңызды шаруаның айтулы шарасы болмағын» (Е.Тілешов) білуіміз керек. ХХ ғасыр, Алаш қайраткерлері, қазақ оқығандары, қазақтың алғашқы баспасөзі, қазақ ғылымның бастауы туралы әңгіме болған кезде, біз қазақтың қайраткер қызы Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанкелінін ұмытпауымыз керек. Нәзипаның ісі, оның атқарған қызметі, тағылымды да өнегелі ғұмыры бүгінгі әрбір қазақ қаракөздерінің өмірлік мақсатына айналуы тиіс. Әрбір қазақ қызы Нәзипаны идеал тұтып, Нәзипаға ұқсап-бақса қазақтың бағы жанары анық. Менің ұғымымдағы Нәзипа Сегізбайқызының ғұмыры «Қалғанша жарты жаңқам сенікі – Пайдалан, шаруаңа жараса, Алаш!» (М.Дулатұлы) деген қасиетті сөзге саяды. Анығында, осылай болған. Күмән келтіре алмайсыз! Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанова – саналы ғұмырын қазақтың келешегіне бағыштаған аяулы Алаш оқығандарының бірегейі. Елдос ТОҚТАРБАЙ, алаштанушы. qazaquni.kz