Әлиханға лайықты құрмет көрсете алмадық...

         10 қараша күні Елорда төріндегі  Ұлттық музейде Алаштың ірі саяси фигурасы, қазақтың ренессанс дәуіріндегі пассионарлық тұлғасы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның 150 жылдығына арналған ұлық жиын болып өтті. Бұл жиын – Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен жүзеге асқан шара.

        Аталмыш басқарманың тілдерді дамыту және үйлестіру жұмысы бөліміне  басшы болып отырған Ержан Еңсебай есімді қазақ жігіті бар. Елі мен жерін шын сүйіп, шын күйетін сол жігіт жоспарда жоқ шараны күн тәртібіне енгізіп, әрбір басшының кабинетіне қайта-қайта кіріп жүріп, тәуекелге басын тікті. Нәтижесінде бас қаланың қақ төрінде – «Әлихан Бөкейхан: Алаш мұраты және Тәуелсіздік құндылығы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Ғылыми-теориялық салтанатты шарада жиналған көпшілікке

 ҚР Суретшілер одағының мүшесі, талантты суретші Алмас Сырғабаевтың қылқаламынан туындаған Ұлт көсемі – Әлихан Бөкейханның жұмыс үстеліне арналған портреті және тарихи тұлғаның дидары бейнеленген төсбелгі, қалам, жұмыс дәпетері ұлы тойдың тәбәрігі ретінде таратылды. Алашын таныған азаматтарға Алла жар болсын!

       Астананың сол жағалауындағы Еңбекшілер көшесіне Әлекеңнің есімін беру жөніндегі республикалық ономастикалық комиссияның шешімі шықты. Жуық күндері бұл көше – «Әлихан Бөкейхан даңғылы» деп аталатын болады. «Бәрекелді!» дейтін-ақ жаңалық!

      Ұлық жиынға ұлт көсемінің туған жері – Ақтоғай ауданынан арнайы делегация келіп, елордалықтардың қуанышына ортақтасты. Барлық қатысушы «Қараөткел» бабалар қорымындағы Хан Кененің сарбаздары мен Смағұл Сәдуақасұлының рухына құран бағыштап, «АЛЖИР» музейіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының ескерткіш қабырғасына тағзым жасап, гүл шоқтарын қойды.

       Ғалымдар Әлихан Бөкейханның қоғамдық-саяси қызметі, ғылыми-шығармашылық ғұмырнамасы жайында түрлі сала бойынша ауқымды әрі тағылымды баяндамалар жасады. С.Аққұлы, Ш.Құрманбайұлы, Ө.Сұлтанов сынды ғалымдардың баяндамалары жаңашылдығымен, ғылыми дәлдігімен көптің көңілінен шығып, жастардың дүниетанымын кеңейткені анық.

        Шара барысында көпшілікке арналып ас беріліп, құран-хатым түсірілді. Жуырда ғана халықаралық «Шабыт» фестивалінің Бас жүлдесін жеңіп алып, Президент кубогын иеленген Ербол Алшынбай мен Мирас Асан сынды ақындар Ұлт көсеміне арнаған арнау жырларын оқып, халықтың мерейін арттырды. Жөн-ақ!

        Бірақ, айтулы шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Б.С.Дүйсембиновтан басқа халық қалаулысы немесе бірде-бір үкімет мүшесі келмеді ғой.

       Қысқасын қайырып айтқандағы басты уәжіміз – қазақтың көшін алға сүйреген Әлихан Бөкейхан:

Не көрсем де Алаш үшін көргенім,

Маған атақ ұлтым үшін өлгенім!

Мен өлсем де, Алаш өлмес, көркейер,

Істей берсін қолдарынан келгенін!, – деген перзент емес пе еді. Алматы қаласындағы Фурманов атындағы шыңды, Фурманов, Тимирязев атындағы көшелердің біріне, Қазақ Ұлттық аграрлық университетіне Алаш көсемінің есімін қия алмадық. Ұят-ай!

      Ащы болса да айтайық, қазақтың марғасқа тұлғасының 150 жылдық мерейтойы – «жетімқыздың тойындай» атаусыз өтті. ЮНЕСКО деңгейінде деген «статус» жүзінде болмаса, іс жүзінде аталып өтпеді.

Елдос Қуатұлы,

qazaquni.kz