АЛАШТЫҢ ӘЛИХАНЫНЫҢ ТОЙЫ АЛАШОРДАНЫҢ ҒАСЫРЛЫҚ МЕРЕКЕСІНЕ ҰЛАССЫН!

220px-alikhan_bokeykhan_portreti Биылғы еңбек жылының аяқталуына да санаулы уақыт қалыпты ғой. Зулап күндер, сырғанап айлар өтіп жатыр... 2015 жылдың соңында алаштанушы ғалымдар көпке сауын айтып, Әлиханның тойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтеміз деп сүйінші хабар таратып, «Алаштың Әлиханы – әлемнің Әлиханы!» деп атойлап ұран салып, бөркімізді аспанға лақтырып, шат-шадыман болып қуанып едік. Қуанбағанда ше?! ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 38-ші сессиясының қарарымен, «бүкіләлемдік шынайы даңқты тұлға» деп танылған Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы осы халықаралық беделді ұйымның аясында аталып өтетіні белгілі болып жатса. 1. Ілкімді істер Бауырлас Түрік елі бұл тойды бізден бұрын бастап, Анкарада 3-4 наурызда Алаш көсеміне арналған үлкен халықаралық конференция өтті. Ресей қазақтары да қарап жатпады, Мәскеуде өткізілген «Дөңгелек үстел» және салтанатты жиынмен іліп әкетті. Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын лайықты деңгейде өткізу жөнінде Мемлекеттік комиссия құру қажеттігін 2015-жылдың 14-қазанында Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеген «Ақ жол» партиясы «Әруақ риза болмай – тірі байымайды», «Ас пен той ортақ» деген қағидаларға сүйеніп, Әлихан Бөкейханның тура туған күнінде – 5 наурызда Астана қаласының төрінде 200 адамға арналған арнайы ас беріп, құран бағыштатып, Алаш көсемінің әзіз рухына құрмет көрсетті. Оған Алаш қайраткерлерінің ұрпақтарымен, астаналық алаштанушы ғалымдар­мен қатар, Алматыдан, Торғай өңірінен, Алашорданың алғашқы астанасы болған Алаш қаласы – Семей қаласынан, сондай-ақ Әлекеңнің туған жері – Қарағанды облысынан өкілдер қатысты. Сөйтіп, біздің партия «Әруақ риза болмай – тірі байымайды, «Ас пен той ортақ» деген қағидаларға сүйене отырып, осы бір иманды іспен Қа­зақ­стандағы Әлихан Бөкейханға ар­налған іс-шараларды бастап берді. Астанада, Алматыда, тағы басқа өңірлерде өткізілген Алаш көсемі туралы халықаралық, республикалық деңгейде ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер, «Әлихан Бөкейхан ізімен» атты халықаралық ғылыми-танымдық экспедиция Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайлас келіп, ұлы тұлға мұрасын жаңа қырынан тануға, оны Тәуелсіздік мұраты тұрғысынан зерделеуге жол ашты. Астанадағы Қарағанды облысы күндерінің аясында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында өткен шара барысында Әлихан Бөкейханның 15 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді. («Егемен Қазақстан», 11-қазан, 2016 жыл) Сұлтан Хан Аққұлының құрастыруымен Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның өмірі мен қызметі туралы қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде соңғы 10-15 жыл көлеміндегі мерзімді басылымдар, әдеби-қоғамдық, ғылыми журналдарда жарық көрген зерттеулер, мақалалар, сұхбаттар, дөңгелек үстел материалдары енген «ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН ALIKHAN BUKEIKAN АЛИХАН БУКЕЙХАН» жинағы шықты. Отандық және шетелдік белгілі алаштанушы мамандардың Әлихан Бөкейханның тағылымды қайраткерлік өмірі, әдеби және ғылыми мұрасы туралы зерттеу мақалалары, сұхбаттары мерзімді баспасөзде, электрондық ақпарат құралдарында, интернет сайттарында, әлеуметтік желілерде жарияланып, баспаларға ұсынылуда. 