КӨШ БАСТАҒАН ЕСІЛ ЕР
2016 ж. 09 қараша
3325
0
Төбе басында көп ел жиналып отыр. Төрдегі сөйлеп тұрған азамат ақтық сөзін айтқандай дауысы қатты шықпаса да жер жарып тұрғандай естілді: – Ал азаматтар… Тоқырауынның екі жағасы қара топырақ, соған егін егіп, өзен суымен суарып, күндеріңді көріңдер. Малдарыңды кедейлерге таратып беріңдер. Таратпасаңдар, тартып алады, – деп, елмен қоштасып отырғанда төбе басына мылтықтарын шошайтып, екі сарбаз келді. Ол сөзін аяқтап мылтықтыларға орысшалап «Қазір-сейчас пойдем, сейчас пойдем» деп, ең соңында Бегім шешесінің алдына келіп: «Ана, алыс жолға кетіп барамын. Енді келіп, топырақ сала алмайтын шығармын. Аналық ақ сүтіңді кеш, ақ сүтіңді кеш», – деп, жылап, кимешегін көтеріп, тас боп қалған емшегін иіскегенде, 90 жастан асқан анасының емшек сүті бұлақтай аққанын көрген елдің жыламағаны қалмады. Әлихан анасының маңдайынан бір сүйіп, кете барды. Бұл 1922 жылдың шілдесі болатын. Тұтқындалатынын, ол тұтқыннан аман оралар-оралмасын білмесе де, қандастарына айтып қалайын деп ел тағдырын ойлаған азаматтың есімі Әлихан Бөкейхан еді. Оны әлі талай қиыншылықтар, талай тұтқындаулар, талай күрес жолдары күтіп тұр еді.
Көш бастаған еріміз,
Қуанышта еліңіз.
Төбеміз көкке жеткендей,
Көкіректен бүгін кеткендей,
Сізді көріп шеріміз.
Еліңіздің бұл шағын,
Алаш туын һәм бағып,
Көзбен көріп төленді
Көптен бергі теріңіз.
Алаш туын қолға алған
Қараңғыда жол салған
Арыстаным келіңіз! –
деп атақты ақын Сұлтанмахмұт Торайғырұлы 1917 жылы елінің ардақты ұлына осы өлеңін неге арнады? Әлихан Бөкейхан кім?
19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы аса ерекше тұлға Ә.Бөкейхан Кеңес өкіметі тұсында оның есімі ұзақ жылдар бойы сирек аталып, немесе тіптен талмай «буржуазиялық ұлтшылдықтың» белгісі ретінде бағаланып келді. Кейінгі ұрпаққа қалдырған орасан зор аманат-мұрасы ұзақ уақыт шаң басып жатты. Ресейдің І Мемлекеттік думасының депутаты, Ресейдің жергілікті және қалалық қоғам қайраткерлерінің съезінің депутаты, ІV Мемлекеттік думасы мұсылман фракциясының Бюро мүшесі, қазақтың ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысының негізін салушы әрі көсемі, халқымыздың тұңғыш саяси Алаш партиясының ұйымдастырушысы және Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, ғұлама ғалым – әдебиеттанушы, экономист, тарихшы, этнограф, аудармашы, публицист, ормантанушы – міне ардақты азаматтың халқы үшін, отанының жарқын болашағы үшін соңғы демі таусылғанша атқарып өткен сан-қилы қызметінің болар-болмас қана көрінісі.
Ә.Бөкейхан 1870 жылы бұрынғы Семей облысы, Қарқаралаы уезі, Тоқырауын болысы, Тоқырауын өзені бойындағы нөмірі 7-ші ауылда дүниеге келген. Бұл қазіргі Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданынына қараған Қаратал совхозының жері.
