Ұлы Түркістан бірлігі
2016 ж. 09 қараша
5102
2
ХХ ғасыр басындағы Алаш оқығандарының еңбектерін оқи отырып, қайран қаласың. Ойланасың, тіпті, толғанасың. Қайран қалдыратын себеп – олардың бауырмалдығы, келешекшілдігі! Иә, әруақтарыңнан айналайын, арыстарым, тұтас Түркістан бірлігін сол уақытта-ақ ойлаған екен.
Түркістан – жер бетіндегі мұқым түркі халықтарының алтын бесігі деген мағынаны беретін қасиетті атау. Түркілер бірлігін ту еткен Алаш ақыны Мағжан Жұмабайдың «Алыстағы бауырыма» деп аталатын өлеңі бар. Сол өлең кімге арналған? Не үшін жазылған? Қазақтың алыстағы бауыры кім? Міне, осындай иірілген сансыз сұрақ белгілеріне жауап қайыратын уақыт жеткен сыңайлы.
Алдымен, сәл-пәл аңыз, әфсананы тілге тиек етейік. Қадым замандарда, яғни, Түркі мемлекеті күйрегеннен кейін оғыздардың бір бөлігі Отүкеннен асып, теңіз өтіп кеткен екен. Қазіргі Түркия мемлекеті сол оғыздардың ұрпағы болады.
Мағжанның «алыстағы бауыры» – Мұстафа Кемел Ататүрік. Ақын осы әйгілі өлеңін 1918–1922 жылдар аралығындағы Ататүрік бастаған Түркиядағы ұлт-азаттық соғысқа арнап жазған. Түркия республикасының көсемі Мұстафа Кемел 1881 жылы өмірге келген. Әкесі Әли Рыза бей ерте қайтыс болып, шешесі Зубейда ханымның тәрбиесінде өскен. Ыстамбұлдағы әскери училищені және жоғары әскери академияны тәмамдаған. Мұстафа қиын-қыстау кезеңде ұлт-азаттық қозғалысын басқарып, туған елін ғасырлар бойы билеген сұлтандар әулетінің талас-тартасынан қорғап, Отанын сақтап қалады. Бөлшектелу мен ыдыраудың алдында тұрған империяны аман-есен алып қалып, Батыс үлгісіндегі, Еуропалық сыйпаттағы демократияға негізделген бүгінгі Түркия республикасының іргетасын қалады. 1923 жылдың 29 қазанында Мұстафа Кемел Түркия республикасын құрды. Оның тұңғыш президенті болды (1923–1938).
1934 жылы Түркияда тек (фамилия) туралы заң қабылданғанда оның түркі халқының алдындағы орасан зор еңбегі ескеріліп, ұлы ұлттық Мәжілістің (Парламенттің) арнайы қаулысымен «Ататүрік» тегі берілген. Түрік әскерінің Бас қолбасшысы ретінде Сакария қаласындағы грек әскерлерімен 22 тәулікке созылған ұрыста тамаша жеңіске жетуіне орай 1921 жылдың қыркүйек айында оған «маршал» дәрежесі берілген еді. Және ол Түркия тарихындағы «Ғази» («Жеңімпаз») атағын иеленген тарихи тұлға.
Алыста ауыр азап шеккен бауырым,
Қуарған бәйшешектей кепкен бауырым,
Қамаған қалың жаудың ортасында
Көл қылып көздің жасын төккен
бауырым.
Алдыңда ауыр қайғы жатқан бауырым,
Өмірі жапа шеккен жаттан бауырым.
Түксиген жүрегі тас жауыз жандар,
Тірідей терің тонап жатқан бауырым.
Апырмай, емес пе еді алтын Алтай –
Анамыз бізді тапқан асау тайдай!
Бауырында жүрмеп пе едік салып ойнақ,
Жүзіміз емес пе еді жарқын айдай!
Алалы алтын сақа атыспап па ек,
Тебісіп бір төсекте жатыспап па ек.
Алтайдай анамыздың ақ сүтінен
Бірге еміп, бірге дәмін татыспап па ек.
Тұрмап па еді, біз үшін мөлдір бұлақ
Сылдырап, сылқ-сылқ күліп,
таудан құлап.
Даяр боп ұшқан құстай соққан құйын,
Тілеген бір-бір тұлпар бейне пырақ!
Алтайдың алтын Күні еркелетіп,
Келгенде жолбарыс боп, жаңа ержетіп,
Ақ теңіз, Қара теңіз ар жағына,
Бауырым, мені тастап қалдың кетіп.
Мен қалдым – жас балапан қанат қақпай,
Ұшам деп ұмтылсам да дамыл таппай.
Жөн сілтер, жол көрсетер жан болмады,
Жауыз жау қойсын ба енді мені атпай.
Қорғасын жас жүрекке оғы батты,
Күнәсіз таза қаным судай ақты.
Қансырап, әлім құрып естен тандым,
Қараңғы абақтыға берік жапты.