23-қыркүйек күні Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында ақтоғайлық азаматтардың жерлес тұлғаларын ұлықтап, кеңінен атап өткен тойына «Ақ жол» партиясының атынан мен де қатысып, Әлихан Бөкейханға арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөз сөйлеудің, қазақтың дара тұлғасының туып өскен өңіріне, оның атақонысындағы «Талды бейіт» бабалар қорымына көппен бірге барып, тағзым жасаудың, «Жекежал» қыстағындағы ескерткіш-белгітастың, сондай-ақ, аудан орталығындағы орта мектеп алдындағы бюсттің ашылуына қатысудың сәті түсті. Осында облыс әкімі Нұрмұханбет Әбдібековтің аузынан Қарағанды қаласының бір ауданына Әлихан Бөкейханның аты берілуіне, қаланың көрікті жерінен ескерткіш орнатылуына жұмыс жасалып жатқанын естіп көңіл марқайды. Мерейтойлық іс-шаралар барысында, Әлихан Бөкейханның әкесі, анасы, туған-туыстары жерленген қорымға Ұлытаудың Хан ордасынан, Әлекеңнің үзеңгілес серіктері Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовтың туған жері – Торғай өңірінен әкелінген топырақпен қатар Мәскеудің Дон зиратынан жоғарыда аталған «Әлихан Бөкейхан ізімен» атты экспедиция құрамына енген әдебиеттанушы, алаштанушы жас ғалым, «Ақ жол» партиясының жауапты қызметкері Елдос Тоқтарбай арнайы әкелген топырақ себілді. Мұның үлкен мағынасы бар. Қазақ «бір уыс топырақ» дегеннің қасиеті мен киесін жете ұғынған халық. Бұл – туған жердің топырағын жастану бұйырмаған есіл ерлердің – Алаштың алыптары мен арыс­тарының әруақтарын сыйлаған ұрпақтарының құрметінің, тағзым етуінің белгісі. Біздің партияның бастамасымен дәстүрге енген «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық Байқауы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арналды, мерейтой құрметіне «Қазпошта» АҚ арнайы мерекелік марканы айналымға түсірді, жақында ғана Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі мерейтойлық естелік монета шығарды. Олардың таныстырылымдары «Ақ жол» партиясының офисінде өткізілді. Қазақ айтады: «Тасқа басылған таңба ешқашан өшпейді» деп. Әлихан Бөкейханның тұлғалық қыры енді міне пошта маркасында, ұлттық банктің мерекелік монетасында бейнеленіп отыр. Бұл дегеніңіз – болашақ күндері ұлттық музейлер мен көрмелерге қойылып, өзінің тарихи құнын арттыратын, сапалы әрі құнды, қымбатты экспонаттар болары хақ. Қазақ еліне шет елден келетін қонақтар, туристер бұларды өздеріне кәдесый ретінде сатып алып, Қазақ елінен әкелген тәбәрігіміз деп айта жүрері анық. Біз Әлихан тойының атаусыз жағын тере бермейік деп, қолдан келген, көңілге медеу боларлық істерді санамалап айтқандай болдық. Ал енді жүрек түкпіріндегі назымызды шығарсақ. 2. Іркілістер Жұртшылықтың көңілінде Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын өткізуде қара халық пен ақ жағалылар арқа-жарқа болып бірігіп кетпегендей әсер бар сияқты. Сондықтан да тойдың сәнін келтіріп, мәнін ашатын әлде де біршама істер атқарылмай отыр деп санайды. Оны менің әріптестерім – журналистер қауымы жыл бойы көтерді. Олар мынаған саяды: Отанымыздың жүрегі – Астанадағы үлкен көшелердің бірін Алаш көсемінің атымен атау әзір іске асқан жоқ. Алматы қаласындағы қызыл коммунист Фурмановтың атындағы көшеге немесе Тимирязев атындағы көшеге ұлы тұлғаның есімін бере алмадық. Бұл – бір! Екінші, Әлихан Нұрмұхамедұлы – қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби ормантанушы, экономист, ауылшаруашылығы саласының маманы. Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық Аграрлық университетке осы саланың білікті маманы Әлекеңнің есімін беруге қытымырлық көрсеттік. Үшінші, Алматы қаласындағы Метрополитеннің бір аялдамасын Алаш көсемінің атымен атасақ, неміз кетер еді? Төртінші, Алматы қаласындағы үлкен тау шыңын Әлихан деп өзгертуге енжарлық таныттық. Бесінші, бүгінгі Қазақ елін жанымен қорғап, өзінің басын қатерге тіккен ұлы тұлғаға арнап не Астанамызда, не Қазақстанның ең үлкен мегаполисі Алматыда бір еңселі ескерткіш қоя алмадық-ау. Ең сорақысы – осы. Қазақстанның көптеген жерлерінде әлі күнге дейін қолын бұлғап «Күн көсем» – В.И.Лениннің ескерткіші қасқайып тұр, ал, шын мәнінде қазақтың атын әлемге танытқан Әлиханға арналған ескерткіш жоқ дегеннің өзін айту ұят екен... 3. Үміт оты Бірақ әлде де үміт бар. Жыл аяғына дейін біршама уақыт бар. Оның үстіне Астанадағы, Алматыдағы, Қарағанды облы­сын­дағы, басқа да өңірлердегі әртүрлі жиындардың қатысушылары Әлихан Бөкейханның 150 жыл­дығының «Алаш» қозғалысының 100 жылдығымен ұласатынын, оларды бір-бірінен бөліп алып қарауға болмайтынын айтып, Әлихан Бөкейхан бастаған «Алаш» қозғалысының 2017 жылғы – ғасырлық мерейтойын еліміздің өміріндегі аса маңызды тарихи оқиға ретінде бағалап, жас ұрпақты отансүйгіштікке, мемлекетшілдікке тәрбиелеудің бірден-бір жолы деп санап, оның дайындығына Үкіметті, басқа да мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарды қазірден кірісуге шақырып жатты. Бұл – көптің тілегі. Осы көптің тілегін қазанның 12-сі күні «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев депутаттық сауал арқылы Үкімет басшысы Б.Ә.Сағынтаевқа жеткізді. Онда ол Алаштың 100 жылдығын өткізуді салмақты әрі сапалы дайындықпен жоспарлау қажет деп санайтынын айтты. «Ақ жол» фракциясы Қазақстан Республикасы Үкіметіне қазақ халқының бостандығы үшін аянбай еңбек еткен Алаш қайраткерлерін лайықты ұлықтауға арналған танымдық-тағылымдық іс-шаралар белгілеп, іске асыруды ұсынады. Осы ұсынысымызды ескере отырып, көтерілген мәселеге орай Үкімет тарапынан қабылданатын шаралар жөнінде хабардар етуіңізді сұраймыз» деді А.Перуашев. Ел тағдыры таразыға түскен сын сағатта Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабай, Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер бастаған ұлт зиялылары қазақтың болашағы үшін шешуші қадам жасап, ұлы мұрат жолында қажымас қайрат көрсетті. Алаш қозғалысының осы және басқа да белгілі де, белгісіз қайраткерлерінің мұраларын зерттеп, зерделеп, олардың рухын жас ұрпаққа сіңіру үшін, бұған мемлекет кешенді түрде келіп, баса назар аударуы тиіс. Алаштың 90 жылдығы жергілікті деңгейде ғана аталды. Алаштың 95 жылдығының тұсында бірқатар іс-шаралар өткізуге қатысты Қазақстан Республикасының Үкімет басшысына «Ақ жол» партиясы Парламенттік фракциясының депутаттық сауалын жолдаған болатынбыз. Оған «Мерейтойлар мен атаулы күндерді мерекелеу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 28-қыркүйектегі №1465 қаулысына сәйкес қызметтің түрлі саласындағы ұйымдардың, жекелеген тұлғалардың мерейтойлары 100 жылдығында және одан кейін әрбір 25 жылда аталып өтіледі» деген жауап алған едік. Бұған түсініктеме беріп жатудың өзі ыңғайсыз. Әлихан Бөкейханның сөзімен айтсақ, «ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» дейік те қояйық. Ал енді «Алаш» ұлттық-демократиялық қозғалысының 100 жылдығын жалпыұлттық сипатта республикалық деңгейде өткізу Үкіметпен белгіленген тәртіпке толық сәйкес келетіні анық. Жұрттың көбі Елбасының таңдауымен бүгінгі Үкіметтің басына келген азаматтарды отаншыл, елшіл азаматтар