Әлихан Бөкейханұлының ата-тегі Шыңғыс ханнан бері келе жатқан төре тұқымы Бөкейханнан тарайды. Бөкейхан қазақтың таққа отырған соңғы хандарының бірі. Хан өз ордасында қазақ халқының қамын жеген көптеген істер істелінуімен қатар халықты халық ететін өнерге деп көңіл аударылып қамқорлық жасалғаны мәлім.
Бөкей ордасына әншілер мен күйшілердің жиналуы баяғыдан келе жатқан салиқалы салт еді. Бөкей ордасының ең атақты күйшісі халық Бапас деп атап кеткен Дәулеткерей болатын. Шынында да Бөкей ордасында Дәулеткереймен тең келетін күйші жоқ еді. Әлкей де мықты күйші болған. Дәулеткерейдің ұлы Салауатгерей де мықты күйші еді. Одан кейінгі Бөкей ордасының күйшісі Мақар еді. Бұлардың бәрі де Бөкей ордасының жылы қабағының жақсылығын көріп өз өнер туындыларын халық қазынасының қоймасына құя білді.
Бөкей атақты көкжал Барақ сұлтанның ұлы. 1816 жылы бес мейрам-арғын Уәли билігін мойындамай, Орта жүзде екінші хандық құрады. Көп болып жиналып сексеннен асқан Бөкейді ақ киізге отырғызып хан сайлайды.
Бөкей ханның бес әйелінен он бір ұл болған. Сол он бір ұлдың бірі – Әлиханның арғы бабасы Батыр. Батыр сұлтаннан Рүстем, Әшімтай, Мырзатай туады. Мырзатайдан Әлиханның әкесі Нұмұхамед, Қоске, Шолақ, Әптіхан тарайды. Елдегі аты Мұқан болып кеткен Нұрмұхамедтен Әлихан, Смахан, Базылхан, Әзіхан, Тәтіхан атты бес ұл мен Нұрбек атты бір қыз туады.
Бөкейден соң Қарқаралы дуанының билігі немересі Жамантайға ауысады. Содан соң Рүстем, Мырзатай мен Жамантай арасында әскер және ел билеу ісіне байланысты басараздық болып, соның нәтижесінде Рүстем мен Мырзатай сұлтандар Қаратау жағына ығысқан. Бірақ көп ұзамай қайта оралып, Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтеріліске ат салысады.
Әлиханның әкесі Нұрмұхамед те, анасы Бегімханым да оқу-білімге жақын, парасатты адамдар болған. Нұрмұхамедтің тұңғышы Әлихан жастайынан зерек, алғыр болып өседі де, әкесі оны 1879 жылы Қарқаралыға алып барып, сол жердің жергілікті молдасына оқуға береді. Әлиханның інісі
Әзіханның ұлы Райымжанның айтуынша, көзі ашық, көкірегі ояу Әлихан молданың оқуына көңілі толмай қаладағы үш сыныптық мектепке ауысады.
Баласының бұлай жасағанын кейін білген кезде, хан тұқымының балаларына туғаннан жеті елдің тілін білу міндетін жүктейтін салтынан хабары бар әкесі Нұрмұхамед «неге бұлай» деп жатпай іштей ұлының білім қуалағанына қуанып ақ батасын береді.
Әлихан Бөкейханның қайраткер ретінде қалыптасуының рухани негіздерінің себебі бар. Ол өмірдің не екенін жақсы сезіндіретін шексіз дала төсінде, халықтың рухани мұрасы ауыз әдебиетінің мөлдір суымен сусындап өсті. Сондықтан өмір бойы «Қобыланды», «Ерсайын», «Қозы-Көрпеш – Баянсұлу» жырлары және басқа көптеген ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, зерттеп және насихаттап жүруі кездейсоқтық емес.
Болашақ ұлт көсемінің қалыптасуына хан Кенесары Қасымұлы бастаған азаттық жолындағы бүкілұлттық қозғалыс туралы ел арасындағы әңгіме, аңыздардың айтарлықтай әсері болғаны анық. Бұны Әлихан Бөкейханның 1923 жылы Ташкент қаласында жарық көрген кітабында жазған өлең шумағынан көруге болады:
Жалын құшып уақыттың,
Азат дала ұлындай.