Көрмеймін кеше жүрген қыр-сайды да,
Күндіз – Күн, түнде – күміс нұрлы
Айды да.
Ардақтап, шын жібектей арайға орап
Өсірген алтын анам – Алтайды да.
Апырм-ай, айрылдық па қалың топтан,
Шабылып қайтпайтұғын жауған оқтан.
Түріктің жолбарыстай жүрегінен
Шынымен қорқақ құл боп жаудан бұққан.
Шарқ ұрып, ерікке ұмтылған Түрік жаны,
Шынымен ауырды ма бітіп халі?!
От сөніп жүректегі, құрғады ма
Қайнаған тамырдағы ата қаны?!
Бауырым, сен о жақта, мен бұ жақта,
Қайғыдан қан жұтамыз.
Біздің атқа
Лайық па. құл боп тұру?
Кел, кетелік
Алтайға, ата мирас, алтын таққа! – деп Мағжан ақын тегі, тілі, діні бір қарындасына өлең арнаған. Бұл – Алаштың сөзі! Ал, өлеңнің мына жолдарынан:
Алтайдың алтын Күні еркелетіп,
Келгенде жолбарыс боп, жаңа ержетіп,
Ақ теңіз, Қара теңіз ар жағына,
Бауырым, мені тастап қалдың кетіп!
Жоғарыда айтып өткен аңыздың шынайылығын байқауға болады.
1933 жылы Түркия республикасының құрылғанына 10 жыл толады. Мерейтойды атап өтуге арналған салтанатты жиында Ататүрік ел халқына: «Бүгінгі Кеңестік Ресей – досымыз. Бұл достыққа біз бүгін мұқтажбыз. Бірақ ертең не боларын ешкім кесіп айта алмайды. Дәл Осман империясы сияқты, Австрия–Венгрия сияқты ол да ыдырауы мүмкін. Міне, сонда не істейтінін Түркия білуге тиіс», – деп өзінің аманат-сөзін айтқан. Шындығында, уақыт өзінің дегенін істеді. КСРО мемлекеті ыдырап, тарихи сахнадан құлады. 1991 жылдың 16-желтоқсанында бүгінгі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған қай ел еді? Әрине, Түркия елі болатын. Енді Ататүріктің «сонда не істейтінін Түркия білуге тиіс» деген аманат-сөзінің жалғасын назарларыңызға ұсынайын: «Біздің бұл «досымыздың» билігінде тілі бір, наным-сенімі бір, өзегі бір бауырларымыз бар. Соларға қол ұшын беруге дайын болуымыз керек. Халықтар бұған қалай дайындалады? Рухани көпірлерін берік ұстай отырып. Тіл – бір көпір. Наным-сенім – бір көпір. Тарих – бір көпір. Біз бүгін олардан тіл тұрғысынан да, салт-дәстүр жөнінен де тарихи байланыстардан ажырап, өте алыста қалып қойдық. Тарихи байланыстарды жаңғыртуымыз керек. Түркі бірлігінің күндердің күнінде шындыққа айналатынына сенемін!», – деген. Не деген аманат сөз! Қайталап оқыңызшы. Мұқият, асықпай, байыбына барып оқып көріңіз. «Түркі бірлігінің күндердің күнінде шындыққа айналатынына сенемін!» деген. Міне, Құдайға шүкір, сол кешегі заманда тұтас Түркістан бірлігін арман еткен Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабай, Мұстафа Кемелдердің идеясын бүгінгі тәуелсіз Қазақ елінің президенті Н.Ә.Назарбаев пен Түркия мемлекетінің басшылық тізгінін ұстаған Т.Озал, С.Демирел, А.Сезер, А.Гюль, Р.Ердоған сынды азаматтар жүзеге асырды.
Мұстафа Кемел Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлын ұстаз тұтып, қадірлеген. Тіпті, Ататүрік Алаш ардақтысының «Оян, қазақ!» атты 1909 жылы «Шарқ» баспасынан шыққан өлеңдер жинағын профессор Тайыр Шағатайға аударуға тапсырма беріп, 1930 жылы «Оян, қазақ!» жинағын Анкара қаласынан түрік тілінде бастыртып шығарған. Кейінірек түрік ақындары Жақаңа еліктеп, «Оян, Түрік!» деп өлең жазған болатын. Шын мәнінде, Мұстафа Кемелдің жұмыс кабинетінде Міржақып Дулатұлының суреті ілініп тұрған, үстелінде «Оян, қазақ!» кітабы болған.
Мұстафа Кемел Алаш қайраткерлерімен жақын қарым-қатынаста болған. Араласқан. Идеяларын қолдаған. Біртұтас Түркі идеясына сенген. Әрі Түркі бірлігіне жан-тәнімен беріліп, қызмет еткен. Енді осы арада тарихи деректерді келтірсек.
1907 жылы Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның тапсырмасымен Алаш қайраткері, ІІ Мемлекеттік Думаның депутаты болған Шаймерден Қосшығұлұлы Түркияға барып, Үкімет, Парламент басшыларымен кездескен. Түрік басылымдары арқылы ІІ Николай патшаға мәлімдеме жасаған.