деп танып, Тәуелсіздігіміз үшін қанын да, жанын да аямаған Алаш қайраткерлерінің қызметіне тиісті баға береді деп үміт артуда. Алаш идеясын бүгінгі заманның талаптарына сәйкес жаңғырту – «Ақ жол» партиясы қызметінің басты бағыттарының бірі. Бұл жерде біздің партияның төрағасы ашық айтып жүрген бір мәселе бар. «Алаш» жеке ұйымның, жеке бір партияның басыбайлы меншіктеп алатын «мүлкі» емес, біз Алаш жолымен жүреміз деп тірлік жасап, іс тындырамыз деп ниеттенгендердің неғұрлым көп болғанын қалаймыз. Мәселен, өз басым «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетіндегі профессор-оқытушылар құра­мымен және студенттерімен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған кездесуінде айтқан: «Халқымыз «тар жол тайғақ кешу» арқылы қол жеткізген тәуелсіздігіміздің бастауында Алаш арыстары тұр. Ресейдің ең үлкен университеттерінде білім алған Алаш қайраткерлерінің түпкі мақсаты автономия арқылы тәуелсіз қазақ мемлекетін құру еді. Олар өздерінің бүкіл өмірін осы ізгі мақсатқа арнап, халқының болашағы үшін құрбан болды. Олардың есімдерін бүгінгі жастар ешқашан ұмытпауы керек. Сондықтан біз Алаш автономиясының құрылғанына 100 жыл толу мерейтойын лайықты түрде атап өтуге міндеттіміз» деген сөздерін бұқаралық ақпарат құралдарынан оқыдым. Бұл шын мәнінде «Ақ жол» фракциясының елдік, мемлекеттік, отаншылдық бастамасына көрсетілген мықты қолдау ғой. Мені қуантқаны: мұны, жасыратыны жоқ, қолында мүмкіншіліктері мол билік партиясы жетекшісінің айтқаны. Біз ұлттық тарихымыздың қайғылы да жарқын беттерін жас ұрпаққа ұғындыру және жеткізу мәселесінде саяси көзқарастар мен бағытқа қарамай, ортақ ұстаным жасай білуіміз қажет. Қазақстанның саяси сахнасындағы партиялардың қайсысы болса да бұл іске үлес қосуына болады, әрине. Тек Алаш қайраткерлерін, олардың идеяларын қолдағандарды, тіпті кейінірек коммунистік билікке қызмет етуге мәжбүр болғандардың өзін қанжоса етіп қырғынға ұшыратқан коммунистік партияның атын иемденіп отырған партияның ғана бұл іске араласуға моралдық қақысы жоқ деп санаймыз. Алаштың Әлиханы – әлемге ортақ тарихи тұлға. Алдағы уақыттарда Алаш ардақтысының 160, 170,... 200 жылдық мерейтойлары кеңінен аталып өтетініне сенейік. Дана Абай, хакім Абай туралы «...Абайдың өлген күнінен қаншы алыстасақ, рухына сонша жақындармыз» («Алаш айтқан асыл сөз», Алматы, «Ел-шежіре» ҚҚ, 2016) деп Міржақып Дулатұлы айтпақшы, біз Әлекеңнің өлген күнінен қанша алыстасақ та, оның рухына сонша жақындай түсеміз десек қателеспейміз. Келешекте алаштану, Әлихантану – Абайтану ғылымы секілді әбден қалыптасып, өз алдына дербес дамыған ғылым саласына айналатынына да сенеміз. Келесі 2017 жылы Әлекең құрған ақ отау – Алаш Орданың 100 жылдығы. Ендеше, алдағы жылы да Алаш көсемінің торқалы тойы жалғасын табады. Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлерін лайықты ұлықтау бойынша тиісті шаралар қабылданады деген үкілі үмітіміз бар. Қазақта «қанағат» деген жақсы сөз бар. Әзірше барға қанағат, істелген іске қанағат тұтайық. Тарихтың түкпірінен сөз келгенде, Алаштың ардақтылары өздеріне лайықты бағасын алатын болады. Соны жақындата түсу үшін Әлихан Бөкейханды және Әлихан бастаған Алаш қозғалысы қайраткерлерінің, Алаш арыстарының құнын қайтаруға жасалған қадамдарымызды көбейте берейік. Оған көп болып жұ­мы­лайық. Алаштың тойы тойға ұла­сып, қазақтың бағы жана берсін! Сәбит БАЙДАЛЫ, «Ақ жол» ҚДП Орталық Кеңесінің идеологиялық жұмыс бойынша хатшысы qazaquni.kz