Жыл соңынан жыл қуып,
Кенесары келбеті
көрінеді сағымдай.
Жас Әлиханға батырлар жырымен қатар басқа ақын-жыраулардың терең ойлы шығармаларының, оның ішінде ұлы Абайдың да ықпалының игі әсері болғаны анық. Абайдың көзі тірісінде, оны орыс оқырмандарына алғашқы таныстырушы – Әлихан Бөкейханұлы. Абай бақилық болған соң ақынның өмірбаянын орыс тілінде жазып, Семейде шығып тұратын «Семипалатинский листок» атты газетте 1905 жылы жариялайды.
Ә.Бөкейхан 19 ғасырдың 80-ші жылдары Омбы қаласындағы техникалық училищеде оқиды. Оқу бітіретін мезгіл жақындағанда, техникалық училищенің директорына өзінің оқуын жалғастырғысы келетінін айтады. Директор Н.Доброхотов өз тарапынан Қарқаралы уезінің бастығына «Оның (Әлиханның) өте жақсы оқып, үлгілі тәртіп көрсетуіне байланысты жоғарғы оқу орнына баруы өте қажет, сол себепті оған оқуға бару үшін қазақ қауымдастығы стипендиясының берілуі жалғаса берсін» деген өтініш хат жолдайды. Осы кезде Әлихан өзінің тегі Бөкейхан екенін білдіреді.
Болашақ белгілі қоғам қайраткерінің үлкен саясаттың не екенін түсінген кезі, әрине, Санкт-Петербургтегі орман-техникалық институтында оқып жүрген жылдарына тұспа-тұс келеді. 1906 жылы Санкт-Петербургтегі «Новая жизнь» газеті «Әлихан Бөкейхан 1894 жылы, Орман институтының 4 курс студенті студенттік толқуларға қатынасты» деп жазды.
Әлихан күнделікті сабақтарымен қоса, студенттердің саяси , әдеби, экономикалық және тағы басқа да үйірмелерінің жұмысына қызу араласып, студенттік толқуларға қатысады. Осы жылдары Әлиханның саяси көзқарасы
қалыптаса бастайды. Екі ғасырға жуық Ресей империясының қол астында отырған ескі феодалдық күрес-тартыстан көз аша алмаған туған халқының тағдыры оны қатты толғандырады. Сайын дала төсінде өзіндік өркениет қалыптастырған халқының енді әлсіреп көрші елдің шеңгелді қолынан қашан шығары белгісіз қалпын жанымен сезініп ендігі жағдайда туған еліне білім мен мәдениет керек екенін анық ұғынады. Халқын мәдениеті жоғары елдер санатына қосуды армандап, елдің тұрмысын, мәдениетін, білімін көтеруді алдына мақсат етіп қояды.
Осы бағдарда жазған мақалалары Әлихан Бөкейханның ойлаған ойына жетпей қоймайтын еңбекқор адам екенін дәлелдейді. Оған жазған мақалалары куә: «Қазақ», «Алаштың азаматына», «Үшінші дума һәм қазақ», «Төртінші дума һәм қазақ», «Бас қосу турасында», «Сусағанның түсіне су кіреді», «Қазақтан солдат ала ма?», «Тағы да би һәм билік», «Ұят-ай», «Рухани мәдениет қарауылынан», «Керек сөз», «Тағы соғыс», «Алаштың ұлына», «Енді жігіттер жайына келелік», «Күнбатыс майданынан», «Жәрдем жию керек», «Сайлау хұқы», «Қазақ халқына», «Алаштың талапты азаматына», «Қазақ депутаттары», «Мемлекет халі», «Алаш партиясының программасының жобасы», «Жұрт төреші», «Түркі, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі», «Қалқаман-Мамыр жыры», «Қара қыпшақ Қобыланды» т.б.