Алаш қайраткері Барлыбек Сыртанұлының «Қазақ елінің уставы» деп аталатын қазақтың алғашқы конституциялық еңбегінде: «Қазақ елінің жеке туы бар. Туы жасыл, қызыл һәм сары көлденең жолақтардан жасалады. Басындағы бұрышта ай һәм жұлдыздың суреті бар. Жасыл түс – елдің исламға берілгендігінің белгісі, қызыл – ел қорғауда төгілген қан, сары – қазақтың кең даласы, еркіндіктің белгісі» делінген. Бүгінгі Түркияның Туын қараңызшы. Онда қызыл түс және ай, жұлдыздың бейнесі бар. Тарихи деректердің бірінде, Ә.Бөкейхан М.Дулатұлы мен М.Жұмабайды 1920 жылы Түркияға жіберген көрінеді-мыс. Сол сапарларында Алаш қайраткерлері «Алаш Орда» ұлттық-территориялық мемлекетінің туын және тағы басқа құжаттарын Мұстафа Кемелге тапсырған екен. Кейінірек, Кеңес үкіметі орнаған тұста, Түркия да Кеңесті коммунистік идеологияны қолдаймыз дегендей, «қызыл түстес» туды көрсеткен. Әрі жоғарыда мысалға алынған Ататүріктің аманат-сөзіндегі «досымыз» делінген сөз осыны аңғартса керек-ті.
Тарих қатпарына зер салсақ, «Тұранның толқымалы тағдыры» (М.Жұмабай) барын байқаймыз. Тұран дегеніміз – Түркістан. Түркі халықтарының ежелгі құт-мекені ТҰРАН деп аталған. Араб халифатының әскери қолбасшысы Кутайба ибн Мүсілімнің (660–715) басқыншылығымен Тұран өлкесі талан-таражға түсіп, халқы қырылып-жойылған. Тұранның екінші атауы – Түркістан. Осы соғыстан кейін Тұран атауы жойылып, тарихтан өшкен екен. Алтайдан (Отүкен) Анадолыға дейін созылып жатқан мына шетсіз, шексіз дала – Түркістан даласы. Түркістан – иісі түркі халықтарының кір жуып, кіндік кескен атамекен, атажұрты.
Алаш қозғалысы негізінен ІІІ түрлі кезең арқылы өрбіді. І кезең – 1905–1912 жылдар, екінші кезең – 1913–1916 жылдар, ІІІ кезең – 1917–1920 жылдар аралығын қамтиды. Осы үш кезеңнің соңғы кезеңі Алаш қозғалысының нығайып, дамыған кезеңі еді. Бұл кезеңнің негізгі бағыты – Егемендік пен Тәуелсіздік, Ұлттық мемлекет құру идеясы болды. Осы кезеңнің келесі бір идеясы – Ұлы Түркі бірлігі немесе Түркістан идеясы.
Түркістан идеясын Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Түркістан қаласымен шатастырмайық. Түркістан дегенімізді Түркі халықтарының өкілдері немесе Тұран перзенттері деп ұғыңыз.
Сөздің тобықтай түйінін айтқанда, «Түркістан ұқтырар басты тағылым – ел болу, бір болу. Барды бағалай, жақсыны жаңалай білу. Дәстүрге мұқияттылықта да, жаңалыққа құштарлыққа да биік парасат пен табандылық таныта алу. Еңсеңді елдігіңмен көтеріп, берекеңді бірлігіңмен келтіру. Іріткі салар алауыздықты аластап, ұйытқылы жарастықты ұлықтау» (Ә.Кекілбай) болмақшы. Ендігі парыз – бабалар салған жолды жалғап, Ұлы Түркістан бірлігін нығайту!
Алаш қайраткерлері жер бетіндегі тұтас түркі халықтарының бірігіп, ынтымағы жарасып, тату-тәтті бейбіт ғұмыр кешуін қалады. Олар «төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дегенге сенді. Түркілердің басын біріктіретін, оразды ұлыс ететін уақыт келді. «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» (Ә.Бөкейхан) болып тұр!
ХХІ ғасыр – жаңа технологиялардың дәуірі. Бүкіл жер шарында жаһандану үдерісі жүріп жатқанда, түркі халықтарының ұлттық дәстүрі мен мәдениетін сақтап қалатын жалғыз ем бар, ол – ұрпақтар сабақтастығы, ынтымақтастық. Осындай алмағайып заманда түркі халықтары бір-біріне демеу болып, ағайын-туысын қолдап, қорғап жатса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Әмбе, бабалардың әруағы да разы болмақ.
Біз, Түркі халықтары – Алтайдың жолбарысымыз. Бабаларымыз сияқты бекзат, сымбатты, кіді, асқақ, ақылды, текті болуымыз қажет!
Елдос ТОҚТАРБАЙ
qazaquni.kz