Әлихан Бөкейхан өзінің іс-әрекетінің барлығын мемлекеттік еркіндікке жетуге бағыштады. Бірақ бүкіл Ресей империясы көлемінде саяси жағдайдың күрт қиындауына байланысты бұл шиеленістің шешілуі күннен күнге қиындай түсіп бұл ойдың іске асуы екіталай еді. Уақытша үкіметтің дәрменсіздігіне байланысты ел ішінен тыныштық кетіп, түрлі террористік актілерге жол ашылды. Міне осындай кезде Ә.Бөкейхан мен А.Байтұрсынұлы бастаған бір топ қайраткерлердің ұйымдастыруы бойынша 1917 жылы 5-13 желтоқсан күндері Орынбор қаласында қазақ мемлекеттігі туралы мәселе қараған жалпы қазақ жиыны өтті. Жиынның күн тәртібіндегі ең негізгі мәселе – ұлттық автономия туралы баяндаманы Әлихан Бөкейхан жасады. Бұл мәселе бойынша қарар қабылдап, онда Алаш облыстарын бүліншіліктен қорғау мақсатымен «Ұлт Кеңесін құрып, оның аты «Алашорда» болсын» деді. Он бес адамнан тұрған бұл өкіметтің төрағасы болып көпшілік дауыспен Ә.Бөкейхан сайланды.
Бірақ Империя көлемінде қалыптасқан жағдай Алашорда өкіметіне келесі 1918 жылдың күзіне дейін іске кірісуге ырық бермеді. Дегенмен Алашорда үкіметі Кеңес өкіметінің бірінші басшыларымен тең деңгейде сөйлесе алатынын байқатты. Коммунистер билікке келген соң халық ақ пен қызыл болып бөлініп қырғынға ұшырады. 1919-20 жылдары Ленин басқарған Кеңес өкіметінің Алаш қозғалысына қатысқандарға, кейін белгілі болғандай уақытша кешірім, жариялағаннан кейінгі уақытта да Ә.Бөкейхан өз мақсатынан таймады. Туған ел үшін белсенді қызметтен бас тартқан жоқ. Жұбайы Елена Яковлевна екеуі Үгедей-Сергейді, қызы Елизаветаны елінің адал перзенттері етіп өсіруді көздеді. Қызы Елизавета бойжетіп көрнекті
саяси қайраткер Смағұл Сәдуақасұлына тұрмысқа шығып Ескендір атты ұл сүйді.
Бірақ Кеңес өкіметі уәдесінен тайып қазақтың бетке ұстар азаматтарын «халық жауы» деп жала жауып атты. Қызының естелігі: «Әкемді ұстауға сауылдап кіріп келген тергеушілерді көргенде ол саспастан: – Лиза, шай қой. Қонақтар келді. Бұлар мәдениетті кісілер, дәстүр аттамайды» – деді. Олар үндей алмай қалды. Сол үзілісті пайдаланып: – Кешіріңіздер, телефон шалуға бола ма? – деді. Олар рұхсат берді. Көршісі, аса белгілі ғалым тұтқаны алғанда: «Вася, мен ұзақ іссапарға кетіп барамын. Лизаны саған тапсырдым, аманат, – деді де маған қарап: «Қызым, сен анда-мұнда жүгіріп әуре болма, одан ештеңе шықпайды. Бұл «барса-келместің» сапары деді сабырмен. Тергеушілер мұны үнсіз тыңдап тұрды, үндеуге бата алмады».
Әлихан Бөкейханов 1937жылдың 27 қыркүйегінде Мәскеу қаласында атылды. Жерленген жері Мәскеу түбіндегі монастырь ауданы деп аталын «Дон зираты».
Бердалы ОСПАН,
мәдениеттанушы
Пайдаланылған әдебиеттер:
Әлихан Бөкейхан. Таңдамалы. 1955., «Егемен Қазақстан»,
«Жас қазақ» газеттері және басқа да жарияланымдар.
qazaquni.kz